• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Желтоқсан, 2021

ArcelorMittal: Тәуелсіз Қазақстандағы 26 жылдық табысты қызмет

426 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында рес­пуб­ликаның тау-кен металлургия сала­сын­дағы ірі инвесторлардың бірі ArcelorMittal компаниясы Қазақ­стан­­да­ғы ­қызметінің 26 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде компанияның Қазақстандағы инвестициялары 5 млрд доллардан асты, ал еліміздің 8 қаласы үшін ArcelorMittal қазақстандық бөлімшесі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындары қала құраушы болып табылады. 26 жыл ішінде компания әр түрлі кезеңдерді басынан өткерді, бірақ тұрақты және қауіпсіз өндіріс, даму және өңір экономикасын қолдау бағыттары өзгерген емес. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир мырза компанияның елдегі қызметінің тарихы қалай басталғаны, қазіргі жағдайы мен бүгінгі сын-қатерлерді шешу туралы айтып берді.

– Наир мырза, бүгінде «Арсе­лорМиттал Теміртау» ірі тау-кен ме­тал­­­лургия компаниясы саналады, 26 жыл бұрын кәсіпорынның елі­міз­дегі қызметі қалай басталды?

– Өздеріңіз білетіндей, 1991-1995 жыл­дар аралығында ел бойынша жағ­дай өте күрделі болды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылды, инженерлік-техникалық кадрлар бұл жерден перспективалар көрмей, жаппай шетелге кетіп жатты. Теміртау қала­сындағы ірі металлургиялық комбинат та толық тоқтауға жақын болды, қыз­меткерлерге ұзақ уақыт бойы жалақы төленбеді, ал қаланың өзінде жылу да болған жоқ.

Қазақстандықтар экономиканың тұ­рақтануы мен жаңғыруын елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Қазақстан Магниткасын және Қарағанды көмір шахталарын сақтау мен қайта жаңғырту да Елбасының жеке қатысуымен жүзеге асты. Жас тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­тасуында Тұңғыш Президенттің шетелдік сапарлары, соның аясында шетелдердің басшыларымен жеке байланыстары және жетекші экономикалық алыптармен табысты келіссөздері шешуші рөл атқарды.

1995 жылғы қараша айында NLM тобы (кейіннен ArcelorMittal тобына айналған) Қазақстандағы ірі метал­лур­гия­лық кәсіпорынның активтерін сатып алып, 800 млн доллар инвестициялады, оның басым бөлігін кәсіпорынды техникалық қайта жарақтандыруға жұм­сады. Лакшми Н.Миттал бастаған топ басшылығы ел мен өңірдің одан әрі эко­но­микалық дамуының үлкен перспективалары бар және оған кәсіпорын да өз үлесін қоса алады деп сенді.

Н.Назарбаев қарапайым жұмыс­шы­лар арасында әрдайым беделді болды. Әріптестердің айтуынша, бірнеше ай бойы қарызға жұмыс істеген зауыт жұ­мыс­шыларының сеніміне ие болу өте қиын еді. Ол жұмысшыларды шетелдік ин­­вес­тордың ниеті түзу және ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге дайын екендігіне сендірді.

Кәсіпорында тындырылған бірінші іс – жалақы төленді. Содан кейін суық илектеу цехында металл өңдеу желісі және дайын өнімді орау учаскесі қайта құ­рылды. Зауытта екі ыстық мырыштау және металл жолақты алюминий мырыш­тау желілері салынды.

Сол кезде өндірістік қана емес, бүкіл қаланың проблемалары да шешілді. Жұмысшылардың еңбек жағдайларымен қатар, өмір сүру жағдайларын да жақсарту керек еді. Металлургия комбинатының ЖЭО-2 Теміртау тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ете бастады, ал ҚарГРЭС-ке осы функцияларды қаланың ескі бөлігінде ғана атқару жүктелді.

2005 жылы екі үздіксіз қаңылтыр құю машинасын іске қосқан соң зауыттың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. №2, 3 және 4 домна пештерінде 2-ші разрядты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Маркетинг саласындағы жұмыс та жаңа деңгейге шықты – өткізу нарығын қайтадан игеруге тура келді.

Содан бері 26 жыл өтті. «Арселор­Миттал Теміртау» компаниясы әуелден республикадағы жұмысын қарқынды бастап, әлі де Қазақстанның қара метал­лур­гиясының флагманы болып келеді.

