• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2021

Сындарлы сыртқы саясат

513 рет
көрсетілді

Қазақстанның 2021 жылғы сыртқы саясат саласындағы қадамдары табысты болды. Еліміз көптеген маңызды келіссөздер жүргізіп, теңгерімді және конструктивті бағыттағы саяси ұстаным сақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдерге сапарлары, екіжақты қарым-қатынастар, Қазақстанның серпінді бастамалары еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайта түсті.

 

Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдерге сапарларына тоқталып өтсек. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен 150-ге жуық іс-шара өткен екен. Президент 10 елге барып, 20 мемлекетаралық саммит пен форумға қатысты.

Мәселен, Мемлекет басшысы биыл Оңтүстік Корея Рес­публикасы мен Түрікменстанға мемлекеттік сапармен барды. Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар барысында Президент Мун Чжэ Инмен келіссөздер өткізді. Нәтижесінде, 1,7 миллиард доллар болатын 30-дан астам келісімге қол қойылды.

Түрікменстанда экономика, көлік қатынасы, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және сауда салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 20 құжатқа қол қойылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шы­­сы Тәжікстанға, Бельгияға және Швейцарияға ресми сапар­мен барды. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, өзара сауда-саттықты 1 млрд дол­­лардан асыруға уағдаласты. Со­ны­мен қатар қазақ-тәжік қаты­настарын жаңа деңгейге шы­ға­ра­тын екіжақты алты келі­сім­ге қол қойылды. Сондай-ақ Қ.Тоқаев 16-17 қыркүйек күн­дері Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сі­нің сессиясы және Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы саммитіне қа­тысты.

Мемлекет басшысы Бель­гия­ға сапары барысында Король Филип­пен және Премьер-мини­с­тр Александр Де Кроомен келіс­сөздер жүргізіліп, сауда-эконо­микалық ынтымақтастық жө­нін­дегі үкіметаралық комиссия құруға уағдаласты.

Бельгияда Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен келіссөз жүргізді. Еуропалық лауазымды тұлғалар Қазақстан мен Еуропалық одақ қатынастарын, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын жоға­ры бағалады.

Швейцарияда Мемлекет басшысы осы елдің президенті Ги Пар­меланмен келіссөздер өткіз­ді. Сапар барысында жалпы құ­ны 300 млн доллардан ­аса­тын 6 коммерциялық келі­сім­ге және коммерциялық емес 10 құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Президентінің қарт құрлыққа сапары екі мәселені анық көрсетіп отыр. Біріншіден, бұл Қ.Тоқаевтың халықаралық арена­дағы саяси салмағын көрсе­те­ді. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Еуропа елдері жақсы таниды. През­идентіміз үлкен саясаттың Олимпіне шығып, БҰҰ-ның Жене­вадағы кеңсесін басқарған алғаш­қы Азияның өкілі ретінде аты қалғаны белгілі.

Екіншіден, Еуропаға сапар Қазақстанның халықаралық саясатта маңызды ойыншыға айнал­ға­нын дәлелдеді. Брюс­сель­дің Еуропаның саяси астанасы, ал Швейцарияның әлемдік қар­жы орталығы екенін ескерсек, Қазақ­стан­ның саяси және эконо­ми­ка­лық бағытта белсенді саясат жүргізіп отырғанын аңғарамыз.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына, Түркияға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде Ауғанстандағы ахуал­ға­ байла­ныс­­ты аумақтық қауіп­сіз­дік, сондай-ақ ин­тег­ра­ция­лық бір­лес­тік аясын­­дағы ынты­мақ­тас­тық мәсе­ле­лері бойынша пікір алмасты.

Президенттің Түркияға сапары барысында Түркі әлемінің ынтымақтастығына қатысты ма­ңызды шешімдер қабылданды. 12 қараша күні Ыстанбұл қаласында өткен Саммитте Түркі тілдес мемлекеттер кеңесі Түркі мемлекеттер ұйымы болып қайта құ­рыл­ды. Сондай-ақ «Түркі әлемі ке­ле­шегі 2040» стратегиялық құ­жаты қабылданды.

Бұдан бөлек, елімізге ат басын бұрған шетелдік басшы­лар да бар. Тоғызыншы терри­торияға мемлекеттік сапарды қырғыз ағайындар бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров стратегиялық серік­тес­тік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңір­лік және халықаралық өзекті мәсе­ле­лер бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ Қазақстанға Өзбек­стан президенті Шавкат Мир­зиёев мемлекеттік сапармен келіп, екі ел президенттері Одақ­тастық қатынастар туралы декларацияға қол қойды. Айта кетерлігі, Ш.Мир­зиёев Өзбекстан президенті ретін­де қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастады. Әдетте халықаралық саясатта жаңадан немесе қайтадан сайланған мемлекет басшысының алғашқы сапары сол елдің басымдықтарын білдіру тұрғысынан маңызды саналады.

Мемлекет басшысы күзде өңір­­лік деңгейдегі екі іргелі жиын­ға қатысты. Әуелі Жоғары еура­зиялық экономикалық кеңес­­тің отырысы өткен. Аталған іс-шарада Президент ұйымға қа­тыс­ты күрделі мәселелерді атап көрсетіп, пандемияның салдарымен күресуде ынтымақтастықтың маңызды екеніне ерекше екпін берді. Содан кейін Қ.Тоқаев қатысқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысының  қорытындысы бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға ба­ғыт­талған бірқатар құжатқа қол қойды.

Сыртқы саясаттағы маңызды ба­ғыттың тағы бір парасы – Азия­дағы өзара іс-қимыл және се­нім шаралары жөніндегі ке­ңес. Қазан айында АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-кеңесі өтті. Мемлекет басшы­сы аталған жиынға қатысып отыр­ған делегация басшыла­рымен кездесті. Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір ал­ма­сылды, АӨСШК шеңберіндегі ынты­мақтастықтың түрлі сала­ла­рындағы мүше мемлекет­тер­дің өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен перспективалары талқыланды.

Жаздың соңғы айында бүкіл әлемді дүр сілкінткен оқиға бол­­­­ғаны мәлім. АҚШ әскерін Ауған­­станнан шығарғаннан кейін «Талибан» ұйымы санау­лы күн­нің ішінде билікті өз қо­лы­­на алды. Осы оқиға байла­ныс­­ты БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және онда аккредит­телген БҰҰ-ның басқа да агент­т­іктерін Ал­маты қала­сы­на уақытша орналас­тырды. Мемлекет басшысы өзі қа­тыс­қан барлық халықаралық саммиттерде, конференциялар мен түрлі форматтардағы жиындарда ауған халқын қазіргі ауыртпалықтарымен бетпе-бет қалдыруға болмайтынына назар аударып, әлемдік қо­ғам­дас­тықты Ауғанстанға мей­лін­ше қолдау көрсетуге және он­дағы ауыр гуманитарлық жағ­дайды түзеуге шақырып келеді. Сондай-ақ Қазақстан Ауған­стан­да қиын жағдайда қалған қандастарымызды елге әкелу жұмысына белсене кірісіп отыр.

Президент БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебаттарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жө­­нін­­дегі саммитіне, COVID-19 пан­­де­миясы жөніндегі жаһандық сам­­митке және Ядролық қару­ды толық жою жолындағы Халық­ара­лық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық оты­рыстарға онлайн режімде қа­тыс­ты.

Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетел­дік делегацияларды көп қабылдады. Мәселен, биыл Сирия дағдарысы жөніндегі «Астана процесінің» екі раунды өтті. Бірінші келіссөздер шілдеде өтсе, таяуда 21-22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында ұйым­дас­тырылған жиынға Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі және сириялық оппозиция қа­тыс­ты. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак өкілдері келді. Тараптар Сирия­дағы ахуалды, «Астана процесі» аясында бұрын қол жеткізген келісімдерді орындау мақсатында деэскалация аймақтарындағы тұрақтылықты қолдау міндеттерін қарастырды.

Тағы бір маңызды жаңалық, БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы барысында Қа­зақ­стан Республикасы 2022-2024 жылдарға БҰҰ Адам құ­қық­­тары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Еліміз гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағ­да­йында адам құқықтарын құр­меттеу мәселелеріне басым­дық береді.

Сыртқы саясаттағы мәде­ни бағыттар бойынша жетіс­тік­те­рі­міз де жетерлік. ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конфе­рен­ция­сы­ның арнайы қарарына сәйкес, тілтанушы, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы ұйымның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енді. ЮНЕСКО-ның «Адам және биос­фера» бағдарламасының халық­аралық үйлестіру кеңесінің (ХҮК МАБ) 33-ші сессиясында дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне «Көлсай көлдері» қазақстандық мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі қосылды. Осы­лай­ша, Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резер­ват­та­рының саны 13-ке жетті.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда сыртқы саясатқа басымдық беріп отыр. Оны мынадан да аңғарамыз. Сыртқы істер ми­нистрінің лауазымы кеңейіп, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Өткен айда Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Пре­зидент әлемде қалыптасып отыр­ған жағдайларға орай, сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеу керек екенін жеткізді. Осыған байланысты сыртқы саясаттағы басымдықтарды атап өтті.

Қорыта айтқанда, 2021 жыл сыртқы саясатымыз үшін табыс­ты аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Еліміздің сыртқы сая­си аренадағы ықпалдастығы нығайып келеді. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті.