Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде еліміздің ішкі тәртібі нығайып, тұрақтылық пен түсіністік салтанат құруына ішкі істер органдары да аз еңбек сіңірген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевпен сұхбаттасу барысында біз ішкі істер органдарының өткені мен бүгіні туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Ерлан Заманбекұлы, бабалар аңсаған азаттықтың қадірін түсініп, елге қалтқысыз қызмет еткен буынның өкілі ретінде кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын салыстыра қарағанда, ең алдымен қандай жетістігімізді сөз етер едіңіз?
– Иә, тәуелсіздік жылдары еліміздің ішкі істер органдарының жүйесі де айтарлықтай құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Бірден айту керек, бұл өзгерістер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Ең алдымен, 90-жылдардың аяғында ІІМ-нің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру, криминалистикалық сараптамаларды жүргізу, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес, қылмыстық-атқару жүйесі, халықты құжаттандыру және тіркеу сияқты міндеттері басқа мемлекеттік органдардың қарамағына берілді. Бұл сол кездегі ең дұрыс шешім болды. Өйткені тәуелсіздікке енді қол жеткізген жас мемлекетте қоғамдық тәртіпті күшейту, қылмыспен, ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен күрес басты орынға шықты. Қанатын кеңге жайып үлгерген қылмыс әлемінің түбіріне балта шабу оңайға соқпады. Полицияның ең басты міндеті – ел ішіндегі тәртіпті нығайту болып айқындалды. Біз осы міндетті абыроймен орындадық. Елдегі бетімен кеткен қылмыс жүгенделгеннен кейін, қоғамдық тәртіп нығайып, бейбіт өмірдің берекесі кіре бастады. Халық кәсіпкерлікпен, сауда-саттықпен, басқа да шаруашылық түрлерімен емін-еркін айналысты. Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар емес пе. Біз ішкі тәртіпті нығайту арқылы ел болдық, тәртіп бізге тұрақтылықты сыйлады. Ал тұрақтылық табысымыз бен берекемізді еселеді.
Әрине, бастапқыдағы бар өзгеріс осымен шектеліп қалған жоқ. Ішкі істер органдары бұдан соң көлік құралдарын мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу және оны бақылау, күзет қызметі (аса маңызды стратегиялық объектілерді күзетуді қоспағанда) сияқты өзіне тән емес функциялардан босатылды. Сонымен бірге денсаулық сақтау органдарының қарамағына медициналық айықтырғыштар, ал білім беру жүйесіне – кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары берілді. Бұл өзгерістер де уақытымен әрі дер кезінде жасалғандықтан, өз жемісін көрсетті.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында ерекше көбейіп кеткен неше түрлі қылмыстар біртіндеп ауыздықталғаннан кейін, келесі кезекте заңнамалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары қолға алынды. Қылмыстық процесті оңайлатуды, тергеуге дейінгі тексеруді қысқартуды көздейтін қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізілді. Егер бұрын қылмыстар өтініш бойынша тергеуге дейінгі тексеруден кейін ғана және қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана ресми тіркелсе, қазір арыздар мен хабарламалар СДТБТ-ға қылмыс ретінде тіркеледі, ал тіркеудің өзі сотқа дейінгі тергеудің басталуы болып табылады.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстері мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс күшіне енді. Бұл заңдарды әзірлеуге ІІМ белсенді қатысты. Жалпы, ІІМ жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастыру бойынша ауқымды заң жобасын жасау жұмыстарының бел ортасында болғанын атап өткен жөн. Осы жылдар ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, көші-қон, Ұлттық ұлан, азаматтық қорғау және т.б. мәселелері бойынша 20-дан астам заң әзірленген екен. Біз құқық, заңнама саласында әлемдегі өркениетті елдермен теңесе бастадық. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесіне көз салғанда, кешегі жабайы қылмыспен күрестен бүгінгі озық құқықтық сана деңгейі аралығындағы жетістіктеріміз ойға оралады. Біздің басымыздан өткен күрделі кезеңдер мықты мамандар, табанды да, ерік-жігері мол қызметкерлер даярлауға мүмкіндік берді. Осы жылдар ішінде қазақстандық полицияның өзіндік бірегей мектебі қалыптасты деп мақтанышпен айта аламыз. Жалпы, заңнамалық жұмыстар туралы айтқанда, «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңның негізін қалаған генерал-полковник Қ. Сүлейменов, милиция генерал-майоры М. Қалматаев, Б. Мұхаметжанов, В. Шумовты атап өтпеуге болмайды. Осындай тұлғалардың зор жауапкершілігі, табандылығы мен төзімділігі, биік шығармашылық өресі елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің нығаюына жол салды.
– Ішкі істер саласын соңғы технологиялармен қамтамасыз етуге қалай көңіл бөлінді? Бұл бағытта біраз қиындық туындаған шығар?
– Жаңа технологияларсыз қай сала да алға баспайтыны белгілі. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бұған жете көңіл бөлінді. Заман талабына сай бейнебақылау жүйесін қолдану кең өріс алды. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бейнебақылау жүйесі белсенді түрде енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Бейнебақылау жүйесін енгізу алғашқы уақыттан жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырыла бастады. Қала көшелерінде тәулік бойы қызмет атқаратын полицияның кешенді күштерін басқару үшін барлық облыс орталықтарында жедел басқару орталықтары (ЖБО) құрылды. ІІМ криминогендік жағдайы қиын бірнеше моноқалада және 8 шағын қалада ЖБО салу мәселелерін пысықтап, соның нәтижесінде Жаңаөзен, Рудный, Щучинск, Семей және Хромтауда, Құлсарыда Жедел басқару орталықтары іске қосылды.
Өңірлерде «Қауіпсіз аула» жобасы табысты іске асырылды. Осы жоба аясында тәуелсіздіктің бастапқы онжылдықтарында тұрғын үй аулаларын қамтитын 20 мыңға жуық бейнебақылау камерасы пайдаланылған еді. Қазіргі уақытта республика аумағында 625 мың бейнекамера жұмыс істейді. Жедел басқару орталығына 100 мыңға жуық бейнекамера қосылған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қазақстандық полицияның алдында тұрған кешенді міндеттерді айқындап берді. Осы бағытта да көлемді жұмыстар қолға алынды. Бүгінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және ел азаматтарының заңды мүдделерін құрметтеу үшін Қазақстан аумағын UCI-ге шығатын бейнебақылау камераларымен барынша кең көлемде қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл үшін 100 тұрғынға 15 бейнебақылау камерасынан келетін халықаралық тәжірибе (АҚШ, Қытай) зерттеліп, негізге алынды.
Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлемдік тәжірибе негізінде бейнебақылау камералары желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктерімен бейнебақылау жүйелерін кеңейту және біріктіру бойынша Жол карталары бекітілді.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлерін де бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде патрульдік полицияның саптық бөліністерінде 10,5 мың бірлік бейнетіркегіш бар. Осы бейнетіркегіштердің көмегімен 378 мың әкімшілік және 2,1 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, бейнежазбалар күдіктілердің кінәлілігін дәлелдеу базасы ретінде пайдаланылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы дәл қазіргі уақыттағы жоспарланып отырған жаңа технологиялардың бірі, бұл – ішкі істер бөлімінде есепте тұрған адамдарды бақылау мақсатында электронды білезіктерді енгізу. Білезік жекелеген санаттағы адамдарға қатысты қолданылатын болады.
Бұрын полицейлер сотталғандарды бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша тұрақты түрде аралап шығатын еді. Енді бұл мониторинг жүйесімен қолданыстағы компьютерлерінде жүзеге асырылатын болады. Бұл бір полиция қызметкеріне кез келген уақытта бірнеше сотталғанды бір уақытта тексеруге мүмкіндік береді. Жалпы, саладағы соңғы жаңа технологияларды айта берсек, ішкі істер саласының барлық бағыты бойынша көп мысал келтіруге болады. Мен тек қана қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы технологияларға ғана тоқталдым.
– Заң алдындағы жауапкершілікті қатаңдатпай-ақ, қоғамдық сананы көтеру арқылы заң бұзушылықты азайтуға бола ма, ол үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Заң деген сөздің өзі жалпақ тілмен айтқанда адамды ізгілікке шақыратын тәртіптің екінші атауы. Сіз айтып отырған қоғамдық сананы көтеру үшін заң, тәртіп, тәрбие керек. Сонда ғана қоғамдық сана көтеріледі. Есіңізде болса, бұдан он шақты жыл бұрын «Ұсақ құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік» деген қағида енгізілді. Бұл қағида алғаш рет «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда айтылды. Бастапқыда осы қағиданы сынап-мінегендер көп болды. Қоғамдық орында қоқыс тастағандар, кез келген жерде темекі шеккендер айыппұл төлеп жазаға тартылғанда мұны шамадан тыс қаталдық деп қоғамдық пікірді өршітуге де тырысқандар табылды. Қазір қарасаңыз, осы қағида, заңның нәтижесінде халық ұсақ бұзақылыққа немқұрайлы қарамауды үйренді. Кешкі оннан кейін біреу жұрттың тыныштығын бұзып жатса, дереу полицияға хабарлайды. Біреу қоғамдық орынға, көшеге қоқыс тастап кетсе де, көрген адам әлгі тәртіп бұзушыны бірден жөнге шақырады. Соның нәтижесінде мұндай ұсақ бұзақылық жасайтындардың саны азайды. Бұрын біз мұны тіпті тәртіп бұзушылық, бұзақылық санағанымыз жоқ қой. Ал қазір, жағдай мүлдем басқаша. Халық көшеде қоқыс тастамайтын болды, қоғамдық орындарды дауыс көтеріп, былапыт сөздер айтпайды. Темекіні арнайы белгіленген орындарда шегеді, кез келген жерге қоқыс тастамайды. Халық бұлай жасауға өздері ұялатын дәрежеге жетті. Заң, тәртіп, талап деген адамды жазалайтын, ар-намысын, абыройын төмендететін нәрсе емес, керісінше адамның адамдық болмысын көтеретін, қадір-қасиетін арттыратын, парасат-пайымын өсіретін дүниелер. Бізді адам қылған ең алдымен отбасындағы тәртіп пен тыйым, отбасылық құндылықтар мен қағидалар емес пе. Сондықтан заң да, тәртіп те, талап та, қоғамдық сананы көтеруге қызмет ететін тәрбие құралы деп санаған дұрыс. Заң бар жерде жақсы өмір бар, тәртіп бар, тыныштық пен тұрақтылық бар деп ұғуымыз керек.
– Ішкі істер саласына жаңадан келіп жатқан қызметкерлердің тәрбиесі мен тәжірибесін қалыптастыру мақсатында неге мән беріп, неден қашуымыз керек?
– Біз құқық қорғау мамандарын патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесіне қашанда баса назар аударамыз. Бұл бағытта тәжірибелі қызметкерлер, ардагерлер, өзінің озық ғылыми педагогикалық тұрғыдан осы саланы өркендетуге ұмтылған азаматтардан құрылған арнайы тәлімгерлік институт қызметінің негізі қаланды. Бұл бастама ішкі істер органдары қызметкерлерін кәсіби біліктілік пен адамгершілікке баулып қана қоймай олардың мемлекетшілдік, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға да үлес қосады деген сенім мол. Кадр даярлау ісі мұқияттылықты қажет етеді. Кез келген қызметкерді жұмысқа аларда оның шыққан жеріне, отбасылық жағдайына және өз ортасындағы тәрбиесіне аса мән берген жөн. Ел тыныштығын сақтауда алдыңғы шепте тұрған полиция қызметкерлері үшін ең қажетті қасиет – тәртіп пен патриоттық тәрбие. Себебі күнделікті заңды белден басқандармен, тіпті нағыз қаныпезер қылмыскерлермен де бетпе-бет кездесіп, жөнге салатын полиция қызметкерінің дүниетанымы мен рухани байлығы үстем болуы қажет.
Жас қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде Ардагерлер кеңесінің алар орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Ішкі істер органдары ардагерлерінің басты міндеттері аға буынның жастарды тәрбиелеуде және қалыптастыруда сабақтастығы, өз өмірін қылмыспен күресуге арнаған жас қызметкерлерді құқықтық тәртіпті бекітуге, патриоттыққа, интернационалистікке, адамгершілікке және кәсіби шеберлікке тәрбиелеудің маңызы зор. Өткен өмір ізсіз жойылып кетпейді, ол тарихи маңызы терең мыңдаған материалдық-рухани мәдениет ескерткіштеріне айналып, болашақтан болашаққа жалғасып жатады. Әрине, бұл құндылықтар мұражайда сақталып, насихатталады. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелерде 45 мұражай мен 32 жауынгерлік даңқ бөлмесі қызмет етеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекше көзге түсіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде батылдық пен қайсарлық көрсеткендері үшін бірқатар полиция қызметкеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Өкінішке қарай, айбыны асқақтап, ерліктері еленген жігіттердің кейбірі арамызда жоқ. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері қызметтік міндетін атқаруда 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапты, 3 мыңы жарақаттанды. Ерлікпен қаза болған осы қызметкерлердің құрметіне орай мемориалдық тақта, ескерткіш ашып, есімдерін көшелерге беру үдерістері ешқашан қалтарыста қалған емес. Себебі қылмыскерлердің қолдарынан қаза тапқан бұл қызметкерлердің есімдерін әріптестері мәңгілік есте сақтайды.
