Сулы, нулы деген Көкшенің баурайындағы мың жарымнан астам көлдің жартысына жуығы табиғатқа жасалған тақсіреттің салдарынан кеуіп кетті. Әлі де жүздеген көлдің кенересі тартылып, жағалауын қамыс басып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тығырықтан шығар жалғыз жол – көлге иенің қажеттігі.
Әнебір жылдары Бурабай баурайына барып жүргенінде қайран да қайран Құмдыкөлдің бүгінгі халін көріп иманы қасым болған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бір кезде шалқып жатқан көл суы мүлде құрғап, қу тақыр, құлазыған түзге айналыпты. Жағалаудан су шегініп, тайызданып, кеуіп кеткелі отыз жылға таяу уақыт өткен. Көз алдында бүтіндей бір көлдің жоғалып бара жатқанына ешкімнің селт етпегенін қарасаңызшы. Сұрастырып көрсе, көл табанында әлденеше бұлақ болған, кейін лайы көбейіп, қорысқа айналған. Жыл сайын көлді таза, мөлдір бұлақ суымен үстемелеу сап тыйылған соң, айдынның да ажары қашқанға ұқсайды. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, Құмдыкөл бір кезде балығы тайдай тулаған айдын шалқар екен. Ендігі күні мынау... Туған табиғатқа бір септігімді тигізсем деген ой санасын жаулап алғаннан бері осы төңіректегі Майкөл, Асат, Обалы тәрізді бірнеше көлді он жыл мерзімге жалға алды. Жұмысын көл табанында бітеліп қалған бұлақ көзін іздеуден бастады. Түртінектеп жүріп тапты. Біреуін емес, бақандай бесеуін. Қорыстан тазартып, көзін ашқаны сол екен, тұншығып тұрған тынысы ашылып, бұлақ сарқырап аға бастады. Бостандыққа шыққанына қуанған тәрізді бұлқынып ағады. Аз ғана уақыттың ішінде бес бұлақ бір көлдің шөліркеген таңдайын жібітіп, бұрынғы күйіне келтірді. Құжат бойынша 500 гектар аумақ деп есептелгенімен, шын мәнінде 700 гектарға жетті. Шынын айту керек, көл табанындағы бұлақты іздеу де, тапқан соң оны аршу да оңайға түскен жоқ. Жол-жөнекей кездескен қиындықты бойындағы өлшеусіз қажыр-қайрат жеңді.
Көлді балықтандыру да оңай-оспақ шаруа емес еді. Тұқымбақтан балық тұқымын жеткізу керек. Алдымен көл суын зертханадан өткізу ләзім. Балық та көл суының құрамына қарай өрістемек. Балық түгіл бақасы қалмаған өлі көлдің өңі жақсару үшін күні-түні еңбек етті. Сонау Ресейдегі Ханты-Мансы өңірінен 2 млн бағалы балық тұқымын жеткізді. Баяғы кейпін қайта тапқан Құмдыкөлдің майда толқындарымен ойнап, тұқы өрістеді. Көл жиегіндегі қамыс, балдыр атаулыны азығына айналдыратын тасмаңдай балығының тұқымы өздеріне жайлы су ішінде өсе бастады.
– Тылсым табиғаттың тағдырына бейжай қарауға әсте болмайды, – дейді кәсіпкер Ерлан Мұқанов, – біз көлді жалға алғаннан кейін оның бар болмысына жауапты болуымыз керек. Қазір жыл сайын 15 тонна шамасында балық өндіреміз. Ең бастысы, осы саланы жандандырудың нәтижесінде құрғап қалудың аз-ақ алдында тұрған бірнеше көл тірілді.
Кәсіпкер өзге көлдерге де ғылыми-сараптамалық зерттеу жүргізген. Барлығын да табиғи су көздерін ашу арқылы тірілтуге әбден болады. Ең басты мәселе, көлге қорек беріп тұрған табиғи су көздерінің жабылып қалуы. Оған төңіректегі шаруашылықтар да кесірін тигізіп отыр. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, барлығы жоспарсыз, алдын ала зерттеусіз жүргізілудің кесірінен. Егер көктемгі қар суы мен жаз айларындағы жауыннан пайда болған ылғал күміс көлдерге жетіп тұрса, дәл бүгінгі күйге түспес еді. Қолбайлау болып отырған ендігі мәселе – қажетті техникалардың жоқтығы. Мәселен, көл жағалауында рабайсыз өсіп кеткен қамысты шауып, қоғаны тазалау қажет. Осы бағытта пайдаланатын арнайы техника өте қымбат. Онсыз ұлан-ғайыр жерді тап-тұйнақтай етіп тазалап шығу мүлде мүмкін емес.
Ендігі бір алға басқан қадамға тұсау болып отырған жайт – жергілікті жердегі балық тұқымбақтарының жұмысын жолға қою. Зеренді тұқымбағы шабақтарды наурыз айында шығарады. Ал бұл кезде солтүстіктегі көлдердің бәрі мұз құрсанып жатады емес пе? Тұқымды көлге жеткізбек түгіл, қасат қардан аттап баса алмайсың. Міне, осындай жұмыстарды үйлестірмесе, қажетіңді шеттен тасисың. Ал бұл – орасан қымбат.
Көл қалпына келісімен браконьерлер де бой көрсете бастаған. Әрине, бірер килоны заңсыз алып кетсе, игілік ортайып қалмасы белгілі. Бірақ ұзындығы 30-40 метрлік қытай торының көл табанында қалып қоятыны да бар. Үйір-үйір болып жосып жүрген балық иесіз қалған ауға шырматылып, опат болады. Іріп-шіріп көл суын бүлдіреді. Қауіп қайдан демеңіз, иен тегін игілікке ашкөз болатындар жетіп артылады. Ал солар көл құрғап бара жатқанда саусағын да қимылдатқан жоқ.
Негізі кәсіпкер Ерлан Мұқановтың бастамасын бағамдай отырып, қараусыз қалған әр көлге дәл осындай жанашырлық қажет-ау деген ой түйдік. Туған табиғатын ардақтай білетін әр азамат дәл осылай қамқор болса, өңірдегі бар көл арнасына толып, шалқып жатпас па еді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы