• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Желтоқсан, 2021

Қарқындағы қуаныш

453 рет
көрсетілді

Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Қарқын ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Кәмшат Дөненбаева мен Сайран Бұқанов сынды екі бірдей Еңбек Ері шыққан шағын ауылдағы мереке барысында биылғы еңбек маусымында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген еңбеккерлерге құрмет көрсетіліп, «Жылдың озат механизаторы», «Өндірістің ең үздік маманы», «Озат малшы» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Мұндағы «Қарқын» агрофирмасы ауыл тұрғындарының 80 пайызы­н тұрақты жұмыспен қамтып, еңбекке жұмылдырып, әр үйдің ырыс-несібесінің еселене түсуіне ұйытқы болып отыр. Серіктестік өсіретін жоғары сапалы бидай бүгінде Қазақстаннан тыс жиырма шақты елге элиталы тұқым ретінде экспортталады. Шаруашылық жаз­дың аптап құрғақшылығына қарамастан, күзгі жиын-терін жұ­мыстарын биыл да табысты аяқтады. Бидай шығымы жыл­дағыдай емес, есесіне майлы дақыл­дардың түсімі жоғары. Мем­лекеттік бағдарламалардың қолдауын тиімді пайдаланып, алқабын әртараптандырып алған алпауыт шаруашылық биыл жақсы өнім берген рапс, күнбағыс, зығыр сияқты майлы дақылдардың нәти­жесінде құрғақшылыққа қыңқ ете қойған жоқ. Бұршақ, қарақұмық, жасымық пен малға азық арпа, сұлыны қосқанда серіктестік 12 түрлі дақыл себеді.

Мерекелік шараға арнайы келген аудан әкімі Ғабит Бекбаев ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, қамбалы ауылдың аудан қазы­насына қосып отырған үлесі қомақты екенін айтты. Агрофирма басшысы Еркін Бұқанов еңбек жылын қорытындылап, озат мамандар мен еңбек ардагерлеріне қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыс етті. Еркін Сай­ранұлының айтуынша, қарқындықтар биыл 40 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, әр гектардан 8 центнерден бидай алып отыр. Арпа бұдан көбірек түсім берді. Ал майлы-бұршақты дақылдың 1 гектарынан 8,5 центерден өнім жиналды. Астықтың шығымы жылдағыдан төмен болғанымен, шаруашылық әртараптандыруды дұрыс жүргізудің нәтижесінде басқа дақылдардан көп пайда көріп отыр. Бидайдан ала алмаған пайданың орнын майлы және бұршақты дақылдар толтырды. Бүгінде алқаптың 50 пайызын дәнді, 20-25 пайызын майлы, 15-20 пайызын бұршақты дақыл алып жатыр. Қалған жерде мал азығы өседі.

Ауыл тұрғындарының қуаны­шын бөлісуге облыс орталығынан арнайы келген «Мирас» мәдениет үйінің ұжымы еңбек озаттарының құрметіне ән-күйден шашу шашып, мереке шырайын аша түсті. Сән-салтанатқа толы жиын барысында екі бірдей жұмысшыға автокөлік кілттері тапсырылды. Су жаңа автокөліктердің бірін ком­байншы Юрий Беляев, екін­шісін әмбебап механизатор Марат Кен­жеғалиев мінді.

Техника паркін жаңартып алған серіктестік соң­ғы бір-екі жылдың өзінде 700 млн теңгеге жаңа техника сатып алып отыр. Басты мақсат – еңбек өнімін арттыру. Бұрын көктемгі егіс науқанында қырық агрегат жабылып жүріп әрең еңсеретін алқап жұмысын қазір 6-ақ агрегат аптықпай тындырады.  Көп шаруаны ені 18 метрлік қуатты дән сепкіш кешен жалғыз атқарады. «Борго» деп аталатын бұл әмбебап тракторға науқан қызған шақта екі механизатор ауысып мінеді. Серіктестікте бұрын жүз шақты комбайн бар еді, қазір оның саны 19-ға дейін қысқарған. Бұған биыл тағы бір су жаңа «ақылды» комбайн келіп қосылды. Техника саны кемігенмен, өнім көлемі кеміген жоқ. 20 жаңа комбайн 100 ескіден екі есе қуатты.

– Бұл комбайндар өте ғажап. Бидайдың, дәннің ылғалдылығын көрсетіп тұрады. Жанармай шы­ғынына дейін көрсетіп тұрады. Орын­дығы жұмсақ, кабинасы жылы. Цифрлы технология арқылы оны орталық кеңседен бақы­лап отыруға болады. Қай комбайн қай жерде жұмыс істеп жатыр, қайсысы қай жерде тұрып қалды, бәрі бақылауда, – дейді Марат Кенжеғалиев.

Бір байқағанымыз, бұл ауыл­да жастар көп те, қарттар аз. Тұр­ғындардың сөзінше, ауыл үй­лері көмірмен жылытылады. Сон­дықтан қаладан бір-бір пәтер сатып алып, қарияларын қыста сол жаққа жібереді. Әйтпесе ауыл­да қиналып қалады. Жалпы, бұл ауылға сырттан көшіп келгісі ке­ле­тіндер көп, өйткені тұрақты жұмыс, жоғары жалақы бар. Қол­дағы малдың жем-шөбі тегін.

Ауыл мерейін өсірген мерекеден ардагерлер де тыс қалған жоқ. Еңбек қаһарманы Сайран Бұқановпен тізе қосып, кезінде осы шаруашылықтың іргесін қалап, еңсесін тіктеуге үлес қосқан, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ауылдың қадірлі ақсақалдарына да сый-құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді.

– «Қарқында» 24 жыл бойы шаруашылық бөлімін бас­қар­дым. Қазір зейнеттемін, Қос­танайда тұрамын. Ауылдың тойына арнайы келдім. Сайран Бал­кенұлымен бірге жұмыс істедік. Талай ауыртпалықты бірге көр­дік. Толайым табыстарға да бірге жеттік. Мен бүгін Еркінге өте ризамын. Әкесі аманат етіп қал­дырған Қарқынды көтеріп әрі қарай дамытып жатыр. Бүгінгі таңда ол қол жеткізіп отырған көр­сеткіш біздікінен де артық. Сол себептен балаларға рахмет. Ша­руашылық басында жүрген жастардың барлығы қарымды, білікті маман. Бәрі көз алдымызда өскен осы ауылдың балалары. Бұрын кеңес уақытында мұнда 115 адам басшы болушы еді. Қазір, міне, тепсе темір үзетін 20 шақты жігіт бірлік пен біліктің, еңбекқорлықтың арқасында ша­руа­шылықты ілгерілетіп отыр. Жұмысты ұйымдастыру, жұмыс­шыны ынталандыру жағы өте мықты. Көбі осы мектепті бітір­ген. Еркін Сайранұлы да осы мек­тепті бітірді. Экономист те, басқарма да осы ауылдың балалары. Ауылдың бүгінгі берекелі тұрмыс-тіршілігі көңіл қуантады, – дейді еңбек ардагері Қыдыркеш Жолмағамбетов.

Серіктестік ұсақ малды қоспа­ғанда, 2,5 мыңдай асыл тұқымды ірі қара ұстайды. Мұның сыртында, жеке қаз фермасы, инкубатор жұмыс істейді. Қазір шамамен 8-10 мың қаз бар.

Биылғы қуаңшылық Қарқынды да қуырып өтті. Бірақ бұл жақта шөп мол, мал азығы жеткілікті. Серіктестік биыл құрғақшылыққа ұрынып, шабындығы тақырға айналған Жітіқара ауданына 150 тонна шөп жеткізіп берді.

– Серіктестік жұмыскерлерінің жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойған. Қарқында жұмыс істейтін еңбеккер жыл он екі ай лайықты жалақысын алып отырады. Әр жұмысшыға күзде 4 тонна көмір, 4 тонна жем, 4 тонна шөп тегін беріледі. Мұның сыртында, еңбек маусымы аяқталған соң, жыл сайын 10 шақты жұмыскер денсаулығын түзеу үшін тегін жолдамамен санаторийге аттанады, – дейді шаруашылық басшысының орынбасары Темірхан Ағытаев.

Ауылдағы әлеуметтік нысандар да толықтай «Қарқын» агро­фирмасының мойнында. Мәселен, мұндағы қазақ-орыс сыныбы аралас орта мектепте 180-ге жуық шә­­­кірт білім алады. Серіктестік оқу­­­­шылардың мектепте ішетін ыс­тық та­мағына дейін қаражат бө­­ліп отыр. Мектеп директоры Жандос Ке­­ңесбаевтың айтуын­ша, мек­тептің IT кабинеті де жер­гілік­ті агро­фир­маның ақшасына ашыл­ған. Бұл сы­ныпта 11 компьютер, 1 ноутбук, принтер бар. Ка­бинет толықтай веб-ка­мерамен, жүр­дек интернетпен қамтылған. Серік­тестік мектепті жыл сайын жөн­деу­ден өткізіп оты­рады. Таяуда бі­лім оша­ғында «Ру­хани жаңғыру» бағ­­дарламасы аясында ұлттық дәс­түрлі музыканы насихаттайтын «Же­­­­тіген» сыныбы ашылыпты. Бұл да «Қар­қын» серіктестігінің қол­­­дауы­­­мен жүзеге асып отырған жоба.

Ауылдың балабақшасы мен мәдениет үйі де серіктестіктің мен­шігінде. Тоқсаныншы жылдары аукционға түскен бұл ғима­раттарды бәзбір пысықайлар бұ­зып, қалаға құрылыс материалы ретінде тасып ала ма деп қауіп­тен­ген «Қарқынның» сол кез­дегі бас­шысы Сайран Бұқанов өз мен­шігіне сатып алып, аман алып қалған. Кейін күрделі жөн­деуден өткен екі ғимарат та бү­гінде ауыл тұрғын­дарының игі­лігіне қызмет етуде. Бүгінде бала­бақшада екі топ бар. Біріншісі қазақ тілінде, екін­шісі орыс тілін­де тәрбие береді. Сәбилердің бар­лығы тегін тамақ­танады. Бала­бақшаға керекті тө­сектік орын, тө­сеніш, ыдыс-аяқ, оқу-тәр­бие, ойын құралдарының бә­рі тегін. Осының бәрі серіктестік қара­жат арқылы жасалып жатқан дүние.

 

Қостанай облысы