Үшінші сыныптың оқушылары 3D модель жасап отырғанын көріп, таңғалдық. Компьютермен мұндай анимацияны оқыған, тоқыған мамандар жасар еді. Елімізде кенже қалған бұл сала осы қарқынмен дамитын болса, әлі-ақ шетелдік аниматорлармен үзеңгі қағыстырамыз деп түйдім іштей.
Өскемендегі «Зерек» орталығында сан түрлі үйірмелер бар. Солардың ішінен көзге ерекше түскені осы, 3D модельдеу. Бұрын-соңды қолға алынбаған тың жобаның жетекшісі – Жаннұр Бақытқызы. Ерекшелігі сол, экранда жасаған детальді 3D принтермен кәдімгі мүсін етіп шығаруға болады. Тіпті көліктің дүкендерден табыла бермейтін пластмасс тетігін де дәлдеп тұрып жасап алған екен.
– О баста киімнің 3D моделін жасай бастағанмын. Кейін «Зерек» орталығына жұмысқа орналасып, «шебер қол» үйірмесін өткізіп жүрдім. Көп уақыт өтпей 3D модельдеу үйірмесі ашылатын болып, мен арнайы курстан өттім. Арнайы кабинет ашылып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. Қазір оқушылар қызыға қатысып жүр. Егер ниет болса, анимация жасауды үйрену қиын емес. Қазір балалармен жеке-жеке жобалар жасап жатырмыз. Алдағы уақыттарда мультфильм кейіпкерлерін жасауды қолға аламыз , – дейді 3D модель жасаудың маманы Жаннұр Бақытқызы.
Қазіргі уақытта аталған үйірмеде қазақтың салт-дәстүрлеріне негізделген ойын құрастырып жатыр. Ал екінші жоба, ғимараттың ішкі көрінісін 3D форматта жасауды бастаған. Яғни «Зерек» орталығын онлайн түрде аралап шығуға болады. Жаннұр Бақытқызының айтуынша, оқушылар әбден дағдыланған соң қала ішін де жасауға болады. Иә, қазіргі балалардың қабылдауы тез, ойлары ұшқыр. Балалардың гаджет, планшетке әуестігінің бір пайдасы осы, техника жағына икемін арттырады.
– Мен компьютермен әртүрлі аңдарды жасауды үйреніп жүрмін. Оларды жүгіртемін, секіртемін. Маған ұнайды. Өскенде мультфильм жасаймын, – дейді Бекзат Тілеухан есімді оқушы.
Қандай қуаныш десеңізші. Елдің ертеңі осылар емес пе?! Осыларға қарап, техникалық мамандары дамыған елге айналарымыз анық екенін ұқтым.
ӨСКЕМЕН