• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік бояуы

1079 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің түсі қандай? Көк пе? Қара ма? Ақ па? Сары ма? Мүмкін қызыл шығар. Кім біледі, әйтеуір осы реңктердің қай-қайсысын алсаңыз да тәуелсіздік картинасының құрамында болары даусыз. Қазақ баласы азат күннің аспанын қандай түспен сырласа да жарасады. Жапанда адасқан жалғыз жолаушыға бағдаршам болған жетіқарақшы жұлдызындай шоғырлы еркіндіктің есігі енді мәңгіге ашық. Міне, қой бағып, қотан аралап жүрген баланың қошақан қиялы шындықтың шынарына қонақтағалы ұлт өнері шексіздікке жол тартты. Тәубе дейміз! Мұның бәрі қоңыртөбел әңгіме ғой. Әйтсе де, бейнелеу өнерінің бүгінгі биігіне сіз бен біздің көзіміз жете қоя ма екен? Қарап көрейікші.

Тарих – көне кітап, оқыған сайын көңілің бір суып, бір ысиды. Әйтсе де, Тәңірге тәубе айтудан тарылған емес­піз. Түйе өркешін ықтап өскен халықтың тө­ңірегі төрт түлікке толып, тір­шілігі құл­пырып келеді. Бойындағы ар-намысын ақ малтадай азық еткен алаштың абыройы күннен күнге артуда. Жайлау көшіп, қыс­тау қонған дана халқымыздың бүгінгі бет-бейнесі ажарлы, көңілі базарлы. Қонағына құшағын ашқан қазақ халқының жануарды жасқамас жанашырлығы мен мейірімі, ырыс-құтты ұйыстырар ынтымағы мен көпшілдігі, қатуланған көңілді жібек желдей жібітер ықылас-пейілі жатыр. Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық бе­ле­сінде тұрып, өткен күндердің қиын­­­­­ды­ғын оймен шолып, келешектің та­ңы мерейлі болуын ойлайық. Тәуел­сіздік алған бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өне­рінде суретшілеріміздің ізденіс шең­бері төл тарихымыздан бастау алатыны анық. Өйткені өткені жоқ ел іргетасы жоқ халық секілді.

Жалпылай айтқанда, уақыт өлшеміне салсаңыз 30 жылдың бір кісінің ғұмырына пара-пар екендігін білсек те адамзат тарихымен салыстырғанда қысқа екенін байқаймыз. Отыз жылда талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай тоған толып, талай пейіл өзгерді. Дегенмен де тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кескіндемесі тың серпіліс алды. Кеңес идеологиясының кісенінен босап шыққан ұлт өнері қарыш­тап дами бастады. Санаға тазарып түскен кешегінің рухани мәйегімен, материалды құндылықтарымен алға қадам басқан қыл­қалам шеберлері кенеп бетіне тә­уел­сіздік бояуын құйды. Бүгінде қа­зақ даласында талантты һәм танымал суретшілер жетіп артылады. Біз солардың бірен-саранына тоқталып кетуді жөн санадық.

Өнер жолын түсінуге және бағалауға деген ұмтылыс әр кезеңде болсын қы­зық болып келеді. Неге десеңіз, қандай идеялар болмасын, сезімдер мен дүние­танымдық принциптер өнердің көркем кейіпкерлерінде, әсіресе, дәуірлердің басында, мәдени кезеңдерде ерекше орын алатындығын түсінуге деген ұмтылыс жеңіп отыратын сияқты. Сондықтан ХХІ ғасырдың табалдырығын аттай отырып, өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанның көркем өнеріне не әкелгені, оған біздің қандай үлесіміз бар екендігі туралы ойланудан жалықпаймыз. Өткен ғасырда түрлі инновациялармен қатар тәуелсіз мәдени феномен ретінде ұлттық кәсіби өнер қалыптасып, өмірден өз орнын тапты. Бүгінгі қазақ бейнелеу өнерін түсіну үшін өткенге көз жүгіртуіміз керек, се­бебі кеше мен бүгін әрқашан байланысты.

Әуелде қазақ бейнелеу өнері этно­­графияға, яки киіз үйге, далаға, жай­лауға, тұл­парға, халық мерекесіне қызығушылық танытқан еді. Ш.Сариев пен А.Садыханов сияқты суретшілер қазақи колорит пен пластика негізінде, жеке құбылыс арқылы тұрақты бол­мыс санаттарының тиімділігін көр­сетті. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жыл­дардың ортасындағы ресми сын­­ның көзқарастарына қарамастан, өздерінің бейнесін қазақи рух пен сезімтал көріністе сақтап қалды. Сол кезеңнің суретшілері ұлттық өнерге жақындататын осы стильдік ерекше бейнелеу құралдарын баса көрсете біл­гендіктен, біз олардың ұлт­тық бол­мыстың мүмкіндіктерін ашуға, те­рең­детуге деген ұмтылысын көреміз. Бұл құбылысты ұлттық мұра, дәс­түрлі өнер негізінде пайда болған ішкі түй­сік­тің серпілісі деп атауға болады. Кар­тина­лардан ұлттық сипат композицияның монументалдылығында, оның бірлігінде, бай­салдылығы мен жинақылығында, түстердің экспрессивтілігі мен сәнді­лігінде көр­сетіп отырғанын аңғаруға болады. Осы­лай біз қазіргі заман өкіл­деріне керек ең маңызды факторды көрсеткенін кө­реміз.

Азаттық таңы атқалы қазақ өнерінің дарабоз суретшілері Ә.Қастеев пен А.Ис­маилов шығармашылығы осы өнердің көркемдік процестеріне ық­па­лын тигізіп, содан кейін X.Нау­рыз­баев, М.Кенбаев, С.Мамбеев, Қ.Тел­жанов, Г.Исмайлова, С.Айтбаев, Т.То­ғысбаев және басқа да көптеген су­ретші қазақ кескіндемесіне рухани ба­сымдықтар әкелді. Бұл суретшілер шығармашылығынан дала кеңдігі, жа­сампаз қазақ рухының асқақтығы сезіліп отырады. Қазақ еркіндігінің лебі сол кезеңнің қиындығына қарамастан қазақ өнерін дамытудағы күштің барын сездіртеді. Сол себепті олар салып кеткен сара жолды жалғастырушылар еңбегі мен ізденістері әрқашан еркіндік аңқып тұратын болды.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ кескін­деме өнерінде айтулы тұлғалар қатары айтарлықтай толыға бастады. Солардың ішінде ұлт тәуелсіздігін руханият әлеміне көтеріп, кең жол, жаңа өріс ашушы жаңа буын кескіндемешілерді атап айтар болсақ: Ағымсалы Дүзелханов, Жұма­қын Қайрамбаев, Бақытхан Мырзах­метов, Досбол Қасымов, Қазақбай Әжі­­бекұлы, Өмірбек Жұбаниязов, Дәу­лет Айма­ғамбетов, Талғат Тілеужан, Жамхан Ай­дар, Болат Құсайынов, Жеңіс Кәкенұлы, т.б.

Дәстүрлі кескіндеме саласын­да өзіндік мәнерімен бағытын қалыптастырған суретшілер қатары сонау тарихымыздағы көшпелі дәуір салты мен дүниетанымының терең философиялық мағынасына үңіледі. Шынайы тарихи кезеңдерді, тұрмыстық жағдайды жоғары деңгейге көтереді.

Әсіресе, шығармашылығына Дос­памбет пен Ақтамбердінің, дана Бұқар жыраудың реалистік дәстүрлі өнерін негіз еткен Б.Мырзахметов әрқашан ұлт тарихымен, ел тағдырымен рухани байланысын үзген емес. Суретші шынайы өмірді, ежелден келе жатқан қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халықтық философияны сипаттап көрсетуде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.

Қылқалам шебері Б.Мырзахметов жанрлық кескіндемеде ұзақ уақыт жұмыс істеп, халқына айтулы туындыларын табыс етті. Оның тұрмыстық жанрда шешім тапқан «Көш» (1999), «Қансонарда» (2010), «Бүркітші» (2009), «Сәскеде» (2001), «Қарахан кесенесі» (2002), «Ежелгі тараз» (2002), «Аққу дәурен» (1998) атты өзіндік ізденістерге толы құнды шығар­малары қазақ жеріндегі көптеген өнертанушы мен өнер зерттеушілерін қызықтыра түсті. Суретшінің тұрмыстық жанрдағы «Көш» туындысы 1999 жылы орындалған. Композиция қазақ халқының өткен өмір-тіршілігін, болмыс-тынысын, яғни көшпенді өмірді суреттейді. Тарихтан белгілі қазақ халқы Кеңес үкіметі орнағанға дейін көшпенділік күй кешкені мәлім. Бір жерден бір жерге көшіп барып, қоныстану салты да өзінше бір мереке.

Өнер сарапшылардың сөзіне сүйен­сек, «Көш» (1999) композиция желісі триптихта шешіледі: бірінші көрінісінде көштің бас бөлігі орналасса, екінші бөлігінде орта шеруі, үшіншісінде көш­тің соңғы тобы бейнеленеді. Көшіп бара жатқан бір ауылдың артынып-тартынған түйелерінің үстіндегі күймелер көштің сәнін тіптен әрлендіре түседі. Кенептен бойжеткендер мен бозбалалардың жыр-әуендері мың түрлі түске құбы­лып, құлаққа естіліп тұрғандай әсер қалдырады. Көшпенділер тұрмыс тір­шілігінің ажырамас бөлігі, мал шаруа­шылығы, яғни төрт түлік. Автор оқиға желісінде төрт түлік малдың өзіндік рөлін барынша суреттей түседі. Әсіресе, көш шеруіндегі алдыңғы пландағы жегілген өгіз арбалар мен сәйгүліктердің екпінді жүрістері көрген жанды бірден өзіне баурайды. Жеті қазынаның бірі – ауыл иттері де көшпен бірге асыр сала еріп барады. Олардың әр­бір қимыл қозғалысын суретші өте ыждағаттықпен береді.

