• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Желтоқсан, 2021

Қасиетті құндылық

355 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихы қалыптасудың, қарқынды дамудың, өсу мен өрлеудің мерейлі шежіресіне айналды.

Тәуелсіздіктің ордалы отыз жылы бізге ұлт мәдениетін ұлықтауға, тарихымызды толықтырып, архивімізді түгендеуге, ел мақтанышына айналған ерен спортшыларды дайындауға, отандық туризмді озық елдердің деңгейіне шығаруға мол мүмкіндік беріп келеді. Бұл бағытта біз алдымызға қойып отырған жарқын мақсат, тарихи байлам мен біртұтас жаңғырулар осы салаларды одан әрі ілгерілетуге ықпал ете бермек. Ел-жұрттың есінде болса, сонау 1991 жылы Қазақстанның алдында әрбірі не шырқауға, немесе шыңырауға; не та­бысқа, немесе хаосқа сүйрелейтін соқ­пақсыз жүздеген соны сүрлеу жатқан-ды.

Қайырлы дін жолы ма, зайырлы діл ме? Жалқы ұлтты жалаулату ма, әлде жал­пы­ға ортақ консенсус па? Сұрапыл атом ба, болмаса бейбіт сұңғыла ой-арман ба?..

Бұл бүгіннің биігінен айтуға ғана оңай, «өркениет таңдауы» еді!

Егер «тарих нар тәуекелден тұра­ды» деген тезиспен келісер болсақ, онда тарих тол­қынында, әсіресе жас мемле­кет­тің аяқ­­қа тік тұруы жағдайында Көшбас­шы­ның тұлғалық қасиетінің тікелей қатысы мен әсерін де сөзсіз мойындауға тура келеді.

Бұл жөнінен шын мәнінде жолымыз болды: осыдан 30 жыл бұрын ел тізгінін Қазақстанды реформалау жөніндегі келешекпен астасып жатқан стратегиясы мен оны жүзеге асыру механизмдері ха­қын­дағы аса жауапты да көреген көз­қарасы уақыт тезіне төтеп берген – Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды.

Біз жаңа тұрпатқа ие болдық – ынты­мағы жарасқан жоралы жұртымыз да, әр жалғыздан құралған ұлықты ұлтымыз да. Қырандай түледік, құрыштай шынықтық, ертеңімізге сеніммен көз тіктік. Ең бас­тысы: өзімізді сан қырымыздан сынауға мол мүмкіндік алдық, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жаңғыртып, таңғы шықтай мөлдір тұма бастауларынан сусындадық, түп-тамырымызға қайтадан қан жүгірді.

Елбасы мемлекет пен қоғамның табысты жаңаруы үшін негізгі алғышарт­тардың бірі ретінде мәдениет пен өзіндік ұлттық кодын сақтау қажет екендігін әрдайым баса көрсетіп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы ұлттық мәдениетті Nur Otan партиясының таяу­дағы кеңейтілген отырысында халық­тың рухани тірегі ретінде «Елдіктің жеті тұғыры» атты жас ұрпаққа үндеуінде айрықша атап көрсетті. «Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал.

Басқа халықтарды тек өнер құдіреті­мен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз», деді Елбасы өзінің тарихи үндеуінде.

Айта кету керек, бұл бағытта орасан жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы ұсынған сая­си бастамалардағы сабақтастықты қам­та­масыз етумен қатар рухани-мәдени құн­ды­лық­тарымызды жаңғыртудағы іргелі бастамалары осыған дәлел.

Тәуелсіздік жылдары Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған әлемде теңдесі жоқ тың жобалар дүниеге келді.

