• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 11 Қаңтар, 2022

Бизнестің шығыны тым көп

103 рет
көрсетілді

Елдегі тәртіпсіздіктер салдарынан бизнеске келтірілген шығын көлемі 93,7 млрд теңгеден асты. Бұл – 10 қаңтар, сағат 9.00-дегі ресми дерек. Оны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы таратты. Аталған шығынның 92,2 млрд теңгесі Алматы қаласына тиесілі. Осыдан-ақ оңтүстік астанамыздағы жағдайдың қаншалықты күрделі болғанын бағамдай беріңіз.

Бұл ретте бір ғана Magnum Cash&Carry сауда желісінің өзі шамамен 11 млрд теңге шығынға ұшыраған. Компанияның PR-менеджері Дмитрий Шишкиннің хабарлауынша, тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласындағы Magnum-ның 15 дүкені толық­тай тоналған. Ал 11 дүкен ішінара шығынға батыпты.

– Қазір мүмкіндігімізше дүкендерді қайта ашып жатырмыз. Мәселен, 10 қаңтар күні Алматыдағы 56 дүкен жұмысқа кірісті. Жұмыс уақыты дүкендердің орналасқан жеріне байланысты кешкі 18.00-19.00-ге дейін деп көрсетілген, – деді ол.

Компания өкілі тәртіпсіздіктер кезінде компания қызметкерлерінің зардап шек­кенін, иә шекпегенін нақты айта алма­ды. Тек бұзақылар келген кезде қызмет­кер­лердің бәрі дерлік қауіпсіз жерге жет­кі­зілгенін айтты.

– 15 дүкендегі тауарлардың бәрі тоналды. Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап дүкен сөрелерінен арақ-шарапты толықтай алып тастадық. Техникалар да қолды болды. Кассаларды қиратты. Бәрін қалпына келтіру өте қиын. Сондықтан мемлекеттен қолдау күтеміз. Зардап шек­кен бизнеске «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы, Сауда және интегра­ция министрлігі тарапынан қолдау көрсетіле­ді деген сенімдеміз. Қазір жұмысты өз күшімізбен қалпына келтіріп жатырмыз. Алматыдағы қорымызда тауар жеткілік­ті. Жақын күндері тауар тасымалдары қалпына келеді деген сенім бар, – деді Дмитрий Шишкин.

Ол компания қыруар шығынға ұшы­рағанына қарамастан, жергілікті тәртіп сақ­шыларына, әскерилерге, өрт сөн­дірушілер­ге көмектесіп жатқанын, ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.

– Компания орын алған жағдайлар­ға қарамастан жұмыс орындарын толық сақтайды. Қызметкерлердің жалақысы уақ­тылы төленеді. Компания қаржы­лық жағ­дайды реттеу үшін тиісті шаралар­ды қабыл­дайды. Әзірше дүкендер­дің жұ­мыс кестесі бір қалыпты емес. Өзге­ріп тұ­рады. Сондықтан толық ақпаратты ком­пания­ның ресми сайтынан алуға ша­қы­рамыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзет қыз­меті күшейді. Бұл тұрғыдан бізге Алматы қаласының әкімдігі үлкен қол­дау көр­сетіп отыр. Қауіпті аумақтардағы дү­кен­­дерді әлі ашпадық, – деді Magnum Cash&Carry сауда желісінің өкілі.

Өткен нөмірде хабарлағанымыздай, қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық кә­сіп­­керлер палатасы бизнес өкілдеріне қол­дау көрсету желісін іске қосты. Ол бір­неше бағытты қамтиды. Мәселен, 10 қаң­тардағы дерекке сүйенсек, тікелей желіге кәсіп­кер­лерден 2 774 қоңырау түскен. Оның 1 406-сы мародерлық әре­кеттерге байланысты. 39 қоңырау форс-мажор куәлігін рәсімдеуге арналған. Бұ­дан бөлек, блок-бекеттердің жұмысына қа­тысты 2 қоңы­рау, зардап шеккен кәсіп­керлерді қолдау қоры бойынша 3 қоңы­рау түскен. Жеке тұлғалардан түскен қоңыраулардың саны – 1 324.

«Атамекеннің» хабарлауынша, елі­міздің 9 өңірінде 1 488 нысанда орна­ласқан 1 319 зардап шеккен бизнес су­бъек­тісі анық­тал­ған. Оның ішінде Алматы қала­сында 1 234 субъекті зардап шек­кен. Бұл ретте 1 245 сау­да орнына, 25 қо­ғамдық тамақтану орнына залал кел­ген. Сондай-ақ қаржы секторының 37 субъектісі, логистика қыз­ме­тінің 9 су­бъек­­тісі, БАҚ саласының 2 субъектісі за­лал көрген.

Осы орайда зардап шеккен бизнесті қолдау мақсатында «Күшіміз бірлікте» – «Сила в единстве» қоры құрылды. Оны Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңе­сінің төрағасы Максим Барышев басқарады. Қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтар ұлттық палатаның сall-орталығы­на және Алматы қаласының өңірлік кеңесі­не хабарласа алады. Келе­сідей телефон нө­мір­лері тәулік бойы қызмет көрсетеді: +7778 4101758; +7775 1261839 және +7777 79470077 (Бауыржан Оразғалиев, Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасы).

«Күшіміз бірлікте» – «Сила в единстве» қорына түскен қаражат Алматы қа­ла­сы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінетін болады. Қор қаржының түсуі және бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріп отыр. Барлық қар­жы операциясы цифрландырылған және жұрт­шылыққа жарияланып отырады.

Аталған қорға қомақты қаржы аудар­ған кәсіпкерлердің бірі – белгілі меце­нат, «ҚазАзот» АҚ басшысы Баха­ридин Аблазимов. Ол зардап шеккен кәсіп­керлерді қол­дап, 500 млн теңге көмек көрсетті. Бұл қорға түскен алғашқы қомақты қаржы.

– Алматыда шағын кәсіпкерлердің асха­налары, дүкендері, шаштараздары қира­тылып, өртелді. Қаншама зат қи­рады. Олар­ға көмектесетін қор ашылды деген соң, өзім­нің азаматтық борышымды осылай өтегім келді. Өзге де кәсіпкерлерді бұзақылар­дың әрекеттерінен кейінгі шы­ғынды қалпы­на келтіруге атсалысуға шақы­рамын. Біз­дің күшіміз – бірлікте, – дейді Баха­ридин Аблазимов.