Қас-қағым сәтті мәңгілік ескерткішке айналдыру әрбір фотосуретшінің арманы. Алыс бір қиырдағы адам аяғы баспаған тылсым көріністерді автормен бірге саяхаттай отырып, табиғат ананың шексіз сұлулығына таңғалмасқа шараңыз жоқ. Бәзбір кенепке салғандай тіл жетпес көркем әлем өз иіріміне тартып әкетеді. Көңілімізді кезекті рет осындай әсерге бөлеген отандық фотогер Деонисий Миттің терең ізденістері.
Пабло Пикассо: «Суретші – әр жерден: аспаннан, жерден, қағаздың сыбдырынан, өткінші формалардан, тордан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүрлі көріністерінен келетін эмоциялардың ортасы» деп қалай дәл айтқан. Сіз бен біз сырына үңіле бермейтін әр сәттің қозғалысынан уақытты ұстап алу осы бір жандарға жүктелген миссия іспетті. Нағыз шебердің нысанасына ілінген маржан мекендер сізге де қол бұлғап, алдыңыздан жаңа бір әлем ашылғандай күй кешесіз. Ә.Қастеев музейінде салтанат құрған «Қазақстан – таулар мен дала мекені» көрмесіне көз тастап, автордың ширек ғасырлық шығармашылығына шолу жасайсыз.
Табиғат тынысын зерделеген туындылар бірден баурайды. Каспий маңы ойпаты, Маңғыстау үстірті, «Сібір Швейцариясы» атанған Бурабай, жер жәннаты Жетісу көз алдыңызда өзгеше өрнек салады. Іле Алатауына үңіліп отырып, ақ мақтадай ақша бұлттың тасасынан Тянь-Шанның қар басқан жоталары шыға келеді. Деонисийдің шығармалары – адамға бағынбайтын – су, жер, ауа стихиялары туралы баяндайтын фото-әңгіме тәрізді. Оның кейіпкерлері мейлі адам, мейлі жануар болсын бірден көзге түспейді. Панорамалардың қуысында жасырынып көзге көрінер-көрінбес даққа айналады.
– Деонисий Мить түзу және қиғаш сызықтарды, тегіс және сынған контурларды, суық және жылы реңктерді біріктіретін күрделі, көп қабатты композициялық шешімдерді тәуір көреді, кадрмен ойнайды. Алдыңғы пландардың анық талдануымен және кейінгі пландардың реңктік ұласуларын жұмсақ модельдейтін купедегі фотографиялық «полиритмия» кеңістіктің үш өлшемділігінің тиянақты елесін жасайды. Кескіндемеде жарық және қараңғы аймақтар арасындағы күшті және батыл қарама-қарсылықтарды қолданудың бұл әдісі «сфумато», ал фотография өнерінде мұндай түстік пен реңктік параметр «чиароскуро» деп аталады. Сонымен қатар Деонисий кейде кадрды ортаға қойып, кейде фотосуреттің басты объектісін негізгі сызықтардың тоғысу нүктесіне орналастырып, ал кейде оны айқын контраспен немесе түспен ерекшелеп, басымдықтарды өте дәл және өте дұрыс жүйелейді, – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Оксана Танская.
Суретке түсіргенде Деонисий бүкіл кеңістігі ақ-қарлы мұздықтармен бірге қызғылт, қызғылт сары, кәріптас реңктерімен жарқыраған дала мен таулардың күн батқан кездегі, таңертеңгі немесе найзағай алдындағы шектес жағдайларын бақылап-байқағанды жөн көреді. Бір ғажабы мүлт кетпейді, қас-қағым сәттерді тоқтатып, оны одан да жұмбақ, одан да керемет пішінде бейнелейді. Деонисий Мить үшін бейнеленген объектілердің құрылымы мен қасиеттерін жеткізудегі ньюанстардың жиынтығының мәні зор, бұлар – сапалы сызылған фактура, толық бітім әрі нақты да айқын бітім: жердің, тастың немесе жартасты жоталардың бедерлі беті, аспанның, тұманның, қардың тығыз немесе керісінше, борпылдақ бітімі, сонымен қатар ақылға сыйымсыз терең аспан бейнеленген су бетінің айна-қатесіз бітімі.
Оксана Танскаяның пайымынша, Деонисий Мить – мазмұнның да, форманың да шебері. Оны жай ғана фотограф емес, жарық арқылы сурет салатын, жарық арқылы өзінің туындысына «жан бітіретін», сөйтіп әдеттегі әуендерді өзгертіп, ерекше көңіл күй қалыптастыратын фотограф деп таныған жөн.
Даланы әсем әрге бөлеген қызғалдақтар, жанға жылу сыйлаған жазира жоталар, аспан мен жер арасын жалғаған ақша бұлттар, жұмбағы қалың үңгірлер бәрі-бәрі талант иесінің нысанасынан тыс қалмаған.
Көз алдымызда тағы да сол көңіл баураған маржан мекендер...
АЛМАТЫ