Соның бірі – отандық ғылымды біздің ата-бабаларымыздың көне тарихы­нан сыр шертетін сан мыңдаған арте­фак­ті­лермен байытқан «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы. Шығыс Қазақ­стан облысындағы Шілікті мен Берел қорған­дарынан табылған сақтардың «аң стиліне» жататын қазба жұмыс нәти­желері секілді біразының күллі әлемге таңдай қақтырғаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Бұдан басқа тарих пен мәдениеттің жүз­деген ескілікті ескерткіштері рестав­ра­­ция­дан өтті. Ал алыс және жақын шетел­­­дерге ұйымдастырылған ғылыми-зерт­­теу экспедицияларының арқасында отан­­дық ғалымдарға бұрын-соңды бей­мәлім болып келген Қазақстанның тарихы, эт­но­графиясы мен өнеріне қатысты 5 мың­нан астам архивтік жәдігер қалың жұрт­­шылықтың қолына тиді. Ағыл-тегіл асыл олжа «Қазақстан тарихы шетел дерек­көздерінде», «Қазақстан тарихы анти­калық дереккөздерде», «Әлемдік тари­хи ой-сана» және басқа да сериялар бой­ын­ша көптомдықтар дестесін жариялауға жол ашты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің маңыздылығы мен масштабы жағы­нан бұдан бір мысқал кем түскен жоқ, қайта Қазақстан өңірлеріндегі тарихи-мәдени нысандар инфрақұрылымын дамытуға ерекше серпін берді. Киелі нысандардың толық сипаттамасы және фотогалереяларымен бірге географиялық координаты, оларға тікелей баратын төте жолдар көрсетілген «Жергілікті маңызы бар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» интерактивті картасы түзілді.

Қазір «Қазақстанның киелі жерлері­нің географиясы» жобасы аясында еліміз­дің қасиетті жерлерінің бірыңғай бел­деуін құру жұмысын жүргізіп жатыр­мыз. «Қасиетті Қазақстан» төрт томды­ғы мен «Қасиетті Қазақстан» энциклопе­дия­сы­ның бірінші томы оқырманымен қауы­шып, 500-ден астам нысан туралы құнды мәлімет цифрлы форматқа көшірілді.

Тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи және Қарахан кесенелерінің 3D үлгісі жасалды. «Отырар», «Таңбалы» және «Ұлытау» мұражай-қорықтарында визит-орталықтар бой көтерді…

Біздің баға жетпес ақпараттық ресурс-қорымыз, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі, әрине, жазбаша дереккөздері болып табылады. Мемлекет олардың сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету арқылы мұрағат ісін ұйымдастыруды алдыңғы шепке шығарды.

Кешегі бүкіл кеңестік кеңістікте мұрағатты маңай­лайтын заңнама атаулы мүлдем болған жоқ еді, бұл сала заңға тәуелді үкіметтік «төменгі» актілерді ғана місе тұтты. Тек 1998 жылы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы­ның қа­был­дануымен ғана архив ісі Қазақ­стан­да биліктің ажырамас атрибуты, түбі теңізге құяр бұлақтай ақпарат қоймасы мәр­тебесінде ғана емес, сондай-ақ мем­лекеттік басқару құралы деңгейінде түпкілікті бекіп, өз дамуының даңғыл жолында аса қуатты серпінге ие болды.

Бүгінгі таңда елімізде 3 мыңнан астам адам білек біріктіріп, күш қосқан 223 мемлекеттік мұрағат мекемелері мен олардың филиалдарынан тұра­тын бірыңғай мұрағат желісі дамылсыз жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында Ұлт­тық архив қоры құжаттарының көлемі екі есе, ал жеке құрам бойынша 3,5 есе өсті, бұл жалпы алғанда 25 млн-нан ас­там сақтау бірлігін құрайды.

Әр құжаттың артында – елдің тарихы мен халықтың тағдыры тұр!

Соңғы үш жылдың ішінде республи­кадағы жұмыс істеп тұрған 253 мұра­жайдың қоры 15 мыңнан астам жәдігермен толықты. Бұған қоса республикалық мұ­ра­жай қорындағы 13,5 мыңнан астам жәдігер сандық форматқа көшірілген.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы Ғарыш­тық техника және технологиялар инс­титутымен бірлесе отырып, көлемді экс­понаттарды фотограмметрия әдісімен сан­дық форматқа көшіру бойынша лабо­ра­тория құрғанын айта кеткен ләзім. Осы мұражай қызметкерлерінің қа­жыр­­лы еңбегінің нәтижесінде 2 мың­нан астам картина мен ұлттық декоратив­тік-қолданбалы және зергерлік өнер бұйым­дарымыз 3D форматынан көрініс тапты.

Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мұражайы тарапынан ғана Түркия, Малайзия, Қытай, Үндістан, Оңтүс­тік Корея, Ұлыбритания және өзге де елдер­­дің ұлт­тық мұражайларына 20 көш­­пелі көр­ме жол тартты. Ал тарихы­мыз­дың баға жетпес асыл мұрасы – Есік қор­ғаны­нан табылған «Алтын адам» әлемнің ең май­дайалды деген 13 мұражайын аралап, сән-салтанатымен әлем жұртшылығы назарын өзіне аударды.

Мемлекет кітапхана ісіне де үлкен көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта елі­мізде 3 925 кітапхана бар. Олардың қоры түрлі материалдық тасымалдаушы­да беріл­ген 71,5 млн дана әдебиетті құрай­ды. Соны­мен қатар бұған жыл сайын 2,5 млн бірліктен астам жаңа құжат қосылады.

Бұл дегеніңіз – ұшан-теңіз білімнің қанып ішер қайнар бастауы.

Қазір отандық және әлемдік үздік авторлардың шідер үзген шедевр туындыларын «Қазақстандық ұлттық электрон­ды кітапханасы» арқылы үйде отырып-ақ оқи беруге болады. Мемлекеттік кітап­хана қорында 60 мыңнан астам түр­лі маз­мұндағы әдебиеттің электронды бірың­ғай көшірмесі жинақталған. Біздің элект­ронды кітапханамызда Ресей, АҚШ, Жапо­ния, Германия, Финляндия және т.б. бар­лығы 104 елден 250 мыңға жуық оқыр­ман тіркелген. Осылай болған соң, шетел­дік аудиторияның сұранысын қа­на­ғат­­тандыру мақсатында тұңғыш рет қазақ­­стандық авторлардың үздік туындылары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды.

Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков тәрізді белгілі 61 қаламгердің 450 туындысы «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарына еніп, 90-нан аса елдің ірі кітапханалары мен әдеби орталықтарына таратылды. Бұл еңбектердің тұсаукесері Франция, Испания, Ресей және Мысыр елдерінде өткізілді.

Елімізде театр өнеріне де мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жүр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 20 театр жаңадан салынып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ұлт руханиятының кемелденуі жо­лын­да жыл сайын түрлі жанрлар мен бағыт­­тағы 12 мыңға жуық қойылым сах­на­ла­нады. Қазіргі уақытта елімізде 65 театр халыққа қызмет көрсетуде, оның ішін­де ұйғыр, корей, өзбек және неміс ұлт­­тарына қатысты этностық театрлар бар.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде Ла Скала театры­ның академиясында, Вена мемлекет­тік операсында, Мария мемлекет­тік академиялық театрында, Перго­лези Спон­тини атындағы қорда тағылым­дама­дан өтуді ұйымдастырып, еліміз­дегі опера жұлдыздары шоғырының қалып­тасуына жағдай жасалды.

Қазір Сүндет Байғожин, Бауыр­жан Андер­жанов, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова мен «Астана Опера» опера және балет театры әртістерінің есімдері шетелге де кеңінен танымал. Қазақстандық опера және балет шеберлері шетелдік сахна майталмандарының арнайы шақыр­туымен әлемнің ең үздік театр­ларында өнер көрсетіп жүр.

Отандық киноөндіріс те қарқынды дамып келеді. «Қазақфильм» студиясы 1991 жылдан бері 574 көркем, деректі және анимациялық фильм түсірді. «Оралман», «Томирис», «Көшбасшы жолы», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Аманат» тәрізді ауқымды тарихи картиналар қазақстандық прокаттың көшін бастады.

Тарихта тұңғыш рет үздік отандық кино туындылар халықаралық экранға шығып, шетелдік көрермен жүрегіне жол тауып, әлемдік киносыншылар тарапынан лайықты бағасын алып үлгерді.