Болат Құсайыновтың «Аңыз» деп аталатын тарихи жанрдағы туындысы да сонау тарихи жаңғырықты, ғасырлар қойнауындағы шежірелерден сыр шертеді. Композициядағы барлық динамикалық қозғалыстар орта бөліктегі қарияның қобыз үніне тербелгендей. Кенептегі кейіпкерлер сұлбасынан бөлек мешіт формасындағы кесенелерден мұсылмандық түркілік сарынның келбеті анық байқалады. Шығарма құрылымы орталық бөлікке негізделіп, артқы фон бұлыңғырлана берілген. Сол бұлыңғырлық арқылы суретші аңыз тақырыбын тарихи және ұлттық құндылыққа толы мұра екендігіне екпін береді.

Тәуелсіздік жылдарындағы кескін­деме саласында жанрлық шекара­лардың жойылуы суретшілер шығар­машылығында көрініс тауып жатты. Б.Мырзахметов ізденістерінде «Ежелгі Тараз», «Қарахан кесенесі» атты тарихи көрініске ие тұрмыстық жанрдағы туындылары, өткен ғасырлардан қалған ескерткіш мұраларының бірі деуге болады. Суретші Тараз қаласын бейнелеуде кенептегі сәулеттік құрылыстың монументтігін барынша арттыра отырып, оның қаншама ғасырлар таразысынан өткен көне тарих шежіресі екенін дәлдікпен шешеді. Композицияда артқы планда берілген сәулеттік құрылыстың ауқымы өте үлкен. Сатылы бөлік-бөліктерден құралған ғимаратта әр кезеңнің элементтері анық байқалады.

«Көшпенділер» шығармасы 1998 жы­лы орындалған. Кенептегі оқиға желісі көшіп келе жатқан қауымның бір жерге кідіріп, дамылдаған көрінісінен бастау алады. Жерұйықты іздеген ата-бабалар көші ме, жоқ әлде аумалы төкпелі кезеңдегі тыныштықты аңсаған халық көші ме, әлде салтанат құрып, келін алып келе жатқан ел бейнесі ме? Ол жағын автор көрермен назарына қалдырады. Көштегі күймелердің формаларында шығыстық сарын басымырақ. Суретші мұндай пішінді беруінде өзіндік сыр сақтағандай. Сонау ерте замандағы сақтар мәдениеті мен қол өнерін дәріптей түскен сияқты. Бояулардың жағыс мәнерінен көші-қонның тұрақты емес екенін, көш салтанаты өз жалғастығын табатынын көреміз.

Картинаға зер сала қарасаңыз, артқы планда бұлыңғыр сағым тәрізді Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сұлбасы кө­рі­неді. Автор мұнда көрерменге үл­кен философиялық ой тастайды. Сан ға­­сырлық тарихы тереңде жатқан, түбі түрік халықтардың мекеніне айналып, кейіннен қазақ хандығының аста­­насы болған бұл қаланы суретші атажұрт тақырыбын ашудағы маңызды элементтердің бірі ретінде қарастырады. Көш керуенінің жай көш емес, ата-жұртқа қоныс аударған бабалар шеруі екенін аңғартқандай.

Кескіндемеші халқымыздың асыл мұраларын көксеу, аңсау сезімі арқылы ұлттық бастауларымызға қайта оралуға мүмкіндік беретін, келесі туындылар жиынтығын жазды. Атап айтсақ, «Айлы түн» (1997), «Отау» (1998), «Тігіншілер» (1998), «Келін» (2003), «Бата» (2005) сияқты шығармалар көрерменіне ой са­лар топтама. Бұл еңбектерінде этнографизм мен декоративизм бағытын ұстанған. Кенептегі ұлттық киімдегі кейіпкерлер мен дәстүрлі тұрмыс-салт көріністерін жиі пайдалана отырып, лирикалық, поэтикалық көңіл күйді жеткізуге ұмтылады.

Қорыта келгенімізде, біз тоқталған суретшілер біз айтпаған қылқалам шеберлерінің бір парасы ғана. Алдағы уақытта да олардың шығаршамылығын саралай түсетініміз анық. Мысалға алған картиналар тәуелсіз ойдың же­місі. Тастай қараңғыда тау басында тұтанған жалындай көзге оттай басылатын еркіндіктің бояуы. Күйкі тір­ліктің күйбеңіне кеудесін тосып, кеңпейілдігі мен кеңшілігін азық еткен әкеңдей қамқор азаттықтың реңкі. Тәуелсіз мемлекетіміздің аспанында туған айшықты кескіндемелер ұлт жә­дігері ретінде бағалы һәм қастерлі.