• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2021

Түрмедегілер саны 2,5 есеге азайды

282 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде 80 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Олардың 64-і – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау мекемесі болса, 16-сы – тергеу изоляторы. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді.

Түзеу мекемелерінде қазіргі таңда 35 мыңға жуық адам бар. Оның ішінде 30 мыңы сот­талған және 4 мыңы тергеу үшін қамауға алынған, олардың негізгі бөлігі, яғни 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс үшін жазасын өтейді. Шамамен 40 пайызы – бұрын сотталғандар.

Баспасөз конференция­сын­да Қазақстанның пенитен­циарлық жүйесінің қызметін жетіл­діру мәселелері туралы баян­да­ма жа­саған комитет төр­ағасы сот­тал­ғандарды ұстау жағ­дайларын жақсарту үшін ІІМ пенитенциарлық жүйе­сінің инфрақұрылымын жаң­ғырту жөніндегі жол картасы әзір­ленгенін айтты. Жол картасы шеңберінде халықаралық стандарттарға сай келетін 20 жаңа мекеме салу көзделіп отыр. Бас­тапқы кезеңде 2022-2024 жылдары Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында төрт мекеме салу жоспарланған.

Сондай-ақ Ж.Ешмағам­бетов­тің мәлімдеуінше, қылмыстық атқару заңнамасын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда. Мә­селен, өткен жылы қылмыстық заңнаманы жетіл­діру және жеке адамның құқық­тарын қорғауды күшейту мәсе­лелері бойынша заң шеңберінде сотталғандардың құқықтық жағ­дайын жақсартуға бағытталған өзгерістер енгізілді. «Үкімет қаулы­сымен бекітілген адам құ­қықтары саласындағы бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде қыл­мыстық сот төрелігі, жазаны орындау, азаптаудың және қатыгездіктің алдын алу саласында адам құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы әзір­ленді. Адам құқықтары жө­­ніндегі уәкілдің бастамасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, оның құрамына ҮЕҰ өкілдері, ұлттық және ха­лықаралық сарапшылар кірді. Бұл ережелер БҰҰ мақұлдаған тұтқындарға қатысты ең төменгі стандарттарды анықтайды», дейді комитет төрағасы.

Алайда комитет басшы­сы түзеу мекемелерінде ортақ тәртіпке бағынғысы кел­мей­­тіндердің бар екенін де айт­ты. «Жекелеген соттал­ған­­­дар жазаны өтеудің заң­на­мада белгіленген тәртібін сақ­тамайды, әкімшілікке қысым жа­саудың әртүрлі аран­да­тушылық тәсілдерін, оның ішін­де азаптауға қатысты жал­ған арыз-өтініш жасай­тындар да бар. Осыған қара­мастан, зор­лық-зомбылық, қа­уіп-қатер және өзге де заңсыз қатыгез қа­рым-қатынас шаралары қол­данылғаны туралы әрбір ха­барлама төтенше жағдай ретінде қа­былданады», дейді ол. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша қызметкерлер мен сот­талғандардың заңсыз іс-әрекет­терін бақылау және алдын алу мақсатында барлық пени­тенциарлық мекемелерде бейне­бақылау камералары орнатылады. Бұл процесс алдағы 3 жылда аяқталады деп жоспарланған.

Жұмысқа орналастыру – сотталғандарды бостандықтағы өмірге бейімдеу мен түзеудің маңызды факторы. Жұмысқа орналастырылғандардың саны өткен жылы 38 пайыз болса, биыл 49 пайызға жеткен. Бүгінде жабық мекемелердегі өндірістік алаңдарда 3,5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Негізінен, тұт­қындар құрылыс материалдары, металл құрылымдары, ағаш және плас­тиктен жасалған бұйымдарды өндіруге қатысады. Тігін өндірісі де жақсы жолға қойылған.