– Сіз маңызды аспекті – ком­па­ния­ның қала өміріне ықпа­лын айтып өттіңіз, бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының әлеуметтік ма­ңызы қандай?

– Бұл Теміртау қаласына ғана қатыс­ты емес. 30 мыңнан астам адам еңбек ететін компания кәсіпорындары 8 моно­қалада қала құраушы болып сана­ла­ды, 180 мыңнан астам тұрғынды ком­му­нал­дық қызметтермен қамтамасыз етеді.

2019 және 2020 жылдары қалалардың инфра­құрылымына салынған инвес­ти­ция 1,3 млрд теңгені; денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке, экологиялық қо­ғам­дас­тықты дамытуға және әлеу­мет­тік іс-шараларға салынған инвестиция 1,9 млрд теңгені құрады. Ал өндірістің қор­ша­ған ортаға әсерін азайтуға аталған кезеңде 30,8 млрд теңге бағытталды.

Компанияның өңірдегі әлеуметтік жобаларының жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрады. Теміртауда заманауи емхана мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салдық. Қазір балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр.

Біз әрқашан әлеуметтік жауапты компания болдық. Соңғы уақытта осы ба­­ғыт­тағы белсенділігіміз арта түсті. Қа­­­рағанды облысының әкімдігімен ын­ты­мақтастық жөніндегі бірқатар меморандум жасалды. Оның ішінде 800 млн теңгеден астам сомаға оқу орындарын қолдау және 250 млн теңгеден астам сомаға Шахтинск қаласындағы Мәдениет және демалыс саябағын қай­та жаңарту бар. Тұрақты жобаларға кел­сек, компания балансында балалар-жасөспірімдер орталығы, «Миттал» спорт кешені, «Самал» санаторий-про­фи­­лакториі, қазақ мәдени орталығы, «Шахтер» теннис орталығы, «Романтик» балалар лагері, «Факел» балалар лагері бар.

Компания қызметкерлері мен олар­дың отбасыларының лайықты өмір сүруі біз үшін маңызды. 2020-2021 жылдары адами капиталға, әлеуметтік саясатқа, қызметкерлерді қолдауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 47,6 млрд теңгеден асты.

– Пандемиямен күрес, жұмыс­шы­лар­ды қолдау шаралары қалай жүр­гізі­лу­де?

– Кәсіпорындарда COVID-19-дан ба­рынша қорғалған еңбек жағдайларын жасау бойынша шаралар қабылданды. Компания бірден әлеуметтік осал топ­тар­ға арналған бірнеше жобаны іске қос­ты. Адамдар көп жиналатын жерлер­де жұмысшылардың болуын азайту үшін авто­бустар ұйымдастырылды, олар метал­лургтер мен шахтерлерді бар­лық санитарлық-эпидемиологиялық нор­маға сәйкес жұмысқа және үйге апарды. Сондай-ақ қорғаныс маскалары тапшы болған кезде компания күшімен 330 мыңнан астам қорғаныс құралы тігілді.

Вакциналау басталған кезде, тіке­лей кәсіпорындардың денсаулық сақ­тау пункттерінде егу бөлмелері ұйым­дас­тырылды. Бұл ұжымды вакциналау­мен барынша қамтуға мүмкіндік берді. Қызметкерлерді өздерінің және бас­қа­лар­дың қауіпсіздігі туралы ойлау­ға және егілуге ынталандыру үшін вак­ци­на­лаудың толық курсынан өткендерге сыйақы бердік. Сонымен қатар олардың арасында үш автомобиль ойнатылды. Бұл көліктерді қарапайым жұмысшылар: слесарь, шахтер және жүргізуші жеңіп алғаны қуантады. Жоғарыда аталған барлық іс-шаралар жақсы нәтиже берді – компания ұжымының 92%-дан астамы вакциналанды.

Сондай-ақ Қарағанды облысының медициналық мекемелеріне Pfizer-BioNTech вакциналарын сақтау және тасымалдау үшін 180 млн теңгеге жабдық сатып алып, көмек көрсеттік. Жалпы, КВИ-мен күреске 2,7 млрд тең­ге­ден астам қаржы бағытталды.

 – Сіз компанияның әлеуметтік жоба­лары бойынша айтарлықтай көр­­сет­кіштерге тоқталдыңыз, ал са­лық­­­қа қатысты не айтасыз? «Ар­селор­Миттал Теміртау» мемлекет қа­зы­­на­сына қанша қаражат төлейді?

– Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» төлейтін салықтардың жалпы сомасы 60 млрд теңгеден асады. Алайда биыл мемлекеттік бюджетті 100 млрд тең­геден астам сомаға толықтыруды жос­парлап отырмыз.

– Қазіргі уақытта тұрақты даму мақсаттары, көміртегі ізін азайту және жал­пы процестерді, технологияларды жетілдіру, экологиялық тұрғыдан таза болу – жай тренд қана емес, өмір­лік қажеттілік. Компания осы ба­ғытта қандай жұмыстар атқарып жа­тыр?

– «АрселорМитталдың» жаһандық мақсаты – әлдеқайда тиімді және энергияны аз пайдаланатын, көміртекті аз шығаратын инновациялық процестерді қолдана отырып жасалған болатпен жақсы әлем құруға көмектесу. «Ар­се­лорМиттал» әлемде 2050 жылға қа­рай көміртегі бейтараптығына қол жет­кі­зу­ге және 2030 жылға қарай 25%-ға төмендетуді мақсат етіп отыр. Германия, Испания, Бельгия және Канададағы «АрселорМиттал» бөлімшелерінің ел Үкіметімен көміртегі ізін азайту бо­йын­ша күш-жігерін қолдау тура­лы ке­лісім­де­рі бар. Біз Қазақстан Үкі­ме­ті­мен осындай келісім жасаймыз деп үміттенеміз.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев көмір­тектік бейтараптық сценарийі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жет­кі­зу­де мемлекеттің, бизнес пен жалпы қоғамның белсенді бірлескен күш-жігері қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Оны табысты іске асыру 2030 жылғы мақ­саттарға – 1990 жылғы деңгейге қарағанда шығарындыларды 15%-ға төмендетуге ғана емес, сондай-ақ 2060 жылға қарай парниктік газдардың нөлдік теңгеріміне де қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз «АрселорМиттал Теміртауда» күш-жігерімізді біріктіре отырып, көзде­ген нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімдіміз.

– Қазіргі уақытта компания қандай маңызды экологиялық жобаларды жү­зе­ге асыруда?

– Қазіргі кезде үш үлкен жоба белсенді іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаға шығарылатын шығарындылар санын азайту. Біріншісі, бас корпусты қалпына келтіру және ЖЭО-2-де №7 қазандықты монтаждау. Бұл жобаның тағы бір маңызды әсері бар. Бұл қалаға ыстық су беруді және оның теңгерімді шығынын ұлғайту мүмкіндігі. Қазір алты қазандық жұмыс істеп тұр, дегенмен қолданыстағы қуат­тар жеткіліксіз. Қоймаға қосалқы бөл­шектер мен жабдықтардың 65%-ы әкелінді. Жұмысты 2022 жылдың нау­рыз айында аяқтау жоспарланған, содан кейін №7 қазандық пен оның барлық компоненттерін орнату қолға алынады. Жобаны 2023 жылғы қыркүйекте толық аяқтау көзделген. Қазіргі уақытта барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, екі өндірістік жоба «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-ПВС-да іске асырылуда, яғни екі рет тазаланатын №1 қазандық пен биіктігі 150 метр, яғни бұрынғыдан 50 метр жоғары ЖЭО-ПВС түтін құбырын салу. Жұмыс кесте бойынша жүргізілуде және 2022 жылғы тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар экологиялық жағдайға және өңірдегі өмір сапасына айтарлықтай оң әсерін тигізеді.

– Фильтрлерді орнату – өзекті мәселе. Осы бағытта қандай жұмыс жүр­гізіледі?

– Фильтрлерді орнату – біздің эколо­гиялық жоспарымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Аглоөндірісте №5 агломашинада электр фильтрлерін орнату бойынша жүзеге асырылуда. Бұған дейін ескі тазарту жүйелері АГП-да – мультициклондар жұмыс істейтін, олардың тиімділігі шаң шығарудың рұқсат етілген көрсеткіштеріне қол жет­кізуге мүмкіндік бермейтін. Бель­гиялық Hamon фирмасының технологиясы бойынша жасалған жаңа электр фильтрі жұмыс орындарындағы шаңды азайтуға және атмосфераның ластану көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді. Шаң шығарындылары бойынша күтілетін көрсеткіштер – 45-тен 50 мг/м3 дейін.

Бұдан басқа, біз әк күйдіру цехында электр фильтрлерін орнатуды, сондай-ақ күл-қоқыс жинағышты арттыру бо­йынша жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз.

2024 жылға қарай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кокс химөндірісінде кокс газын тазарту жобасын енгізеді. Бүгінде кокс батареяларынан шығатын газдың қоспалары бар. Қазіргі жабдық газды тиісті көлемде тазарта алмайды, бұл қоршаған ортаның ластануына ғана емес, сонымен қатар күнделікті пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасына байланысты проблемаларға да алып келеді. Жобаның құны шамамен 135 млн долларды құрайды.

– Наир мырза, 2024 жыл – мұндай маңызды жоба үшін тым ұзақ емес пе?

– Біз өз тарапымыздан осындай жаһандық жобалардың барынша тез іске асырылуына бар күш-жіге­рімізді саламыз, бірақ барлық қа­жетті талаптар мен іске асыру кезең­дері міндетті түрде сақталуға тиіс. Мысалы, біз айтып отырған жоба үш ке­зеңге бөлінген. Біріншісі, жаңа салқындату қондырғыларын орнату және бастапқы газ салқындатқыштарды қалпына келтіру. Оны 2022 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Қа­зіргі уақытта ескі жабдықты демон­таж­дау жүргізілуде, оның орнына тиімді тазарту жүйелері орнатылады: комбинатта алғаш рет енгізілетін үш электр фильтрі, механикалық жарық­тан­дырғыштар және центрифуга бол­мақ. Жаңа қондырғылар газ сапасын жақ­сартады және ауаның ластануын­ азай­тады. Сонымен қатар жобаның бірінші кезеңінің ең қиын бөліктерінің бірі аяқталды – италиялық Paul Wurth компаниясының жаңа бастапқы газ салқындатқышы орнатылды. Ол зауытқа екі рет бөлек жеткізілді: контракцияның бірінші бөлігінің салмағы – 47 тонна, екіншісі – 40 тонна. Жабдықты орнату үшін 500 тонналық кран қолданылды.

Мұндай көлемдегі жұмыстар айтар­лықтай дайындықты және уақытты қажет етеді.

– Егер сандар арқылы айтар бол­сақ, 2021 жылы эмиссиялар көлемі қан­шаға азайтылды?

– Егер 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 2021 жылдың үшінші тоқсанында эмиссия көлемі 2 мың тоннаға төмендеді. Бұл ретте биыл өндірістің өскендігін ескеру қажет.

Біз алдымызға эмиссияны азайту ғана емес, Теміртауды көгалдандыру міндетін де қойып отырмыз. Компания «Жол картасын» орындау аясында қала аума­ғында 500 мың түп ағаш отыр­ғы­зады. Жұмыс басталып кетті, комбинат аумағы көгалдандырылды, көктемде және күзде Теміртауда 11 мыңнан астам ағаш егіледі.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ өңір­дің экологиялық жобаларына сал­ған инвестицияларының жалпы көлемі 800 млн доллардан асады, бұл қаржы өзара түсіністік туралы меморандум бойынша «Жол картасы» шеңберіндегі инвестициялар көлемінен 140 млрд теңгеге артық. Осы іс-шаралардың бар­лығы өз нәтижесін беретініне сенім­ді­мін. Өйткені біздің кәсіпорындар орна­ласқан қалалар компания үшін тек өндіріс орны ғана емес. Онда біздің жұмысшыларымыз тұрады. Компания басшылығы да тұрады, жұмыс істейді. Мен әрқашан компания – бұл бір үлкен отбасы деп айтамын және жауапты жұмыс берушілер ретінде адамдарға жұ­мыста ғана емес, өмірде де қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуы­мыз керек деп санаймын.

 Қазақстанда екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл ел – менің екінші үйімдей. Бәріміз де үйіміздің жақсы және жайлы болғанын қалаймыз. Сондықтан басты міндетіміз – қауіпсіз және тұрақты өндіріс қана емес, ел азаматтарының өмірін жақсарту. Осы уақыт ішінде көп іс атқарылды, одан да артығын қолға алу керек. Қазақстандық Магнитка Тәуелсіз Қазақстанға салықтық төлемдер әкеліп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйін жақсарту, жаңа технологиялар мен кәсіпқойлардың жаңа буынын тарту арқылы дамып, өркендеуге тиіс. «АрселорМиттал Теміртауда» бұл мақсат үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»