• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Қаңтар, 2022

Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының қайнары

3987 рет
көрсетілді

Соңғы кезде адасқан ағымға арбалып, санасы дүлей күштің сағымымен  шырмалған содырлар тобы елде дүрбелең тудырып, мемлекетіміздің іргесін шайқай жаздады. 

Бұл оқиғаның себеп-салдары бір-екі күнде қалыптасқан жоқ, түптеп келгенде ұзақ жылдар бойы рухани құндылықтарға, ата-бабадан жалғасқан салтымызға жеткілікті мән берілмей келгендіктен шиеленісті. Дәстүрлі дін діңгек, ихсан ілімі көлеңкеде қалып, жастарымыз адасқан уағызшыларының жетегінде кетті. Алды Сирияға барып сергелдеңге түсті. Бұл ретте, әлбетте, сананы сауықтыратын, адасқандарды айықтыратын рухани шаралар кешенін жүйелі жүргізу үшін ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – ата-бабаның асыл дәстүрі, мәйекті мәдениетіміз, телегей теңіз мол мұрамыз, ұлтымыздың айбынын асырған ұлағатты тұлғаларымыздың шарапатты жолы, солардың көзіндей киелі өлкемізде сымбат түзген кенішті кенттеріміз, ежелгі ескерткіштеріміз бен Қыдыр дарыған қасиетті орындардың орны бөлек.

Қазақ хандығының алғашқы астанасы

Шежіре дәстүрде аты Қазақпен қатар аталатын қазыналы Созақ – ежелден қарт Қаратау мен Сырды қауыштырып, алуан мәдениеттерді тоғыстырған, қазақ хал­қының байтағына баланған өлке, руха­нияттың нәрлі ошағына айналған киелі өңір. Қаратаудың бір етегі күллі түркі жұртының пірі саналатын Қожа Ахмет Ясауи жатқан әзірет Түркістан өңірі болса, екінші беті Орталық Азиядағы ренесансты жасаған, Қарахан мемлекетінің даңқты билеушісі әйгілі Әулие-атаның құтты қонысы. Әз Қаратаудың келесі баурайында сансыз бабтардың ілімі гүлдеген қасиетті Сайрам шаһары, одан беріде Арыстан баб пен Әл-Фарабидің Отырары орналасқан. Міне, қазақ руханиятының осы төрт құбыласын Орталық Азияға дін тарата келген Ысқақ баб, Ұлық Ұлыстың рухани ұстыны – Баба Түкті Шашты Әзіз және Қарахан дәуірінің ұлы әміршісі Тамғаш Хасан Боғра хан (Қарабура әулие) мәңгілікке дамылдаған қасиетті Созақ өңірі түйістіріп, жалғап жатыр. Сондықтан бұл өңір қазақ халқымен қатар, түбі бір түркі жұртының да қастерлі мекені.

Созақ шаһары алғаш рет жазба деректерде Хузақ деген атпен белгілі бола бастайды. Түркі қағанаты дәуірінде Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-экономикалық шаһар ретінде маңызды рөл атқарып, Қарахан дәуірінде сауда, қолөнер сынды ірі мәдениет ошақтарының біріне баланды. Қазақ хандығы тұсында стратегиялық қала ретінде маңыздылығын жоғалтпай, тұңғыш астана қызметін атқарды. Қазақтың ұлы хандары Керей мен Жәнібектің осында орда тігіп, хандықтың іргесін бекіткені туралы ғылыми мәліметтер бар. Ол туралы академик Әлкей Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде Созақ кентімен аттас қала жұрты бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастапқы кезеңінде Қазақ хандығының тірек қаласы болған. Бұл қала хандық тұсында ірі сауда-қолөнер орталығы ретінде маңызды рөл атқарған, деп жазса, археолог Кемал Ақышев «қала­ның нағыз өркендеген дәуірі Қазақ хандығы тұсы», деп тұжырымдайды. 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан қазба барлау жұмыстарын жүргізіп, көне шаһардың бес мәдени қабатын анықтаған болатын. Шаһардың ең төменгі мәдени қабаты Х-ХІ ғасырларға, яғни Қарахан дәуірімен сәйкес келсе, ең жоғарғы қабаты ХVІІ-ХVІІІ ғасыр­лардағы Қазақ хандығы дәуірімен тұспа-тұс келеді.

Жоңғар шапқыншылығы тұсында хандық­тың маңызды бекіністерінің біріне айналған шаһар қазақ жауынгерлерінің  азық-түлік, қару-жарақтармен қамтамасыз етілуіне зор ықпал еткен. Кейіннен Абылай ханның Созақты қайта жаңғыртып, рухани орталыққа айналдыру ұмтылысы, сол сияқты, Кенесарының Сарыарқадан Бетбақдаланы кесіп өтіп, жаудан азат етуі бұл қаланың рухани әрі саяси тұрғыда айрықша маңызды болғанын көрсетсе керек. Кеңес үкіметіне қарсы 1929-1930 жылдары ұйымдастырылған көтерілістердің ең ірісі де осы Созақ жерінде өтуі азаттыққа деген халық рухының айғағы іспетті. Осы көтерілістен кейін кеңестік биліктің ық­палымен Созақ атауын санадан сылып, сая­си тұрғыдан шектеу әрекеттері басталды.

Созақ – Қазақ хандығы дәуірінен аман жеткен жалғыз шаһар. Мұнда хандық дәуірден қалған тарихи мұралардың бірі көне қаланың іргесіндегі, бүгінде тегіс алаңқайға айналған – «Хан мазары» ескерт­кіші. Жергілікті өлкетанушылар бұл жерде Керей мен Жәнібек хан жерленген десе, енді бірі Қасым ханның ұлы Хақназар ханның сүйегі жатыр дегенді алға тартады. Қалай десе де, халықтың «Хан мазары» деп қастер тұтып, қорып келуіне қарағанда бұл жерде қазақтың ұлы хандарының бірі жерленген болса керек. Себебі «Шәйбани-наме» еңбегінде Сыр бойындағы қалалар үшін болған шайқастарда Созақ қаласы Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өткендігі жазылады. Хандықты қырық жылдай басқарған Хақназар ханның біраз уақыты Түркістан, Созақ өңірлерінде өткені белгілі. Сондықтан мұнда Хақназар ханның денесі жатыр деген болжам шын­дыққа жанасады. Әрине, ол толықтай археологиялық, тарихи-мәдени зерттеулер арқылы анықталуға тиіс.

 

Әзірет сұлтан Ясауидің ұлы бабасы – Ысқақ баб

Созақ ауданы Баба ата ауылындағы әйгілі Бабата көне қаласының жұртында да ежелгі тарихтың ізі тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Орта ғасырда Түркістан мен Сайрамнан кейін әулие бабтар жиналып, ислам ілімін дамытқан негізгі орталық кенттің бірі осы болған. Шаһардың рухани-мәдени орталыққа айналуына ықпал еткен Ысқақ бабты халық Баб ата деп атап кеткен. Кейіннен қала да Бабата аталған.

Шежірелерге қарағанда, Ысқақ баб – Әзірет Әлінің тікелей ұрпағы. Қожа Ахмет Ясауи сол Ысқақ бабтың жұрыны са­на­лады. Демек, Ысқақ баб – исламды түркі ұлыстарына таратушы рухани тұлға. Халық арасында кең тараған «Насаб-нама» кітабында Ысқақ бабтың Орталық Азияға ислам аша келгені туралы көптеген деректер айтылады.    

Бабата кесенесі туралы «Алпамыс батыр» жырында да айтылады:

Әзіреті Ысқақ баб,

Бабатада дер еді.

Ол уақытта Бабата,

Томпайып жатқан жер еді.

Атбесік жасап басына,

Қабірін бұлар түзеді.

Ысқақ бабтың қасиетті кесенесі жоң­ғар соғысы кезінде жаулар тарапынан күйретілген деседі. Атамекен азат етілген соң қайта келген ұрпақтары әулиенің ты­­ным тапқан топырағын таба алмай жаңы­­лып қалады. Аңызға сенсек, бір абыз қа­­рия шолпан жұлдызы туғанда жақ­сы­лап қарасаңдар Ысқақ баб жатқан жерге қабылан кеп айбат шегіп тұрады, сол орын қабірі болады дейді. Осылайша жұрт қабыланды көріп, ол кеткен орынды қаз­ғанда кесененің сағанасына кіретін қақ­па­ға тап болып, әулиенің жерленген сүйе­гімен бірге туы мен найзасын тауып алады. Осылайша кешен жаңғырып, ме­­­шіт-медресе бабтың сағанасы маңына орнатылады. Бұл көне 33 құжыралы ме­шіт-медресе кешені түрлі кезеңдерде жөн­деу-жаңғыртудан өтіп, жергілікті өлке­танушылардың жазуына қарағанда 1923 жылға дейін елді рухани нәрімен сусындатып келген. Бұл медреседе Шолаққорған, Созақ, Арқа, Жетісудан келген көптеген шәкірттер білім алады. Қазақ даласына нұрын шашқан білім ошағына халық та ерекше ықыласпен қарап, қорғап отырады. Зұлмат жылдарда мешіт қоймаға айналады, шырақшылар шетінен қуғын-сүргінге ұшырайды, абырой болғанда мешіт құламай сақталып қалады. Қызыл үкімет кезінде де кешенді шырақшылар қамқорлығына алып, бүгіндері де сол атадан жалғасқан игі дәстүр жалғасып келеді. Әзірет Сұлтанның арғы бабасы болған, далаға шығыс мәдениетінің шырағын жаққан ұлы тұлғаның дәстүр сабақтастығы, ізгілік ілімі бүгінге дейін өшпей жалғасып келген. 

 

Қарабура – Боғра хан

Созақ жеріндегі халықтың тәу етіп, маңдай тірер қасиетті орындарының бірі – Қарабура әулие кесенесі. Кейбір аңыз-әңгімелерді арқау еткен мақалаларды айтпағанда, Қарабура әулие туралы ғы­лы­ми зерттеулер жоқтың қасы. Ел ау­зын­­дағы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қа­ра­­бура әулие Қожа Ахмет Ясауидің заман­дасы әрі Әзірет Сұлтан қайтыс болғанда оның денесін арулап, жерлеуге қатысқан діни қайраткер ретінде сипатталады. Кейбір зерттеушілер Қарабура әулиені Қарахан дәуірінің нағыз гүлденген шағында өмір сүрген тарихи тұлға деп болжайды. Қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Ш.Уәлиханов: «Қарабура – Тама руы­ның ұраны!», деп алғаш ғылыми мәлімет берсе, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – тамаларға Қарахан мемлекетінің құрамында болған кезден қалған ұран» деп жазады. Созақтық өл­кентанушы С.Тәбірізұлы: «Қарабура Созақта дүниеден өтіп, денесі осында қойылған. Оның кесенесі маңында Қарабураның екі қабатты мешіті болған және онда мың адам қатар тұрып намаз оқи алатын. Кеңес өкіметі орнаған заманда, дін иелерін қуғындаған кезеңде мешіттегі шайықтар мен діндарлар қуғынға ұшырап, мешіт жермен-жексен етілген», дейді. Біз Созаққа жасаған сапарымызда жергілікті тұрғындармен тілдесіп, біраз мәселеге қанықтық. Жергілікті халық бұл қастерлі орынды әлі күнге «Бура хан әулие» деп әспеттейді. Тек бертінде ғана «Қарабура әулие» деген атау белең ала бастаған. Таяу жылдары әулие кесенесін өз бетінше қазғандар көптеген кітаптар тапқан екен, кейін оларды қайта көміпті. Шырақшының айтуынша, кесенеде әуелде жазу болған, оны әлдекімдер «Хасан» деп оқыған, алайда кейін таппай қалған. Бұл – маңызды мәлімет. Жазу мен кітаптарды қайта тауып, зерделегенде, ақиқаттың ашыла түсері анық.

Осы дерекке иек артсақ, біздіңше, Қарабура – Шығыс Қарахан билеушісі Хасан Тамғаш Боғра хан болуы мүмкін. Біріншіден, осы уақытқа дейін Тамғаш Хасан Боғра ханның жерленген орны мен кесенесі жайында ешқандай нақты деректер кездеспей келді. Екіншіден, Хасан Боғра хан Қарахан хандығын құрайтын «яғма» тайпасынан тарайды. Қашқарлы Махмұд «яғма, шігіл, арғу тайпалары Қарахан мемлекетінің негізін қалаған ру-тайпалар еді» деп жазады. Сонда Қарабураның «руы» саналатын «тама» Қарахандар мемлекетіндегі «яғма» сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі болса керек. Ал яғмалардың билеушісі «Боғра-хан» титулын білдіретін дереккөздің бірі – «Мүжмел үт-Теварих уал-Қысас» еңбегі. Расында Қарахан мемлекетіндегі яғмалардың тотемі – бура, «боғра» түрінде кездеседі. Қарахан әулетінен тараған билеушілер өздерінің есімдерінің алдына «Сатұқ Боғра хан», «Әли Арслан», «Ибраһим Тамғаш хан» сынды лауазымдарды қосарлап айтатыны тарихи әдебиеттерден мәлім. Бұл орайда, Қарабура – Боғра хан тұлғаның күштілігін, ұлықтығын білдіретін лауазым түрі. Қара­бура атауының бастапқы буынындағы «қара» сөзі түркі тілінде «күшті», «ұлық» дегенді білдірсе, соңғы буындағы «бура, боғра» атауы тотемді білдірген. Сондықтан яғмадан шыққан «Боғра хан» тілдік өз­ге­ріске ұшырай келе таманың ұраны «Қа­рабура» атанып, кейін халық жадында осы атаумен сақталып қалған сияқты. Өйткені Қарахан билеушілері соқтырған теңгелерде Боғра-хан, кейде Боғра Қара-хақан атақ-лауазымдары жиі кездесіп отырады. Құдіретті ханның аты Тараз шаһарында шекілген (1088-1089) дирхемде «Табгач/Тафгач-хакан Хасан» деп кездеседі.

Тарихи деректерге сүйенсек, Хасан Тамғаш Боғра хан (Қарабура әулие) Орталық Азиядағы ренесанстың бастауында тұрған Шығыс Қарахан мемлекетінің даңқты билеушісі болған. Ол 1074-1102 жылдар аралығында Шығыс Қарахан иелігіндегі Баласағұн, Қашқар, Хотан жер­­лерінде билік жүргізіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосқан ұлы тұлға. Ол билікке келер алдында іш­кі тақ таласы мен сыртқы жауларының ықпалынан Қарахан мемлекеті құлдырау үстінде болған. Боғра хан билікті қолына алған соң Қарахан мемлекеті өркендей түсті, 30 жылға жуық патшалық құрған мерзімде ол ғылым мен білімді дамытып, елінің рухани сенімін дәстүрлі бағытқа бұрды, осылайша Орталық Азиядағы түркі-ислам құндылықтарының өркендеуіне ықпал етті. Академик Бартольд: «Хасан Тамғаш Боғра хан Қарахан дәуірінде медресе, кітапхана, аурухана салдырып, ғылым, өнер, мәдениет саласына биік бе­лес­ке көтерген ірі қайраткер», деп бағалайды. Сондықтан Қарахан елінде ғалымдар мен әулиелерге жағдай жасап, өзі де рухани жолды ұстағандықтан, жұрт оны ұлы әулие санаған.

Боғра хан ғұлама ойшылдар мен дін қайраткерлеріне айрықша ілтипат көрсе­тіп, қолдау жасап отырған. Әйгілі Жүсіп Баласағұнның «Құтты Біліг» туын­дысы осы Боғра ханға арналып жазылды. Мемлекетті басқару қағидалары мен ұстанымдары қамтылған еңбекпен танысқан Боғра хан оған «Хас хажиб» – «бас уәзір» атағын берген. Өкініштісі, Жүсіп Баласағұнның кім екені және қайда жатқаны әлемге аян, ал Боғра хан бүгінде ұмыт болған. Оның бейітінің қазақ жерінде жатқанын ешкім білмейді. Әйгілі Қашқарлы Махмұттың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегі осы билеушінің тұсында жазылған. «Қашқар тарихы» еңбегі де Боғра хан кезеңнің таңдаулы шығармаларының бірі. Оның қарамағынан Батыс Қарахан иелігінде қысымға ұшыраған ғұламалар пана тапқан. Солардың бірі әс-Сарахси Ханафи мазхабының көрнекті кітабы саналатын «Әл-Мәбсүт» еңбегін Боғра хан иелігінде жазып, аяқтаған. Осылайша Тамғаш Хасан Боғра хан патшалығы озық ғалымдар мен ғұламалар шоғырланған рухани орталыққа айналған.

Бүгінде Қарабура әулие – Боғра хан кесенесінің әуелгі келбетінен әжептеуір ауытқығаны байқалады. Бертінде құлап, орнына ақ кірпішпен өрілген жаңа кесене тұрғызылыпты. Төңірегіне де бай-бағ­ландардың сәулетті бейіттері бей-берекет ор­на­ласқан. Сондықтан қастерлі мекенді мемлекет қарауына алған жөн деп ойлаймыз.

 

Ұлық ұлыстың рухани діңгегі

Созақ өңіріндегі ғажап қаһарман Баба Түкті Шашты Әзіз – есімінің өзінен ежелгі заманның лебі есіп тұрған әпсаналық деңгейге көтерілген хикметті тұлға. Бір де­ректерге қарағанда, оның есімі Баба Туклас. Оның әкесі Керемет Әзіз. Әйгілі «Едіге» дастанында айтылған мәліметте Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлу-Қия деген ұлынан Едіге туған деседі. Өтеміс қажының «Шыңғыснама» атты шығармасында Баба Туклас атты адам серіктерімен келіп, Алтын Орда әміршісі Өзбек ханды исламға енгізгені туралы айтылады, Өзбек ханды исламға алғаш шақырған адамның аты Садр-ад-дин, лақабы Баба Туклас болған деген қосымша мәлімет бар. Бұл деректерден, түптеп келгенде, Баба Туклас атты тұлғаның Алтын Орда хандарының рухани ұстазы болғанын анық байқауға болады.

Заман өте келе тарихи тұлғаның әрекеті көмескіленіп, оның бейнесі аңыз бен мифтердің қою мұнарымен қоршалғаны байқалады. Қазақ эпосында Баба түкті Шашты Әзіз Ғайып ерен, Қырық шілтенмен қатар қаһармандарды жебеуші пірге айналады. Елдің ескі шежіресінде, Баба Түкті Шашты Әзіз-Баба Омар Әулиенің баласы, 25 жасынан бастап неше түрлі керемет жасайтын. Ол жыр-дастандарда ұдайы батырларды қиын-қыстау сәттерде қолдап-қоршап жүретін жебеуші, балаға зарыққан қарт ата-ананың тілегін қабыл етіп, ерекше алып батырды тудыруға дем беруші.

Қазақ халқы Баба Тукластың қабірі Созақ өңірі Құмкентте деп білген. Дәлірек айтқанда, әулиенің күмбезі Қаратаудың солтүстік-шығыс жағында, Қызылкөлдің жағасында, бұрынғы Құмкент қаласының оңтүстігіне қарай бір шақырымдай жерде орналасқан. Қарахан заманында салынған Баба Түкті Шашты Әзіздің көне мазары қирап, оның орнына жаңа күмбез кейіннен салынады. Академик М.Әуезов жазғандай қазақ тарихи эпосының кесек сүйегі Алтын Орда дәуірінде қалыптасты десек, сол жырлардың барлық батырларын қолдаушы пірі Баба Түкті Шашты Әзіз болып келеді. Ендеше, Алтын Орда хандарының рухани алтын діңгегі болған тұлғаның бейнесі кейіннен түрлі аңыздармен көмкеріліп халқымыздың жүрегінде ғасырлар беде­рінде өшпей өмір сүруі, оның қазақ хандарының ежелгі астанасы болған Созақ өлкесінде жатуы тегін болмаса керек-ті.

Дегенмен Созақ өңіріндегі осы әу­лиелер мен машайықтардың ғажайып кесенелері жаугершілік замандарда, кейін кеңестік қызыл саясат кезінде де тоналып, қиратылған. Осылардың қатарында Ысқақ бабтың мазары да талқандалған. Әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінде әулиелердің қабірін тонау, сол арқылы қазақ қоғамының рухани тұлғаларын қорлау істері белең алғаны белгілі. Сол сияқты, Созақтағы XIX ғасырда негізі қаланған аса құнды рухани ғимараттардың бірі Шахи-Ахмет Ишан мешіті – Орталық Азияда теңдесі жоқ ғажайып ғимараттың бірі. Мешітті салған шеберлер Орта Азия мен Еділ бойындағы сәулет өнерінің үйлесімін ұтымды бере білген. Өлкетанушы А.Қабден-Кәрімнің жазуына қарағанда, Шахи Ахмет әйгілі Байғара бидің ауылында Аягөз, Тарбағатай өңіріне ілім таратқан ғұлама, Бұқара, Уфа сопыларынан білім алған зиялы. Ол кісі патша үкіметі тарапынан қуғындалып, итжеккенге Үркітке айдалады. Халық тақуаны мал жинап, соңынан іздеп барып абақтыдан құтқарып алады, ол кісі Тройцк арқылы Аягөзге аман-есен оралады. Кейіннен қуғын-сүргіннен бой тасалап, Созақ өңіріне орналасып рухани ілімін жая түскен. Оның баласы Сапар Мағзұм қазіргі Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Көкбұлақ елді мекеніне келіп, діни-ағартушылық қызметтер атқарған. Көкбұлақтағы ауыл қарияларының айтуынша, дінге қарсы атеистік көзқарас орнағанға дейін осы ауылда жұма сайын жан-жақтан машайықтар жиналып, мешіт құжырасында зікір салып, ауру-сырқауларды шілдеге салатын орын болған екен. Ал Құтып атанған Шәкер мағзұм қайтыс болғанда әйгілі ақын Әріп Тәңірбергенов: «Құтыбым жадыраса жан базары, Бар еді іштен зұлмат дерт жазары. Перзенті машайықтың ер әулие, Пасықты сауықтырған бір назары», деп оның арғы атасы Шахи Ахметтей дін жолында күрескен ердің перзенті екендігін қадап айтады. Сондықтан Ысқақ баб, Қарабура әулиелердің рухани ізбасары ретінде еліміздің әр өлкесінде халыққа діни-ағартушылық қызмет жасаған Шахи-Ахмет ишан тұлғасын ұлықтап, оның Созақтағы мешіт-медресесін мәдени мұралар тізіміне енгізген жөн деп есептейміз.

Тәңірге тәубе, қазір Ұлытау мен Жошы хан ұлықталып, Түркістан түлеп, Ясауидің тұлғасы насихатталып жатыр. Бұл тарлан тарихымыздың бойына қан жүгіртіп, құндылықтарымыздың қайта жаңғыруына игі бастама. Алайда әлі одан да ірі тұлғалардың қараусыз, елеусіз жатқаны жанға батады. Ясауидің түп бабасы Ысқақ бабтың мазары, Ұлық Ұлыстың рухани ұстыны, пірі болған Баба Түкті Шашты Әзіздің бейіті, Қазақ хандығының астанасы болған, хандардың сүйегі жатқан Созақ қаласы мен Хақназар ханның қорымы елеусіз жатуы соның айғағы. Тіпті, қазір шағын бөлігі ғана аман қалған көне Созақ қаласының орны жо­йылып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Рас, Қазақ хандығының бастауы болған Созақ, Сайрам, Қаратау бойындағы түркі-мұсылмандық өркениет әлі де толық зерттелмей келеді. Дәл осы жағдайды Сайрам шаһарына да қатысты айтуға болады. Сайрамдағы кейбір әулиелердің бейіті базарлар мен мейрамханалардың астында қалды. Осы орайда арнайы тоқтала кетсек, Сайрамда көне дәуірдің күмбіріндей күмбезді кесенелер мен мешіт-медреселердің орны молынан шоғырланған. Мұнда 1917 жылға дейін 50-ден аса мешіт болған екен. Бұл беріге дейін сақталғандардың саны, ал жазба деректерде Сайрамда жүздеген мешіттер болғаны айтылады. Солардың ішіндегі ең көнелері Ыдырыс хазірет, Қызыр хазірет және әл-Ғайб мешіттері. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ана, Абдул-Әзиз баб, Қызыр пайғамбар, Мірәлі баба, Қожа Толығ, Мұстафа ата қабірлері осы Сайрамда сақталған. Жергілікті халық Сайрамдағы Қожа Салық пен Бибіғияз мазарларын Қызыр пайғамбардың ата-анасының мүрдесі деп ерекше құрметтейді. Бабтардың бабы Арыстан бабтың ұзақ жылдар Сайрамда ағартушылық жұмыстар атқарып, кейін Отырар маңына келуі, Қожа Ахмет Ясауидің Сайрамнан Түркістанға баруы, Ысқақ баб пен Қарабураның Созақ өңіріне орнығуы аталған өңірлердің қасиетті рухани келбетін көрсетеді.

Л.Н.Толстой «Қарапайым халықтың өмір мен сенім жайлы түсінігін тыңдаған сайын ақиқатқа жақындай түстім» деген екен. Расында дәстүрлі түсініктен алшақтап, өзгенің қаңсығын таңсық көріп адасып жүргендердің ақиқаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салты мен қалпында. Енді сана-сезіміміздің сәулетін қалыптастыратын осы рухани қазынамен қайта қауышатын сәт келген сияқты. Сондықтан Созақ пен Сайрамдағы рухани ескерткіштерді сақтау, зерттеу, насихаттау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсырған жөн. Қарахан мемлекетінен жеткен асыл қағидаттар зерделене бастаса, рухани бұлақтарымыздың көзі ашылып, деструктивті теріс ағымдардың жолын жауып, сергелдеңге түскендердің санасын сауықтырарға септесері анық.