Биыл шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі 4,3 трлн теңгеге жеткен. Соның арқасында біраз бизнестің шаруасы оңалған. Осы деректі тілге тиек еткен Олег Смоляков банктердің экономиканы несиелеу қарқыны өсіп келеді дейді.
Берешектерді қайта құрылымдады
Жылдың бірінші жартысында экономиканың зардап шеккен секторларын 6 пайызға дейін субсидиялау бойынша 4 мың ШОБ субъектісіне 21,2 млрд теңге көмек көрсетілген. Тағы 114 кәсіпорын жалпы сомасы 4 млрд теңге болатын мерзімі өткен берешектерін қайта құрылымдапты.
«Бұл шаралар көптеген ШОБ субъектісіне борыштық жүктемені қолайлы деңгейге дейін төмендетуге, артылған қаражатты қазіргі жұмысқа жұмсауға, сол арқылы қалыпты қызметке оралуға мүмкіндік берді», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары О.Смоляков.
Сондай-ақ биылға 592 кәсіпорын несие төлемін кейінге қалдыру өтінішін беріп, 9,3 млрд теңгеге 547 субъектінің арызы мақұлданған. Микроқаржы ұйымдары 95 кәсіпорынға тап осындай жеңілдік жасаған. Сөйтіп, 102,1 млн теңгені төлеу кейінге қалдырылған. Мұны бір деп қойыңыз.
Заңды тұлға ретінде несие ресімдеу қиын
Ұлттық банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаевтың айтуынша, бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс әрқилы.
«III тоқсанда несие алуға түскен сұраныс былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға өсіп, 221 мың өтінішке жетті. Өтініштердің орташа мөлшері 21 млн теңгеге таяу. Көптеген банкте орта бизнестің несиеге сұранысы өткен тоқсанның деңгейінде сақталған. Ірі бизнеске келер болсақ, олардың пандемиядан кейін баяу қалпына келуіне байланысты несие сұранысы айтарлықтай төмендеді. Бұл ретте несиелердің мақұлдану коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда бизнестің барлық сегменті бойынша төмендеді. Дегенмен ШОБ үшін несиелеу тәртібі аздап жұмсарды. Ірі банктер бизнестің жекелеген салалары бойынша тәуекел деңгейін қайта қарастырды», дейді Ұлттық банк өкілі.
Департамент басшысының сөзінен банктердің бизнесті несиелеуге келгенде әлі де қырсыз екенін аңғару қиын емес. Тіпті кәсіпкерлердің заңды тұлға емес, жеке тұлға ретінде несие рәсімдеп, кәсіптеріне ақша құю мысалдары да кездесіп қалады. Өйткені банктен кәсіпкер ретінде ақша сұрау – бітпейтін қағаз жинау, таусылмайтын құжат толтыру. Әрі кепіл мүлкің болмаса ақша алмайсың деген қағидасы тағы бар. Қысқасы, мемлекет кәсіпкерге өзі ақша ұсынады, сосын өзі тобықтан қағады.
Долларлану орнына рубльдену мәселесі туындады
Біз мұны құр айғай, құрғақ мысалдан шығарып отырған жоқпыз. Экономикаға жеткілікті деңгейде несие бере алмай отырғанын банк басшыларының өзі мойындайды. Бірақ бар кінә оларда да емес. Halyk Bank АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банк секторында үлкен өтімділіктің болуына қарамастан, Ұлттық банк бекіткен базалық ставка әлемдік немесе көршілес елдердің нарығындағыдай икемді немесе нақтылы әрекет етпейді деп санайды.
«Бұл жағдай экономиканы несиелеу ісіне әсер етпей қоймайды. Қазір біздің өтімділігіміз 4 трлн теңге төңірегінде. Экономикаға несие берудегі банктер үлесі 2009 жылғы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 67 пайыз қатынасынан 2021 жылы 21 пайызға дейін құлдырап кетті. Несиелер негізінен тұтынушылық мақсатта және ипотека ретінде берілуде. Банктердің экономиканы несиелеудегі ІЖӨ-ге қатысты үлесі 10 пайызға дейін құлады. Ресейде керісінше, экономиканы несиелеудегі ІЖӨ-ге қатысты үлесі 60 пайыз болып тұр» деді ол.
Банкир өздерін экономикаға несие бермейді деп айыптайтынын, бірақ оған әсер ететін елеулі себептер бар екенін жеткізді.
– Бірнеше фактордың бірі – Ресейге қатысты ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі. Ресейлік тауар импорты көбейді және біз өндірген тауарлар бәсекеге сай болмай жатыр. Бұл жағдай Ресейде соңғы екі жылда базалық ставка 4,25 болып тұрған кезде орын алды. Бізге қарағанда Ресейден рубль арқылы несие алу арзанырақ. Егер бұрын долларландыру мәселесі өзекті болса, бүгінде рубльдену мәселесі туындап отыр. Соңғы екі жылда биржада рубльмен жасалған сауда көлемі үш есе – 10 млрд-тан 27 млрд рубльге дейін өсті. Бұл ретте қазақстандық қарыз алушыларды ресейлік банктер тарапынан рубльмен қаржыландыру да өсіп жатыр, – деді Ү.Шаяхметова.
Halyk Bank басшысы осы орайда агросекторға ресурс жіберуге ниетті екендерін, бірақ ауыл шаруашылығын дамыту саясаты әлі күнге түсініксіз болғандықтан тәуекел етпейтіндерін айтты.
– Жеке тұлғалар портфелі енді тек өсе түседі. Тұтынушылық несиелеу көбіне сыртқы тауарларды сатып алуға бағытталған, яғни қарыз алушылардың қаражаты сыртқы экономиканы қаржыландыруға жұмсалады. Алайда бөлшек несиені шектеп тастау – тығырықтан шығудың жолы емес. Қарыздық жүктеме коэффициентіне баса мән бере отырып ақылға салынған салиқалы шешім табу керек, – деді Halyk Bank басшысы.
«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, елімізде ШОБ-қа несие беру үшін заңды тұрғыда жақсы жағдай жасалған. Кепіл саясаты да қолайлы деңгейде. Алайда қарыз алушыға бағалау жүргізу ШОБ-ты несиелеудің негізгі проблемасы болып тұр дейді ол.
– Микро және шағын бизнесті несиелеу бөлшек несиелеуге қатты ұқсас. Бұл тұрғыда банктердің ақпаратқа қолжетімділігі шектелген. Тек ішкі деректерге сүйеніп несие беруде автоматты шешім қабылдау қиын. Бөлшек несие бойынша бізге клиенттің зейнетақы жарнасын көруге мүмкіндік берілген. Банктер осы және басқа да тәуекелдерді бағалап үйренді. Ал микро және шағын бизнес сегментінде мұндайды істеуге мүмкіндік бермейтін барьер көп. Мысалы, олардың салық есебін, табысын көре алмаймыз. Тек біздің банктегі айналымы ғана көрінеді, – дейді банк төрағасы.
Шетелдіктердің көптігі – несиелеудің төмендігі
Басқа-басқа, осы сектордың ыстығын да, суығын да көрген мамандардың пікірін естіген соң, иланбасқа шараң қалмайды. Мәселен, Moody’s халықаралық агенттігінің аға талдаушысы Семен Исаков пайыздық мөлшерлемелердің тым жоғары болуы – қазақстандық банк саласының басты проблемасы деп санайды.
«Жоғары пайыздық ставкалар, әсіресе корпоративті қарыз алушылар үшін банк несиелерін тартымсыз етіп отыр. Мемлекеттік даму институттары арқылы субсидияланатын несиелеудің жоғары көлемі де теориялық тұрғыдан коммерциялық банктерге түсуі мүмкін бизнестің бір бөлігін басқа жаққа бұрады. Бұл жағдайды түзету үшін теңгедегі ұзақ мерзімді жинақтарға деген сенімді арттырумен қатар инфляция деңгейін төмендету қажет. Бұл жаңа клиенттерді тартуға, қазіргі клиенттердің үлкен көлемдегі несие қарызына қызмет көрсетуге көмектеседі», дейді С.Исаков.
«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы АКРА кеңсесінің басшысы Асқар Елемесовтің айтуынша, қазір банк секторының проблемасы шаш етектен.
– Соңғы жылдары экономиканың нақты секторын несиелеудің тоқырауына байланысты Қазақстан банктерінің атына көп сын айтылуда. Расымен, егер көршілес елдердің несиелеу көрсеткішімен салыстырар болсақ Қазақстанның жетістігі жоғары емес. Жалпы, алдағы жылдары еліміздегі банктік несиелеудің өсу әлеуеті төмен. Бұған, бірінші кезекте экономиканың шикізаттық бағыт ұстануы және өндіру салаларында шетелдік ірі ойыншылардың көптігі себеп. Тікелей шетелдік компанияның бақылауындағы кәсіпорын халықаралық нарық арқылы қаржыландырылады. Олар жергілікті банктерге өте сирек жүгінеді. Міне, нарығына шетелдіктерді көп кіргізіп алған Қазақстан, Әзербайжан сияқты елдерде банктік несиелеу деңгейі өте төмен болады, – дейді қаржыгер.
Шағын және орта кәсіпкерлік оңала қойған жоқ
2019 жылғы дерек бойынша жеке секторға берілген банк несиесінің үлесі ІЖӨ-нің 21,20 пайызын құраған. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 30,04, ал Ресейде 52,35 пайызды құрайды.
«Соңғы жылда ел экономикасындағы банк секторының үлесі төмендеп кетті. ІЖӨ-дегі несие портфелі үлесінің 20 пайыздан әрең асуы өте төмен көрсеткіш. Секторға ауқымды тазалау жүргізу және орнықты өсімге жол ашу, соған сай экономикадағы рөлін арттыру үшін банктердегі корпоративті басқару сапасын және ашықтығын күшейту өте маңызды», дейді S&P Global Ratings қаржы институттары және мемлекеттік қаржы бағытының директоры Ирина Велиева.
Мемлекет пандемия басталмай тұрып-ақ шағын және орта бизнеске белсенді қолдау көрсету тетіктерін іздей бастаған еді. Алайда оқыстан індеттің басталуы бұл шаруаны одан әрі жеделдете түсті. Сөйтіп, мемлекет қазынасынан ШОБ-қа миллиардтаған қаржы аударылды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, экономиканың зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерге мақсатты қолдау көрсету үшін барлық ШОБ субъектілеріне 6 пайызға дейін ставкаларды субсидиялау қамтамасыз етілген. Жалпы сомасы 740 млрд теңге болатын субсидияны 4 839 компания алыпты.
«Банктер дағдарысқа қарсы шараларды қолдады. 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартысында зардап шеккен салаларда ШОБ үшін кредиттерді кейінге қалдырып, қайта құрылымдады. Нәтижесінде, 2019 жылғы 13 пайыз болған теріс мәнмен салыстырғанда біз 2020 жылды ШОБ кредиттерінің 7,2 пайызға өсуімен аяқтадық. 2021 жылғы сәуірден басталған экономикалық өсуді қалпына келтіру аясында биыл 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6 пайыздан, ал экономикаға кредиттердің жалпы өсуі 16 пайыздан асты», дейді М.Әбілқасымова.
Соған қарамастан ШОБ шаруасы әлі оңалып кете қойған жоқ. Жыл басынан бері жұмысын уақытша тоқтатқан шағын кәсіпорындар саны 15 пайызға көбейген. Тіркелген 340 мың компанияның 120 мыңы жұмыс істемейтін болып шыққан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жұмысты уақытша тоқтатуға шешім қабылдаған ШОБ субъектілерінің әрбір үшіншісі сауда саласына (29,3 пайызы) тиесілі екен. Пандемия дауылынан зардап шеккендер қатарында құрылыс фирмалары мен түрлі қызметтерді ұсынушы шағын компаниялар да бар.