Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары «Біздің тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауымыз керек» деп халқымыздың ерте заманнан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі діні жайлы жүрекжарды сөзін айтқан болатын. Өйткені патшалық Ресей және кеңестік отарлау жылдары ұлтымыз жоғалтқан рухани құндылықтарының бірі – мұсылманшылық дәстүрі болатын.
Сөз басында атап өткеніміздей асыл дініміз, әсіресе, кеңестік большевиктер тұсында қатты қысымға ұшырады. Мәселен, 1920 жылы Орта Азияда қызмет еткен 30 мың мешіттен 1940 жылы 1 мыңы қалса, барлық медресе толық жабылды. Қуғын-сүргін жылдары 47 мың дін қызметкерінің 2 мыңға жуығы ғана тірі қалды. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Сарыарқа кімдікі?» атты жырында: «Құранды қор, молданы боздай қылып, Кірісті сөндіруге ислам нұрын» дегеніндей, мұсылманшылықты тұншықтырудың салдарынан ғасырлар бойы қазақ қоғамын тұтастырып тұрған, адамгершілік, ағайынгершілік сияқты берік ұстындар бүлініп, имансыздық орын алды. Мысалы, 1920-жылдар аяғында Кеңес Одағында «Құдайсыздар ұйымы» дейтін дінге қарсы құрылым пайда болды. Осы ұйымға мүше болу мәртебе саналды...
Ал еліміз тәуелсіздік алған тұста, халқымыздың кеңес кезінде қожырап кеткен имани түсінігін тірілтіп, ата-баба дәстүрімен ұштасқан исламның озық әдеп-үлгісін қалпына келтіру қажеттігі туындады. Бұл мәселеде Нұрсұлтан Әбішұлы оңтайлы шешім қабылдап, мемлекетті басқаруда ұлт бірлігі мен дін тұтастығын бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра алды. Аллаға шүкір, осынау сарабдал саясаттың арқасында елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Осынау тарихи іске бастамашы болып, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір арнаға тоғыса бермейтін əлемдік дəстүрлі дін көшбасшыларының басын елордаға қосып, дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласында əр үш жыл сайын өтетін Əлемдік жəне дəстүрлі дін лидерлерінің съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы бөлек күллі адамзат баласын бірлік пен бейбітшілікке, ымыра мен ынтымаққа ұйыстырған келелі басқосу болды.
* * *
Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 464 ғибадат орны тіркелсе, оның ішінде 2 600 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының құлшылық үйінен басқа, 18 конфессия, 3 514 діни бірлестік бар екен. Бұлар 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң шеңберінде өздерінің іс-әрекетін үйлестіруде. Сондай-ақ еліміз тұрғындарының 9,1 пайызы православие ұстанымына жүгінсе, 72,2 пайызы мұсылман жамағаты екен.
Осы орайда республика тұрғындарының елеулі бөлігін құрап отырған мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт Елбасы шешімімен демалыс күні болып жарияланды. Сондай-ақ республика бойынша ислам ілімін дамыту мақсатында Тұңғыш Президентіміздің қамқорлығымен Нұр-Мүбарак университеті ашылды. Бұл оқу орнын қазірге дейін 2 359 студент бітірсе, оның 254-і ғылым магистрі, 39-ы ғылым докторы. Бүгінде университетде 1 627 студент білім алуда. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінуде. Сонымен қатар 9 медресеге колледж мәртебесі берілген. Бұл колледждерде 2 769 шәкірт білім алып жатыр.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дін саласы Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы, Малайзия, Индонезия секілді елдермен шариғи білім, қажылық, халал стандарттау ісі бойынша екіжақты меморандум қабылдады. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа көрші мемлеттермен дін жөнінде ортақ келісімдер жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шетелдердің еліміздегі бірқатар елшілігімен ынтымақтастықты нығайтып, бауырлас елдер арасындағы рухани байланысты бекіте түсуге мән беріп келеді.
Қазіргі таңда елімізде ресми түрде 6 қарилар дайындау орталығы жұмыс істейді. Діни басқарма ұйымдастыратын дәстүрлі республикалық Құран байқаулары қарилардың Құран жаттауына үлкен жігер сыйлауда. Соның дәлелі жыл сайын Түркістан қаласында Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан республикалық байқау өтеді.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында күллі мұсылман жамағаты үшін өте үлкен сый – елорда төрінде сәулетіне көз тоймайтын «Əзірет Сұлтан» мешіті салынып, екі жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңсесі бас қалада бой көтерсе, соңғы жылдары діни басқарма жанынан заман талабына сай баспа, ақпарат, аударма, қоғаммен байланыс саласы жанданып, бірнеше жаңа бөлім: «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Уақып» қоры, «Муфтият» баспасы, «Халал даму», «Қамқор-Шарапат» мекемесі қатарлы ұйымдар абыройлы қызмет атқаруда. Соның ішінде «Зекет пен қайырымдылық» қорының бастамасымен баспанаға аса мұқтаж 500-ден астам отбасыға пәтер кілті табысталды. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан үлкен алғысқа бөленді.
Осы орайда тәуелсіздігімізбен қатар келген тағы бір қасиетті құлшылық қажылық жолға қойылды. Егемендігіміздің алғашқы жылында елімізден 74 адам қажылық парызын өтеген болса, қазіргі таңда жыл сайын қасиетті сапарға баратын жандардың саны 4 мыңға жетті. Егемендіктің 30 жылында 60 мыңнан астам адам қажылық парызын өтеді. Қажылық парызын өтеймін деген азаматтар үшін тікелей әуе рейстері ашылып, қолайлы жағдай жасалуда.
Дәл қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша қамқорлығымен елордада зәулім мешіт бой көтеріп келеді. Бұл Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады деп күтілуде. Ғибадатхана аумағы 57 мың шаршы метр болса, мұнараларының биіктігі – 130 метрді құрауда. Сондай-ақ бас күмбезінің биіктігі – 88,2 метр. Намаз оқитын орынның сыйымдылығы 15 мың адамды қамтыса, әйелдер бөлмесі 3 мың орынға шақталған екен. Бұйырса, елордамыздың сол жағалауынан орын тепкен бұл мешіт мұсылман әлемінің маңызды нысанына айналмақ.