Еуразияның кең-байтақ кеңістігінде жаугершілік лебі есіп тұр. Батыс жақта Ресей Украинамен шекаралас аймақтарға әскери бөлімшелерін көптеп орналастырып жатыр. Осыған байланысты түрлі болжамдар желдей еседі. Ал Шығыста Қытайдың Тайваньға қатысты ұстанымы халықаралық қоғамдастықты барған сайын алаңдата түсуде. АҚШ-тың сараптамалық орталығы жасаған соғыс ойынына қатысты кең тараған зерттеу қорытындысына сүйенсек, алда-жалда Қытай аралға шабуыл жасай қалса, АҚШ-тың мүмкіншілігі аз болмақ.
Екі жағдайда да агрессордың стратегиялық ниеті анық. Бейжің басшысы Си Цзиньпин үкіметі Қытайдағы азаматтық соғыстың ақырғы қорытындысы ретінде Қытайды «қайта біріктіруге» ұмтылады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытай коммунистік партиясы елдің негізгі бөлігіне билігін жүргізді. Бірақ Чан Кайши бастаған ұлтшылдарды жоя алмады. Олар Тайваньға (және кейбір кішігірім аралдарға) қоныс аударды. Содан бері оларға коммунистік партия билігін жүргізе алмай келеді.
Кейде билік өкілдері Қытайды «қайта біріктіру» туралы ресми мәлімдеме жасағанда, оған бейбіт жолмен қол жеткізу туралы айтып қалатын. Алайда басқа жағдайда Қытай басшылары бұған қатысты ләм-мим деген емес. Оның үстіне, Қытай әскерін кеңейте және жарақтандыра отырып, алда-жалда Тайвань тәуелсіздігін жариялауға әрекеттенсе, оны бағындыруға шамасы келетіндей мүмкіншілігін жасауға ерекше назар аударады.
Көптеген мемлекет, соның ішінде АҚШ та бар, ұзақ уақыт бойы Тайваньды тәуелсіз мемлекет ретінде ресми танудан бас тартып, «бір Қытай» саясатын ұстанып келді. Бірақ аралмен ресми дипломатиялық байланыс орнатпағанына қарамастан, бірқатар ел сауда және технология секілді басқа бағыттар арқылы қарым-қатынастарын дамытты. Тайвань – заманауи микрочиптер өндіруде әлемдік көшбасшы. Сондай-ақ елде демократияның жарқын жетістігіне қол жеткізілді. Тайваньдағы қытай қоғамы демократиялық жолға түсе алса, сол саяси көзқарас күндердің бір күні Қытайдың қалған бөлігіне де таралуы мүмкін.
Еуразияның екінші шетінде орналасқан Украинаның жағдайы Тайваньнан мүлдем бөлек. Өйткені Ресей оның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады. Ресей президенті Владимир Путиннің 2014 жылы Қырымды оккупациялауы және аннексиялауы заңсыз деп танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының басым көпшілігі бұл оқиғаны айыптады (небәрі 11 ел қарарға қарсы дауыс берді).
Соған қарамастан, өткен жазда В.Путин Ресей, Украина және Беларусь тарихта біртұтас болғанын алға тартып, көлемді мақала жариялады. Оның айтуынша, Украинаның немесе Беларусьтің өз егемендігіне Ресейдің бақылауымен, Кремльдің жоғарғы билігі арқылы ғана қол жеткізуге болады-мыс. В.Путин ревизионизмінің ауқымдылығы соншалық, ол тіпті Украинаның тәуелсіздігін кеңестік конституция бойынша сынға алды. (Бұл ештеңені білдірмесе де).
В.Путиннің стратегиялық ниеті түсінікті. Ол Украинаның тәуелсіз болуын барған сайын жан төзгісіз деп есептейді. Тайваньға қатысты жобалары бар Қытай секілді, Ресейдің де кез келген сыртқы күш оккупацияға қарсы шықпастан бұрын басып кіріп, жаулап алуға дайын екені байқалады. Қырымды басып алғанымен қоймай, Кремль билігі 2014 жылдың тамызында және 2015 жылдың ақпанында Донбасстың шығыс бөлігіне жібергендей Украинаға тұрақты әскери күштерін орналастырғысы келетін сыңайлы.
Қытайдың Тайваньды әскермен басып алуы Шығыс Азияның қауіпсіздік тәртібін түбегейлі өзгертетініне ешкім күмәнданбайды. Сол сияқты Ресейдің Украинаны басып алуы Еуропаның да қауіпсіздік тәртібін өзгертеді. Бірақ мына нәрсені әлі ешкім ескерген жоқ. Екі оқиға бір сәтте өзара келісім арқылы жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ондаған жыл бойы жаһандық бейбітшілікті қамтамасыз етіп келе жатқан дипломатиялық және қауіпсіздік шараларына үлкен соққы жасалады. Сөйтіп жаһандық күштер балансы түбегейлі өзгереді.
Мұндай жағдайдың қалай болатынын уақыт көрсетеді. Қытай басқа елдердің ішкі істеріне араласпауды жақтайтынын мәлімдегенімен, Украинаның егемендігі мәселесіне келгенде үнсіз. Егер көздеген мақсаты болса, Ресейдің аталған елге шабуыл жасауын қолдамайтыны күмәнді.
Рас, Қытайдың Тайваньға, ал Ресейдің Украинаға басып кіруі үлкен қателік болар еді. Екі елдің экономикалық дамуы кері кетіп, міндетті түрде салынатын ауқымды санкциялар салдарынан зардап шегеді. Әскери қақтығыстың ауқымы да ұлғаю қаупі бар. Жапония мен Үндістан секілді елдер Қытайға қарсы тұру үшін өздерінің әскерін жарақтауға кіріседі. Еуропалықтар қазірдің өзінде қорғанысты күшейтуге қатысты барынша батыл қадам жасап отыр.
Оқиғалардың қалай өрбитініне қарамастан, оның ақыры бәріне жайсыз болатыны анық. Соғыс барабанының дыбысы анық естіледі. Дипломатияның міндеті – оның шынайы шуға айналмауын қамтамасыз ету.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі