– Кешім, әлі отырсың ғой?
– Бір ой келіп... сәлден соң...
Бір сәттің ғана, бір мезеттің ғана өлшеміне тән «сәлден соң» салқын айтыла салды да, сол сәт, сол мезет созыла берді. Минөттер... сағаттар... Бөлме егесі – түнгі тыныштық. Тек анда-санда көше жақтан ары-бері өтіп жатқан автомәшіндердің гүрілі естіліп қалады.
Бірақ ой құшағындағы жігіт оны елеп отырған жоқ. Жазу үстелін қос шынтақтап, білезіктігі түйістірілген екі алақанымен екі жағын тіреп, қиықша қоңыр көзін терезе алдына қойылған көкшіл құмырадағы қалампыр гүлдеріне қадапты. Ортаңғы бөлмеде, биік шкафтың ойығында тұратын құмыра кешеден бері осы шағын бөлмеде; апта сайын жаңартылатын қызғылт үш раушан гүлі орнында – қоңырқай қалампырдың бес талы. Бұл өзгеріс – Гүлзияның әрекеті. Күйеуі Кешірімнің өңі әншейіндегісінен гөрі қуқылданып, өзі әдеттегісінен гөрі тұнжыраңқы болып, оңашалануды қалай бастағанын байқасымен осы бір жаңалықты жасаған. «Қызғылт түс жүйкені қыздырмалайды, жасыл түс жүйкені тыншытады» дегенді оқығаны бар еді. Келімді-кетімді кісі қарасы үзілмейтін ортаңғы бөлмеде раушан тұрсын, бас қосқан таныс-бейтаныстардың тезірек табысып, шүйіркелесулеріне себепші болар деп білген және ол ойы ақталған да. Енді Кешімінің (Кешірімді осылай атайды) мінезіндегі оқыс құбылыс алаңдатып, іздеген жасыл гүлі табыла қоймаған соң қалампырды алып келген. Қазақтың «қоңыр» деген сөзді ерекше жақсы көретіні есінде, Кешімінің көңілі қоңырқай мақпал рәуішті қалампырды хош көреріне шүбәланбаған.
Кешірімнің көзі қарсы алдындағы гүлге түссе де, көңілі анау гүлсіз даланы шарлап кете береді. Гүлсіз даланы... Кең болса да тарылып, қара топырақты болса да сарғайып жатқан даланы... Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған кең-байтақ әлем өзінің кеңдігі үшін тауқымет тартып жатыр... Кешірім өзі туып-өскен өлкенің бұл күйін көргеніне өкінулі, қапалы. «Бекер көрдім-ау!» деген пендешілік өкініш пен қапа емес, «Қайран даланың ертеңі бүгінгісінен де сұрқай боларына бөгет жасай алмаймын-ау...» деген сынық сезімнің өкініші мен қапасы. Бөгет жасағысы келеді. Сонда қалайша? Не істеуі керек? «Керектің» басы ашық, ал не істей алады? Облыстың партия ұйымын басқару, тіпті облыстың бүкіл тыныс-тіршілігін қадағалап отыру қолынан келеді, бірақ көзге көрінбес өрт күйдірген өңірдің өксігін жеңілдетер шара бар ма?.. Нендей қимыл керек? Кешеден бергі көргенім – тозақ дейтіннің дәл өзі шығар... Бірақ тозақ отына күнәлілер күйеді екен, ал біздің ешқандай күнәсі, кінәсі жоқ кәрі-жасымыз неге, не үшін күйді, қашанғы күйе береді?!. Ертеңгі ұрпағымыздың неше буыны күйетінін кім біледі?.. Абай туған топырақ күлге айналмақ па?.. Жердің асты-үстіндегі дамылсыз дүмпуден Дегелең тауының тасы түртіп қалсаң сау етердей үгітіліп тұр. Тостағанкөл жап-жасыл уға толы. Өсімдік атаулының нәрі өліп, өзегі өңезе болған...». Кешірім орнынан ұшып тұрды. Оң жақ самайына ошарыла сусыған қайратты қара шашын артқа сілкіп тастап, бөлмеде ары-бері жүріп кетті. Жүрегі үсті-үстіне дүрсілдеп, дереу сөйлеп ала жөнелгендей: «Бұл неткен қаныпезерлік?!. Курчатовтың әкесін Абай әулеті өлтірген жоқ еді ғой, ол Қарауыл өңірін неге таңдады?
Бомбаны жасаған атақтылар бас қосып, сынау жұмысын жүргізер полигонды Ресейдің құладүз иен даласының қайсысына орналастырған дұрыс болады дескенде топ басшысы Курчатов: – Біз оны иен далада сынау үшін жасаған жоқ шығармыз?! Жан-жануарға әсері қандай болатынын нақты білу үшін жасайтынымыз рас болса, елді мекеннің қолайлы біреуінің маңайын таңдап алып, сол жақта сынау керек. Қазақстанда сынау қажет, онда бірнеше полигон сияр жер көп! – депті. Менің естігенім осы... ал көргенім әнеки: бірінші сынау алдында радиацияның өтіне алдап әдейі қалдырылған қырық жігіттің жартысы ғана қалыпты, мүгедектікке ұшырап, жарық дүниеден безініп, күнін санап жүр; есігі екінің біріне ашыла бермейтін ауруханада сартап боп жатқан жастар мен жасамыстар, құнысып туған сәби аз емес... Бомба жарылған маңайда шөп сарғыштана қаулап өсіп, малдар да, иттер де өңкиіп, тістері сорайып, беймәлім дерлік құбыжыққа айналған...
...Кешірім Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы (1977-1985 жылдары), облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы (1985-1987 жылдары) болып, абыройы асып, еңбегі жанып жүргенінде республика партия ұйымының басшылығы: «Кешірім Бозтаев жолдас, сізді Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұйғарып отырмыз, не айтасыз?» десіп әдеткі жорта сыпайыгершілікті аңғартқанда, «не айтасыздың» арғы жағында қашанда «ләппәй деңіз!» тұратынын жақсы білетін Кешірім: «Сенім көрсеткендеріңізге рахмет!» деген де, қорғасын-мырыш комбинатында еңбек етуден басталған 31 жылы өткен Өскеменмен қоштасып, Семейге аттанған.
...Кешірім 1989 жыл туа Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Т.Тоқтаровқа полигон зардаптары туралы мәлімет-түсінік дайындауды тапсырды. Оның арада апта өте әзірлеп әкелген құжаты – ең сұрапыл дабыл болып шықты: түрлі ауруға шалдыққандардың саны жылдан жылға артып барады. Жүкті әйелдер, жасөспірімдер де анемияға (қан азаю дертіне) ұшырауда. Ақыл-есі кінәраттар көбеюде. 1954 жылдан бері онкология ауруы облыста екі есе, Семей қаласында екі жарым есе өскен болса, ол тажалдан: Аягөз, Шар, Бородулиха, Новошульба ауыл-селоларында жиыны әрбір жүз мың адамнан жыл сайын 270-300 адам, Қарауыл, Сарыжал, Қайнар, Баршатас, Долон, Мост, Черемушки елді мекендерінде 270-450 адам қайтыс болады екен. Радиология зардабын зерттеуші орындар сынау орталығынан 160-250 шақырым ауыл-селоларда тұратын кісілердің онкология сырқаттарына атомдық сынаудан 3-4 жылдан соң шалдыға бастағанын, сұрқия дерттің жыл сайын көбейіп, асқынып бара жатқанын дәлелдеді. Семей қаласы тұрғындарының түрлі ауруға қарсы табиғи қарсылық дәрмені, иммунитеті төмендеген. Абай, Абыралы, Бесқарағай Жаңасемей аудандарында халықтың 30-40 пайызы қазірдің өзінде сондай күйде болса, ересектерге қоса балалардың 30-35 пайызы зардап шегуде. Онкологиялық ауруға ұшырағандарды дәрігерлік зерттеуден өткізу, емдеу мақсатымен КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 1954-жылы Өскемен және Семей қалаларында арнаулы емхана ашқан да, Өскемендегіні бір жарым жылдан кейін жауып тастаған. Семейдегі емхана ықшамдалып, «Бруцеллёзге қарсы диспансер» делінген. Ол ол ма, сол министрлік Семей қаласында онкология сырқаттарын зерттеуді 1966 жылдан бастап тоқтатқан. Сұмдық қой?! Нағыз сұмдық!..
Кешірімнің ендігі мақсаты Семей атом полигонының жұмысымен танысу болды. Полигон туралы ақиқат пен аңыздарды сырттай естіген. Ол зұлматтың зардабын атап-атап айтқан жаңа да, қайталау да хаттар келе бастады. Қайталап жазғандар полигонға қарсылық 1957 жылдан басталғанын, бірақ көпшіліктің Алматыға, Мәскеуге жолдаған талаптары ескерусіз қалғанын дәлелдеп жазған. Республика басшылары Кремльге жалтақтаған, Кремль ештеңе «естімеген».
Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен адам көрнекті ғалым Бахия Атшабаров екен. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар, әдетінше, сонау жарылқаушыларының қас-қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырған.
...Ішкі байланыс телефоны шылдырлады. Кешірім үстеліне оралып, тұтқасын көтерді. Өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі Малинин екен. Екі-үш минөтке кіріп шығуға рұқсат сұрады. Кешірім: «Келіңіз, бес минөттен соң келіңіз» деді. Түрегеліп, екі қолын айқастыра екі иығын ұстай ырғалып-ырғалып, сәл де болса ойын жеңілдетіп, денесін сергітіп, орнына отырды да, төте телефонына қол созды:
– Аркадий Данилович, сәлеметсіз бе? Бозтаевпын.
– О, Кешірім Бозтаевич! Өзіңіз де есен-саусыз ба? Сіздің телефон шалуыңыз – мен үшін қуаныш!
– Көңіл-күйіңіз жақсы ғой?
– Жақсы, Кешірім Бозтаевич.
– Ендеше, жақсы екенін пайдаланып, сізге бір өтініш жасайын.
– Айтыңыз, қолымнан келсе орындаймын, аянбаймын!
– Облыстың жаңа басшысы болған соң... «жаңа» деймін-ау, бір жыл болып та қалды, уақыт шіркінде тоқтау жоқ. Аркадий Данилович, полигон жұмыстарымен танысу менің міндеттерімнің бірі екенін сіз жақсы білесіз, солай ғой?
– Әрине!
– Олай болса, сіздердің ұжымдарыңыз, сынау орындарыңыз, зерттеу мекемелеріңіз, алдағы жоспарларыңыз дегендей, бәрімен толық танысуым керек. Осы аптада үлгерсеңіздер жөн болар еді, бүгін дүйсенбі ғой, мен алдағы дүйсенбіде Мәскеуге аттанбақпын.
– «Мәскеуге» дейсіз бе? Онда, Кешірім Бозтаевич, бұл мәселелерді сонда шешкеніңіз жөн болар еді.
– Аркадий Данилович, сіздің басыңыздан секіріп кеткім келмейді, өзіңіз реттеңіз.
– Мәскеудің рұқсатынсыз...
– Жолдас генерал, рұқсат алу – сіздің міндетіңіз. Сау болыңыз! – Телефон тұтқасын орнына қоя салды: – Бұлталақтауын!..
Бұлталақтағаны полигон бастығы А.Д.Ильенко еді.
Кешірім «алдағы аптада Мәскеуге аттанбақпынды» Ильенкоға қарсы көзір еткен, бұлталақтауына әлден жол бергісі келмеген. Генералды бір-ақ рет, өзі бірінші хатшылыққа тағайындалған жолғы ресми жиында көрген. Ол жылы жымия келіп, аты-жөнін айтып танысып, қолын қатты қысып құттықтаған. «Кейде қиялап, кейде кеуделеп сөйлейтін қу сияқты», деп ойлаған Кешірім сонда...
Ильенко үшінші күні телефон шалып, КСРО Қорғаныс министрлігі рұқсат бергенін, өздерінің қарсы алуға әзір екендерін, жол бастап келуге орынбасарын жіберетінін айтты...
Гүлзияның анық аңғарғанындай, күйеуінің өңі әншейіндегісінен қуқыл тартып, жүріс-тұрысы әдеттегісінен ауырлап, оңашаланып ойға батуы жиілеп кеткені - Кешірімнің полигонның асты-үстін түгел аралап келген күні болған өзгеріс-ті.
Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы заңды құқын толық пайдаланды, атомнан сутегі бомбасына дейінгі жойқын қарулардың ауада және жер астында сыналған түр-түрінің қалдырған іздерін автомәшінмен, ұшақпен жүріп, бәрін де көріп шықты. «Семипалатинск-21», яғни Курчатов қаласының тұрғындары болса, түгел дерлік Ресейдің азаматтары, ешқайсысы Қазақстанды керек етіп жүрген жоқ тәрізді, бейбастақ мейманша бедірейіп сөйлейді... Ширыққан, шамырқанған Кешірімнің бұл сапары «Өте құпия. Бірінші сутегі бомбасын сынау. 1955-жыл» деген деректі фильмді көрумен аяқталды. Полигонның не екенін өзгеден есту өзің көргеннің жанында жай бір елес екен...
Әне, ұшақ көтерілді. Сутегі бомбасын алып ұшыпты. Бір сәтте шіркеудің қоңыраулары қаңғырлап ала жөнелгендей болды. Бомбаны тастауға соғылған дабыл. 1500 метр биіктікте ересен зор алау лап етіп, бүкіл аспанды өрт шалғандай болды. Экран да бұлыңғырланып кетіп, бір минөт шамасында қайта тазарғанда өте зор отдіңгектей құбыжық көрінді де, іле-шала қан мен құмнан жасалған қызыл күрең түсті дәу саңырауқұлаққа ұқсады. Оның түп жағынан құдды алапат дауыл ұрған теңіз толқынындай болып тараған шаңды құйын жолындағының бәрін жайпай жөнелді...
«Фильм – совет ғылымы мен техникасының жетістігіне куә тарихи құжат», деп беташар сөзін күпіне, нығыздана бастап жөнелген диктор бәрін тәптіштеп баяндауда. Желпініске толы дауысы дарақы ырғағынан жаңылар емес. «Сендерге – мақтаныш, ал бізге – қайғы-қасірет!» деді Кешірім іштей қыстығып. Кеше таңды алай-дүлей көңілмен атырып, күндіз, сынау сұмдықтарын көре түскен сайын ызаға булығып, бірақ сыр бермей жүріп еді, ал мынау фильм санасын торлады. Пенделік қорқынышы алапатты тоқтатар күш табылмағанына өкінген іштей күйінішіне қосылып, жүрегін сығымдап-сығымдап қояды.
Фильм аяқталды. Қатар отырған Ильенко Кешірімді қолтығынан демей түрегеліп, зымияндана жымиып:
– Кешірім Бозтаевич, сізге фильм ұнады ма? – деді.
– Рахмет, жолдас генерал, сау болыңыз! – Кешірім әлдебір шаруасына асыққан кісіше аяғын жебей баса есікке беттеді...
«Сынақ алаңдарын аралаған кезде атом-ядролық жарылыстардың туған жеріміздің көркін көмескілеп, айғыздап тастағанын көрдім. Айқыш-ұйқыш жарылып, тып-типыл болған жерімізде тіршілік белгісі жоқ сияқты. Құлазыған қайран дала біздің опасыздығымызға, адамдарымызды осынау алапат қауіп-қатерден сақтап қала алмағанымызға көкірегі қарыс айрыла аһ ұрып жатқан тәрізді... Жаңағы фильм – менің байтақ жеріме күні кеше шегіртке тажалша құжынап кірген қарашекпенділердің бүгінгі ұрпағы жүргізіп отырған «өлмесең - өме қап!» саясатының бір көрінісі. Ресейде жер жоқ болды ма?!.». Ашына түскен Кешірімнің бір ойы осы еді.
Атом бомбасын алғаш сынау 1949 жылғы тамыздың 29-ы күні сағат 7-де жүзеге асқан. «Саңырауқұлағының» биіктігі 7000 метр болыпты. Жерді таңдап алған, сынау жұмыстарына басшылық жасаған – атомшы әйгілі ғалым И.Курчатов. Одақ өнеркәсібінің атом саласын, сынау жұмыстарын бақылаушы – Л.Берия. Сынау сәтті өткен соң Берия негізгі зарядқа ат қою қажеттігін айтыпты. Курчатов атты бұл зарядты жасаған К.Щелкиннің қойғаны жөн болар депті. Ол: зарядтың аты «РДС-1», яғни «Россия делает сама» болсын депті. Кейінде ядролық, сутегі зарядтары РДС–2; РДС–3; РДС–4... деп аталған.
Бірінші жарылысты дайындағандар мен жасағандар жаңа шен алып, шекпен киіп, орден тағынып жарылқанды. Атомның «көкелері» Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.
Демек, Ертіс алқабының, Семей өңірінің қасіреті «РДС–1» зарядының іске қосылуынан басталды. Алғашқы атом бомбасын сынағандардың бірі – академик В. И. Жучихин естелігінде: «Сынаудың ертеңінде, арнаулы киім киіп, төңіректі шолғанымызда, біз теректерде отырған бүркіттерді көрдік. Жақын бардық. Қанаттары күйіп, көздері ағарып кетіпті. Өліп, қатып қалғандай, тырп етпеді... Бір жерде күйіп қалған торай жатты, жинап алушылар оны көрмей қалған ғой... Қысқасы: біз өне бойымызды тітіреткен көріністерге тап болдық. Адам ойлап шығарған зор жаңалықтың тіршілікке зор зардабы тиді...» депті.
В.Жучихиннің кейінде Кешірімге жазған хаты:
«Құрметті Кешірім Бозтаевич!
Сәлеметсіз бе? Сіздің «Семей полигоны» кітабыңызды алысымен бетін ықыластана ашып, ден қоя оқи бастадым да, аяқтағанша көз алмай, бір демде бітірдім. Кейбір тұстарын бірнеше рет қайтадан оқыдым.
Сіз жазған жәйттер маған жақсы мәлім. Ол жәйттерге куә емес кісілердің айтуымен жазсаңыз да, өте әсерлі. Ал мен куә ғана болған жоқпын, бірінші күннен бастап бәрін де басымнан кешірдім ғой.
Шынымды айта отырайын: кітабыңызды оқып шыққаннан кейін менде іштей бір қызық қызғанышты қызығушылық пайда болды. Біріншіден, кітапты дарынды қаламгер жазған. Екіншіден, ядролық қару-жарақтарды сынаудың тарихын, бомбаларды жер астында бейбіт ниетпен сынаудың халық шаруашылығына экономикалық зор зиян келтіргенін жазғаныма үш жыл, бірақ соны түсінбейтіндер көп болып, кітабымды шығара алмай жүрмін...».
Снежинск қаласы. 16.08.1992 ж.
Е, оларда да кертартпалар мен немкеттілер бар екен ғой!..
Қазақ даласының адамын да, ақ иық қыранын да қор қылған дүлей күш – жылына ондап сыналып жатқан бомбалар. Радиоактивті тозаң жерге тонналап жауып, сіңіп жатыр. КСРО Қорғаныс министрлігінің, оның Әскери-өнеркәсіптік кешенінің шенеуніктері: «Сынау тұрғындарға, жерге зияны тимейтін ғылыми-сақтық шараларын қолдану бойынша жүргізілуде» деп сарнаудан жалықпайды. 1989 жылғы ақпанның 12-сі күнгі жарылыстан соң ауаға жайылған радиоактивті газ исі тіпті эпицентрден 120 шақырым Шаған поселкесін де тұмшалаған. Поселкеде әскери бөлім бар екен, бөлімнің қызметкерлері, поселкенің тұрғындары көтеріліп, қатты наразылық жасаған.
Халықтың қияметке ұшыраған денсаулығы, жердің улы топыраққа айналуы, құпия фильмдегі қаныпезерлік, полигоншылардың бетпақтана қасарысуы Кешірімнің жүйкесін жұқартты. Ол ақпанның 19-ында түні бойы ой сапырып, көзі бір әредік те ілінбеді. Таңертең қызметке келе обкомның бюро мүшелерін шақырып алды да:
– Жолдастар, полигон семейліктерге қан құстыруын үдетті. Бұл озбырлыққа енді шыдауға болмайды! Міне, мынадай жеделхат жобасы бар, оқып берейін, пікірлеріңізді айтыңыздар. Мұны Үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Владимир Пигаваев жолдасқа тапсырамын, ол журналшы ғой, тіл сүзгісінен өткізсін, содан Кремльге, Михаил Сергеевич Горбачев жолдасқа өз атымнан ресми жеделхат етіп жіберемін, – деді.
– Оныңыз қалай, ұжым болып қол қояйық!
– Иә, ұжым болып қимылдайық!
– Сізге, әрине, алғыс айтпайды, ал жазалаулары мүмкін, сонда біз шет қалуымыз керек пе? Кешірім Бозтаевич, бәріміз қол қоямыз!
Кешірім орнынан оң қолын сәл көтере тұрып, жымиып:
– Жолдастар, қолдағандарыңызға рахмет! Алайда, егер кінәлайтын болса, бәрімізді емес, біреуімізді ғана кінәлағандары жеңіл тиер. Не болса да, өзім ғана көріп аламын! – деді.
Владимир Пигаваев қисынды етіп жаңалап жазып, Кешірім мұқият оқып толықтырған, бюро мүшелері мақұлдаған хат келесі күні Жалпы бөлімнің құпия секторындағы шифрлаушы Владимир Игнатьевтің қолынан өткізілді де, бөлім меңгерушісі Анатолий Чернышев Кремльге жөнелтті. Мына хат:
«Өте құпия. 1-данасы.
Мәскеу, Кремль
КОКП ОК Бас хатшысы
М.С.ГОРБАЧЕВ жолдасқа
Қазақстан Компартиясының Семей облыстық комитеті КОКП Орталық Комитетіне мынаны мәлімдейді: 340 мың халқы бар Семей қаласы аймағында 1949 жылдан бері ядролық сынаулар жүргізіліп келеді. Әуелі әуеде, ал 1963 жылдан бастап – жер астында... Арада өткен 40 жылда жағдай өзгерді: халықтың саны үш есе өсті, мал көбейді, бірақ бұл ескерілер емес. Полигонның маңы елді мекен екені ойлантпаған. Жылына 14-18 жарылыс жасалады. Бұл ғимараттар мен инженерлік тораптарға кері әсер етуде, өйткені жердің сейсмикалық жағдайына назар аударылмаған. Поселкелер мен ауылдарды сумен қамтамасыз етуге арнап салынған құдықтар істен шығып жатыр. 25 жыл бойғы жерасты жарылыс салдарынан жер қыртысы бұзылды. Әрбір үшінші сынауда радиоактивті газдың ауаға шығып, айналаға тарайтыны анықталды. 1987 жылы Семейді басып өткен газ легі сағатына 350-450 микрорентген болған. Биылғы 12 ақпанда полигоннан тысқары жерлерде радиоактивтілік сағатына 4000 микрорентгентке жетіп, желдің бағыты бұрынғысынан кенет өзгеруі салдарынан Семей-21, Шаған, басқа да елді мекендерге тарады...
Ядролық сынаулар жұртшылықтың ой-пікірін шиеленістіріп, мінез-құлқына әрқилы кері әсер етуде, олардың денсаулығында пайда болған ақау полигонның зардабы екені анық.
Облыстық партия комитеті халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық партия комитеті бұл жағдайға алаңдап, КОКП Орталық Комитетінен тиісті министрліктер мен мекемелерге жарылыстарды уақытша тоқтату, одан арыда ядролық сынауларды қолайлы жаққа көшіру жөнінде тапсырма беруді өтінеді.
К. БОЗТАЕВ,
Қазақстан Компартиясы
Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы.
02. 1989 ж.Хатты жазар күн алдындағы мазасыз түнде Кешірім астаң-кестең ойын жинақтап, былайша түйін жасаған-ды: «Мәскеуге, Компартияның бас штабына қарсылық хат жазуым керек. Тәуекел! Ата-бабамыздың аруағы қолдасын! Ар-ұятымды саудаға салған емеспін, салмаймын да! Бұл әрекетімнің тым қауіпті болатынын, небір қатерлі өткелектерден өткізілетінімді білемін. Мейлі. Ақиқат менің жағымда, жеңіле қоймаспын. Ал жеңілген жағдайда... еңбек жолымды бастаған Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына қайтып барсам, қатардағы металлург жұмысына алатын шығар... Иә, мейлі! Тәуекел! Халқым үшін, жерім үшін жанпида!..».
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