Алматыда жалауы желбіреген каратэден ересектер арасындағы Азия чемпионатының кезекті күні қазақстандық спортшылар үшін табысты болды. Командалық жарыста өнер көрсеткен Қазақстан әйелдер командасы сары құрлық додасының қола жүлдегері атанды.
Үшінші орын үшін өткен бәсекеде Қазақстан намысын Токио Олимпиадасының жүлдегері Софья Берульцева, Сабина Захарова және Мөлдір Жаңбырбай қорғады. Олар кіші финалда Иран құрамасынан басым түсті. Кеше Қазақстан ерлер командасымен бірге жекелей бәсекелерде Мөлдір Жаңбырбай (50 кг), Сабина Захарова (55 кг), Софья Берульцева, Әсел Қанай (68 кг), Андрей Ақтауов (55 кг) финалда бақ сынады.
Ал жастар арасындағы әлем чемпионы Еркінбек Байтөреев (60 кг), Дидар Әмірәлі (67 кг), Нұрқанат Әжіқанов (75 кг) және Бейбарыс Жаңбыр (84 кг) қола жүлдеге таласты.