Алматыда 6 қаңтарда коронавирустың «Омикрон» штамы табылғанынан басымен қайғы болып жүрген жұрт хабарсыз қалды. Мысалы, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы 31 желтоқсанда 75 адамнан індет табылғанын хабарласа, бұл көрсеткіш жаңа жылдан кейін, яғни 12 қаңтарда – 210, ал 13 қаңтарда 1 205 адамға жетті.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 19 қаңтарда 2 025 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Соңғы тәулікте 131 алматылық емделіп шықса, орнына 241 адам ауруханаға түсті. Инфекциялық стационарларда 2 380 төсектік орын бар, онда жатқан 1 244 науқастың ішінде 179 бала емделіп жатыр. Жалпы, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінде 71 пациент бар. Бұған қоса БМСК мен Телемедицина орталығы дәрігерлерінің бақылауында 8 455 науқас болса, олардың ішінде жеңіл және орташа ауыр дәрежесінде 8 008, симптомсыз 447 науқас тіркелген.
Өткен аптада Алматының жаңа бас санитары Қарлығаш Әбдіжаббарова «Омикрон» штамы халық арасында көп таралатыны және жақын арада «Дельтаны» ығыстыратыны туралы өз болжамын жасап, коронавирустың кезекті толқыны наурыз айында шарықтайтынын айтқан еді.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті коронавирусқа қатысты деректерді талдай келе, сынамалардың 71%-ында «Дельта» нұсқасы, тағы 16%-ында «Дельта плюс» және 4,7%-ында басқа штамдар табылғанын, сондай-ақ 6 қаңтардағы толық геномдық секвенирлеу нәтижелері бойынша қалада алынған 7 сынамада «Омикрон» анықталғанын мәлімдеді.
Алматының бас санитары коронавирустың жаңа штамдары мегаполис тұрғындары вакциналанып, бустерлік екпелерді алғанға дейін пайда болды, деп есептейді. Қалада әлі де КВИ-ға қарсы иммундық қабат жеткіліксіз.
«Әлемнің жетекші ғалымдары мен сарапшыларының деректеріне көз салсақ, қолданыстағы вакциналармен ревакциналау «Омикрон» штамы салдарынан 70%-ға қорғайды. Сондықтан вакцина алғанына 6 ай өткен көпшілікті қайта вакциналауға шақырамын. Бұл кезеңде қала тұрғындарына шектеу шараларының талаптарын қатаң сақтау, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық пен маска тағу режімін сақтау өте маңызды», деді Қ.Әбдіжаббарова.
Сондай-ақ ол 20-30 жас аралығындағылар үшін «Омикронның» қауіпті екенін ескертті. Өйткені вирустың жаңа түрі осы жастағыларға ерекше әсер ететін көрінеді. Қарап отырсақ, тек өткен аптада коронавирус жұқтырғандардың үлесі 20 жастан 40 жасқа дейінгі адамдар арасында 16,4%-ға, жасөспірімдер арасында 1,1%-ға күрт өсті. Бұл «Омикрон» штамына да тән.
Алматыда індетке қарсы егу басталғалы бері бірінші компонентпен 1 092 822 адам, екінші компонентпен 1 040 794 адам вакциналанды. Вакцина алғандардың ішінде 60 жастан асқан адамдар саны – 123 697.
Бүгінгі таңда Pfizer компаниясының екпесін 35 158 адам, оның ішінде 1 913 жүкті әйел, 7 392 сәбиі бар ана мен 25 853 бала салдырды. 98 762 қала тұрғыны ревакциналаудан өтті.
Қазір қаланың медициналық ұйымдарында 119 вакциналау пункті жұмыс істейді. Бұдан бөлек 140 вакциналау бригадасында 522 медицина қызметкері жұмылдырылған.
АЛМАТЫ