• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Желтоқсан, 2021

Саяси қуғын-сүргін: Зерттеу мен зерделеу

4035 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде қазақ тарихына жаңаша көзқарас қалыптасты. Оның тамырлары 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгiсiмен құрылған Манаш Қозыбаев бастаған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жүйелі, тыңғылықты жұмысынан бастау алады. Осы жылдан бастап отандық ғалымдарымыз 1920-1950 жылдар аралығындағы ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жалпыұлттық деңгейге көтерді, 90-жылдары «архив революциясы» басталды, көптеген ғылыми диссертациялар қорғалды.

 

Тәуелсіздік жылдарында осы ресми құжаттар мен бағдар­ла­малардың негізінде іске асы­рыл­­­ған зерттеу жұмыстарының нәти­жесінде ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесі дербес қарастырыла бас­тады. Өйткені заман талабы кеңестік дәуірдің ең қасіретті кезең­дерін көрсететін деректер­ді арнайы зерттеуді қажет етті. Бұған жауап беру үшін, әрине Қа­зақстанда дүркін-дүркін орын алған ашаршылықтар (1917-1918; 1921-1922; 1931-1933) мен сая­си қу­ғын-сүргiндердің (1918-1937; 1950-1986) тарихи баста­уы­на, яғни өткен ғасырдың басын­дағы большевиктердің үздік­сіз революцияларының түп-тамыр­ларына қайта үңілуге тура келді.

Кезінде тарихшы-демограф Мәлік-Айдар Асылбеков «1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ» мәлiметтерiн жариялады. Онда КСРО халқының саны да әртүрлi берiлген. Айталық, 1933 жылы 168 млн, 1937 жылы 180 млн және 162 млн адам деп көрсетiлген. Бұл кеңестiк санақтың құпиясы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарының санын әлемдік қоғамдастықтан жасырумен түсiндiрiлсе керек. Ал өткен ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың жалпы саны – 6 млн шамасында болса, ашаршылық пен репрессия жылдары тең жартысынан астамы құрбан болған. Тіпті, соңғы сандық мәліметтер бұдан да жоғары. Оған Көшім Есмағамбетовтің зерттеулері айғақ, оның пайымдауынша, «зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпақтың саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932-1933 жылдары қазақтар 4 млн жуық адамнан айырылған».

Жуырда кеңестік саяси науқан­­дар кезінде бұрмаланған заңсыз­­дықтарға әртүрлі формада қар­сылық көрсеткен жекелеген адамдар мен қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін анықтау мақсатында Мемлекеттік комиссияның мүше­сі, Жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов бастаған ұйым­дастырушылар кезекті топтық се­минар өткізді. Онда көп­теген тү­йінді мәселелер ортаға салынып, талқыланды.

Басқа өңірлермен салыстыр­ғанда, Нұр-Сұл­тан қаласы бойынша 25 адам­нан тұратын Өңірлік комис­сия мүшелері арнайы архивтер мен республикалық, қалалық архивтердегі ізденіс жұмыста­рын кеш бастағанымен, 5 айдың ішінде 5 жұмыс тобы бойынша зерттеудің негізгі бағыттарын анық­тады. Айталық, ақталмаған кү­рескерлерді анықтау мәселелері бо­йынша жасақталған 1-топта жұ­мыстың үш бағыты айқындалды.

Бірінші бағыт. Алаш қозғалы­сындағы ақмолалық күрескер­лер­дің (жекелеген адамдар, топтар, ұйымдар мен партиялар) азат­тық жолындағы күресі (1916 жылғы көтеріліс кезіндегі мәселелер де қам­тылады, архиві Омбы, Том қала­сында сақталған);

Екінші бағыт. Тәркілеу кезін­дегі ақмолалық байлардың адам бос­тандығы және өмір сүру құқы­ғы үшін күресі (тәркілеу кезінде алыс-жақын аймақтарға жер ауда­рыл­ғандардың шағымдары қарас­тырылады, архиві Алматыда ҚР ОМА, ҚР ПА сақталған);

Үшінші бағыт. Соғыстан кейінгі жылдардағы ақмола­лық­тардың адам құқықтары мен азаттық жолындағы күресі (қылмыстық іске тартылғандар мен олардың отбасы мүшелерінің шағымдары қарастырылады, оның архиві Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы мекемелерде сақталған).

Бірінші бағыт бойынша, Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-сараптамалық орталығы арнайы архивінің мәліметтеріне қарағанда, 1920-1950 жылдары аралығында Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны – 6090, соның ішінде ақталмағандары – 429. Ақмола қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны – 6832, соның ішінде ақталмағандары – 616. Бұдан шығатын қорытынды, Ақмола облысымен салыстырған­да Ақмола қаласында саяси нау­қан құрбандары – 742 адамға, сәйке­сінше ақталмағандары – 187 адамға көп.

Жұмыс барысында Алашорда тарихына қатысты «Ағайынды Әділевтер ісі» немесе «Әділевтер бандасы» бойынша бірқатар мәсе­лелер анықталды. Түбі ақмо­лалық Байсейіт, Дінше (Мұқыш, Дінмұхаммед), Асқар, Әбуәлі, Әбубәкір, Жолдасбай Әділевтер (туысқан ағайындарын қосқанда – 10 адам, кейіннен барлығы 17 адамға іс қозғалған) бастаған топ тәркілеу науқанына наразылық ­акциясы ретінде малдарын Сары­су ауданынан Шу бойындағы Әулие Ата жеріне қарай айдап, әрі қарай тұйықталған аймақтар­ға өтіп кеткен. Олардың Кеңес өкі­метіне қарсылығы 1922 жылғы «Әбубәкіров ісінен» басталады. Ал «Ағайынды Әділевтер ісі» тәр­кілеу басталған кезде қозғал­ған, оған «Алаш» қозғалысының жетекшілерінен бастап, бас-аяғы 90 адам тартылған. 1928-1930 жылдары бұл іске қатысты жазалау жұмыстары Сырдария (Шымкент, Қызылорда) округінде жалғасады. Осы ретте біз, Түркістан облысы бойынша өңірлік комиссия­ның жұмыс тобымен әріптестік байланыс орнатуға дайынбыз. Екінші­ден, бірлесе отырып, осы кезеңдегі ­шекаралас аудандарды, ішкі мигра­ция мен халықтар географиясындағы өзгерістерді анықтап алуымыз қажет. Ақ­мола облысының әкімшілік-терри­ториялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты қоғамдық топтар мен саяси ұйымдардың қозғалысын жан-жақты зерттеп, картасы жасалса, артық болмайды.

Екінші бағыт бойынша, тәркілеу кезінде 1928 жылғы Ақмола ок­ругтік советі президиумының ше­шімімен Атырау округіне жер аударылған 46 байдың ішінде Қазтай Құндақұлының Қазақстан Орталық атқару комитеті орталық комиссиясына жазған шағымына қатысты ой-пікір туындады. Осы күнге дейін жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар осы сарындас көптеген арыз-шағымдар­дың мәтінін терең зерттеу арқы­лы, орталық кеңестік билік пен оның жергілікті өкілдерінің заң­сыз әрекеттерге баруының бас­ты се­бептері мен салдарын айқындап, бай­лардың әділеттілік үшін күре­сіне объективті тұрғыдан баға беруге болады.

Үшінші бағыт бойынша, со­ғыс­тан кейінгі жылдары май­дан­нан немесе тұтқыннан елге орал­ған адамдардың ішінде әскери трибуналдың шешімінсіз соттал­ғандардың барлығын саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына жат­қызған жөн. Өйткені соғыстан ке­йінгі халық шаруашылығын қал­пына келтіру жылдарындағы елдің кедейшілік күйін көргендер, кеңес-герман соғысына қатыс­қандар Германия, жалпы Еуропа халқының әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайының бізден әлде­қайда жоғары екенін сөз етіп, мүш­кіл күйден соғысқа дейін де, соғыстан кейін де халқын құт­қара алмаған мемлекеттің саясатына сыни көзқарасын білдірген. Бүгінде олардың бәрін жаппай қылмыскер ретінде қарастыруға болмайды.

Қараша айында өткен топ­тық семинарда көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша мына­дай ұсыныстар жасалды: 1) арнайы архивтердегі Алашорда тарихы­на қатысты материалдар мен 1920-1930 жж. саяси науқандардың құ­жаттарын құпиясыздандыру мәселесін толық шешу; 2) әскери трибунал шешімінсіз сотталған адамдарды саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына енгізу; 3) ұйымдастырушылар тарапынан зерттеуші-ғалымдардың «архив өндірісіндегі» жұмысының аз уақытта нәтиже бермейтінін үнемі назарда ұстау; 4) Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың әр кезеңдердегі әкімшілік-территориялық бөлі­нісіндегі өзгерістерге байланысты туындаған ортақ мәселелер бойынша Өңірлік комиссиялардың (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Атырау облысы) бірлескен семинарларын ұйымдастыру; 5) облыстардың әкімшілік-терри­ториялық өзгерістер картасын жа­сау; 6) мемлекеттік комиссия тарапынан ақмолалық бай Қаз­тай Құндақұлының қазіргі Ақкөл қаласындағы 1914 ж. салынған үйін қалалық тарихи-өлкетану музейіне айналдыруға ықпал ету.

Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың жоғарыда аталған «Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және ше­шу туралы» Жарлығын іске асы­руда жанкештілік танытып, тер төгіп жүрген зерттеуші-ғалым­дардың ерен еңбегі ақталып, тарихи әділеттілік салтанат құрсын, азаттық пен тәуелсіздік жолын­дағы ақталмаған күрескерлердің есімдері елдің жадында мәңгі сақталсын, жас ұрпақтың тарихи санасы одан әрі жетілдіріле түссін дегіміз келеді.

 

Күлпаш ІЛИЯСОВА,

тарихшы-ғалым,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры