• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қаңтар, 2022

Бауыржан Қаптағай: Шоу мен театр – екі бөлек дүние

583 рет
көрсетілді

– Бауыржан Есқожаұлы, М.Әуе­зов атындағы драма театрдың белді актері ретінде сахнадан түспей ке­ле жатқаныңызға қырық жылдан асып барады. Соңғы жылдары ки­но­дан да жиі байқап жүрміз. Актер­лік кәсібіңізге ерекше ықпал еткен театр тұлғасы ретінде кімдерді атар еді­ңіз?

– Біз, актерлер, кей шақта «анау ме­нің ұстазым», «мынау ме­нің мұғалімім» деп өз-өзімізден бөлініп шыға келеміз. Сөйтіп қазақ өнерінің көгіндегі жұл­дыздардың жарығымен бойымызды жылытып, өз қабілет-қарымымызға қалқан еткіміз келеді. Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Нұрмұхан Жантөрин, Рабиға Мұқаеваның шәкір­тіміз дегенде, бір жағы, сол кісілердің таланты мен тәлімін өз бойымызға өл­шегіміз келгені ме екен? Ал сол тә­лімгерлеріміз өмір сүрген кезеңде «театр-романтизм», «театр-реализм» деген болды. Бөлінудің қажеті жоқ, осы корифейлердің бәрі де бір театр жүйе­сінен ілім жинап, бір мектептің тағылымымен қалыптасқан өнер қай­раткерлері. Әрқайсысы бір-бір Ала­тау, ал осы алыптардың бәрінің басында, әрине, Асқар Тоқпанов ағамыз тұр. Асқар аға менің де ұстазым.

– Ғасырлық мерейтойына қа­дам басып келе жатқан театрдың ауқым­ды тарихының куәгерісіз, бү­гінгі теат­р қандай бағытта дамып келеді деп ойлайсыз?

– «Мықты актерлер бүгінде көп шығып жатыр», «бұрынғы әртістің бәрі пафос, жасанды ойнайтын еді», деп кешегінің бәрін тәрк етіп, өнердің тарихын өзінен бастағысы келетін әң­гімені ара-тұра құлағымыз шалып қалады. Театрдың мәселесі – ауқым­ды мәселе. Бүгін жарияланған жа­ңа­лық ертеңге жетпей ескіріп, буыр­қанған алмағайып уақытта өнердің де бағытын белгілеуі оңай емес. Театр бір қарағанда «тұрмыстық реализм» бағытында жұмыс істеп жатқан сияқты әсер береді. Бірақ театрымыздың сах­насында ұлттық драматургия, батыс классикасы, комедия, трагедия, бар­лық жанр, алуан тақырып тұтас қам­тылады. «Реализм болуы керек, бәрі де өмірдегідей шынайы болуы керек» деп сіз екеуміз сөйлесіп отырғандай әңгімелесетін болсақ, онда театр театр болудан қалады. Театрдың өз заңы бар. Рас, бүгінгі театр тез ойлап, тез шешім қабылдап, тез әрекет жасауды қажет етеді. Баяғыдай етек-жеңі жайылған кең заман келмеске кетті, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан өмірдің ағынына театр да шапанын жаңалап киіп, ілесіп отыруы керек.

Өнер, театр төңірегіндегі кемшілік пен келеңсіздікті уытты тілімен өт­кір сын садағына алудан шаршамай өткен орыстың атақты актері Вален­тин Гафттың: «Ажал түк те қорқы­ныш­ты емес. Қорқыныштысы сол, сен өлгеннен кейін фильм түсіріп, сенің образыңда Безруковтың ойнай­тыны!» деп ащы мысқылмен айтатыны бар. Ойландыратын сөз. Бір ғана актер батырдың да, ақынның да, ханның да, қараның да рөлінде оңды-солды талғаусыз ойнай беретініне күйінгені ғой. Талант таныла бастаған алғашқы жылдары бұл ізденіс деп аталып, көрерменнің құрметін оятуы мүмкін, бірақ танымалдылықтың жөні осы деп жанкештілікке салынып, талғамсыздыққа ұрынар болса, кейін көрерменді мезі етіп, ақыры өзінен жирендіріп те жібереді.

Ал мұның тағы бір қыры бар. Бү­гінгі театр актері 1970-1980 жыл­дарда атағы аспандап, даңқы дүр­кіреген әртістер секілді ойнаса, халық қа­был­дамауы мүмкін. Түсінбей қала­ды. Пандемия алдында Жапонияға гастрольдік са­пармен барғанымызда, таза кәсіби қызығушылықпен Токио театрының спектаклін тамашаладық. Олардың спектаклі біздегідей емес, бес-алты сағат жүреді екен. Арасында 30-40 ми­нуттан бірнеше антракт бар. «Сахна тілі» деген түсінік актерге ғана емес, күллі көрерменге арналып ай­тылғанына сонда бір куә болдым. Сахнада ойнап жүрген актер мен актрисаның айтқанын түсінбесек те, дауыс мақамы, қозғалысы мен қимылына қарап отырып, аздан соң спектакльдің мазмұнын түсініп алдық. Ал ойын үлгісі бізше айтқанда, пафос. Актерлер қалыптасқан жапон театры мектебінің үлгісімен ойнап жүр. Тіпті кей тұсында сахнадағы екеудің ойын өрнегі атақты Станиславскийдің жүйесіне де ұқсап кететін сияқты та­ңыр­қатып қояды. Бірақ еліктіріп әкетіп барады. Не керек, алты сағат тапжылмай отырып тамашаладық. Міне, әр театрда осындай ерекшелік болуы керек.

– Белгілі театр реформаторы Бо­лат Атабаев бақиға кетер алдында сү­йікті театрына келіп, «Пері қа­­­­­тын» спектаклін тамашалап, сіз ой­наған Дінбасы рөлі туралы жылы пікірін білдірді. Дінбасының екі­жүз­­ділігін, сатқындығын жасан­ды­­лыққа ұрындырмай сенімді әрі өте қа­рапайым ойнадыңыз. Осы спек­­­такльдегі рөліңіз үшін «Қара­ша­ңы­рақ» фестивалінде «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесін иелендіңіз-ау деймін...

– Болат Атабаевтың басқа режиссер­лерден ең үлкен айырмашылығы һәм артықшылығы, актердің мақсатын айқын және дәл белгілейтін. Актер сахнада толықтай еркіндік сезінеді. Мінезі шөлде өсетін сексеуілдің бұтағы сияқты иір-қиыр еді. Мәймөңкені білмейді, халық әртісі ме, қатардағы әртіс пе, бет-жүзіне қарамайды, отыр­ған орнынан тұра алмастай осып-осып айтып салады. Көп әңгімеге бармайтын, «ал бастайық» деп репетициясын бірден бас­тай жөнеледі. Талапшыл бол­ға­нымен, ол кісімен жұмыс істеу қиын емес еді. Театрдың діңгегі – режиссер. Спек­такльдің тағдыры режиссердің қо­лында. Режиссер актерден әлденеше есе сұңғыла болуы керек. Болат ағамыз бө­ліп-жаруды біл­мейтін бірегей режиссер еді, со­ңынан Фархад Молдағали, Елік Нұрсұлтан, Жұлдызбек Жұманбай сияқты жастардың Атабаев бастап кеткен өзгеше соқпаққа түсіп, бүгінгі сахна әлемін өзінше өрнектеп жүргеніне қуанамын.

– Өзге әріптестеріңізден даралайтын басты ерекшелігіңіз дауысыңыз дер едік. Бүгінгі жас актерлер сіздің гү­рілдеген дауысыңыз сияқты қуат­ты дауысқа ие емес. Кейінгі актер түр-тұлға жағынан қалай майдалан­са, дауысы да солай жіңішкеріп ба­ра­­ды. Бүгінгі театр өнері үшін дабыл қа­­­ғатын жағдайға жеткенімізді шы­ны­­мен ешкім естігісі, елегісі келмей ме?

– Актердің дауысы ерте бастан қойылуы керек. Бұл мәселенің бүкіл түп-тамыры өнерге баулитын оқу орындарының педагогикасында жатыр. Сахнада артистизммен бірге көп мәселені дауыс шешеді. Мысалы, менің дауысыммен Майра ұстазым көп жұмыс істеді. Ол кісінің кереметі, жіңішке дауысты жуан, жуан дауыс­ты жіңішке жасап беретін. Менің кеңірдектің бергі жағынан шығатын жуан дауысымды жүз қайтара сынақтан өткізіп, «сындырғаны» сонша, ақыры мен шаңқылдап сөйлейтін болдым. Бұл дауыс ұнамайтын болған соң қайта жұмыс істеуге тура келді. Дауысты рет­­ке келтіру үшін ән салдырды, өлең оқытты, ақыры ұзақ уақыт бойы әуре-сарсаңды бастан кеше жүріп, әрең дегенде діттеген деңгейге жеткізді. Бү­гінгі актерлердің арасында 4-5 балада ғана театрдың дауысы бар сияқты сезіледі. Бәзбіреу маған «алдымен өзіңді жөндеп ал» деуі де мүмкін. Мен өзімді өмір бойы жөндеуден жалыққан емеспін. Нұрмұхан Жантөрин мен Ыдырыс Ноғайбаевтың таудан тастың құлағанындай, арғы жақтан арқырап-сарқырап келетін дауысындай күшті дауыс бүгінгі театрға керек емес деп кім айтты? Әбден керек. Бірақ қайда? Қазір бірқатар театр сахнасына салбыратып микрофондар іліп тастаған. Түбіне барып сөйлесең, гүр-р ете түсе­­сің, тыныштықты тіліп түскен дауы­сың былай шыға бере, жым болады. Сол себепті актердің дауысы бірінші күннен бастап дұрыс қойылуы керек. Әр әрпі таза шығатын дұрыс дауыспен сахнада сауатты ойын үлгісін көрсетсе, залдың қай бұрышында отырса да, ол дауысты көрермен де естиді. Мұны «посыл» дейді. Бұл «посыл» дегенің бұрынғы актердің ұраны еді. Ал қазір кей актерге «дауысыңды жеткіз» десе, айғайға басып кетеді.

– Кинорежиссерлердің көпшілігі «театрал ойнаудың керегі жоқ» деп түсірілім алаңында театр әр­тіс­терін барынша шектеп, олардың кәсі­билігіне көрінеу көзге қиянат жасай­тынын несін жасырайық. «Театр­дағыдай ойнама!». Бірақ фильмнің сал­мағын көшеден шақырған, ешкім танымайтын кездейсоқ актер емес, сахнада жүріп ысылған театр актері көтеріп тұратынын мойындау керек, сіз қалай ойлайсыз?

– Осының бәрі тағы да актердің сөз саптауы мен сөйлеу мәнерінен туындап жатқан әңгіме. Қалай айтсақ та, актерге дауыс керек. Ал қазір ше? Театрдың өзін шоуға айналды­рып жібердік. Ал шоу мен театр екеуі екі бөлек дү­ние. Көңіл күйіңді кө­теріп, жаныңды сергітетін шоу деген жақсы, алайда театрдың атам заманнан келе жатқан басты мақсаты ойға жетелеу, ойландыру еді ғой? Бүгінгі жастардың ауызекі сөзі, жастардың өзара әңгімелесуі арасындағы сөз мәнері театрдың түбіне жете ме деп қорқамын. «Барсай», «келсей», «оты­рық», «баратырық» деген сөздерді қазір сахнадан да естиміз. Осының бәрін театрға кім әкелді? Мұ­ның бәрін сатиралық театрлар әкел­ді. Кейбір сатиралық театрлардың ке­йіптеуіндегі кейіпкерлерге көз са­лайықшы: кемпірі – жынды, шалы – нақұрыс, келіні – кісәпір, ұлы – ынжық. Қоғам болған соң мұндай жекелеген отбасылардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз, бірақ баласын – байлық, отбасын – алтын қазығы санаған жалпы қазаққа жат қылықты таңып, үлгі ету­дің ке­регі бар ма? Бір көрсет, екі көр­сет, бірақ көрерменді арсыз күлкіге үй­ре­тіп, ұлды намыссыздыққа, қызды әдеп­сіздікке тәрбиелейтін жағымсыз міскін мінезді көрсетіп, насихаттап келе жатқанымызға ширек ғасырдан асты ғой, осы туралы ойланатын бір са­налы адамның табылмағаны ма сол төңіректе? Белден басқан, қатеге тұнған бейшара сөз бен рухсыз, нәрсіз, ұрда-жық мінезді тізеге салып тұрып сіңіріп жатқан тілбұзарлар мен санасы тайыздарды «әй, қойсаңшы» деп тізгіндейтін бір адам не министрліктерден не телеарналардан табылмай тұр, өкінішке қарай.

– Жеке студияларда түсіріліп, жа­­рыққа шығып жатқан фильм­дер­­дегі бетімен кеткен бейәдеп сөзге тыйымның болмағанына қарнымыз ашып, қажып жүргенімізде, мұндай албаты айтылатын анайылықты кейінгі жылдары театр сахнасынан да естіп қалатын болдық. Театрдан мәдениет көргісі, сахнадан сұлулық сезін­гісі келетін көрерменнің құ­ла­ғын тіліп түсетін дөрекілеу сөзді ак­­тер­­дің аузымен айтылуы өте-мөте тік­сіндіреді.

– Рас, жеке студиялардан шығып жатқан фильмдер күннен-күнге сорақы болып барады. Аңдамай жүріп біреуіне абайсызда мен де түсіп қалдым. Соны ойлап, кейде іштей қысылып қаламын. Бірақ режиссер талабы солай болды. Қазір мектеп, жоғары оқу орны, жалпы жастар көп шоғырланған жердің бәрінде осы келеңсіздік байқалады. Ал театрдың киелі сахнасы былғанбауы керек. Актер эмоцияға беріліп кеткенде, мәтінді ұмытып қалғанда бай­қамай айтып қалмаса, сахнада рұқсат етілмеген лексикаға жол берілмеуі керек.

– Рөл берілмей, сахнадан сырт қалып, торыққан кезіңіз болды ма?

– Ұжымдағы өзіммен қарайлас жігіттерді бұл қатарға қоспағанда, біз театрға 17-18 жігіт бірге келіп едік. Бойы 190 см, қолында домбырасы бар, сыр-сымбаты келісті жарқ-жұрқ еткен сол жі­гіттерден театрда бүгінде екі-ақ ак­тер жүрміз. Түрлі себеппен бәрі кетті. Неге кетті? Біздің жасымыз да, міне, 70-ке таяды. Маған жиырма жыл рөл берілмеді. Театрда жүріп сахнаға шыға алмағанның, рөл ойнамаудың қасіретін актер ғана біледі. Әсіресе жасындай жарқылдаған жас күніңнің образ аңсап, құсамен өткені қиын-ақ. Жаныңда сыздауық жара пайда болып, іштен жылап, іштен тынып, ауырғанын жан баласына білдірмей өз жараңды өзің жалап, торығып, түңілумен күн кешудің қиындығын тірі жанның басына бермесін. Не өлі емессің, не тірі емессің. Жолақыға қалтамда қара бақыр да жоқ, сонау «Татаркадағы» үйімнен театрға жаяу келген күндерім көп болды. Сол қиын кезеңдегі Әзірбайжан Мәмбетовтің қолдауын ешқашан ұмыт­паймын. Менің жайымды жақсы түсініп, өзі директор болып барған Астанадағы драма театрға жұмысқа шақырды. Бауыр басқан Алматыны қиып кету оңай емес, бара алмадым.

– Сіз «Анна Каренинада» бас кейіпкердің ері Алексей Каренинді ойнадыңыз. Каренинді өзінің, әйе­лінің, жалпы өмірдің алдында нем­құ­райлы, салғырт, бойкүйез адам ре­тінде кейіптедіңіз. Әйелінің кө­ңілі Вронскийге ауып, сатқындық жаса­ғанын біле тұра Карениннің сон­шалықты салқынқандылық таны­туы неліктен?

– Анна мен Вронскийдің махаббаты бір күнде бастала салған жоқ. Каренин әйелінің көңіліне қараулық кіргенін, Вронскийді сүйетінін ертерек байқады. Бірақ ол Аннаның басқан ізін аңдып жүретін қызғаншақ күйеу емес. Онда Каренин күйіктен өліп кетуі мүмкін еді. Каренин – қайшылығы мол күрделі образ. Әйелі көзіне шөп салып, намысын аяққа таптап жатса да, жұмысы басынан асқан, қоғамда өз орны бар, мансабын жоғары қойған шенеунік Аннамен айырылыспайды. Оған мұндай әйелдің керегі жоқ, бірақ мансабы үшін керек. Каренин «маған жамандығын көр­сетпесе, болды» деп отырған кәрі адам, бір қарағанда, аяушылық та туды­рады. Аннасыз да оның өмірге құр­ған жоспары жетерлік. Бірақ шын мәнінде ол Аннаны сүйеді. Үлде мен бүлдеге оранып, байлықты биік қойған Анна күйеуінен де, нақсүйерінен де айрылып, ақыры далада қалды. Әйел затының бақытсыздығы деген осы. Аннаны да, Каренинді де мың сан түрлі етіп құбылтып ойнауға болады.

Адамға қазір не қызық? Сөзден гөрі ой қызық. А.Тоқпанов: «айтылған сөз – күміс, айтылмаған сөз – алтын» де­генді жиі айтатын. Дауыл секілді ұйыт­қыған ішкі қайшылықты, көңіл күйдің түрлі реңкін оймен жеткізу өте қиын. Сахнаға шыққан актер кейіп­керін өзінше ойнап шығады, ал көрер­мен оны өзінше түсініп отырады. Бастысы – сахнада ахуал қалыптастыру, көрерменге адам­гершілікке негізделген рухани, ізгілікті ой бере алса, театр деген, міне, сол.

– Жақында жарық көрген «Мұ­қағали» фильмінде әсерлі бір кадр бар. Мұқағалидың баласы Айбар Мағ­жанның өлеңдерін ескерт­кіш­тер­ге жапсырып жүрген жерінен ұс­­тал­ғаннан кейін баласын босатып алуға көмектесуін сұрап Мұқа­ғали Нұрғиса досын ертіп, Б.Мо­мыш­ұлы­на келеді. Кадрда қазақтың үш алыбы – Бауыржан, Мұқағали және Нұрғиса отыр. Батырдың бей­­несі­мен үйлесімді көріну үшін қан­дай шы­ғармашылық ізденістен өт­тіңіз?

– Бауыржан Момышұлы туралы студент кезімізден ұстазымыз Асқар Тоқпановтан аңызға бергісіз әңгімелер тыңдайтын едік. Себебі Асқар ағамыз да батыр мінезді адам, екеуі жақсы тіл табысып араласатын. «Мұқағали» фильмінде ақынның бұрын-соңды айтылмай келген өмі­рінің ең қасіретті оқиғасы баяндалды. «Белгілі адамдардың балалары» деген тақырып – қоғамда әлі беті ашыл­маған, сырын ішіне бүгіп, жұм­бақ күйі жабық жатқан тақырып. Ақын­ның баласы сол кепке тәрбиесінің төмендігінен ұрынған жоқ, керісінше, әкесі әкелген кітаптарды оқып, рухани дамып, санасы биіктегеннен кейін сол қадамға барып отыр. «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп өзі жырлағандай, Мұқағалидың мықты ақын болып қалыптасуында оның те­періші көп тағдыры үлкен рөл ойнады. Алдымен осыны түсінген дұрыс. Өткен жылдардың бір оқиғасы елес беріп отыр. 1983 жылдары Нарынқол жаққа гастрольге барып, ауылдағы көп үйдің біріне түстік. Сөйтсек сол ауылда мал дәрігері болып жұмыс істейтін Мұқағалидың кластасы екен. «Біз ақымақ болған екенбіз» деген еді сонда ағамыз, – Мұқағали Алма­тыдан келіпті дегенді естігенде, есігі­мізді іліп алып тығылып отыратын едік. Жарайды, құрметтерміз, сыйлар­мыз, бірақ ақынның үсті-үстіне өлең оқы­ғысы келіп тұратын мінезін мүл­де түсінбеген екенбіз. Қазір ойлап қара­сақ, оның өлең оқығысы келетіні – іш­тегі шерін, мұңын, қайғысын айтып, бө­ліскісі келетіні екен ғой. Біз оны қайдан білейік?» деп еді.

Көп режиссерлер әлем-жәлем сырт­қы пішінге көбірек назар аударады, ал «Мұқағали» адам жанының астарын ашуға, ішіне түсіп, қалтарыс-бұл­тарысын тануды діттеген, психологизмге құрылған дүние. Театрдағы сияқты емес, кинода мүмкіндік шек­теулі. Құлашыңды кең сермеп, емін-еркін көсіле алмайсың, дегенмен өзіңе сырт көзбен, сын көзбен қараудың таптырмас мүмкіндігі.

Кино – жас өнер. Онымен салыс­тырғанда театр мыңдаған жылдық тарихы бар ескі, мәңгілік өнер. Мәңгілік мұратты қаузай тұра, ол мына біз өмір сүріп отырған осы күннің шын­ды­ғын айта алатындығымен құн­дылығын еш­қашан жоғалтпақ емес.

– Әңгімеңізге рахмет.