• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2014

Жаңаша жұмыс істеу - уақыт талабы

248 рет
көрсетілді

Елбасы өз жолдауларында білім беру сапасына үлкен кө­ңіл бөліп, бәсекеге қабілетті, сауат­тылығы жоғары елге ай­налу мін­детін алға қойып келе­ді. Иә, бү­гінгідей қа­рыш­тап дамыған заманда ғылым мен білімнің озық техно­логиялары мен инновациялық әдіс-тәсіл­дерін меңгерудің, кә­сіп­­кер­лікке бағдарланған оқу бағ­дарламаларын енгізудің өмір­шең­дігі айқын сезіліп отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлт­тық ор­талығы Солтүстік Қазақ­­стан облыстық филиалы білім мен кәсіби машықты заманауи білім беру жүйесінің, кадр дая­р­лау мен қайта даярлаудың негізгі бағдарына айналдыра отырып, ұстаздардың кәсіби шеберлігін көтеріп, қалыптасқан іс-тә­жі­рибелерін тарату, курс жә­не курс­ара­лық кезеңдерде білім­дерін жетілдіру талабынан ауытқыған емес. Біліктілікті арттырудың жа­ңар­тылған үлгісі бойынша пе­дагог кадрларын қайта даярлау жүйесінде сапалы білім беру қол­жетімділігі мен әлемдік стандарттар өлшемін жетекшілікке аламыз. Біз алдымен ұжым мү­ше­лері­нің іскерлігі мен бі­лік­тілігіне сү­йенеміз. Өйт­кені, курстық дайын­дық бағдарламасының сапалы болуы, оқыту әдістемелерінің тиім­ділігі көп нәрсені шешеді. Оқытушылар құрамының 9,3 пайызын ғылыми дәрежесі бар оқытушылар, 43,3 пайызын магистрлер құрайды. Бір-екі жыл көлемінде қатарымыз тағы 12 магистрмен толығады. Деңгейлік бағдарламалар орталығының 11 жаттықтырушысы Кембридж халықаралық емтихан кеңесінің, «Назарбаев зияткерлік мек­тебі» ААҚ педагогикалық ше­бер­лік орталығының серти­фи­катын иеленген. 26 оқы­ту­шы­ның халықаралық және республикалық деңгейдегі сертификаты бар. 2 кафед­раның 19 оқытушысы, 11 сертификатталған жаттық­тыр­ушы, бөлімдердің 20 қыз­мет­кері «Назарбаев зияткерлік мектебі» және Кембридж уни­верситетімен бірлесіп әзір­леген бағдарламалар бойынша курстық даярлық шараларын өткізуге жетекшілік етеді. Бұдан тысқары филиалдың өз өлшемдеріне сәй­кес қалыптасқан дәстүрлерді жаңғырта отырып, педагогикалық қызметтің үлгілі үдерістерінен қалмау, бастамашылдықтарды қолдау жағына да ерекше назар аударылады. Әсіресе, кор­по­ративтік мәдениетті жаңғырт­пайынша білім беру ортасында бәсеке­лес­тікті өрістету мүмкін емес. Атап айтар болсақ, кәсіби дамыту, шығармашылық ұм­ты­лыс, командалық рух, алқа болып шешім қабылдау арқылы біліктілікті арттырудың оң­тай­лы жолдарын табуға бола­ды. Бұл салаға мектеп, лицей, гим­назия және тағы басқа білім беру ұйымдары кеңінен қатыстырылып, бі­лім сапасын қоғам мен еңбек нарығының жоғары талаптарына үйлестірудің өзекті мәселелері жан-жақты тал­қы­ланады. Ұжымда 9 қазан «Жас қызметкерлердің шығар­машылық және өзіндік кәсіби іске асыру күні» ретінде аталып өтеді. Мұндағы мақсат аға буын әріптестерінің бай іс-тәжірибесін насихаттауды, өзара шығармашылық байланысқа түсуді, жастардың тұлғалық, кәсіби дағдысын шыңдауды көздейді. «Жастар бастамасы» қоғамдық бірлестігі орталығы да білім беру кеңістігінде акциялар, флешмоб, таныстырылымдар ұйымдастыру арқылы өз жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Филиал оқытушылары мен об­лыс педагогтары бірле­сіп жаз­ған оқулықтар мен әдістемелік құралдар шығару тәжірибесі оң үрдіс тапқан. Көптеген оқулықтар мен әдіс­темелік құралдар осындай ортақ ойдан туып, сапалы білім берудің алғы идеялары, білім беру мен мәдениет салаларындағы өзгешеліктер, инновациялық жаңа­лықтар тоғысқан. Алда да оқу, оқыту әдістемесін жетілдіруге ба­ғыт­талған шығармашылық ізденістердің авторлық еңбектері жарық көреді. Ал, курстық даяр­лықтар кезінде «Мұғалімнің әдебін және корпоративтік мә­де­ниетін қалыптастыру», «Пе­дагогикалық беделтану», тағы басқа тақырып­тар аясындағы сабақтарға қызығу­шылық көп. Өз кезегінде әр курс кураторлық сағаттармен ашы­лады. Онда оқытушылар білік­тілікті артты­рудағы жаңа білім беру саясатына, ұсынылып отыр­ған элек­тивтік үлгінің философиясына, оқу материалының орналасу қисынына, интерак­тивті сабақ үлгілерін таңдау­ға, даяр­лық курсының қаты­су­шы­ларын бағалау жүйесіне кең түсінік береді. Мұның өзі курсқа қатысушылар мен оқытушылар арасында сындарлы әріптестік қатынас ор­натуға септігін тигізері анық. Курстық даярлықтың соңын­да тыңдаушылардың шығар­ма­шылықтары топтық есептер, стендтік материалдар, әдістемелік ұсыныстар, эссе, білім беру жобалары, ақындық, дыбыс және бейнематериалдар түрінде көрініс табады. Корпоративтік мәдениетті дамытудың басқа да жолдары қарастырылған. Мәселен, филиал сайтында материалдарды орналастырудағы жеделдік мен ұтқырлықтың, мазмұн сапасының, тәжірибе құндылығының, тексеру мен талдаудағы әдістемелік жаңашылдықтың мәні ерекше. Проблемалық-тақырыптық семинарларда SWOT талдау мәселелері, оларды шешу жолын­дағы ресурс­тар­ды айқындау, кадрлық, ұйым­дастырушылық, ақпа­раттық, технологиялық, өзіндік білім беру жайлары жү­йе­лі талқыланады. Тақырып­тардың өзектілігі, ғы­лы­милығы, тәжірибелік маңыз­дылығы баса ескеріледі. Кадрлар­мен жұмыс істеуде «білім – өмір­дің барлық ағымында» деген философиялық тұжырымды сіңіру – алғышарт. Бұл қағидатты кең түрде жүзеге асыру курстық дайындықпен қатар әлеуметтік-мәдени ізденіс­терді де қажет етеді. Филиалдың биылғы қыз­меті корпоративтік мәде­ниетті көкейкесті етуге, педагоги­ка­лық қоғамдастықтың шы­ғар­­ма­шылығын дамытуға ба­ғыт­талған. Ол үшін «Ауыл мек­тебі», «Жаңа мектеп», «Білім беру­дегі көшбасшылық» се­кіл­ді педагогтардың кәсіби шебер­лігін жетілдіруге арналған кон­курстарға басымдық бе­рілген. Тәлімгер-педагог пен жас ма­ман­ның бірлескен жұмыс­тарына қатысты дөңгелек үстелдер, пі­кір­таластар, педа­гогикалық ш­е­шен­дікке байланысты тренингтер, семинарлар, пікір алмасу алаңдары кеңінен пайдаланылады. «Өрлеу» сараптамасынан өткен оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері жалпы жинаққа енгізіліп, «Біліктілікті арттыру курсының жаңартылған ең үздік бағдарламасы», «Білік­тілікті арттыру курсының ең үздік ОӘК» байқауларына қатысады. Білім және ғылым министр­лігі мен облыс әкімінің ара­сындағы меморандумға сәйкес биыл 3500-ге жуық мұғалімді жаңа форматтағы біліктілікті арттыру курстарына, ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды оқу-тәрбие үдерісіне пайдалану, білім мен тәрбиенің өзекті мәселелерін дамыту бағдар­лама­лары бойынша ғылыми және тәжі­рибелік деңгейде даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Филиал ұжымының бірлескен шығармашылық жұмыстары өз жемісін беріп келеді. Алма МЫРЗАЛИНОВА, педагогика ғылымдарының докторы,  Айна ҚАРАБАТЫРОВА, аға оқытушы. ПЕТРОПАВЛ.