• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Желтоқсан, 2021

Дүрбелеңнің басы – қаржылық алаяқтық

2113 рет
көрсетілді

Жыл соңына қарай зейнетақы қоры маңайынан шыққан дүрбелең оңай жолмен олжа іздегендердің оң жамбасына келгені анық. Себебі дәл осы кезде әуре-сарсаңға түскен жұрттың шарасыздығын ұтымды пайдаланған қаржы алаяқтары қалталарын біразы қалыңдатып алды. Аяқ астынан туындайтын осындай дүрбелең кезінде халықтың дені қарапайым қауіпсіздікті естен шығарып алып жатады.

Зейнетақы қорында жинақталған жеткілікті шек мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерілетіндігіне байланысты туған дүрбелеңнің соңы жаңа жылға дейін ең болмаса бір бөлмелі пәтер алып қалайық деп ұзын-сонар кезекке тұрған жұрттың әбіге­ріне ұласқаны баршаға белгілі. Бұл даурығу мен ала шапқын Президенттің шешімінен кейін біраз басылғандай болды.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы­ның көңіл бөлгені қуанарлық жағдай. Яғни «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты жүзеге асып, зей­нетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

Осы дүрбелеңге түрткі болған не­гізгі мәселе – зейнетақы жинағын­дағы шекті мөлшердің көтерілетіні туралы ақпараттың әбден жыл аяғын­да, желтоқсанда жария болуы еді. Қоғамда аяқ астынан туатын осындай дүрбелеңдердің белгілі бір дәрежеде зардаптары болатынын мемлекет бола­шақта – басқа да шешімдер қабылдар кезде ескергені дұрыс. Өйткені дәл осы жағдай қоғамда әр­түрлі қар­жы алаяқтарының пайда та­уып кетуіне мүмкіндік туғызды. Ол бір жағынан тұрғын үйдің қымбаттауына әсер етсе, екінші жағынан үйін тез сатуға ұм­тыл­ған кей адамдардың алаяқ­тарға ұрынуына, банк несиесін жылдам бергіземіз дейтін делдалдарға жем болуына себепкер болды. Яғни қоғамда алаяқтардың азаматтарды алдауды көздеген түрлі схемалары әрекет ете бастады.

Мысалы, осы желтоқсандағы дүр­белең кезінде 1 миллион теңге берсе, үй сатып алушыларға банктен несиені жылдам шығарып беру қызметін ұсы­нушылар көбейді. Себебі халықтың жаппай ипотекалық несиеге жүгінуі банкте ипотекалық несиені қарастыру мерзімдерінің ұзаруына әкелді. Яғни өтініштің көптігінен оны қарастырып үлгере алмай қалды. Делдалдардың да, алаяқтардың күткені осы еді.

Сол себепті де қоғамда жиі кезде­се­тін осы алаяқтық схемаға жол бермеу үшін банкте несие бөлімнің қыз­меткерлері мен басшыларын екі жыл сайын психологиялық тестен өткізу немесе аттестацияда сөйлесу ар­қылы олардың алаяқтыққа бару мүм­кіндіктерін анықтау, жолын кесу тетіктерін енгізу қажет.

Үй сату-сатып алуға байланысты қаржылық алаяқтықтың тағы бір схемасы бар. Мұнда қайталама нарықта пәтерін сатуға қойған сатушыларға келген «ықтимал сатып алушы» күмәнді сипаттағы қаржылық ұйымдармен бір­лесе отырып, «бізбен нотариалды түр­де немесе біздің қаржылық ұйым­ның мөрімен басылған кепілпұл шартын жасаңыз, ал біз мына қаржылық делдалдардың көмегімен банктен екі есе артық сомаға ипотекалық несие шығарып береміз» деген ұсыныс жасайды. Бұлардың да көздегені – зейнетақысын белгілі мерзімге дейін тезірек шығарып алуға асыққан, қар­жылық-құқықтық сауаты жеткіліксіз қарапайым жұртты жем қылу.

Осы орайда пәтерді сатуға және кепіл­пұл шартына қатысты құқық­тық қатынастар Қазақстан Республика­сы Азаматтық кодексінің нормаларымен реттелетінін айта кеткен артық болмайды.

Азаматтық кодексінің 337-бабында: «Уағдаласушы тараптардың бiреуi­нiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады. Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан, жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл қағида негiзгi мiндеттемені нотариат куәландыруға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлпұл туралы келiсiмнің маңызсыздығына алып келеді», деп көрсетілген.

Демек, жалған кепілпұл шартына қол қойып, қаржылық алаяқтардың сөзіне сенген пәтерін сатушы ертең да­лада қалуы мүмкін. Себебі Кодекстің 338-бабында кепiлпұлмен қамтама­сыз етiлген мiндеттеменi тоқтатудың және орындамаудың салдары туралы: «Мiндеттеменiң орындалуы бас­талғанға дейiн тараптардың келiсiмi бойынша не олардың кiнәсiнсiз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс. Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шарт­та өзгеше көзделмегендiктен, мiн­деттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi» деген норма бар.

Яғни алаяқтарға сеніп жалған ке­піл­пұл шартына қол қойған сатушы өзінің маңдай термен тапқан пәтері­нен айырылып қалады немесе жаңағы схемадағы сипатталған алаяқтарға өз пәтерінің сомасындағы ақшаны қай­таруға міндетті болады.

Ал алаяқтық қылмысын реттеуге арналған Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес: «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көр­сеткiшке дейiнгi мөлшерде айып­пұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыс­тарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаса және аса iрi мөлшерде жасаса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қылмыстық кодексте алаяқтық үшін жаза көзделген. Алайда, ондай қыл­­­мыстарды тергеу процесі елімізде өте ұзақ жү­­ретінін ескергеніміз жөн. Сол үшін құқықтық сана-сезімді көтеру ар­қы­­лы және заңдарды оқу арқылы ха­лық­­тың құқықтық білімін көтергені дұрыс.

 

Әйгерім АРАЛБАЕВА,

заң ғылымдарының кандидаты