4-сыныпта оқитын Мирас бір қолындағы 4 саусағынан айырылған. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» деген. Мирастың анасы бір жарыстан ұтып алған 3D принтерін ұлы оқитын Алматы облысы Жамбыл ауданынының Әсет Бейсеуов атындағы орта мектебінің физика мұғаліміне беріпті. Осылайша қарапайым педагог, тура мағынасында, оқушының қолын ұзартты.
Мирастың анасы Алма Маханова да баласы оқитын мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Ол 2020 жылы «Қазақстан ұстазы» ұлттық байқауына қатысып, 1,5 млн теңге көлемінде сыйлық ұтып алады. Сол сыйлықтың ішінде 3D принтер де болды. А.Маханова осы сыйлығын физика пәнінен сабақ беретін әріптесіне ұстатып, педагогтің техникаға, бағдарламалауға әуес екенін біліп, одан баласына протез жасап беруін сұраған. Қатардағы мектеп мұғалімі бұл өтініштен бас тарта алмады. Әрекеттеніп көрді. Білімін салды. Зерттеу жүргізді. Тәжірибе жасады. Нәтижесінде, протез жасап, баланың қолын ұзартты. Оқушыға жаңа мүмкіндік сыйлаған ұстаз – «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының «Ғылым» аталымы бойынша жеңімпазы Бақытәлі Дәулешяр болатын.
«Бұл – биомеханикалық протез. Онымен бала заттарды ұстап, бір жерден екінші жерге тасып, көтеріп, есікті ашып-жаба алады. Жобамды іске асыруға себепші болған Мирас 4 жасында электрлі еттартқышқа байқаусызда қолын сұғып алып, 4 саусағынан айырылған. Оған көмектескім келді. Анасының өтінішін жерге тастай алмадым. Протезбен баланың түрлі әрекеттерді істей алғанын көргенде одан әрі шабыттандым. Осы жобамды әрі қарай жетілдіру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына ұсындым. Байқауда қаншама қарапайым жас өз идеясын іске асыруға мүмкіндік алды. Соның ішінде өзім де болдым. Енді байқауда берілген грант арқылы жобамды жетілдіремін. Қазір жасаған протезімде 5 саусақ бірден қозғалады. Ал гранттан алған қаражатқа бұлшық ет пен жүйке жүйесі арқылы әр саусағын бөлек-бөлек, жеке-жеке қозғалта алатындай жағдайға жеткізуді жоспарлап отырмын», дейді кейіпкеріміз.
Б.Дәулешяр протез жасау барысында біраз кедергілерді өткерген. Соның ішінде баланың қол өлшемін алуда қиындықтар кездесті, оны жеңу үшін бір жұмысты бірнеше рет істеуге тура келген көрінеді. Одан кейін 3D принтерді программалап, протездің моделін жасау да оңайға соқпаған. Бұған қоса протезге керек пластикті де ұзақ іздепті. Жоба авторының айтуынша, қазіргі жасаған материалынан да жұмсақ түрі табылғанда бұдан да иілгіш болатын еді. Жобадан бір нәтиже шығару үшін күніне 4-5 сағаттан 2 ай бойы тынымсыз осы іспен айналысқан.
«Биомеханикалық протез 3D принтерге FreeCAD, CUR бағдарламасын енгізу арқылы жүргізілді. Оның құрамы қатты және жұмсақ пластиктен құйылған. Протез үш бөліктен тұрады: 1 – білезікті ұстайтын бөлігі; 2 – қолдың негізгі бөлігі; 3 – саусақтар. Әр саусақтың арасы жұмсақ майысатын пластиктерден жасалған буындар арқылы қосылады. Саусақтардың ішінен тартылған жіптің көмегімен білезікті төмен басқанда саусақтар бүгілу нәтижесінде заттарды ұстауға, іс-әрекет жасауға жағдай жасалынып, спортпен айналысуға да мүмкіндігі кеңейді. Болашақта қолының саусақтары мен буындары жоқ басқа да мүгедек жандарға медициналық сараптамадан өткен зиянсыз, қатты және жұмсақ пластиктерден моделін жобалап, биомеханикалық протез жасауды жоспарлап отырмын. Және оның қолдану аясын кеңейтіп, яғни қолдың буындары және аяғы, тобық, тізе буындары жоқ жандарға арнап та шығару ойда бар. Осы қарқынмен протездер жасалса, жылына 25-30 мүгедек жанды протезбен қамтамасыз етуге болады», дейді Б.Дәулешяр.
Өнертапқыштың зерттеуіне қарағанда, оның дайындаған протезі басқа елдердегі өнімдерден 2-3 есе арзан және сапасы жоғары. Мәселен, Ресейде бір протез 800-900 мың теңге тұрады, ал бұл жобада бір биопротездің құны 300 мың теңгеге бағаланып отыр. Әлеуметтік маңызы зор жобаны дамыта түсу үшін автор Arduino процессоры көмегімен импульстық нерв пен бұлшықетті қосатын ақылды робот-протез шығаруды жоспарлап отыр. Ал бұл жоспарын іске асыруға шетелден бөлшектер мен материалдар алу керек. Осы ойға алғаны орындалса, өнімі саусақтарынан айырылған жандарға демеу, ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік, қарапайым халыққа қолжетімді болар еді. Сұраныс көп, себебі саусағынан айырылған балалар мен жасөспірімдерге екі жыл сайын протезді ауыстырып отыру қажет.
Өнертапқыш мұғалім мектебін бұдан басқа да жобаларымен алға сүйреп келеді. Мектептің қоңырауы өз уақытында сыңғырлайды, оны қосып-өшіріп отырудың қажеті жоқ. Бұл да – мұғалімнің еңбегі. Осыған қоса педагогтің ізденісінен туған қараңғыда өзі жанып, табиғи жарық түскенде өз бетімен өшетін шам, алыстан басқару арқылы өздігінен ашылып-жабылатын қоқыс шелек те көптің қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болып жатыр.
Кейіпкеріміз Қазақстан инженерлік-техникалық университетін, одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін физика пәнінің мұғалімі бойынша бітірген. Әсет Бейсеуов атындағы орта мектепте 5 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Қарапайым мектепте де ғылыммен, өнертабыспен, зерттеумен айналысуға болатынын айтады. Айтпақшы, былтыр бір сыныптағы 25 оқушының бақандай 20-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуде физиканы таңдаған. Оның сырын да мұғалімнің тынымсыз тірлігінен іздеріміз анық.
«Педагогтер де ғылыммен, зерттеумен айналысып, лайықты нәтижелер көрсете алады. Бұл үшін бар болғаны өз кәсібін, соның ішінде өз пәнін шын жақсы көруі керек. Барлығы демеймін, бірақ мұғалімдердің көбі жалақы үшін ғана жұмыс істейді. Өзін осы салада дамытып, кәсібилігін көтеріп, ізденіп, жаңалықтар ашып, жетілдіруге тырыспайды. Бір сызықтың шеңберінен шыққысы келмейді. Шын мәнінде қаншама мүмкіндік бар. Бекітілген оқу бағдарламасымен ғана шектеліп қалады. Онда ешқандай даму болмайды. Әріптестерімді білім беру саласының қай сатысында еңбек етсе де зерттеумен, ғылыммен, өнертабыспен шұғылдануға шақырамын. Әрқайсымыздың мұндай әрекетіміз сапалы білім мен өмірге ең қажет құндылықтарды, дағдыларды игерген ұрпақ қалыптастыруға тың серпіліс береді», дейді Б.Дәулешяр.