• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Қаңтар, 2022

Әшекейсіз әлем

1793 рет
көрсетілді

Мейлі ол жерде тау жоқ шығар бой түзейтін. Көңіліңнің шөлін басатын көл де болмауы ғажап емес. Өміріңнің өрнегін сызған өзен де етекте жатпауы мүмкін. Көлеңкесін тасалар алып ағаш та, жұпарын шашқан майса шөп те өспеуі мүмкін. Бірақ ол сіздің туған ауылыңыз ғой, айырбастауға келмейтін алақандай әшекейсіз әлеміңіз!

 

Байқап отырғандары­ңыз­дай, пейзаждық кескін­деменің көрнекті шебері Алексей Савра­совтың «Көк­тем. Бау-бақша» картинасы 1893 жылы жазылған. XIX ғасырдағы орыс бейнелеу өнерінің сөзсіз жау­һары. Сол кезеңдегі орыс өмірін қаз-қалпында тас­паға тартқандай, бәрі анық әрі бозғылтым. Мұ­ның не ерекшелігі бар десеңіз, су­ретшінің жазу мәне­рі барынша шынайы, сағы­ныш­тың самалы есіп тұр.

Кенеп бетіндегі көрініс тым күңгірт, көңіліңізге кө­леңке ұялатады. Десе де сонысымен бір сүйіспеншілік сыйлайтындай. Автор оқыр­­манды қуантуға, ашық түс­термен сәндеуге, тіпті ойын-сауыққа толы сюжет беру­ге тырыс­пайды. Қайта әл­­сіз бояудың әсерінен әше­кейсіз әлемін паш етеді. Ол сол топы­рақтың перзенті еке­нін мақтанышпен айтып тұр­ғандай.

Негізінде аталған шығар­ма қылқалам шеберінің көр­кем­дік ұстанымына сәйкес келеді. Оның қай картина­сын алып қарасаңыз да, ар­тық ештеңе жоқ. Бәрі сол қалпында, ақиқатшыл!

Қар қысымынан жартылай опырылып құлаған қоршау, ойпаттағы әлсіз ағаштар мен ала­са бұталар кенептің алдыңғы қатарын құрайды. Сайда қар әлі толық еріген жоқ, дегенмен көктемнің лебімен жер лайсаң тартуда. Үй жануарлары күннің мерейіне шомылып тұр. Әсіресе тауықтар қардың астынан пайда іздеп, әбігерге түсуде.

Композицияның орта­лы­ғын­да шаруа ауласы бейнеленген. Жалғыз тұрған үйден тек төбесі көрінеді. Мұржасынан жұқа түтін шығады. Тұрғын үйдің жа­­­нында орман белдеуін кө­ру­ге болады. Мұндай бел­деу­лер ар­қылы шаруалар егінді желден қорғаған. Алыс­тан шіркеуге немесе қоңырау мұнарасына ұқсас шағын ғимарат мұнартады.

Жұтаң боялған пейзаж ар­қылы суретші өзі қоныстанған мекеннің шек­сіздігі мен құстай еркіндігін көрсетіп тұр. Оны ештеңеге айыр­бастағысы кел­мейді. Түпнұсқа картинаны Пермь мемлекеттік көркем галереясынан көруге болады.