Егемен Қазақстан тарихында бұған дейін 8 рет рақымшылық жасалған екен. Оның төртеуі Тәуелсіздік күніне орайластырылған. Биыл да ең қастерлі мереке – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 14 мыңнан астам сотталған рақымшылыққа ілікті. Бұл – ел тарихындағы тоғызыншы рақымшылық.
Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 80 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Осы 64 бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 35 мыңға жуық адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу қамағында отыр. Сотталғандардың 93 пайызы ауыр жəне аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған болса, 40 пайызы бұрын да бірнеше рет сотты болғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
Биыл 7 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес рақымшылық жасау 14 045 сотталған адамға қолданылды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалса, соның нəтижесінде мыңға жуық адам қамаудан босап шыққан. Ал 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылды.
Сондай-ақ 1 294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7 294 адамға жаза мерзімі қысқартылып, сотқа дейінгі өндірістегі 5 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданды.
Құжаттың басты көздегені де осы – аса ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Ал рақымшылық ардагерлерге, кəмелеттік жасқа толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады.
ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов рақымшылықтың қылмыстық-құқықтық қатынастардың белгілі бір аспектілеріне ғана қатысы барын айтады. «Рақымшылық жасау сотталғанды толық ақтау деген сөз емес. Бұл құжат тек қылмыс жасаған адамның жазасын жеңілдетеді, олардың тағдырын жұмсартады. Сол себепті де заң жазадан толық немесе ішінара босату, жазаны жеңілдету немесе қылмыстық қудалауды тоқтатудан тұрады. Бұл ізгілік актісі азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік жағынан осал санаттары – кәмелетке толмағандарға, әйелдер мен егде жастағы ерлерге, 1 және 2-таптағы мүгедектерге ерекше назар аударылған», дейді комитет басшысы.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, жүкті әйелдерді, сотталған, ата-ана құқықтарынан айырылмаған және осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы деп танылған және ата-ана құқығынан айырылмаған әйелдерді де назардан тыс қалдырмады.
Заң жобасында қылмыстық теріс қылық жасамаған, ешқандай залал келтірмеген немесе келтірген залалын толық өтеген азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін онша ауыр емес, сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған сотталушыларды жазадан босату ұсынылған болатын. Сондай-ақ заң жобасында қарастырылған адамдар үшін негізгі жазаның мерзімі мен мөлшері қысқартылды.
Бұл топтағы адамдарды қарау кезінде сотталғанның залалды толық өтеуі, сондай-ақ осы заң қолданысқа енгізілген күні жазасын өтеуге бір жылдан аспайтын уақыт теріс мінез-құлық дәрежесінің болмауы ескеріледі. Өз кезегінде, заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа орналастыруын қамтамасыз етуі, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету көзделген.
Ал Қылмыстық кодекстің 78-бабына сəйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға, тарқатып айтар болсақ, педофилдерге, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты рақымшылық қолданылмайды.
Әрине, еліміз үшін елеулі кезеңде рақымшылық жасау – игі іс. Оның үстіне биылғы заңда алғаш рет əлеуметтік төмен топқа ерекше назар аударылды. Рақымшылық аясында жазадан босаған адамдардың қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасалды. Атап айтқанда, бостандыққа шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру, əлеуметтік жəне басқа да көмек көрсету мəселелері құжатта жан-жақты қарастырылған. Рақымшылыққа ілігетін сотталғандарды іріктеуде бұрынғымен салыстырғанда өзгерістер де болды. Себебі 30 жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес рақымшылыққа жататын сотталғандардың санаты да әртүрлі.
Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі әрі сенім шарасы болғандықтан алдымен мемлекеттің жəне азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылатыны анық. Алайда «Рақымшылыққа кімдер ілікті?» деген сұрақ талқыға түскенде қоғамда екі мәселеге қатысты қызу пікірталас болғанын байқауға болады. Бірінші мәселе – бұрын рақымшылық жасалғандардың түзеу мекемесіне қайта оралуына қатысты. Өйткені еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері рақымшылықпен босап шыққан 1972 адам қайта істі болып, сотталған екен. Яғни 2 мыңға жуық адам рақымшылықтың қадірін жете түсіне қоймаған.
Заң қызу талқыланып жатқан кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Әміржан Рақымжанов осы мәселені көтерген еді. Ол сол кезде: «Рақымшылық бойынша сотталғандардың бостандыққа шығуы қылмыс деңгейінің артуына алып келмей ме? Өйткені бостандыққа шыққандар тағы да заңды бұзуы мүмкін. Полиция органдары осы бағытта қандай іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?» деген күдігін де білдірген болатын. Депутаттың осы сұрағына жауап берген Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев түзеу мекемесінен босап шыққандардың барлығы бақылауға алынып, олармен алдын алу жұмыстары жүргізілетінін айтқан еді. «Ал егер босап шыққан адам өз қателігінен сабақ алмаса, нақты шара қолданамыз», деген министр қылмысқа қайта бармаудың бірден-бір жолы – бостандыққа шыққандарды жұмыспен қамту екеніне баса назар аударды.
Екінші мәселе – жемқорлық қылмыс жасағандардың осы заң аясында бостандыққа шығуымен байланысты. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 501 адам қамауда отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай олардың жетеуі рақымшылыққа іліккен. Оның ішінде 3 сотталған адам бостандыққа шығып, төртеуінің жаза өтеу мерзімі қысқартылған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев мәлімдеді. Заң жобасын дайындау кезінде қызу талқыға түскен сұрақ та осы – «Неліктен рақымшылық сыбайлас жемқорлыққа жасағандарға қолданылады?». Дәл осы сауалды біз брифинг барысында ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкіліне де қойған едік.
Комитет төрағасының орынбасары, генерал-майор Мейрам Аюбаев Қылмыстық кодекстің 73-бабында көрсетілген нормаларды айта келіп: «Осы баптың 1 және 2-тармағына сәйкес онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе жеңіл қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілігеді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотты болып, биыл рақымшылық жасалған жеті адамның қылмысы ауырлығы орташа болғандықтан, олардың бостандыққа шығуы, төртеуінің жаза мерзімінің қысқартылуы кодекстің осы бабында көрсетілген нормаларға қайшы келмейді. Жемқорлықпен сотты болған жетеудің негізгі айыптары – өкілеттіліктерін теріс пайдалану, қызметте әрекетсіздік жасау, қызметте жалғандық жасауға қатысты. Бұл бап тек пара алғандарға қолданылмайды», деп жауап берді.
Ал сыбайлас жемқорлықтың жеңіл, орташа немесе ауыр қылмыс ретінде жіктелуіне келер болсақ, пара сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 90 мың теңге шамасында болса, айыпты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл – орташа дәрежедегі қылмыс. Демек, мерзімі мен пара сомасы бұдан төмен жандарға жаза жеңілденуі мүмкін деген сөз. Заңгерлер де жемқорлыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталған жағдайда кез келген күдіктінің рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, заңгер Сергей Уткин осының барлығы заңда айқын болуы керек екенін алға тартады. «Рақымшылық дегеннің өзі нені білдіреді? Тергеу ісі сотқа дейін жетпей жатып жемқорлық дерегі бойынша қылмыс дәрежесі орташа деп танылған жағдайда рақымшылықты қолдануға болады. Мұндай кезде тергеуші істі сотқа дейін жеткізбей күдіктіден алдымен рақымшылық жасалғанын қалай ма, жоқ па осыны анықтап алуы қажет. Егер күдікті келіссе, қылмыстық іс тоқтатылып, ол рақымшылыққа ілігеді. Бірақ айта кетерлік бір жайт бар. Ол осындай жолмен рақымшылыққа іліккен күдіктінің өзін өзі ақтау құқығынан айырылатындығы. Яғни рақымшылыққа іліккен айыпталушы өзінің бұрынғы жұмыс орнына – мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарына қайта орналаса алмайды», дейді заңның негізгі ережелері мен оның нормаларын егжей-тегжей түсіндіріп өткен заңгер.
Қазіргі таңда қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірге тізе қосып, заңды орындауға кірісіп те кетті. Бірлескен жұмыстың ең басында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу міндеттері тұр.
ТҮЙІН. Рақымшылық – темір торда отырғандар үшін бостандыққа шығудың бір жолы екені түсінікті. Алайда бұл игі шараның жазасын өтеушілерге «жаппай жүргізілетін жеңілдік акциясы» емес екенін естен шығармағанымыз жөн.