• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 12 Қаңтар, 2022

Қару-жарақ дүкендері қалай тоналды?

477 рет
көрсетілді

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде содырлар мен бұзақылар қару-жарақ дүкендерін қиратып, түгін қоймай тонады. Басбұзарлар ғимаратқа қалай басып кірді? Қауіп­сіздік қызметі қалай әрекет етті? Осы және өзге де сұрақтарға «Қорамсақ» Қа­зақ­стан қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов жауап берді.

– Дүкендерге шабуылдың қа­лай және қандай жағдайда жа­­сал­ғанын баяндап беріңізші...

– 8 қару-жарақ дүкеніне ша­буыл жасалды. Алматы қаласында­ғы қару-жарақ дүкендерінің саны бұ­дан көп және бұзақылар оның бәрін бірдей басып алған жоқ. Біз­дің бағалауымызша, олар мұн­дай шабуылдарға тыңғылықты дайын­далған. Дүкендер 6 сағаттан екі тәулікке дейін берілмей, қорғанды. Осыншама уақыт бұзақылардың дүкен қоймаларына кіруіне тос­қауыл жасалды.

– Сонда дүкендер жақсы қор­ғалған болып тұр ғой. Әлде қыл­мыскерлер ішке кірудің амалын таба алмаған ба?

– Қорғанатындай мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, дүкендер­дің біріне жекеменшік күзет фир­масының жедел әрекет ету тобы келген. Қызметкерлеріміз шамалары келгенше қорғанып баққан. Салдарынан бір адам қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Екеуі – госпитальде. Жекеменшік күзет фирмалары дабылдың бәріне бірдей әрекет етпеген. Полицейлер де келмеген. Бекітілген келісімшартқа сәйкес, дүкендерге қарақшылық жасалған кезде жеке­меншік күзет фирмаларына міндетті түр­де дабыл түседі. Тиісінше, бұдан полиция депар­таментінің күзет пульті де хабардар болады.

Дәл қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарын кінәлай алмаймыз. Олардың қарақ­шыларға қарсы әрекет етерлік күші де, құралы да жеткіліксіз еді. Бизнес иелері тиіс­ті нөмірлерге хабарласқан екен, адам жетіс­пей жатыр деген жауап алыпты. Ал дүкен­дерді күзетіп тұр­ған біздің қызметкерлер бұзақы­лардың тобына жалаң қолмен қарсы тұрды. Қарсы тарапта атыс қаруы болған. Өкінішке қарай, олар біздің қызметкерлердің көбін ұрып жыққан.

– Нысандардың ішкі қорғау жүйесі қалай әрекет еткен?

– 2016 жылы Ақтөбедегі тер­рорлық оқиға­лардан кейін арнайы күштер келгенге дейін шабуыл­даушылар ішке кіріп, қару-жараққа қол жеткізбес үшін дүкендерді қорғаудың дәл осындай жолын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Күзет құрылымы үшін шамамен 5 минут, полиция экипажы үшін бұдан сәл көбірек уақыт беріледі. Бұл міндет толығымен орындалды.

Бірақ бұл жолғы шабуылдау­шылардың алдына нақты мақ­сат қойылған. Олар жақсы дайын­далған әрі істің жай-жапсарынан толық құлағдар болған. Мәселен, олардың ЦУМ-ның қасындағы «Қорған» дүкеніне қалай шабуыл жасағанын айтайын. Бұл дү­кен осы саладағы көшбасшы саналады. Мұнда қару әлдеқайда көп және дені мықты қарулар. Не­гі­зінен импортталған тауарлар. Бұза­қылар көше жағынан ғима­рат­қа кіре алмаған. Сон­дықтан бетон қабырғаны сындыруға көш­­кен. Бұған шамамен 6 сағат жұм­сапты. Одан әрі дүкен аумағы қоршалған арнайы арматура­лар­мен бетпе-бет келген. Оны қуатты лазерлік кескіштермен кесіп, ішке кірген. Міне, олар­дың қандай дайын­дық­пен келгенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Қаладағы біздің дүкендердің көбіне шабуыл жасалды. Бірақ бұзақылар үшін барлығы бірдей сәтті болды деп айта алмаймыз. Қалада жаппай тәртіпсіздік бас­тал­ған сәтте-ақ кіріп-шығатын есік­терді, қару қоймаларының есік­­терін бұғаттап тастау туралы хабарлама тарат­тық. Осы қадам өзін ақтады деп ойлаймын.

– Сонда бұзақылар қандай қаруды алып кеткен және қанша көлемде?

– Қазір нақты деректі айта алмаймыз. Бірақ шығын көлемінің бірнеше миллиард теңге екені қазірден-ақ белгілі. Өйткені дү­кен­дер тоналып қана қойған жоқ, өртенді де.

Осы орайда бұзақылардың қолына түскен мылтықтар мен винтовкалардың көбі іске қосыл­мағанын атап өткен жөн. Дү­кендерде сақталатын қарулардың оқ атуға қатысы бар белгілі бір бөлік­тері, яғни бекітпелер, бекіт­пе­лердің ұяшықтары, ағытқыш тетігі­нің бөліктері алынып, басқа жерде бөлек сақ­талады. Қаруға қол жеткізгенімен, қылмыс­керлер аталған бөліктерсіз оқ ата алмай­ды. Айтпақшы, техникалық қауіп­сіздіктің мұндай шарасын 2016 жылғы оқиғалардан кейін өзіміз ұсынған едік.

Тағы бір атап өтерлігі, бұза­қылар қоймаға кірген күннің өзінде кейбір қаруларға қол жеткізе алмай қиналған. Өйткені олар мықтап бекітілген. Сондықтан бекітпелер­ді күштеп сын­дырған. Сол кезде біршама қарудың ағыт­қыш тетік­тері қираған. Зақымданған мұндай қарулар оқ атуға жарамайды. Сон­дықтан ұрланған қарулардың ба­сым бөлігі атуға жарамсыз деп болжам жасауға болады.

– Дүкендерде қаруды сақтау және оған қол жеткізу талапта­ры толық сақталды деп айта ала­сыз ба?

– Иә. Біз қауіпсіздік шаралары тұрғысынан қатаң тексерулерден өттік. Дүкендерді қорғау жүйесі жоғары деңгейде болды деп айта аламын. Мәселен, олардың біріне қол жеткізу үшін бұзақылар екі түн қатарынан тынбай жұмыс істеді. Сол күйі ішке кіре алмай кет­ті. Бі­рақ егер арнайы құрал мен уақыт жеткілікті бол­са, кез кел­ген кедергіні бұзуға мүмкіндік бар. Алматыдағы тәртіпсіздіктер осыған дәлел.

– Нақтылап айтыңызшы, тер­­рорис­тердің қолына қандай қару­­лар тиді?

– Спорттық және аңшылық қарулар. Бізде басқа қару сатылмайды.

– Арнайы дайындалған содырлардан бө­лек қарақшылар да дүкенге кіріп отыр ғой?

– Иә. Алдымен содырлар жү­ріп өткен. Олардан қалғаны қа­рақ­шылардың қолына тиген. Жо­ғарыда айтқанымдай, содырлар жақ­сы дайындалған және не үшін келгенін нақты білген. Мәселен, «Қорғанға» түскен содырлардың қолына лазерлік кескіш қалай тиіп жүр және қандай кескіш десеңізші?!

– Сонда содырлар қалай да­йын­далған? Тыңшылық жасап, ғимараттың жоспарын зерттеген бе?

– Мұнда жасырын ештеңе жоқ. Дүкендер жертөледе орналаспаған. Келушілерге ашық әрі еркін кіріп-шығуға болады. Демек, сатып алушы ретінде келіп, жағдайды зертте­ген болып тұр ғой. Десе де, олардың дүкен қабырғаларын қиратуға көп уақыт жұмсағанын ескерсек, қару сақталған жердің қорғанысын дұрыс бағамдамағанын аңғаруға болады.

– Қылмыскерлермен бетпе-бет келген әріптестеріңіз оларды қалай сипаттап отыр? Әре­кеттерін қалай түсіндірді?

– Айтуларынша, өте агрессив­ті әрі ашу ­кернеген адамдар. Кө­бі мас күйде бол­ған. Топ-тобымен дүкендерге келіп, қызмет­керлерге «Өмір сүргілерің келсе, кетіңдер» деп ескерту мақсатында ауаға оқ атқан.

Қызметкерлер де қорғануға ты­рысқан. Мә­селен, Талдықорғанда дүкен иелерінің өзде­рі дабылға келген күзетшілермен бірге қор­ғанып, бұзақыларды ішке кіргізбеген. Ме­нің­ше, бұл жерде қылмыскерлердің дайын­дығы мен шабуылдың негізгі мақсаты үлкен маңызға ие секілді. Талдықорғандағы дүкенге шабуыл жасағандар жай ғана жабайы тобыр болған, ал Алматыдағы содырлар кәсіби тұрғыдан дайындалғандар. Сол себепті Алматыдағы дүкендер желісіне деген қызығушылық та басқаша сипатта болған.

Қаладағы тағы бір ірі сауда нүктелерінің бірі «Алпамыс» дүкеніне алдымен төрт көлік келген. 6 сағат бойы ішке кірудің қамымен айналысқан. Діттеген мақсатқа қол жеткізген соң жүк көлігін шақырып, ірілі-ұсақты қару­дың бәрін тиеп алып кеткен. Міне, бұл әбден ойластырылған қадам.

– Осы оқиғалардан кейін қа­ру-жарақ айналымындағы талаптарды тағы қатаң­дату керек шығар?

– 2016 жылы біз қару-жа­рақ айналымы нормаларын қатаң­дату бойынша барлық жаңа талаптарды қабылдадық және тех­никалық тұрғыда террористік шабуыл сынақтарына төтеп бердік. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. Мұны адамдардың көзіне тіке қарап айта аламын. Бір ғана қадам қалып отыр. Бұл – қару сатуға түбегейлі тыйым салу. Бірақ бұл дұрыс шешім емес. Тек заңды қару-жарақ айналымы ғана бақыланады. Оның сыртындағының бәрі қыл­мыстық сипатқа ие.

– Қазір қылмыскерлердің қолында біршама қару бар. Олар­­­дың ендігі жайы не болмақ?

– Қазірдің өзінде қарулар­дың табылып жатқанын білеміз. Алдағ­ы уақытта да табылатыны белгілі. Бір бөлігінің мүл­дем жоғалып тына­ры да анық. Кейіннен жарыққа шығуы да мүм­кін. Бірақ ұрланған қаруды қолдану қылмыс екенін көпшілік түсінеді деп ойлаймын. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған.

Меніңше, ұрланған қаруды қыл­мыстық мақсатта одан әрі пай­далану ықтималдылығы анау айтқандай жоғары емес. Аңғар­саңыздар, Алматыдағы террорлық шабуылдарда бұза­қылар негі­зі­нен жауынгерлік қарумен жүр­ді. Олар мұны тәртіпсіздік ке­зінде құқық қорғау органдары қыз­мет­керлерінен тартып алған немесе полиция учаскелеріне жасалған шабуылдардан кейін қол жеткізген болуы мүмкін.

– Әлдекімнің қолында қару жүр делік. Мұндай жағдайда не іс­теу керек? Қандай кеңес бере­сіз?

– Ішкі істер министрлігінің қа­руды өз еркімен тапсыру туралы бұйрығы бар. Егер адам мылтық тауып алса, ал қазір бұза­қы­лар­дың тастап кеткен қаруын кез кел­ген жер­ден тауып алуға болады, оны дереу поли­цияға тапсыру ке­рек. Әрине, тапсыру­шы­ның Алма­тыдағы шабуылдарға және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексе­реді. Бірақ кез келген жағдайда оны дереу тапсырған абзал.

– Мемлекеттен қандай қолдау күте­сіздер?

– Қазір зардап шеккен биз­нес­ке көмек көрсету тетік­тері пысықталуда. Біз Ұлттық кәсіп­керлер палатасымен бірле­сіп белгілі бір шаралар қабыл­дау­ды бастаймыз. Айта кету ке­рек, біз ешқашан мемлекеттен жеңіл­­­діктер мен преференция­лар сұра­ған емес­піз. Бірақ қазір мем­ле­кеттің қолдауы ауадай қажет. Он­сыз аяқтан тұру қиынға соғады. Әріптестерімнің көбі 30 жыл бойы осы бизнеспен өмір сүріп келді. Соның бәрі әп-сәтте жойылып отыр. Сондықтан біз қолдау тетіктері туралы ұсыныстарымызды әзір­лейміз. Соның көмегімен ғана саланы тығырықтан шығаруға мүм­кіндік бар.

Сосын 2016 жылы айтылған проблемаға қайта оралу керек шығар. Сол кезде біз жеке күзет құрылымдарының жедел әрекет ету топтары жоспарланған шабуылдарды тойтару үшін жеткі­лік­ті түрде қаруланбағанын көтер­­ген едік және Алматыдағы оқи­­ға­лар олардың автоматпен қару­­ланған тобырға қарсы тұра алмай­тындығын анық көрсетті.

 

Әңгімелескен

Людмила МАКАРЕНКО