Соңғы кездері Қазақстанның балуандары байрақты бәсекелерде сүреңсіз өнер көрсетіп жүргені жасырын емес. Мәселен, күрестің үш түрі бойынша елімізден Олимпиада чемпионы шықпағанына табаны күректей 26 жыл болды. Соңғы рет сонау 1996 жылы Атлантада Юрий Мельниченко атой салған еді. Ал 1999 жылы Афинада өткен әлем чемпионатында Мхитар Манукян қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Содан бері бақандай 23 жыл өтсе де әлі бірде-бір жерлесіміз төрткүл дүниенің теңдессізі деген атаққа қол жеткізе алар емес.
Расында да, соңғы жылдары отандық балуандарымыздың өз жанкүйерлерін қуантқан кездері сирек. Мәселен, былтыр екі бірдей аса ірі халықаралық жарысты тапжылмай тамашаладық. Алғашқысы – шілденің соңы мен тамыздың басында Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындары. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға республикамыздың ең үздік балуандары аттанғанымен, барлығы да тегістей ұтылды. Бұйырғаны бір ғана қола медаль. Бұл жүлдені 57 кило салмақ дәрежесінде белдескен еркін күрес шебері Нұрислам Санаев иеленді. Десек те сол спортшының өзі Қазақстанның тумасы емес.
Осыдан жеті жыл бұрын Артас Санаа Ресейдің Тыва автономиялық республикасынан біздің елге қоныс аударды. Көп ұзамай есімін Нұрислам Санаев деп өзгертіп, ислам дінін қабылдады. Уақыт оза үлкен ареналарда ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, еліміздің спорттық даңқының артуына сүбелі үлес қосты. Сол үшін де оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ тывалық балуаннан қазақ жігіттерінің қай жері кем? Осы күнге дейін олар неге Нұрисламның деңгейіне жете алмай жүр? Осы сауал жергілікті мамандарды қатты ойландыруға тиіс.
Арада екі ай уақыт өткен соң Норвегияның астанасы – Ослода әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жолы небәрі екі жүлде еншіледік. Әйелдер күресі шеберлері арасында 72 кило салмақта бақ сынаған Жәмила Бақбергенова күміс алса, грек-рим күресінен өткен жарыста 67 кило салмақта күш сынасқан Алмат Кебісбаев қола медальды мойнына ілді. Балуандық өнерде бай дәстүрі бар Қазақстан секілді қабырғалы мемлекеттің аталған додада екі жүлде ғана иеленуі жанкүйерлерді қанағаттандырмағаны анық. Жоғарыда аталған екі жарыста да біз өзгелерді айтпағанда, Қырғызстан құрамасынан да қалып қойдық. Жасыратын несі бар, оларда дәл біздегідей жағдай жоқ. Спорттық нысандар мен кешендер кемшін, қаржыландыру жағы да мәз емес. Соған қарамастан, айыр қалпақты ағайындарымыз Олимпиадада 2 күміс пен 1 қола алса, әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дәл сол тұста ел газеті – «Егемен Қазақстанда» «Қырғыздарға қызыға қарайтын болдық», деген мақала жарық көрген еді.
Жуырда даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов Қазақстан Республикасы Күрес федерациясының тізгінін ұстады. Бұл есім қалың оқырманға жақсы таныс. Өткен ғасырдың сексенінші және тоқсаныншы жылдары Алаштың мақтан тұтар азаматы төрткүл дүниенің теңдессіз балуандары санатына қосылды. Ол Сеул Олимпиадасының күміс, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем, Еуропа, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанып, басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдады. Бозкілеммен қош айтысқаннан кейін де қандасымыз спорт саласынан алыстаған жоқ. Бұл күндері Тұрлыханов Азия Күрес федерациясының президенті және UWW бюро мүшесі қызметін атқаруда.
Елімізде күрес өнерінің тұралап қалғаны қазақтың даңқты балуанын қынжылтса керек, Дәулет Болатұлы қызметке кіріскен бетте, ең әуелі, жасөспірімдер мен жастар және ересектер құрама командаларының бапкерлерін тегістей ауыстырды. Енді аса ірі халықаралық додаларға қазақстандық балуандарды мына мамандар даярлайды: Грек-рим күресі: Ұлттық құраманың бас бапкері – Серік Жұмашев, кеңесші-бапкер – Юрий Мельниченко, аға жаттықтырушы – Григорий Комышенко. Жастар құрамасының (U-23) аға жаттықтырушысы – Жаңабай Оспанов, жаттықтырушы – Данияр Тұрлыханов. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы – Нұрым Дүйсенов. Жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Алмат Кебісбаев. Еркін күрес: Ұлттық құраманың бас бапкері – Мадияр Құрамысов, аға жаттықтырушы – Самат Жақыпов. Жастар құрамасының (U-23) аға жаттықтырушысы – Руслан Өмірәлиев. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы – Аслан Байғұлов. Жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Дәулет Ниязбеков. Әйелдер күресі: Ұлттық құраманың бас бапкері – Серік Алшынбаев, кеңесші-бапкер – Гузаль Манюрова, аға жаттықтырушы – Владислав Сутормин. Жаттықтырушы – Қайрат Сағадиев. Жастар құрамасының (U-23) аға жаттықтырушысы – Александр Колыванов. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы – Әділет Ермаков. Жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Арман Садыбеков.
Байыптап қарасаңыздар, ұлттық командаларымыздың бас бапкері болып тағайындалған мамандардың үшеуі де алғаш рет осындай жауапты қызметтің тізгінін ұстады. Бірақ соған қарап «олардың тәжірибелері аз» деген ой туындамауы керек. Серік Алшынбаев, Серік Жұмашев, Мадияр Құрамысовтың қай-қайсын алсаңыз да тек балуан ретінде ғана емес, маман ретінде де өздерін әлдеқашан мойындатқан. Олар бірер жыл бойы жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтырып, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Көптеген мықты шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан да осы бапкерлерге сенім артайық. Қазақ елі балуандары алдағы жауапты жарыстарда өз жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенеміз.