Ел ішінде мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін дөңгелетуге ұмтылып отырғандар аз емес. Арагідік тосын шаруамен айналысуға талаптанатындар да бар. Ең бастысы, сулы, нулы өңірдегі иесіздіктен игерілмей жатқан су айдындары да кәдеге асырыла бастады.
Қорғалжын өңірі ежелден табиғи байлығымен ерекшеленетін аймақ. Аудандағы он сан көлдің балығы тайдай тулап жатыр. Тұтынушы да іргеде. Тек көңілге қонымсыздығы, иен ырыстың ұқсатылмауында еді. Абай ауылындағы жаңадан салынған балық өңдеу цехы осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар.
– Біз ұзақ мерзімге жалға алған су айдынында шортан, табан, көкжон, алабұға тәрізді балықтың бірнеше түрі өрістейді. Қазір су құрамын зертханадан өткізудеміз. Нәтижесіне орай басқа балықтардың да тұқымын сатып алып, балық түрін байытуға ниеттеніп отырмыз, – дейді кәсіпкер Ерсайын Хасенов, – ауланған балықты өңдеп, тұтынушыға жеткізсек, елге де, өзімізге де пайдалы болар еді.
Аумағы елу гектарға жуық су айдынының орташа тереңдігі 12 метрге таяу. Кәсіпкер ережеге сәйкес жағалауды тазартып, бітеліп қалған табиғи су көздерін, қар-жаңбыр суы ағатын жылғаларды аршып, қыстың күні мұзын ойып тынымсыз еңбек етуде. Балық түрі көбейген соң ауылдағы ағайын да қармақпен аулап, қызығын көрмек.
Жаңа цехты салуға 50 млн теңге қаражат жұмсалған. Оның 20 млн теңгесі өз қаржысы болса, 30 млн теңгені алты жылға несиеге алыпты. Қазір төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
– Бұрын ойда бар кәсіп болғанымен, бұл тарапта тәжірибеміз жоқ еді, – дейді кәсіпкер. – Қытайдың іскерлерінен үйрендік. Балықты сүйегінен аршып, етінен бірнеше түрлі жартылай фабрикаттар дайындаймыз. Өзіміздің өсірген балығымызға қоса, аудандағы осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің балығын да өңдеп береміз. Осылайша, біраз жұртқа жеңсік балық еті тұтынушыға сапалы дайындалып жеткізіледі.
Көлді жалға беру табиғатты сақтап қалудың бір амалы. Облыста осы орайда бірқатар шаруаның басы қайырылып жатыр.
– Алдағы уақытта да иесі жоқ су көздерін қолданыстағы заңға орай жалға беретін боламыз, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – бұл талпыныс шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етсе, екінші жағынан азық-түлік молшылығын жасауға септеседі.
Несі бар, жомарт табиғаттың өлшеусіз сыйын ұқсата алсақ, қанекей!..
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы