Соңғы күндері елімізде болған оқиғалар тізбегі бәрімізді қалың ойға батырып, көкейіміздегі сұрақ атаулыны ұлғайта түсті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін жыл бойы жалаулатып, мерейтойлық қорытынды жиынды өткізгеніміз кеше ғана еді. Арада екі апта өтер-өтпестен Жаңаөзеннен басталған бейбіт жиынның соңы қанды қақтығысқа ұласты. Неге бұлай болды?
Сансыз сұраққа бас қатырып, жауап таппай қиналған сәтте өткен тарихты парақтап, кітап ақтарып, болмаса аға буынның айтқанынан жауап іздейтін дағдымыз бар. Елімізге, әлемге танымал тұлғалардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан алынған дәйексөздерге қайта көз жіберіп, жанымызды жаралаған сауалдарға жауап тапқандай болдық...
«Білесің бе, соңғы күндері Отаныма оралу маған өте ауыр тиетін болып жүр. Ұят секілді. Ана жақта, Еуропада басқа өмір, ал бізде басқаша өмір. Адамдарға обал-ақ, ал олар еуропалықтардан да әлдеқайда жақсы өмірге лайықты ғой», дейді Адамзаттың Айтматовы. Шоң қайраткердің Еуропада қызмет етіп, өмір сүргенімен, болмыс-бітімі Отанымен, елімен біте қайнасып жатқаны ғой. Жазушы елінің еуропалықтардан да жақсы өмір сүруге лайықты екенін ойлап, ерекше күйінеді. Бірақ ұлтының ұятына айналған Айтматовтың өзі туған халқының жақсы өмір сүруіне қолұшын соза алмай қиналады, ұяттан өртенеді. Қандай шарасыздық?!
Шыңғыс Айтматовтың қалай болғанда да елінің тұрмыс-тіршілігіне алаңдап, олардың тағдырына жаны күйзелетін нағыз халық жазушысы екені осыдан-ақ айқын көрінеді. Задында, мұндай қасиет кез келген ұлт зиялысына тән болуы тиіс. Халқының болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, рухани әлеуетін ұлт зиялыларынан артық кім біледі, кім бағалай алады дейсіз. Грузиннің атақты актері Вахтанг Кикабидзенің айтқанына да ризашылықпен құлақ қоятынымыз да сол. «Ертең үрім-бұтағың сенің есіміңді алып жүруден, сенің әулетіңнен екенін айтудан ұялмайтындай өмір сүру керек», дейді актер. Кез келген пенде Кикабидзе айтқан ұғым шеңберінде тіршілік кешіп, әулетінің ұятын ойласа, ұлтының атына да ұят келтірмес еді-ау. Ұятты ойлағандар биліктің қолжаулығына айналып, халқына қиянат жасамақ түгілі, елінің намысы үшін Кикабидзе сияқты өзіне берген жоғары марапаттан (Ресейдің) да бас тарта алады.
Задында, халық өз қаһармандарын ардақтай да біледі, төрге де шығарады, төбесіне де көтереді. Керек десеңіз, көзі тірісінде қоладан мүсінін құйып, ескерткіш те тұрғызады. Елінің даңқын асырып, жеке жетістігі арқылы төл мемлекетін озық елдер қатарына қосқан жандарға ескерткіш орнату – елдің де, ердің де абыройы! Әйтсе де, әлемге әйгілі украиналық жеңіл атлет Сергей Бубка өзіне осылайша ерекше көрсетілген құрметтен ыңғайсызданатын, ұялатын тәрізді. «Донецкіде маған ескерткіш орнатайын деп жатқанынан хабардар болдым, әрі оны құптай қоймадым. Донецкінің қалалық кеңесі шешім қабылдағаннан кейін, амалсыз көндім. Ал өзімше бұл ескерткіш Сергей Бубка деген адамға емес, спортшы Сергей Бубкаға қойылған ескерткіш деп қабылдадым. Сол себепті ескерткіштің жанынан өткен сайын мен оған: «Сәлем» деп айтамын», дейді спортшы.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, елін төрткүл дүниеге танытқан Бубканың қарапайымдылығы оның абыройын бұрынғыдан да асқақтата түсері анық. Еліне нағыз еңбегі сіңген тұлғаға, ұлтының ұятына айналған азаматқа көзі тірісінде қанша ескерткіш қойса да жарасады емес пе!
...Ескерткішті бейбіт күннің батырларына көзі тірісінде қойғанға не жетсін?! Ал біз көп жағдайда елдікті қорғау жолында ерен ерлік көрсеткен ерлерді қаза болғаннан кейін ғана ұлықтаймыз. Соңғы отыз жыл ішінде төтенше апаттан, жарылыстан көз жұмғаны бар, лаңкестер қолынан қаза тапқаны бар – қаншама батырымыздан айырылдық десеңші. Құдай-ау, үш онжылдық ішінде елімізде қанша мәрте аза тұту күні жарияланды? Аза тұту күні демекші, елдің аза тұтуына байланысты Ресейдің халық әртісі Наталья Селезневаның бір кезде айтқаны күні кеше жадымызда қайта жаңғырған еді. «Қайғы-қасіреттен әбден шаршадық. «Мәңгілік жадымызда сақталады» деген сөз тіптен қажытты. Кімдерге арналған? Жастарға...» деген-ді актриса Қазан қаласындағы суға батқан кемеде қаза болғандарды аза тұту күнінде...
P.S. Ұлт зиялыларының бойында ұят атаулы менмұндалап тұрса, аза тұтатын күндер де азаяр еді-ау. Ал әзірге аза тұтудың азабын тартып-ақ жатырмыз...