Жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде ұлттық болмысты сақтап қалу, заманауи қоғамның сұранысына орай дәстүрлерді инновациялау, биоэтика, ақыл-ой эволюциясына қатысты мәселелер «Философиялық Конгресс» қоғамдық бірлестігі, Философия, саясаттану және дінтану институты мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия, саясаттану және дінтану факультетінің ұйымдастыруымен өткен «Жаһандық трансформациялар дәуіріндегі Тәуелсіз Қазақстан философиясы» ІІІ конгресінде талқыланды.
Ғалымдардың кәсіби басқосуын Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, академик Серік Сейдуманов ашып, философияның қоғам санасына әсері, рухани-мәдени кеңістікте, ғылым-білім және тәрбие салаларында, идеологиялық үдерісте ерекше рөлге ие екендігіне тоқталды. Серік Сейдуманов атап өткендей, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің медиаторы және рухани-адамгершілік өзгерістердің катализаторы бола отырып, философия адам мен қоғам өмірінің құндылықтарын нығайтуда интеллектуалды бағдар ұстана отырып, дамуына ықпал етеді. Ұлттық философияның тарихы, рухани, мәдени мол қоры тереңде жатыр. Бұл жетістіктер диалектикалық логика мен фарабитанудың белгілі ғылыми мектептері, ғылыми әдіснамасы, еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен әлеуметтік-гуманитарлық дамуының қазіргі түйткілдерін зерделеуге арналған ғылыми еңбектерден тұрады. Дағдарыстан кейінгі кезең – қоғамның дүниетанымдық көзқарасы мен мазмұнын реттейтін ең маңызды рухани-интеллектуалдық құбылыс екендігін екшейтін уақыт. Осы кезде философия мобильді бола отырып, қазіргі заманның кедергілерін еңсеруді, адамгершілік қағидаларын жоғары деңгейге көтеруге қызмет етеді.
Бүгінде қазақ философтарының әлемдік ғылым кеңістігіндегі еңбегі орасан. ҰҒА академиктері Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаев, Досмұхамед Кішібеков, тағы да басқа ғалымдар өркениет пен мәдениетке, дін мен ділге, тұлға мен қоғамға біртұтас дүниетанымдық және әдіснамалық негіз болатын философияның қыры мен сырын еңбектеріне арқау етті. Жиын барысында Италия, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан Республикасы Философия және әлеуметтану институтының басшылары, ғалымдар Қазақстан философтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі хақында пікірлерін білдірді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан философиясының шығармашылық әлеуеті өскелең ұрпақтың жаңа құндылықтары жүйесіне бағытталуымен қатар ұлттық философияның шыққан тегін зерттеу, антология, сана-сезім, өзін-өзі тану, ғылым, мәдениет, дін, яғни заманауи қоғамның барлық саласын зерттеумен айналысып келеді. Жиынның модераторы, институттың бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы атап өткендей, технологиялық жаңғыру кезеңінде әлемде, қоғам өмірінде бұрын-соңды болмаған оқиғалар орын алуда. Ғылым, философия, сәйкесінше адамзат үшін де түйткілді мәселелер бар. Адам дамымайынша, барлық инновациялық үрдіс құлдырауға жақын, салдары зор. Президент Жолдауында адам капиталы, ғылым, білім, қоғам өмірінің әлеуметтік-гуманитарлық саласын дамытуға көңіл бөлінген. Осы ретте трансгуманизм, постадамзаттық идея, роботтандыру, адамзат өмірінің барлық саласы рухани, гуманитарлық бастамаларды қажет етеді. Адам жанын дамыту заманауи қоғамның стратегиялық міндеті. Ғылым, білім, технология, цифрландыруда рухани инновациялық басымдық керек. Ал әлеуметтік-гуманитарлық ғылымды дамыту мен рухани тәрбие мәселесі қашанда өзекті.
Философияның жобалық мақсаты болашаққа, адам дамуына бағытталған іс-тәжірибеге негізделеді. «Философиялық Конгресс» вице-президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Сергей Колчигин «Тәуелсіздікке дейінгі жылдарда философияның шығармашылық міндеті бостандық мәселесіне басымдық берді. Осы ретте қоғамдағы тарихи өзгерістер соңғы 30 жылда Қазақстан философиясы ғылымынан терең зерттеулерді талап етті. Ойлау онжылдығындағы бірінші кезең бүтіндей әлемтану идеясына арналды. Тәуелсіздігін алған ел үшін әлемнің бір бөлшегі ретінде мәдени кеңістікті қамтуға ұмтылысымен байланысты. Осы тұста қазақстандық диалектикалық логиканы дамытудың, дүниетанымдық, интегралды философияның негіздері әзірленіп, Шығыс пен Батыс мәселесіне, екіншіден, Еуразиялық феноменді зерттеуге көңіл бөліне бастады. Осы бағытта материалдар топтамасы жарыққа шықты. Еуразия контексінің пайда болуы адамдарды біріктіру идеясымен байланысты болды. Ол Еуропа және Азия елдерін ғана емес, еуразиялық руханиятты қамтиды. 2003 жылы академик Жабайхан Әбділдин философтарды руханиятты зерттеуге шақырды. Ол «жан теориясы» қажет деп атап өтті. Үшіншіден, осы руханият мәселесіне арналып, бүгінгі күні жан-жақты зерттеліп келеді. Осы кезде ғалымдардың этика жобасы әзірленді. Әсіресе қазақтың дәстүрлі мәдениеті философиясы зерттелді. Осылайша, отандық философия болашаққа қадам басып, ол теориялық тұрғыдан ғана емес, қоғам өмірінің барлық саласында көрініс берді.
Тәуелсіз Қазақстан философиясының қазіргі заманғы түйткілді мәселелеріне институттың Философия орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов сипаттама берді. Ең бастысы, философияның мемлекеттік тілде жазылып, қазақ тілінде сөйлеуі маңызды. Философия қоғамға дүниетаным, даналық ретінде, танымның бір әдістемесі ретінде таныс болуы керек. «Салада қандай жетістікке жеттік, қалай дамып келеді?» деген сауалдар төңірегінде ой тастаған Серік Нұрмұратов «Отандық философия тәуелсіздік кезеңінде біршама ширықты, көптеген мәселені айқындай бастады. Соның ішінде ұлттық философияның орны бөлек», деп атап өтті. Бүгінде ұлттық философияны дұрыс түсінбейтіндер бар. Негізінде ұлттық философия белгілі бір әлеуметтік, демографиялық, мәдени ортада жүйеленеді. Өзіндік рухани келбетін танытуы тиіс. Кант, Гегельсіз неміс философиясы танылар ма еді. Олар француздың, ағылшынның философиясына, Аристотель, Платонға сүйене білді. Десек те, неміс халқының табиғатын, психологиясын, рухани байлығын, дәстүрін жинақтап әлемге жарқыратты. Владимир Соловьев пен Николай Бердяевты мысалға алар болсақ, олар орыс халқының рухани байлығына зер салды. Бұдан ұлттық философия әлемдік философияны жарқырата көрсете алатын қозғаушы күшке тең екенін көреміз. Ал оның өзегін этнофилософия құрайды. Тәуелсіздік жылдарында біраз тұлғаларымызды таныта алдық. Бұл бір құптарлық іс дейтін болсақ, отыз жылдық кезең алғашқы баспалдақ іспетті. Ал алдағы кезеңде тереңдетілген, салыстырмалықты басшылыққа алатын қадамдар қажет. Әлемге рухани байлығымызды танытуда философиялық мәдениетті, ойлауды дамыту – уақыт талабы. Даналығы бар халық терең ойлы, сапалы халыққа айналуы керек. Ал ол жарқын болашағымызды айқын бедерлейтін болады.
Қазақстан философиясындағы трендтер, мәселелер және болашағын қозғай отырып, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде күрделі кезеңдерден өткендігін ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, институттың бас ғылыми қызметкері Наталья Сейтахметова негізге алды. «Құндылықтар, ғылым парадигмалары өзгеріске ұшырады. Бұрынғы жазылғандар, маркстік-лениндік, тарихи және диалектикалық материализм, атеистік қағидалар жаппай сынға алынды. Осылайша, философияда идеологиялық вакуум пайда болды. Осындай турбулентті философиялық шындық жағдайында бұрынғы когнитивті қағидалар, әдістемелер мен ғылыми негіздерді қайта қарау қажеттілігі туды. Алайда қысқа мерзім ішінде мұны қалай жүзеге асыруға болатын еді? Сондықтан бұған дейін жазылған ең үздік еңбектерді сақтап қалу қажеттігі туды. Кеңестік философия – бүтіндей интеллектуалды ойдың феномені, оның барлығында тоталитаризм сипаты бар деп айта алмаймыз», дейді Наталья Сейтахметова. Философия осы салада еңбек еткен ғалымдар өмірінің мәніне айналды. Олардың арқасында философиялық матрицалар құрылып, жаңа бағыттар пайда болды. Бүгінгі философияның ерекшелігі ілгерінді және демократиялық бағыт ұстанып отырған әлеуметтік және мәдени қағидаттарға негізделгенімен байланысты.
Білім беру процесіндегі философияның өзектілігіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бекжан Мейрбаев тоқталып өтті. «Ұлттық университетте бірнеше онжылдықтың мәдени, әлеуметтік-саяси ахуалын бейнелеуге қабілетті философиялық білім беру дәстүрі өткен ғасырдың ортасында қанат жая бастады. «Философия» мамандығы бойынша бакалавриаттың алғашқы бағдарламалары ҚазҰУ-да ашылды. Қазақстандық білім беру жүйесінде алғашқы магистр-философтар университет дипломын 1998 жылы алды. 2010 жылдан бастап бұл оқу орны философия докторы (PhD) дәрежесін алуға жетелейтін докторантура бағдарламаларын ұсынып келеді. Философиялық білім, қаншалықты іргелі болса да, толық мағынасында мамандықты игердім деп айтуға мүмкіндік бермейді. Философия алдында тұрған міндеттер дүниетанымдық сипатта. Егер философия классикалық анықтама бойынша ойға енген дәуір болса, онда бұл ой біздің шындық пен руханиятымызды бейнелейді. Бүгінгі философия, қоғамдағы білім, ғылым, этика және әлеуметтік мәселелердің іргелі мәселелерін шешеді. Демократиялық қоғамда философия еркін рефлексия ретінде дами алды, ол – тәуелсіздіктің жемісі.
АЛМАТЫ