2021 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық тұрақтылығы жақсара түсті. EBITDA деңгейі – 2,6, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жақсырақ. Былтыр ол 3,6 болды. EBITDA шамамен 1 тлрн теңгеге ұлғайып, жыл қорытындысы бойынша 3,5 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі – құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Кравченко атап өткеніндей, бұл аспектілер халықаралық Standard & Poors агенттігіне қордың несиелік рейтинг деңгейін «ВВВ-» (болжам «тұрақты») жоғарылатуға негіз болды. Халықаралық Moody’s агенттігі де қордың рейтингісін «Baa2» «тұрақты» болжаммен бекітті.
Қордың өкілі ең маңызды деген тәуекелдерді азайту мақсатында атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Соның ішінде экология және климаттың өзгеруі мәселелері бар. «Самұрық-Қазына» тобының қызметіне айтарлықтай әсер ететін факторлар қатарында: парниктік газдардың шығарылымын шектейтін Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексінің күшіне енуі; еліміздің 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарылымдарын азайту және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу міндеттемелері; трансшекаралық көміртектік реттеуге байланысты әлеуетті тәуекелдер.
Андрей Кравченко ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға, активтерді жекешелендіруге және энергетикалық қуат көздерінің тапшылығына байланысты тәуекелдерді есепке алу қажеттілігін ерекше атап өтті.
Қор әлеуметтік тұрақтылық мәселелеріне ерекше мән беріп отыр. Қазіргі таңда еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнайсервис кәсіпорындары қызметкерлерінің мұң-мұқтажы ерекше назарға алынды. Қор «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен, республикалық және жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, еңбек шарттары мен бизнестің тұрақтылығы бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде сатып алулар процедураларын жетілдіру, аталған кәсіпорындарға айрықша шарттар ұсыну көзделген. Соның арқасында олар жұмысшылардың еңбекақысын жоғарылатуға мүмкіндік алады.
Қордың өкілі сондай-ақ COVID-19 бойынша жағдайға қатысты баға берді. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» тобының өндірістік кәсіпорындарында коронавирус жұқтыру деңгейі төмен. Ал қызметкерлердің 80%-ы бұл дертке қарсы вакцина салдырған.
Бұдан бөлек, Андрей Кравченко қордың сатып алулар жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 9 желтоқсанда қордың Директорлар кеңесі сатып алуларды жүргізудің жаңа тәртібін бекітті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қаржы министрлігімен келісілген құжат 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ондағы негізгі жаңашылдықтарды атап өтсек, бірінші кезекте әлеуетті жеткізіп берушілерге қойылатын біліктілік талаптарын түгендеген тізім бекітілді. Бұл жеткізіп берушіні таңдау процедурасының ашықтығын қамтамасыз етіп, сатып алуларға қатысатындар арасындағы бәсекелестікті арттырады.
Сондай-ақ шарттарды өзгерту мүмкіндіктерін шектейтін нақты механизмдер бекітілді. Бұл ретте қажетті тауарлар мен қызметтерді әзірлеу кезінде шикізат пен қосалқы бөлшектердің қымбаттауына байланысты келісімшарттың бағасын өсіру мүмкіндігі де қарастырылған.
Құжатта қордың келісім комиссиясы жұмысының механизмдері де айқындалды. Оның құрамына міндетті түрде «Атамекен» ҰКП мен отандық бизнестің салалық қауымдастықтарының өкілдері кіреді.
Бұған қоса, сатып алуларды электронды дүкен арқылы жүзеге асырудың арқасында бір көзден сатып алулар көлемі мен негіздемелері азайтылып, бұл сатып алулардың ашықтығы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берді.
Осы нормалар сатып алулар бойынша нормативтік құжаттарға енгізіліп, қорға биылғы 11 айдағы жергілікті үлес деңгейін – 76%-ға дейін, тауарлар сатып алудағы жергілікті үлес деңгейін – 64%-ға, сатып алулардағы жұмыстар деңгейін – 82%-ға ал сатып алудағы қызметтің жергілікті үлес деңгейін 86%-ға жеткізуге жол ашты.