Жақында Қазақ ұлттық өнер университеті дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің ұйымдастыруымен күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы құрметіне «Әсем Қоңыр» атты шығармашылық кеш өтті.
Қазақ даласында өшпес із қалдырған күйші-композиторлар қатарында Дина Нұрпейісованың есімі ерекше сүйіспеншілікпен аталады. Күйші Дина өзінің бұл өнерге құштарлығын бір естелігінде: «Құрманғазының күйлерін бала кезімнен естіп өстім. Бірде әкем күйшіден менің орындауымдағы күйлерді тыңдап, шеберлігімді ұштауға көмектесуін, ұстаз болуын өтінді», деп еске алады. Тоғыз жасында әкесінен үйренген ән-күйлерді меңгеріп, қасиетті қара домбыраны жанына серік еткен Динаны жұрт сол кездің өзінде-ақ «домбырашы қыз» деп атап кеткен еді.
Күйшінің тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» күйлері өзегінен Батыс өңірі күйшілік дәстүрінің сарқылмас сарыны айқын сезіледі. Жастайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты дәулескер күйшілердің мектебін меңгерген дарын иесіне Құрманғазыдай ұлы күйшінің бата беруі тегін болмаса керек-ті. Оның: «Домбыраны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал», деген ақыл-кеңесінен шәкіртінің домбыра тартысына айрықша мән берген ұстаз ұлағатын аңғару қиын емес. Динаның репертуарында тек Құрманғазының ғана емес, атақты Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей мен Баламайсаң сынды дала данышпандарының шығармалары да көптеп кездеседі. Күй дүлдүлі шеберлігін шыңдау мақсатында көптеген өнер сайыстарына қатысып, қазақ ұлттық күй өнері үлгісінің үзілмей жалғасуына айтарлықтай үлес қосты. Күй орындаушылардың кейінгі өскелең буынына қасиетті қара домбыраның қоңыр үнін, халық композиторларының озық дәстүрін табыс еткен ғажайып дарын иесі мерейтойында орындалған шығармалар да сыңғырлаған сыршыл үнімен жан баурады.
– Шығармашылық кешті өткізудегі мақсатымыз – мерекені жоғары деңгейде атап өту, күйші мерейтойын ойдағыдай қорытындылау, халқымыздың дәстүрлі музыкалық аспаптық мұрасын ұлықтап, өскелең ұрпақты далалық өркениеттің дауылпаз рухында тәрбиелеу, сонымен қатар музыкалық-педагогикалық білім беру саласында орындаушылық дәстүрдің қалыптасуы мен дамуын әрі қарай лайықты жалғастыру, – дейді Домбыра кафедрасының меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» Батырлан Әбенов.
Өнер кешінде университет ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева күйшінің өшпес өнері мен өнегелі ғұмыры туралы баяндады. Күйшінің шөбересі, «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев осы бағытта атқарылған іс-шаралар үшін Мәдениет және спорт министрлігіне, Композиторлар одағына, Күйшілер одағына, Қазақ ұлттық өнер университетіне, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Д.Нұрпейісова атындағы академиялық колледжге, сондай-ақ Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы өнер шығармашылығы ұжымына алғыс білдірді. Күйші апамыздың мерейтойына арналған мерекелік тартулар әңгімеге арқау етілді. Соның бірі, астанадағы күйші Дина көшесі бойында бой көтерген, тұлға бейнесі шынайы бедерленген еңселі ескерткіш деуге толық негіз бар. Белгілі мүсінші Жалын Бауырқанның бұл туындысы күй анасына ғана емес, жалпы қазақ халқының өнеріне, соның ішінде күйдің құдіретіне көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.
Жалпы, биыл 100-ден аса түрлі деңгейде іс-шара өткізілсе, соның төртеуінің ғылыми-тәжірибелік және теориялық конференцияға арналуы күйші мұрасын зерттеп, зерделеу ісінің ілгерілей түскенін айғақтайды. Мұнымен қатар күй бұлбұлына арнап үш кітап жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Күй анасы Дина» (авт. Т.Қуанышев), «Дина Нұрпейісова» (авт. А.Ситалиев, А. Үлкенбаева), «Дина, Әсем Қоңыр» (авт. К.Сахарбаева). Бұл кітаптардың барлығы заманауи талаптарға сай сандық форматта кюар кодтармен, электронды флешкалармен басып шығарылған.
Тағы бір айрықша атап өтетін жайт, «Дегдар» қоры өткізген қайырымдылық шарасы барысында шеберлерге арнайы тапсырыспен жасатылған 160 домбыра өнер мектебі түлектері мен аз қамтылған отбасыларындағы өрендерге «Астана Опера» театрында салтанатты жағдайда табыс етілді. «Казақконцерт» бірлестігімен бірге ұлт-аспаптар оркестрлерінің және күйшілердің арасында челлендж ұйымдастырылып, оған 10-нан аса өнер ұжымы мен 20-ға жуық күйші қатысты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», тағы да басқа басылымдар мен интернет беттерінде 75-ке жуық мақала, сұхбат жарық көрді. Батыс Қазақстан облысының Жанақала ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтағанның төрағалығымен Д.Нұрпейісова атындағы республикалық күйшілер байқауы өткізіліп, жас күйшілер өнеріне қамқорлық көрсетілді. «Күй анасы» қоры шеберлер қолынан шыққан су жаңа домбыраны 30-ға жуық жас күйшіге табыс етті. Белгілі композитор, қобызшы Әлқуат Қазақбаев қобыз бен фортепианоға арнап музыкалық шығарма жазса, ақын Айбатыр Сейтақ өлең арнады.
– Дина Нұрпейісованың соңында қалған мол мұрасы әлі де тынымсыз зерттеуді қажет етеді. Апамыздың асыл мұрасы туралы дүниелер алдағы уақытта зерттеуші-ғалымдардың құнды еңбектерімен мұнан да молыға түседі деген үміттеміз. Сонда ғана ерекше дарын иесінің күмбірлеген күй-ғұмыры жарасымды жалғаса бермек. Сонымен бірге күйші Динаға орнатылған ескерткіштің маңындағы алаңды келешекте Күйшілер аллеясы деп атауды ұйғарып отырмыз, – дейді Т.Қуанышев.
Өнер кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Ғылымовтың дирижерлігімен ҚазҰӨУ-дің халық аспаптар оркестрі күйші Динаның інжу-маржан күйлерін орындады. Белгілі күйші Ш.Әбілтай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Т.Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері А.Ахмадиев, А.Мұздаханова, халықаралық байқаулардың лауреаты А.Тоқтаған, республикалық байқаулардың лауреаты М.Рысқалиев орындауындағы жауһар туындылар маржан сыры түбіне шөккен теңіз тектес терең әлем – күй құдіретіне барынша бас игізді. Студент-жастар күйші Дина шығармашылығына арналған кітап және домбыра көрмесінен көп мағлұматтарға қанықты. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбай жүргізді.