Қазақстандық-ресейлік «28 панфиловшылар» картинасының әлемге танымал болғаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал голливудтық компаниялармен бірлесіп түсірген «Әміре» фильмі төрт апта бойы экраннан түспеді.

Соңғы кездері қазақ киносы қытай кинонарығында да топ жарып, бәсекелес­тер­ден оқ бойы озық болуда. Аспан асты елі «Композитор» қазақстандық-қытай­­лық бірлескен картинаны ерекше ықы­лас­­пен қарсы алды. Картина Лос-Анд­­желесте өткен кинофестивальде 4 бір­­дей номинация бойынша тұғырға көтерілді.

«Кинематография туралы» 2019 жылғы 3 қаңтарда қабылданған Заңда фильм­­ді түсіруге жұмсалған мемлекет қара­­­­жа­тын кинопрокат арқылы кері қай­тару мәселесі қарастырылған. Бұл жаңа жо­­б­а­­лар­ды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік жылдары концерттік-театрлық ұйымдар үшін де ең жарқын және табысты белес болды. Бүгінде осы бағытта 31 ұйым табысты жұмыс істеуде.

«Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церттік ұйымы, «Астана Опера» мем­лекет­тік опера және балет театры, «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік класси­калық музыка ансамблі, «Салтанат» мем­лекет­тік классикалық би ансамблі, М.Би­сен­ғалиев пен А.Абылаев жетекшілік жасай­тын симфониялық оркестрлер, Ға­зиза Жұбанова атындағы мемлекет­тік шекті аспаптар квартеті – осын­дай шырайы келісіп, абыройы шалқы­ған өнер шаңырақтары мен концерт­тік ұйымдар қатары қалың көрер­мені­не шы­ғар­машылық жобаларды ұсыну ар­қылы қазақ елінің мәдениеті мен руха­ниятына сүбелі үлес қосып келеді.

Ұлттық музыка мәдениетінің мақ­та­ны­­шына айналған Құрманғазы атын­дағы Қазақтың мемлекеттік академия­лық халық аспаптар оркестрі концерттік бағ­дарламаларымен дүние жүзін аралады.

Әр жылдарда Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Фуат Ман­суров, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағ­ланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Сер­кебаев және басқа дирижерлер мен орын­­дау­шылар қызмет етіп, қазақ өнерін биік де­ңгейде насихаттап келе жатқан өнер ұжымдарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді.

Мемлекет шығармашыл жастарды қолдауды ешқашан ұмытқан емес. Жыл сайын вокалистер, скрипкашылар, пиа­нистер және бекзат өнер әлеміне жаңа қадам басқан жас өркен балет әртістері үшін фестивальдар мен байқаулар өткізіледі. Әсіресе, әлеуметтік бағытты айнымас темірқазығы тұтқан «Балауса» ұлттық балалар ән байқауының орны алабөтен. Өнер додасында бағын сынаушы талапкерлердің 85 пайызын 8-12 жас аралығындағы ауыл балалары құрайды. Байқаудың әр кезеңіндегі әндерді әрлеу, дизайн және сахналық киімдерді тігу, әр баламен жеке жұмыс істеу, жатын орны, тамақтануы, жол жүруі, барлығы да тегін ұйымдастырылады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында соңғы жылдары тұрақты дамып келе жатқан туризм саласын ерекше атап өтуге болады.

Соңғы 10 жылда елімізге келген шетел­­дік туристердің саны 2009 жылы 512 мыңнан 2019 жылы 980 мыңға дейін екі есеге жуық өсті. Сонымен қатар көр­сетілген кезеңде туризмнің еліміздің ішкі жалпы жиынтық өніміне қосқан үлесі үш еседен аса артты.

Мемлекет туристік бағыттардың қол­же­тім­ділігін арттыру мен туризм саласы­на жеке инвестицияларды тартуға жағ­дай жасаудың маңыздылығына мән беріп, соңғы екі жылдың өзінде жалпы құны 101,6 млрд теңгені құрайтын 68 инф­ра­­құрылымдық жобаны жүзеге асырды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Рес­публикасының туризм саласын дамыту­дың 2019-2025 жылдарға арнал­ған мем­лекеттік бағдарламасы аясында одан әрі өз жалғасын табады. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыруға және кәсіби кадрларды даяр­лауға жеткілікті көңіл бөлінуде.

Елбасының бастамасымен Түркістан қаласында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті құрыл­ды. Ұлттық туристік өнімді ішкі және халық­аралық нарықта дамыту үшін Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы АҚ құрылды.

Туристердің елге кіруін либерализа­циялау жөнінде жүйелі шаралар қабыл­дануда. Атап айтқанда, өз азаматтары Қазақ­станға еш визасыз кіре алатын елдер­дің тізімі 73-ке дейін көбейтілді. Шетел­діктерді елімізге келген кезде 30 күн ішінде міндетті тіркеу туралы талап өз күшін жойды. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін мемлекеттік шекараның пери­метрі бо­йынша қырық өткізу пунктін жаң­ғырту жос­парлануда. Сондай-ақ туропера­тор­ларды әрбір шетелдік туристке, бала­ларға арналған ішкі рейстерге субсидия­лау, сондай-ақ туристік нысандарды салу және техникалық жарақтандыру шы­ғын­дарының бір бөлігін өтеу тетігі енгізілмекші.

Жалпы, Қазақстандағы туризм сала­сы­ның болашағы өте зор. Қазірдің өзінде Lonely Planet, Le Figaro, The Guardian сияқты әлемдік беделді басылымдар Қазақстанды баруға қолай­лы жетекші елдердің қатарына қосып жүр. Ол ойлары негізсіз емес. Бізде эко-саяхаттың әрбір әуесқойы келіп көруге тұрарлық таңғажайып тұмса табиғат өте көп.

Спорт – Қазақстанның «визит картасы». Спорттық іс-шаралар­дың жанкүйер­леріне арналған әртүрлі кешендер мен көркіне көз тоймайтын әдемі орындар да жетіп артылады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынды, 2 мыңнан астам спорт залы пайдалануға берілді. Жалпы республикада 41 мыңнан астам спорт нысаны бар. Дене шынықтыру және спорт қозғалысы 5,9 миллионға жуық адамды қамтыса, оның 2 миллионға таяуы – мектеп жасындағы балалар.

Бұқаралық спорттың маңызды құрам­дас бөлігі – Тұңғыш Президент – Елбасы сынағы. Бұл шараға жыл сайын 1,5 миллионнан 4 миллионға дейін спорт сүйер қауым үзбей қатысады.

Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық спорт­тың 25 түрі қайта жанданып, олар­дың бір бөлігі (тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, саятшылық) Дүние­жүзі­лік материалдық емес мәдени мұра қатары­на (ЮНЕСКО) енді.

Спортшыларымыздың жоғары жетіс­тіктері баршаға мәлім. Тек Олим­пия ойындарында ғана олардың құрметіне Қазақстанның аспан түстес Туы 16 рет асқақтап, сонымен бір сәтте еліміздің Әнұраны әлем көгінде әуеледі. Олай дейтін себебіміз, біздің отандық спортшылар 1994 жылдан бастап жер шарының шешуші жарыстарына қатысып, осынша алтын медальды қанжығасына байлап қайтқан еді.

Мемлекет спортшылар резервін даяр­лау­дың үйлесімді жүйесін құрды. Рес­пуб­­ликада 477 балалар мен жасөспірім­дер спорт мектебі жұмыс істеп, онда 368 мың спортшы шұғылдануда. Сөз жоқ, олардың арасында болашақ чемпиондарымыз жүр, өз кезегі келгенде сындарлы спорт ареналарында Қазақстанның көк байрағының биік желбіреуіне себепкер болады әлі.

Бірақ түптің түбінде барлық жалау­лы жеңістеріміз бен жарқын жетістік­теріміздің алтын тұғыры – атыңнан айналайын Тәуелсіздік екенін әрқашан есте сақтауымыз қажет. Тәуелсіздік – көздің қарашы­ғындай қорғайтын ең қасиетті құндылығымыз!

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Қазақстан Республикасының

Мәдениет және спорт министрі