• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Қаңтар, 2022

Газ бен атом қуатын «жасыл энергия» қатарына қосуға бола ма?

301 рет
көрсетілді

Еуропаны атом энергиясының елесі кезіп жүр. Таяуда Еуропалық комиссия газдың кей түрі мен атом энергиясын «жасыл энергия» деп бекіту туралы ұсыныс жасады. Алайда бұл бастамаға Германия қарсы шығып отыр.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, газ және уранды пайдалану таза энергияға көшуге көмектеседі. Дегенмен газ бен атомды қолданатын электр стансаларының бәрі «жасыл» деп аталмайды. Тек жоғары стан­дарттарға қол жеткізгендер ғана осы қатарға қосылмақ. Сондай-ақ атом стан­саларының қалдықтарын жою мәселесі де жіті қадағаланады.

«Өндірілетін газ және атом энергетикасы секторлары Одақ экономикасын көмір­қышқыл газынан құтқаруға ықпал ете алатынын мойындау қажет», делінген комиссия ұсынысында.

Құжатқа мұндай ұсыныстың енуіне Франция мүдделі. Өйткені елдегі электр қуатының 70 пайызы атом стансаларынан алынады. Дегенмен алдағы 15 жылда мұны жарты есе қысқартуды жоспарлап отыр. Франция сондай-ақ 2035 жылға қарай 12 ядролық реакторды жауып, атом энергиясына тәуелділігін азайтуға уәде берген-ді.

Германия канцлері Олаф Шольц баста­ған үш партиялық коалиция Брюс­сель­ге жолдаған ресми хатында Еуро­палық одақ­тың атом электр стансаларын тұрақ­ты энер­гия көзі ретінде қабылдауына қарсы­лы­ғын білдірген. Германияның Қоршаған ор­таны қорғау министрі Еуропалық комис­сия­ның жоспарын «мүлдем қате» деп атады.

Вице-канцлер және экономика министрі Роберт Хабек Қоршаған ортаны қорғау министрі Стеффи Лемкемен бірлескен мәлімдемеде «Федералды үкімет ретінде атом энергиясын тізімге қосудан бас тартатынымызды тағы да анық білдірдік. Бұл қауіпті және қымбатқа түседі», деді Жасылдар партиясының өкілі.

Қарт құрлықтың одағы құжатты қабыл­дау арқылы «жасыл» инвестицияның озық стан­дартын орнатуға, климатқа қолай­лы жо­баларға жеке капиталды тартуға жол ашпақ. Сондай-ақ «жасылдандыру» мә­селесінде асыра сілтеуді жоюға бағытталған.

Осы орайда айта кеткен жөн. Атом энергиясын «жасыл» деп есептеу тек идеоло­гиялық мәселе емес. Оның астарында мол қаражат жатыр. Өйткені Еуропалық орталық банк (ЕОБ) Еуропалық одақтың «жасыл» облигацияларын кепілдік ретін­де пайдаланса, басқа банктерге қайта қар­жы­ландырудың тиімді шарттарын ұсына­ды. ЕОБ сонымен қатар «жасыл» облига­циялардың пропорционалды емес үлесін сатып алуға дайын екенін айтып отыр.

Сондай-ақ Reuters агенттігінің хабарлауынша, Еуропалық комиссияның ұсынысына инвесторлар да қарсы. Қазіргі таңда байлығы 6 триллион долларды құ­райтын 16 адам атом энергиясы мен газ­ды «жасыл энергия» қатарына қосуды дұрыс емес деп санайды.

Экологтердің бұған қарсылық танытуында негіз бар. Ядролық энергия көмір­қышқыл газын бөлмейді. Алайда атом электр стансасынан радиоактивті қалдық­тар шығады. Газбен жұмыс істейтін электр стансаларынан көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларға қарағанда шамамен екі есе аз көмірқышқыл газы бөлінеді. Сондықтан оны да парникті газдардан ада дей алмаймыз.

Сондықтан бұл салада лоббилердің үні қатты шығып отыр. Бұл ядролық және табиғи газ секторларына қаншалықты қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Егер энергияның осы түрлері «жасыл» ретінде есептелмесе, қаржыландыру құны көтеріле ме деген қауіп бар.

Байлығы 430 миллиард еуроны құрай­тын Union Investment компаниясының қорша­ған ортаны, әлеуметтік және корпо­ративтік басқару (ESG) басшысы Хенрик Понцен Еуропалық комиссия жоспары бекітілсе, компания да ұстанымын өзгертуі мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда Union Investment газды тұрақты инвестициялық өнімдерге қосқан. Алдағы уақытта атом энергетикасына қатысты ұстанымын қайта қарауы мүмкін екенін де жеткізді.

Қалай дегенмен, алдағы уақытта Еуро­па­лық одақта атом мен газды «жасыл энер­гияға» қосу мәселесі майшаммен қарал­­мақ. Бұған кейбір қалталылар мүдделі бол­ғанымен, экологтер одан келетін зиян­ның көп екенін айтып дабыл қағып отыр. Еуропалық комиссияның ұсынысына ұйым­ға мүше мемлекеттер дауыс береді. Қазіргі таңда Германияның жобаға қарсылығын ескерсек, жаңа құжаттың қабылданбай қалу ықтималдығы жоғары.