Бізге мәлім Шығыс даналығы «Тәрбиесіз берілген білім – ақымаққа қанжар ұстатқанмен тең» демеуші ме еді?! Бұл мақалды бүгінгі нақты жағдаймен салыстыра отырып айтар болсақ, құқық қорғаушыға шен беріп, қару ұстатардан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп алудан бастаған ләзім. Құқық қорғаушының жүрегіне биік сана, озық парасат, таза ниет ұялатпайынша, оған кәсіби білімнің де қажеті шамалы. Бұл кезде керісінше құқық қорғаушыдан азаматтарды қорғауға тура келетін фактілерге ұшырасамыз. Алдымен құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандық иелерінің көзқарастарын түбірлі зерделеп алмайынша, олардың бойына патриоттық сезімін сіңіріп, елін, жерін сыйлауға тәрбиелемейінше, сапалы маман туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сондықтан да «қазіргі құқық сақшысының рухани бейнесі қандай болуы керек?» деген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Қай мамандық болсын, өз ісіңнің асқан шебері болуға тырысқан дұрыс. Ал білімі бар, патриоттық сезімі жетерлік, іскер, мақсатшыл, ерік-жігері мығым болу – бұл ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын басты талап. Біз осыған баса мән беруіміз керек.
– Қазір уақыт талабына сәйкес ішкі істер саласындағы реформаның жаңа кезеңі жүріп жатыр. Жалпы, бұл реформадан қандай нәтиже күтуге болады?
– Елбасымыз Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының мән-маңызына тоқталғанда «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Ол үшін кадрларды даярлау, іріктеу және ілгерілету жүйесі қайтадан қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академияларын қалыптастырған жөн» деп атап көрсетті. Сондықтан Жол картасында кадрларды даярлау, іріктеу, ведомстволық білім саласын жаңғырту мәселесі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Реформалар басталғалы біз штат санын оңтайландыру нәтижесінде бюджет қаржысын 16 млрд теңгеге дейін үнемдеуге қол жеткіздік. Осы қаржы түгелге дерлік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге, әлеуметтік қолдау жұмыстарына бағытталып отыр. Нақты сандарға тоқтала кетсем, патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысы 65 пайызға, жедел тергеу қызметі бөліністері 55, учаскелік инспекторлар (кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар) мен оқытушылардың еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Қылмыстық атқару жүйесі мен полицияның өзге қызметтерінің жалақысы 20 пайызға артты. Мәселен, патрульдік полиция қызметіне енді кіріскендер 146 мың теңге еңбекақы алатын болады. Бұрын олардың жалақысы 103 мың теңгеден аспайтын.
Полицейлердің тұрғын үй мәселесін шешуге баса назар аударылып жатыр. Осы ретте тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі кеңейтілді. Бүгінге дейін мұндай құқықты жедел-тергеу бөліністерінің 6 452 қызметкері иеленген еді. Енді бұл тізімге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері мен олардың жетекшілері енгізіледі. Бұған қосымша 8 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Үкіметтің тиісті қаулысы шыққаннан кейін бұл мәселе де шешімін табады. Полиция қызметкерлеріне қарастырылатын осындай әлеуметтік қолдау және еңбекақысын көтеру – айналып келгенде полицияның қоғамдағы беделін нығайтуға, құрметті мамандыққа айналуына септігін тигізері сөзсіз.
Қазіргі уақытта ішкі істер саласын реформалаудың келесі кезеңі полиция жұмысына сервистік тәсілдерді енгізу арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Басты рөлді учаскелік инспекторлар атқарады. Құқық бұзушылықтар жасауға, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгізу бойынша оның өкілеттіктерін кеңейту жолымен учаскелік полиция қызметкерінің мәртебесін арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұдан басқа, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді, бұл полицияның сервистік жұмысы қағидатын іске асыруда учаскелік инспекторлар қызметінің толыққанды институтын құруға мүмкіндік берді.
Биыл лауазымдарды ішкі қайта бөлу есебінен қосымша 277 бірлік учаскелік полиция инспекторлары және 130 бірлік олардың көмекшілері енгізілді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы учаскелік инспекторлардың халықпен өзара іс-қимылының жаңа нысандары мен әдістері кеңінен қолданылады. Бес мыңнан астам УПИ, ПИК (МИБ) үй иелері (тұрғындар) чаттарында және өзге де әлеуметтік желілер топтарында тіркелген. Халықпен «кері байланыс» орнату мақсатында тұрақты есеп беру кездесулері жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде полицияның ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етеді.
Жалпы, реформадан күтер оң нәтижелеріміз көп. Қазіргі қолға алынған жұмыстардың жемісі алдағы жылдарда толық көрінетініне сенім мол. Қазақстандық полиция халықтың қорғаушысы, қорғаны деген атқа лайық болуы үшін аянбай тер төге беретін боламыз.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»