Біз қазіргі таңда дәуірлік оқиға кезеңінде – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өмір сүріп жатырмыз. Бұл – елдіктің мерейлі белесі, аз уақытта табысты мемлекет құра білген Қазақстан халқының орасан зор тарихи жетістіктерінің айқын айғағы. Біздің барлық жетістігіміз Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығымен жүзеге асқан Қазақстан азаматтарының қажырлы еңбегінің нәтижесі екені де анық.
Егер құқықтық тұрғыдан айтар болсақ, қазіргі тарихта мемлекеттілікті алу үдерісі түрлі сипатта болатынын атап өткен жөн. Бір ел егемендікке ұлт-азаттық күрестің күшімен жетеді. Енді бірі мемлекеттердің демаркациясы мен ыдырауының, қайта құру мен төңкерістердің нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар бұл үдерістерді XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында басым болған процестерден ерекшелейтін кейбір жайттар бар. Бүгінде пошта, телеграф, көпірлер, вокзалдар, байланыс құралдарын жаулап алу жеткіліксіз. Яғни билікті басып алып, оны жариялау толық жеңіске жетті дегенді білдірмейді. ХХ ғасырдың соңғы үштен бірі мен ХХІ ғасырдың басынан бастап мемлекеттердің қалыптасуындағы ең басты мәселесі – заңдылық болды. Бұл негізгі сәт – жаңа биліктің заңды екенін кім дәлелдесе, сол жеңімпаз деген қағидат. Ал егер мұны дәлелдей алмаса, демек жаңа мемлекет те жоқ деген сөз.
Мемлекеттің заңдылығы белгілі бір құқықтық нормаларды ресми түрде сақтауға бағытталған заңдылық ұғымына қарағанда тереңірек. Ал мемлекеттік заңдылық дегеніміз бүкіл қоғамның, халықтың белгілі бір топтарының мүдделерін білдіреді. Билікті халықтың өзі беру – өте маңызды қадам. Референдумдар, жалпыхалықтық сайлаулар өткізудің түп мақсаты да осында жатыр.
Егер жаңадан құрылған кей мемлекеттерде оның заңдылығына қатысты қандайда бір дау-дамай туындаса, мұндай мәселенің жаңғырығын өзгелерден жауып-жасырып қалу еш мүмкін емес. Ал Қазақстанға қатысты айтар болсақ, біздің еліміздің тәуелсіздік алуы тек қана заңды сипатта болғаны даусыз.
Елімізде егемендік алу үдерісі біраз уақытқа созылды және кезең-кезеңімен жүргізілді. Осындай кезеңдердің бірі 1990 жылғы сәуірде өткен Жоғарғы Кеңес мәжілісі еді. Осы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Кейіннен 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларация қабылданды. Келесі маңызды қадам Президенттің 1991 жылғы 1 желтоқсандағы бүкілхалықтық сайлауы еді. Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы мемлекеттік құрылымның құқықтық негізін қалап берген құжатқа айналды.
Республикамызды заңдастыру үдерісі мұнымен аяқталған жоқ. Келесі кезең 1993 жылы Жоғарғы Кеңестің Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын әзірлеуі және қабылдауы болды. Бұл Конституцияны заңгерлер бұдан бұрын да бірнеше рет «өтпелі сипатта» деп атап өткен еді. Өйткені барлық ірі әрі маңызды мәселелер, әсіресе биліктің бөлінуіне қатысты сұрақтар дәйекті және біржақты шешілген жоқ. Бұл 1995 жылы жаңа Конституцияны қабылдауды және оған неғұрлым заңды сипат беруді талап етті. Сол үшін бұл құжат республикалық референдумға шығарылды.
Қазақстанның Тәуелсіздік алуы мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі өзара тығыз байланысты. Өйткені еліміздің Тәуелсіздікке ие болуы және оның одан әрі табысты дамуына бастаған барлық қадамдарға Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болды. Барлық реформалар Елбасының бастамасымен жүргізілді. Тұңғыш Президент жас мемлекеттің алдағы бағыт-бағдарын нақты белгілеп беріп отырды. Жоғарыда жеке-жеке тоқталған барлық маңызды әрі тарихи кезеңдер нақты ойластырылған, бір-бірінен қисынды түрде өтті. Елбасының ерік-жігері мен Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамасы еліміздің еңселі болуын қамтамасыз етті. Осыған орай жаңа мемлекеттілігіміздің Конституциялық ресімделуіне кеңірек тоқталғанды жөн санаймын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жоба мәтініне қосқан үлесі зор екені баршаға мәлім. Куәгерлердің айтуынша, ол бұған дейін шетелдердің бірнеше ондаған конституцияларын мұқият зерттеп, кейін пікір-таластарда сол мәліметтерді жатқа айтып беріп отырған. Сондықтан да болар көпшілік бұл Назарбаевтың Конституциясы деген кезде барлығы бірауыздан келіскен.
1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Тұңғыш Президент тиісті экономикалық, әлеуметтік, саяси негіздер пайда болған кезде орталықсыздандыру және билікті Президенттен Үкіметке және Парламентке беру процесі жүретінін бірден мәлімдеді. Бұл да ерекше мән беретін жайт. Сол кезде Президенттің бұл уәдесін кейбір скептиктер дәстүрлі риторика ретінде қабылдаған еді. Алайда көп ұзамай-ақ 1998 жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруда алғашқы әрі маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жылға, ал Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жылға дейін ұзартылды. Мәжілістің саны он депутаттық мандатқа ұлғайтылып, депутаттардың бір бөлігі пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлана бастады. Сонымен қатар Парламент палаталарының Үкімет қызметіне бақылау өкілеттігі күшейтілді. Егер Республика Президенті Палатаның Үкімет мүшесі заңдарды орындамаған жағдайда оны қызметінен босату туралы өтінішін қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткен соң Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоя алды. Тағы бір маңызды мәселе – Үкіметтің дербес алқалы орган ретіндегі конституциялық мәртебесі расталып, қылмыстық сот өндірісіне алқа билер институты енгізілді.
Елбасының осы бағыттағы бастамаларын 2007 жылғы конституциялық өзгерістер одан әрі жалғастырды. Республика Президентінің өкілеттік мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қысқартылды. Премьер-Министрді тағайындау рәсіміне (Парламент Мәжілісінің келісімін алу үшін кандидатура ұсынылғанға дейін) Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларымен алдын ала консультациялары енгізілді; Парламенттің өкілдік функциясы байытылды; Парламент Мәжілісін құру тәртібі өзгерді – тоқсан сегіз депутатты сайлау пропорционалды сайлау жүйесі бойынша жүзеге асырылады, ал Мәжілістің тоғыз депутатын конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлай бастады; көпшілік дауыспен Мәжіліске Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығы берілді; заңдарды орындаудағы Үкімет мүшесінің жұмысы теріс бағаланса, оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау үшін Палата депутаттарына көпшілік даусын жинау қажет болды; жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Республиканың Премьер-Министрі өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады; Конституциялық Кеңестің құзыретіне Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың Конституцияға сәйкестігін қарау және басқа да мәселелер енгізілді.
Сонымен қатар отандық және шетелдік сарапшылардың пікірінше, осы жылдар ішінде мемлекеттік механизмдегі ең іргелі әрі күрделі өзгерістер 2017 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде жүзеге асырылды. Осы реформаға баға берген Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының қорытындысында Қазақстанның конституциялық өзгерістері мемлекетті демократияландыру үдерісінде алға жасалған сенімді қадам екенін атап өткен еді. Дұрыс таңдалған реформа ел дамуындағы дұрыс бағытты белгілейді және айқын прогресті көрсетеді. Комиссияның пікірінше, тұтас алғанда Парламенттің, атап айтқанда, Парламент палаталарының рөлін арттыру, Республика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есептілігі мен оның бақылауында болу тетіктерін күшейту 1998 және 2007 жылдары жүргізілген алдыңғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгерістер екені анық.
Елбасы 2017 жылғы 10 наурызда қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның негізгі ережелері Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық талқылау қорытындыларын түпкілікті айқындап берді. Бұл ұсынылған түзетулердің мәні мен маңызын терең түсінуге жол ашты, ал олардың әрқайсысы уақыттың өзі белгілеп берген міндеттерді шешуді көздейді.
Мәселен, құжаттағы азаматтық мәселелеріне қатысты түзету қоғамда қызу пікірталас тудырды. Ата Заңның 10-бабының 2-тармағы жаңа редакцияда «Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деп толықтырылды. Бұл норма адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің Конституциялық өлшемдері мен негіздеріне, сондай-ақ БҰҰ қабылдаған халықаралық актілерге сәйкес келеді.
Ал Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясы ұлттық құқық пен халықаралық актілердің өзара іс-қимылында жинақталған тәжірибені ескере отырып қабылданды. Қазіргі таңда бұл тармақта: «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады», деп жазылған.
Сонымен қатар Конституциялық заңға сәйкес Конституцияның 2-бабы Республика орталығы Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шегінде қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгіленуі мүмкін екендігі туралы ережемен толықтырылды. Дәл осы өзгеріс, әсіресе бизнес қауымдастық пен заңгерлердің, оның ішінде шетелдік заңгерлердің үлкен қызығушылығын тудырған еді. Бұл қаржы қызметтері саласында қолайлы орта қалыптастыру, бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту және оның халықаралық қаржы нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету арқылы Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту үшін құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) ерекше мәртебе беру мақсатымен жасалды. Орталық аумағында халықаралық төрелік орталығы, тәуелсіз сот және АХҚО құқық академиясы табысты қызметін бастады. АХҚО соты Еуразияда алғаш рет ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген сот жүйесін ұсынды. Бүгінде бұл сот азаматтық және коммерциялық дауларды шешудің ең жақсы халықаралық стандарттарына сәйкес әрекет етеді. Аталған құрылымдардың қызметі туралы толық ақпаратты АХҚО сайтынан алуға болады.
Бірқатар түзету енгізілгеннен кейін ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, Ата Заңның 91-бабының 2-тармағына сәйкес, «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң Тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді». Осылайша, Конституциялық Кеңес өз шешімінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы екенін, оның бірлігін, Конституцияның, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз еткенін ерекше атап өтті. Елбасының конституциялық мәртебесі мен оның жеке қасиеттері арқасында Егемен Қазақстанның, оның ішінде Негізгі Заңның конституциялық құндылықтары және Республика қызметінің түбегейлі принциптері қалыптасты. Бұл жолда Н.Назарбаевтың қосқан үлесі орасан болса, оның тарихи миссиясы конституциялық жолмен расталады. Осыған орай Конституцияға енгізілетін өзгерістер республикалық референдум немесе Парламенттің қарауына шығарылмас бұрын міндетті түрде Конституциялық Кеңеске жіберіледі. Кеңесте ұсынылған өзгерістердің талапқа сәйкестігі жан-жақты тексеріліп, кейіннен бұл туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы шығарылады. Бұл талап арнайы заңмен де бекітілген.
Осындай түзетулер арқылы Ата Заңымызда мемлекеттің құқық қорғау әлеуеті айтарлықтай күшейтілді. Президентке күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні ел Конституциясына сәйкестігін қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жіберу құқығы берілді. Бұл құқық шындап келгенде адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен тығыз байланысты. Сондай-ақ бұл заңдылық Мемлекет басшысының Конституцияның 40-бабында бекітілген конституциялық-құқықтық мәртебесінен туындайды. Ал осы баптың 2-тармағында «Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі», деп тайға таңба басқандай жазылған.
Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның 73-бабының 4-тармағы алынып тасталды. Ал бұл бапта республика Президентінің Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық енгізу құқығы көрсетіліп, оларды қараудың тәртібі мен салдары реттелген болатын. Бұл шешімнің Конституциялық Кеңесті күшейте түскені айқын. Ал заңгерлер Елбасының осы ұйғарымын Конституциялық Кеңеске деген сенімнің жоғары дәрежесінің көрінісі ретінде қабылдады. Көптеген шетелдік сарапшылар осындай Конституциялық түзетулер арқылы Қазақстанның Конституциялық Кеңесі өзінің құзыреті бойынша көптеген еуропалық елдің конституциялық соттарымен теңескенін де ерекше атап өтті.
Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру және оны тағайындау мен босатудың тәртібін реттеу Конституцияның 1-бабы 1-тармағының және 12-бабы 2-тармағының ережелерінде егжей-тегжей жазылған. Бұл нормаларға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілді.
Жалпы, 2017 жылғы реформа кезінде президенттік басқару нысанына толықтай демократиялық жаңғырту жүргізілді. Ал бұл жаңғыртулар Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, Президенттің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу арқылы жүзеге асырылды.
Осылайша, қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің, елдің құқықтық жүйесінің құрылуы, сондай-ақ оның құқықтық саясатының қалыптасуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімімен тығыз байланысты деп айтуға толық негіз бар.
Еліміз бүгінде ерекше қарқында дамып келеді. Ал осындай іргелі өзгерістер кезінде жүргізіліп жатқан реформалар конституционализмнің идеялары мен қағидаттарын, олардың таралу дәрежесін және ұлттық заңнамада іске асырылу серпінін терең ұғыну қажеттілігін тағы бір рет айғақтап береді.
Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды бағдарламасында саяси бағыттың сабақтастығын жариялады. Бағдарламасында Президент: «Менің қағидаларым: Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлттық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақтылық, азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру», деді.
Конституция – құқықтық постулаттарды іске асырудың негізгі нысаны және қоғамдық қатынастарды реттейтін ең жоғары саяси-құқықтық акт. Ал еліміздің басты заң құжатын жаһандық сын-тегеуріндер мен даму қажеттіліктеріне қарай жетілдіріп отыру уақыт талабы және қажеттілік екені сөзсіз. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық парадигмасы жалпы адамзаттық та, ұлттық та мақсат-мұраттарға толық жауап бере алады. Бұл құжат сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да тіршілік салаларының сұраныстарына сай келеді. Сондықтан мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың, азаматтардың басты міндеті – Ата Заңымыздың рухы мен әр әрпін қатаң сақтау, ондағы конституциялық құндылықтарды нақты мазмұнмен толықтыру екені баршаға аян.
Игорь РОГОВ,
Қазақстан Президенті жанындағы
Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор