Жан алауы – қолында. Жүрек қалауы – жолында. Ат жалын тартып мінгелі «елге болсын» дейтін азамат аз емес. Солардың арасында Дархан Мыңбай есімі жарқырап көрінеді.
1978 жыл. Жуан жаз. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне емтихан тапсырып жатырмыз. Журфакқа қабылдану үшін мемлекеттік төрт емтиханның алдында шығарма жазудан және ауызша әңгімелесуден екі сынақ болады. Журналист болсам дейтін талапты жас көп, соның бірсыпырасы дәл осы екі сынақ кезінде сыпырыла құлайды. Сөйтіп, бір орынға екі жүз, кейде үш жүз талапкер болса, соның талайы «тоңқалаң» асып қалады. Одан кейінгі емтиханның бәрі абитуриент үшін қылкөпірдің өзіндей: әр емтихан алдында бір Аллаға сыйынып, күндіз-түні көз ілмей дайындалып, бірінен өтсең – үміт оты маздап, іле-шала екіншісіне әзірленіп әбігер болып жататын кез. Алматыға жан-жақтан жиналған талапкерлердің бір-бірімен танысып та үлгермеген сәті. Бірақ әр емтиханға дайындық барысында КазГу-дің корпусында жиі жолығамыз, бір-біріміздің түрімізді танимыз; бір-бірімізге тілекшіміз, кейде емтиханға бірге әзірленеміз, әйтеуір журналистика факультетіне құжат тапсырғалы бәрімізден маза кеткен; күлімдеу аз, уайымы көп уақыттың жетегінде жүрген едік. Дарханды ең алғаш сол кезде көріп, танысып, асқақ арман жетегіне бірге жалғасқанбыз.
Дәл төртінші емтихан Дарханға ауыр тиді. Тарих пәнінен барлық сұрақтарға мүлтіксіз жауап беріп отырған талапты шәкіртке ұстаздар қасақана «екі» деген баға қойды. Сол уақытта албырт жастың бірден екі иығы еңкіш тартып, әділетсіздікке жаны шыдамай еңкілдей жылап бара жатқан сәт әлі күнге есімде. Оқуға түспей қалғанына қатты налыған да болар, бірақ оның жанына қатты батқаны – қарадай әділетсіздікке ұрынғаны еді. Бәріне жауап беріп отырғанда «құлата» салғанына күйінді. «Өмірде әділдік деген бар ма, жоқ па?» деп дәл сол күні оның түнімен көз ілмей шыққаны даусыз. Әділдіктің, әділеттіліктің, туралықтың жақтаушысы болу туралы бәлкім, ол тап сол күні белгілі бір тоқтамға келген де болар. Әйтеуір мен білетін Дархан қырық жылдан асты-ау, қашан да әділеттің ақ жолымен жүріп келеді.
1979 жыл. Қоңыр күз. Оқуға түскен жастар бір-бірімізбен шұрқырасып, КазГУ-дің журфагінің 101 аудиториясына жиналдық. Дархан ә дегеннен байсалды, ойлы, жауапты жігіт ретінде танылды. 102 группаның комсоргы болып сайланды. Сабақтан қалмайды, берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Көп ұзамай курстас жігіттердің ішінде оқуда алғырлығымен көзге түсті. Былтырдан таныстығымыз бар, оқу барысында тіптен жақын араласып, біртіндеп достасып кеттік. Ол кезде ауылдан келген балалардың көбісі орысша жақсы біле қоймайды, антикалық әдебиеттен Морозова деген апай сабақ беретін; фото ісінен Редкин ағай береді, емтиханға бәріміз бірлесе әзірленетін әдіс таптық; кейбірімізге берілген әдебиеттің бәрін оқып шығуға уақыт қайда, кім Пушкин атындағы кітапханаға барып, жақсылап дайындалып келеді, сол оқыған-тоқығанын айтып ортаға салады. Осындай әдістің арқасында курс болып сынақтардан сүрінбей өтіп жүрдік. Дархан, Алтынбек, Бейбіт, Еркін, Шәмші оқып, білгендерін баяндаудан жалықпайды. Есесіне кітапхананың да, кітаптың да бетін ашпайтын Қалжігіт, Абдолла, Әбен секілді жігіттер олардан естігендерін Морозова сияқты апайлардың алдында өздері оқып келгендей көсіле сөйлеп айтып беретін.
Сол уақытта біздер ерекше бір әдет таптық. Сабақтан қолымыз босай қалған кезде Есік қаласына барып, Алтын Адам табылған жерді көруге бір аттансақ, енді бірде Жамбыл Жабаевтың басына барып тәу еттік. Одан Абайдың басына, Шоқан жерленген Кербұлақ жаққа, сосын Қорқыт Ата ескерткішіне, содан соң Сайрамға барып, Ибрахим Атаның, Қарашаш Ананың рухына тағзым етуді үрдіс еттік. Түркістанға, Арыстан Бабқа, Семейге, Сыр өңіріне, сөйтіп студент кездің өзінде Қазақстанның талай жеріне бардық...
1980 жыл. Аңыраған ақпан. Қорқыт Атаның басына баруға, одан соң екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамызға сәлем беруге Қызылорда облысына тартып кеттік. Күн суық. Қызылорданың үскірік желі бет қаратпайды. Жолды да, жобаны да жөнді білмейміз. Жосалының ар жағындағы Қорқыт Ата кесенесін күн еңкейген тұста таптық. Сәулетші Бек Ыбыраевтың тұрғызған қобыз бейнесіндегі биік ескерткіштің түбінде отырып, Қорқыт бабамызға арнап дұға оқыдық. Ар жағындағы Қырық Қызға да құран бағыштадық. Қайтар уақыт болғанда күн әбден кешкіріп, қараңғы түсіп те кетіп еді. Бейбіт Сапаралы, Дархан үшеуміз үлкен жолмен жаяу тартып келеміз. Үшеуміз де Алматыдағыдай жұқа киінгенбіз, басымызда шляпа, үстімізде қаудырлаған бірдеңе; арт жағымыздан жылт еткен жарық көрінсе, жалтақ-жалтақ қараймыз – үздіксіз өтіп жатқан көліктің бірде-бірі тоқтайтын емес, тұсымыздан зырылдап өте шығады. Ымырт үйіріліп, қараңғы түсті, көз байланды. Жолай ақ кірпіштен тұрғызылған зираттарды көргенбіз, дәу де болса, соның бірін паналап, түнеуге ұйғардық. Сөйткенше болмай, әлсіз жарығы алыстан жылтылдап көрініп, тұсымызға қыбырлап әзер жеткен бір үлкен жүк машинасы тоқтай қалды. «Перегон» келе жатқан қырғыз шопыр екен, тәңірі жарылқағыр, жақын маңайда елді мекен көрінсе демалмаққа бекініп келе жатқан, үсті-басын қан жуған, көлігінің алдыңғы терезесі быт-шыт болып сынған ол айдаладағы біздерге жөн сұрау үшін тоқтаған екен. Жосалыға жеттік. Сонда біздің Қармақшы аудандық газетінде редактор болып істейтін жегжатымыздың үйі бар-тын, түнделетіп сол үйге жетіп, сәл тынығып, ертесіне таң атпай жолға шықтық та Шиеліге келдік. Біздің үйде болдық. Одан соң «Қызыл ту» колхозында тұратын даңқты дихан атамыз Ыбырай Жақайұлының үйіне барып, сәлем бердік. Задында көп сөзге жоқ, бүкіл ғұмырын еңбекке арнаған абыз атаның алдында отырмыз. «Қай жақтың баласысыңдар?», деп Ыбекең сауал тастады. Бейбіт – Семейден, Дархан Шымкенттен екенін айтты.
– Ол жақтағылар мені біле ме өзі? – деді атам. – Білгенде қандай, – деді Дархан мен Бейбіт. Ыбекең бізге ақ батасын берді. «Мен оқи алмадым. Өмір қара жұмыс, бейнетпен өтті. Сендер жассыңдар, оқыңдар, білім алыңдар, елге жұмыс істеңдер!» деді.
Сол Ыбырай атамның батасы үшеумізге де жаман болған жоқ. Дархан іле-шала Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетіне оқуға аттанды. Бейбіт екеуміз КазГу-ді тәмамдадық. Осылайша біздің өмір жолымыз бірге өріліп, қанаттаса, қатарласа өсіп жаттық...
Қазақта «Мата жинама, бата – жина» деген жақсы сөз бар. Дарханның бұдан кейінгі өмір жолы бата жинауға бағытталды. Ол дүниенің соңына түскен жоқ, нешетүрлі мемлекеттік қызметте жүргенде бір жерде жаман аты шыққан жоқ; тек қана бір Аллаға сыйынып, еңбегі мен қабілетіне сүйеніп, халықтың ықыласы мен ілтипатына бөленіп келеді. Ыбырай атаның батасы қабыл болды – Дархан Мәскеуге дейін барып оқыды, ел игілігі үшін жұмыс істеп жүр.
Біз студент кезімізде «Шіркін-ай, неге біз анау Алаш заманында тумадық екен? Сол уақытта туғанымызда қазақ елі үшін талай нәрсе істеуге талпынар ма едік» деп жиі армандайтынбыз. Сол арманды көктегі құдай жерден берді де, біздің нағыз жұмыс істейтін шағымыз Тәуелсіздік кезеңімен тұспа-тұс келді. Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруға, тәуелсіздік тетіктерін іске қосуға, ел егемендігін баянды етуге Алтынбек Сәрсенбайұлы досымыз бас болып, қайнаған өмірдің бел ортасында осы Дархан Мыңбай бел шешіп, білек сыбанып жұмыс істеді. Әлі де осы бағыт Дархан қызметінің негізгі бағдары. Қашан көрсең де елдің, жұрттың жұмысына жегіліп, күнді түнге, түнді күнге ұластырып бейнет кешіп келеді.
Кезінде Жоғарғы Кеңесте істегенде Дархан Қамзабекұлы тікелей аударма жасау ісімен айналысты. Бірде маған «аударма ісімен осыдан 20 жыл бұрын маман даярлау қолға алынды. Талай адам оқып шықты. Қазір қайда солар? Өткендегі Астана экономикалық форумында Ердоғанның сөзі аударылмай қалды. Сол сияқты мысалдар өте көп. Қайда жүр аудармашылар? Егер олардан аудармашылар тобын жасақтай алмасақ, Білім министрлігі қайда қарап отыр? Оқытып не керегі бар онда? Осы мәселені көтеру керек», деп үлкен мәселені қозғағаны бар.
Дарханның ісі де, сөзі де, өзі де қашан да елдің алдында, жұрттың назарында.
Дархан Оңтүстік Қазақстан облысында әкімнің орынбасары болып жүргенде талай жиын өткізді. Талай жерде сөз сөйледі. Сондай шараның бірі – облыстың 75 жылдығына арналған «Өнерлі өлке суретшілері» альбомының тұсаукесері еді. Тұңғыш рет оңтүстікқазақстандық суретшілердің шығармашылық жұмыстары жинақталып, осы өлкедегі кескіндеу өнерінің негізгі даму кезеңдерін нақты түсініктемелермен баяндайтын альбом жобасының жетекшісі Дархан Мыңбай болатын. Бұл басылым Оңтүстік өлкесінің елге танымал, Қазақстан өнерінің дамуына еңбек етіп, өз үлестерін қосқан 94 суретшінің шығармашылығына түсініктеме береді, ерекшеліктерін екшелеп көрсетеді.
Дарханның баяғы Редкин ағайдан алған дәрісі текке кетпепті, ол өзі де қолы қалт етсе, сурет түсірумен айналысады. «Ақсу-Жабағылы» қорығы туралы шыққан түрлі-түсті кітапта Дархан жанарына жалт етіп ілінген небір әдемі картина көрініс тапқан. Дарханның архив ісіне құнттылығы өз алдына жеке бір әңгіме.
Газет оқығанға оңай. Газет қолға ұстағанға оңай. Газет жыртқанға тіпті оңай. Ал оны шығарудың қиындығын күн сайын газет шығарып келе жатқандар жақсы біледі. «Өркен – Горизонт» газетінде бас редактор болғанда Дархан Мыңбайдың редакторлық қыры жақсы танылды. Бұл газетте оның алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы, Бейбіт Исабаев бас редактор болған.
Оқырманға – сөз керек. Ойлы сөз. Нәрлі сөз. Әрлі сөз. Баспасөз нарығы – арзан сөздің де, маржан сөздің де базары. «Бір адам от жақса, мың адам жылынады» дейді қазақ. Дархан Мыңбайдың жұртқа жан жылуын сыйлаған қаншама мақаласы шықты.
Мемлекеттік қызметте жүріп ойға келгенді қойып қалуға, орайсыз бір істі солқ еткізіп жасай салуға әсте болмайды. Дархан әр істі ой таразысына салып, әбден өлшеп-пішіп, кемеліне келтіріп барып жасайды.
Ал Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде Астанада «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Сонда Дархан Қамзабекұлы биік мінберде тұрып: – «Біздегі таптаурынды үрдіс бойынша кейде істі қарау үдерісі орысша қолға алынып, толықтай сол тілде жүргізілетіні жасырын емес. Енді осы көріністі басқаша қайта жасап біртіндеп жүзеге асыратын мезгіл де жетті. Яғни істі қарау мүмкіндігінше мемлекеттік тілде ғана жүргізіліп, ал қажет болған жағдайда орыс немесе өзге тілде қолданылғаны дұрыс болар еді», деді.
Сөйтті де өз пайымдауын келтірді: – «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жалдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекіді. Бағдарлама талабы бойынша халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс». Бүгінде республика бойынша жергілікті және атқару органдарында іс жүргізу мемлекеттік тілге көшіріліп отыр. Ішкі саясат бөлімінде талай азамат істеді, бірақ дәл менің жеке пайымдауымда мәселені тап осылайша төтесінен қойып, Астана төрінен ашық айтқан адам шамалы. Дархан мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры ретінде істің тетігін таба біледі, тілімізді өмірлік қажеттілік ету жолында ең бір өзекті салада қозғалмай тұрған тетікті тезірек түртіп жіберді.
Тіл-тіл деп қызыл сөздің көпірігін сапырып жатқан жоқ, кеуде қағып дау-дамай, айғай-шу шығарып жүрген жоқ; бәрін де өз ретімен, орын-орнымен ұстамды да салиқалы саясат негізінде жасап жүр. Ең бастысы ісінде дәйектілік бар. Айтқан сөздің орындалуына бас мән береді. Дархан ел басқару ісінде бір кісідей тәжірибе жинады, бар жиған білім мен білігін мемлекет пен халық ісіне арнап келеді.
Дарханның жұртшылықтың ойын тап басатын, кейде әдемі әзілмен, кейде бір тәмсілдермен жиналғандардың көңілінен шығатын қасиеті жөнінде ақын Әбілда Аймақ былай деп еске алады: «Мархабат Байғұттың мерейтойын өткізуге Түлкібас ауданына тарттық. Састөбенің бұрылысына келіп тоқтадық. Осы жерде бізді аудан әкімі Дархан Мыңбай қарсы алып, әрі қарай алып жүрді. Бізге аудандық газеттің редакторы Рүстем Өмірзақов бастаған журналистер қосылды. Шай үстінде ылғи көптің көңілін табуға тырысатын, көпшіл және сезімтал да ұғымтал, зерек, үлкен ақыл иесі Дархан Мыңбай бір әңгіме айтты: – «Баяғыда Дағыстан халқының көсемі Имам Шәмілдің кезінде елде ақын көбейіп кетіпті байқап отырса, анау да ақын, мынау да ақын, тіпті ақындардың көптігінен адам мезі болғандай екен. Бір күні Шәміл жарлық шығарыпты. Ол жарлығында кім де кім ақын болса, ертеңнен бастап терең зынданға тасталады делініпті. Осы жарлықтан кейін-ақ қаптап жүрген 300 ақыннан үш-ақ ақын қалыпты. Ақыры жарлықты орындаушылар үш ақынды әкеліп зынданға тастапты. Шәміл оларға өлең жазғандарыңды қоймасаңдар, тамақ та берілмейді депті. Сонымен не керек, үш ақынның екеуі өлең жазуды сап тыйып, біреуі-ақ қалыпты. Ал ақынды зынданнан шығарған Шәміл елді жинап: «Міне, нағыз ақын – осы!» депті. Ақырында ақынға мол сыйлық беріп үйіне қайтарған екен». Дархан осы әңгімесімен мерейтой иесі Мархабат Байғұттың мерейін тасытып, мәртебесін биіктетіп жіберді.
Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғанда, сөз бен істің қадірін білетін азаматтардың бәрі қуана қабылдады. Мәдениет пен ақпараттың басына баяғы Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты талантты да талапшыл, өрелі істің өрісін, парасаттылықтың пайымын, ақпараттың ахуалын білетін ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға келді деп бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.
2012 жыл. Алматы. Сағат 3-тен өте Дархан хабарласты. «Алматыға келдім, кешкі бес жарымдарда қолым босайды, жолығайық», деді. «Ақсер» қонақүйіне орналасқан екен. Түнгі 12-ге дейін қауқылдасып әңгімелестік. Дархан өзінің жоспарларын айтып, пікір бөлісті. Ол айтысты өткізудің жаңа жобасын ұсынды. «Бұрынғыдай он шақты адам емес, айтысқа екі-ақ адам шығады. Баяғы «Біржан Сал мен Сараның» айтысы сияқты. Бір өңірден екі адам шығуы да мүмкін. Жеңген ақынға алтыннан жасалған домбыра сыйға тартылады. Бірақ ол домбыра ауыспалы болады. «Алтын домбыра» жүлдесін қатарынан үш рет иеленген ақынға домбыра сыйға беріледі. Сонда айтыстың мәні өзгеріп, мағынасы артады. Қазақтың сөз өнері өзінше өрнекпен толығады», деді ол. Кейін дүркіреген «Алтын домбыра» жобасы осылай келген.
Содан соң қазақтың мақал-мәтелдерін әйгілейтін ескерткіштерді қою, балаларға арналған әндер, прозалық және поэзиялық шығармалар жөнінен конкурс ұйымдастырғысы келетіндігін сөз етті. Анимациялық және мультипликациялық фильмдер жасау туралы ойларын айтты.
Дархан сөз арасында: «Дін мәселесімен біраз айналысқанда көзім жеткен бір нәрсе – бұл тақырыпта ешкіммен дауласып, пәтуа таппайды екенсің, осыны ұқтым. Сосын тіл мәселесінде де тап солай екен. Осы екі нәрсеге араласып, дауласпаймын, деп шештім», деді. Ол тіл-тіл деп шулап жүргендер «неге күніге бір рет болса да кемшілікті өз қолыммен түзейін демейді, жұрттың бәрі сынап, мінегенге шебер, ал нақты іспен ешкім айналысқысы келмейді, тек сырттан қарап тұрады» деп кейістік білдірді.
Дәкең әзілге, қалжыңға шебер. Білмейтін анекдоты жоқ. Әңгімені де аңқылдап күліп алып, жарқылдап айтады. Бірде «Ұйғыр театрына барғанда театр директоры маған сол жерде тұрған дутарды сыйға тартты. Мен сол жерде Шәкен Аймановтың оқиғасын айтып бердім. «Шәкен Айманов Мәскеуге барады. Одақтас елдердің бір өкілінің туған күні болып қалған екен, соған не сыйлау керек дегенде бас қатырып жатпастан қонақүйде тұрған вазаны алады да қағазға орап апарып, «мынау қытайдың вазасы, қолдан жасалған, бірнеше ғана данасы бар, соны сізге сыйлаймын», деп керемет сөйлейді. Елдің бәрі «Ой, Шакен и здесь опередил нас» деп таңдана қол соғады. Ертесіне әлгі мерейтой иесі қонақүйден шығайын десе, вазаны қалдырыңыз, дейді. Неге десе, ол қонақүйдің заты, сенбесеңіз астында инвентарь нөмірі бар деп көрсетеді. Мерейтой иесі Шәкенді кездестіріп қалып: – мені ұятқа қалдырдыңыз ғой, мынау зат қонақүйдікі екен ғой, деп өкпесін айтады. Сөйтсе Шәкен аз-кем пауза жасап, «Зато от души» деген екен. Сол сияқты мынаның да инвентарь нөмірі болып жүрмесін», деп едім, күлкіден қырылып қала жаздады, деді.
Даладай – дархан, баладай – ақкөңіл, ақпейілді Дархан дос туралы аттың жалы, түйенің қомында, асығыс жүргенде туған аз-кем сырдың баянын ірке тұрған да жөн. Әйтсе де бір нәрсені ашық айту керек: – Дархан да, мен де, менің қаншама тұрғылас достарым да ең алдымен бір Аллаға шүкіршілік айтуымыз қажет, сосын бізді дүниеге алып келген ата-анамызға өлшеусіз қарыздар екенімізді атап айтқанымыз ләзім; егер қан майданнан аман-есен оралған әкелеріміз болмаса, олардың әрқайсысы оншақты баладан артына ұрпақ шашпаса, біз осындай болар ма едік!?. Дарханның әкесі Қамзабек қария елге сыйлы, өле-өлгенше халық деп қам-қарекет жасаған адам болса, анасы – иманы саламат болсын, өмірге 15 бала әкелді, тәрбиеледі, азамат етіп өсірді. Шын ескерткіш соларға қойылуы тиіс. Біз оларға өмір-бақи қарыздармыз. Біздің атқарып жүргеніміз азаматтық парыз ғана...
Дарханның журналистикада жүргенде былайғы жұрт біле бермейтін псевдонимі болатын. «Шабандоз» деген! Сол сөз түйін: тұлпарыңның шашасына шаң жұқпасын, Шабандоз!
Нұртөре ЖҮСІП