• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Ысырап болған адал ас

912 рет
көрсетілді

Біз обал мен сауапты қалай түсінеміз?

БҰҰ сарапшыларының мәлім­деуінше, 2011 жылдың қараша айында Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жеткен. Адамзаттың алдында тұрған қатерлі асулардың бірі олардың тоя тамақ ішу мүмкіндігі, яғни аштықтың белең алмауы болса, екінші тағы бір мәселе ысырапшылдықта болып тұр. Өйткені, ресми статистика бойынша жылына 90 000 000 тонна ас қоқысқа лақтырылады екен. Иә, солай... Парадокс дерсіз. Жердегі тіршілік иесінің бір бөлігі ішерге ас таппай жатса, екінші бір топ «тоқтықтан секіріп жүр». Жаһандық аштық қатері үрейді алып тұр деп жалаулатып жүргендерге жақсы аргумент. Жаһандық қатерлердің қатарында адамзат санының көбеюі бар деп жоғарыда келтіріп өттік. БҰҰ мәліметтері бойынша күніне 24 000-нан астам адам аштықтан қайтыс болады екен. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындық осы! Рәсуа өзімен ғана болса бір сәрі, алайда ол да бір емес, екі бірдей жаһандық қатерді тудыруда. Оның екіншісі – қоршаған ортаның ластануы. Бұған онсыз да жетіспей жатқан энергетиканың «босқа жұмсалған» шығындарын қосыңыз. Бір-бірімен тығыз бай­ланыстағы жаһандық қатер­лер­дің осы түрлеріне кеңінен тоқталуды жөн көріп отырмыз. Алай­да, жетпейді деп жария сал­ған азық-түлік пен энергетика тап­шылығын азайтудың тиімді әдісі – ұқыптылық пен сауатты жасалған болжам десек сәуегейлік деп ұқпаңыз. Өйткені, жетіспеушіліктің түпкі себе­бі не нәрсені де дұрыс, яғни үнем­шіл­дікпен қолданбауда жатыр. 2011 жылы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының кезекті баяндамасында өндірісі дамыған елдерде тұтынушылар жыл сайын 222 млн.тонна азық-түлікті қоқысқа лақтыратыны туралы ақпарат таратылды. Бұл Сахараның оңтүстігіне дейінгі Африканың барлық азық-түлік өндірісіне тең көлем. Еуропа мен АҚШ-та жан басына шаққанда 95-115 кг. азық-түлік қалдығы тіркелсе, Африкада, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тиісті көрсеткіш жылына 6-11 кг-ға тең. Баяндамада азық-түлік қалдықтары мен оны дер кезінде жинай алмау салдарынан бүлініп, жоғалтудың айырмашылығы да келтірілген. Азық-түлікті жоғалту өндіру барысында, жинау, сақтау, сондай-ақ өңдеу кезінде орын алып, дамушы елдердің бас ауруына айналып отыр. Ол артта қалған инфрақұрылымның, әлсіз техникалық күштің және азық-түлік өндірісіне салынатын төмен деңгейлі инвестицияның салдары екені анық. Керісінше, дамыған елдерде азық-түлікті қоқысқа артығымен тастау мәселесі шымбайларына көбірек батып отыр. Өйткені, дәл осы елдерде тұтынушылар мен жеке сатушылар әлі де қолданысқа жарамды азық-түлікті қоқыс жәшігіне жиі-жиі тастайды екен. АҚШ-та 1974 жылдан бергі кезеңмен салыстырғанда азық-түлік қоқысы 50 пайызға артқан. Бір адамға шаққанда босқа шығын болған көрсеткіш 1400 килокалория, бұл бүкіл ел бойынша 150 трлн. килокалорияны құрайды екен. Ғалымдар таратқан ақпараттар бойынша, АҚШ-та өндірілетін өнімдердің 40 пайызы қоқысқа тура жол тартатын көрінеді. Десек те, асты артығымен алып қоятын отбасылар саны көбеймесе азая­тын түрі жоқ көрінеді. Тіпті, соңғы екі жылда ондайлардың қатары екі есеге артқан. 90 000 000 тонна ас... қоқыс жәшігінде Иә, солай. Жұмыр жерде өн­дірілген астың тең жартысынан ас­тамы далаға лақтырылады екен. Оған әркім де өз «шама-шар­қынша үлес қосуда». Біз ар­тық қолдану, артығымен тұты­ну дәуірінде өмір сүріп жатыр­мыз. Дүкен сөрелеріндегі астың бәрінің бірдей  сатылып кетпейтінін жақсы білеміз. Тұтынушылардың нені сатып алуы мүмкін екендігін тағы болжай алмайсыз. Сондықтан да  мерзімі аяқталуға жақын тауарлар қалдығы тура жолмен қоқысқа аттанады. Еуропалық одақта жылына 90 млн.тонна тағам қоқысқа тасталады екен. Бұл экваторды жағалай созылған 3 миллион жүк көлігіне тең. Мысал үшін айтсақ, ірі тағам өндірісімен айналысатын «Нестле» компаниясының жылдық айналысы 100 млрд. еуроға тең. Мәселені қаузай келе, ғаламтордан мынадай қызықты ақпаратқа кезіктім. Еуроодақта жылына 3 млн.тонна нан далаға лақтырылатын көрінеді. Бұл бүкіл Испанияны қамтамасыз етуге болатын көрсеткіш екен. Басқа-басқа, ас атасы саналатын нанды босқа ысырап қылатындай оны артық өндірудің не керегі бар? «Үшінші әлем» атанған елдерде миллиондаған адамдар күніне 1 долларға өмір сүреді, тіпті одан төмендері де бар. Ал көптеген отбасылардың етті жылына 1 рет те сатып алуға мүмкіндігі бол­майтын көрінеді. Егер Еуро­палық одақ жарамсыз деп артық өндіретін әдетінен арылса, әлем­дегі аш адамдарды азайтып, тоя тамақ ішпейтіндердің қарнын той­ғызуға әбден мүмкін болар еді. Сондай-ақ, АҚШ-та артық өндірілген асқа елде өндірілетін электр энергиясының 2 пайызы кетеді екен. АҚШ пен Еуропаның қоқысқа тастаған жарамды асымен тағы үш жер шарын қамтамасыз етуге болатын көрінеді. Орнымен қолдануға тиісті ас қоқысқа тасталғанымен қоймай, оның қоршаған ортаға тигізетін залалын да ұмытпағайсыз. Оған өндіріске кететін энергия мен суды қосыңыз. 1 тонна тағамдық өнім өндірісінен орташа есеппен 4,2 тонна СО2 газы атмосфераға тарайды. Ал АҚШ-тағы тасталатын астың энергетикалық құндылығы 150 трлн. килокалорияға тең. Нәтижесінде бір жыл ішінде тамақ қалдықтарына таза ауыз судың төрттен бірі, сондай-ақ 300 млн.баррель мұнай шығындалады екен. Бұл мәселе дамыған елдердің ғана емес, дамушы елдердің де проблемасына айналып отыр. Дамушы елдерде астықты уақы­тында жинау, оны сақтау қор­даланған мәселе болса, бай ел­дердегі проблема артығымен алынған астың бұзылып, қоқысқа тасталатынымен байланысты. Бір қызығы, БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, әлемде 1 миллиардқа жуық адам тоя тамақ ішпейді екен. БҰҰ-ның баяндамаларында азық-түлікті шірітіп алу мен ысыраптар су, жер, энергия, еңбек күші және қаржы ресурстарының бос шығынына алып келетіні, сондай-ақ қалдықтардың парниктік газдың орынсыз таралуына, ал ол өз кезегінде жаһандық жылыну мен климат өзгерісін жылдамдата түсуіне әкеліп соғатыны айтылуда. Жыл өткен сайын мәселенің ушығуына байланысты әлем де бұған назарын жиі аудара бастады. Жоғарыда келтірілген дәйектер планетамызда адамдардың тым көбейіп кеткендігі мен оларға ас-су тапшылығы жетпейді деп дабыл қағушыларға тамаша жауап екені даусыз. Демек, адамзатқа ас-су емес, оны дұрыс, сауатты бөлу мен ұқыпты тұтыну жетіспей жатыр. Бүгінгі таңда әлемде жылына 4 млрд.тонна астық өндіріледі екен. Рәсуашылардың, яғни  алған заттарын лақтыратын тұтынушылар үлесі – 30-50 пайыз. Мәселен, Үндістанда 21 млн.тонна бидай дұрыс сақталмаудың және дұрыс бөлінбеудің себебінен босқа шіритін көрінеді. Көршісі Пәкстанда жиналған өнімнің босқа кеткен бөлігі жылына 16 %-ды немесе 3,2 млн.тоннаны құрайды. Қарқынды дамуды бас­тан кешіп жатқан Қытай елінде  бұл көрсеткіш 45 %-ды құрайды, ал дамуы сәл артта Вьетнамда күріштің рәсуалануы өндірістің 80 пайызына дейін жетеді екен. Маңдай термен өндірілген ас­тық­тың инфрақұрылым дамымауынан ысырап болатыны да белгілі жәйт. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер осы елде өндірілген кар­топтың 46 пайызының тұтынушы дастарқанына жетпейтінін анық­тап беріпті. Өнімнің 6%-ы далада жиналмай қалады, + 12%-ы ал­ғаш­қы сұрыптауда, +5%-ы дү­кен­дерде, +1% сақтауды тек­се­­руде, +22% жуылғаннан кейін­гі қалдықта «жоқ болып кете­ді» екен. Дәл осындай зерттеу Үн­дістанда өндірушіден 40 пайыз жеміс-жидек пен көкөніс тұтынушыға дейін  жетпей жарты жолда қалатынын көрсеткен. Бұл жеткізудің дұрыс жолға қойылмауы, жаман жолдар, жем­қорлық пен жағымсыз ауа-райы­ның кесірінен туындайды. Ал соңғы жарты ғасырда әлемде ауыл шаруашылығына арналған жерлер тағамның көп өндірілуіне байланысты 12 пайызға артқан. Еуропалықтардың ысы­рап­шылығы, сөз жоқ, таңдай қақ­тырады. Дегенмен, кейде елі­міздегі қоқыс жәшіктерінде ілулі тұрған нанды көргенде, обал ойыңызға оралады. «Ас атасы» деп қадірлеп, қоқымын да тастамайтын ұрпақтың өкілі екеніміз еске түседі. Жерде жатқан нан қиқымын қастерлеп көтеретін, ақты төкпейтін алдыңғы буын өкілдерін көргендіктен бе, ысы­рап­шылдыққа куә бола қалсаңыз еріксіз жабырқайсыз. Осы орайда мына ақпаратқа назар салып көрейік. 2012 жылы 6 ай ішінде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Қазақстанның барлық аймақтарында жарамдылық мер­зімі аяқталған тағамдық өнім­дердің 177 тоннасын сатылымнан алған. Санитарлық нормалар бұзылуына байланысты 31 мың айыппұл салынған. Әрине, үнемі үнемдеу жағ­дайында жүрудің де жүйкеге салмақ түсіруі мүмкін. Қалаған дүниесін ала алмау немесе тоя тамақ ішпеу жақсы нәрсе емес. Ал ұқыптылық ұғымы мүлде басқа. Ол жетіп тұр екен деп жұртқа шашу емес. Қазіргі қоғам тұтынушылық жарнамаға тәуелді болып алған, үнемі тұтынушыға сенің бақытты болуың үшін ең керемет нәрсені сатып алуың керек деп міндеттеп, өндірушілер өз тауарларын тықпалай бере­ді. Ысырапшылдық тек еуро­па­лықтарға тән десеңіз, қателесесіз. Бұл барлық елде белең алып келе жатқан індет. Біріккен Араб Әмірліктерінде де рамазан айында 500 тонна тағам ысырап болады екен. Ислам діні ысырапшылдықтың дұрыс емес екенін айтып, оған жол бермеуге уағыздайды. Сондықтан бұл елде рәсуаның алдын алу тұрғысында жұмыстар жүргізілуде. Елбасымыз 2012 жыл­дың 14 желтоқсанында жария­ла­ған «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сында бірқатар жаһандық мәсе­ле­лерді нақтылап өткен бола­тын. Олар әлемдегі демо­гра­фиялық жағдайдың теңге­рім­сіздігі, дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі және тағы басқалар. Жаһандық қауіп-қатерлер тек батыс елдеріне ғана емес, бізге де тікелей қатысты. Ескі нәрсені жаңалар алдында алдыңғысының сізге қанша уақыт қызмет еткенін ой елегінен өткізу қажет. Бір нәрсе айқын, ғаламдық қауіп-қатердің белең алуында адами фактор, яғни біздің көп нәрсеге көз жұма қарап, жауапсыздық танытуымыз үлкен орын алады. Көмірқышқыл газынан 20 есе күшті... Тағамдық қалдықтар ХХІ ғасырдағы ең қауіпті деген қал­дықтар қатарына жатады. Өйт­кені, олар өте тез бұзылады. Көмірқышқыл газынан да 20 есе күшті парниктік газ, метан бөлініп шығады. Жер шарын­дағы климат өзгерісімен күре­сетін қоршаған ортаны қорғау агенттіктерінің басым міндеттерінің бірі осы метанның ауаға таралуын қысқарту болып табылады. Тағамдық қалдықтар барған сайын кеңірек, үлкен орындарды қажет етуде. Шіріген қалдықтар ұсақ жәндіктер мен ауру тарататын организмдердің таптырмас орны екені бесенеден белгілі. Қалдықтардың табиғат ресурстарына тигізетін әсері тіптен «ерекше». Олардың климат өзгерісі үшін, су және жер ресурстары мен биоалуандыққа келтірер зияны өте үлкен. Назар салыңыз. Лақтырылатын тағам қалдықтарына жұмсалатын су көлемі Волганың бір жыл ішінде ағатын су көлеміне тең және атмосфераға тарайтын 3,3 гигатонна парниктік газ шығындысының көзі болып табылады екен. Бұдан өзге АҚШ-та қалдықтарға жұмсалатын тікелей экономикалық шығындар 750 млрд. долларға жетеді. Өткен жылы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Жозе Грациану да Сильва «Біздің әлемде 870 млн.адам күн сайын аш отырғанда азық-түліктің үштен бірін өндіру барысында жоғалтуға немесе рәсуа етуге қақымыз жоқ», деп атап көрсеткен. Ұйым тағамдық қал­дық көрсеткіші жоғары «ыстық нүктелерді де» нақтылап қойды. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жария­лаған баяндамада тағамдық қал­дықтардың бірнеше үлкен эпи­центрлері көрсетілген. Мысалы, Азияда бидайдың рәсуа болуы маңызды мәселе болып отыр. Ол көміртегі газының ауаға таралуына және су, жер ресурстарын мақсатсыз қолдануға әкеп соқтыруда. Әсіресе, күрішті өсіру барысында метан көбірек бөлінеді екен.  Көміртегін шығаруда жоғары көрсеткішті ет өнімдері секторы да ауаны біраз ластайды десек, әлемдегі ет өнімдері қалдықтарының 80 пайызы Латын Америкасы елдерінің үлесіне тиесілі. Азия, Латын Америкасы және Еуропа елдеріндегі жеміс-жидек қалдықтары су ресурстарын ластауда. Ал көкөніс қалдығы Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тән. Түйін Қазақта жоғарыда келтірілген жәйттерге қатысты бір сөз бар. Ол – обал. Студент кезімізде марқұм көрнекті ғалым, оқымысты Ақселеу Сейдімбектен сабақ алдық.  Санаңа бірден сыя қоймайтын ақпараттарды тоқтамастан айтып жатқанда ағайдың білімділігіне аузымызды ашып отыратынбыз. Бірді біліп, бірін білмейсің.  Бізді де сөйлете отырып, өзі де кең көсіле әңгіме айтатын ағай бірде кейбір қазақ сөздерін басқа тілге аударуға келмейтініне тоқталды. Мағынасы өте кең сөздерді бір сөзбен жеткізу мүмкін емес дей келе, «обал» сөзіне тоқталып өтті. Қазақтың сөзінің кереметтігі сондай, «обалды» орысшаға аудару мүмкін емес, аударып көріңдерші, деді ағай. Жастық жалыны бойды билеп тұрған 15 бала жат та кеп аудардық. Бірақ бірде-біріміз осынау ерекше сөзді орыс тіліне аудара алмадық... Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».