• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қаңтар, 2022

Ту ұстаушыларды тұғырдан көрейік

164 рет
көрсетілді

Бұған дейін хабарланғанындай, санаулы күндерден соң Қытай астанасы Бейжіңде төрт жылдықтың басты додасы – Қысқы Олимпия ойындарының жалауы желбірейді. Осыдан бірер күн бұрын Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті биылғы Ақ Олимпиадада Қазақстанның байрағын шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова ұстап шығатынын мәлімдеген болатын.

Екатерина Айдова Қазақстан құра­масы сапында ең алғаш рет 2010 жыл­ғы Ванкувер Олимпиадасында өнер көрсетті. Кейіннен Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Ай­дова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден Әлем кубогы кезе­ңінің, 2017 жылғы Универсиада ойын­дарының жүлдегері, 2021 жыл­ғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы саналады.

«Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің бай­рағын көтеріп шығатын алғашқы қазақ­стандық спортшы қыз екенімді мақ­тан тұтамын. Көптеген атлет үшін бұл – алғашқы Олимпиада, ал кей­біреулері төртжылдық додасына бірнеше рет қатысқан. Алайда Олим­пиадаға қанша рет қатыссаң да, онда­ғы сезім өзгермейді. Елің үшін мақтанасың және үлкен жауапкершілік барын түсінесің. Бейжіңде ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз», дейді Екатерина Айдова.

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен Әлем кубогы кезеңде­рінің барлық жүлдесі бар: 2017 жыл­ғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойын­дарының медалі оның қоржынынан табылады. Абзал 2014 және 2018 жыл­дардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын кө­теріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке осымен екінші рет ие болып отыр.

«Олимпия ойындарында Қазақ­станның туын алып шығу мен үшін үлкен абырой. Еліңнің байрағын ашылу салтанатында көтеріп шыққандағы сезім өмір бойы ұмытылмайды. Бізге сенім артқан барша жанкүйерге алғы­сымыз шексіз. Барлық олимпиада­шылар атынан бұл бәсекені асыға күтке­німізді айтқым келеді. Спорт­шыларға дайындалу үшін бар жағдай жасалды. Елде де, шетелде де дайын­далдық. Енді Олимпиада айдынында ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз», дейді Абзал Әжіғалиев.

Осы орайда өткенге шегініс жасап, бұған дейінгі ақ қар, көк мұз үстіндегі ойындарда еліміздің Көк туын ұстап шыққан спортшылар мен олардың Олимпиадада қол жеткізген нәтижелеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Қазақстандық спортшылар тұңғыш рет Норвегияның Лиллехаммер қала­сында (1994) өткен Қысқы Олимпия ойын­дарына қатысты. Онда Қазақстан туын трамплиннен секіруші, еліміздің төрт дүркін чемпионы, ТМД елдері кубогының иегері Қайрат Биекенов ұстап шықты. Олимпиадада ол 90 метрлік трамплиннен секіруде 49-орын алса (157,5 ұпай), 120 метрден секіруде 58-ші (35,2 ұпай) орыннан көрінді. Қайрат 2001 жылы спорттық карьерасын аяқтап, біржола бапкерлікке бет бұрды. Бүгінде трамплиннен секіруден Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында алауы тұтанған Ақ Олим­пиадада Көк туды ұстау мәртебесі Лил­лехаммерде Қазақстан қоржынына үш жүлде салған шаңғышы Владимир Смирновқа бұйырды. Владимир Смирнов Наганода да жүлдегерлер қатарынан көрініп, Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. 1999 жылы спорт­тық мансабын аяқтап, 2000 жылы Халықаралық Олимпиада коми­тетінің атқару комитетінің мүшесі бо­лып сайланды. Ал 2002 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан биатлон феде­рациясының президенті қызметін атқарды. Сондай-ақ Смирнов 2014-2015 жылдары «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры болды.

АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қала­сында өткен XIX Қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан байрағын конькимен жүгіруші Радик Бикчентаев ұстап шықты. Радик Бикчентаев сол кездегі құрамадағы үш Олимпиадаға қатысқан (1994, 1998 және 2002 жылдары) тәжірибелі спортшының бірі еді. Оның Олимпиададағы ең үздік көрсеткіші 16-орын болды. Бұл нәтижеге ол 1994 жылы Лиллехаммерде 5 000 метр қашықтыққа жүгіруде қол жеткізген еді. Р.Бикчентаев конькимен жүгіруден Қазақстанның үш дүркін чемпионы және төрт рет ел біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Сондай-ақ 1999 жылғы Қысқы Азия ойындарында алтын медаль алған. Ол бүгінде Қазақстанның конькимен жүгіру федерациясының атқарушы директоры.

2006 жылы Италияның Турин қала­сында өткен Олимпиадада еліміздің Көк туын хоккейші Александр Ко­реш­ков ұстады. Туриндегі хоккей бәсе­кесінде Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде «В» тобында сынға түсіп, екі ұпаймен алты құраманың ішінде бесінші орын алды. Сөйтіп іріктеуден іркілген құрамамыз Олимпиаданы ерте аяқтауға мәжбүр болды.

2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген Қысқы Олимпия ойындарында Қазақстанның туын биатлоншы Диас Кенешев алып шықты. Ту ұстаушы бұл дүбірлі додада көңіл көншітерліктей нәтиже көрсете алмады.

Сочи Олимпиадасында (2014) Көк туды ұстап шығу шаңғышы Ердос Ахмадиевке сеніп тапсырылды. Ту ұстаған спортшымыз шаңғыдан 15 шақырымдық классикалық стильде жүгіруден сынға түсіп, мәреге 54-ші болып келді.

Әзірше Қазақстан құрамасы қатыс­қан соңғы Пхенчхан Олимпиа­дасында Қазақстанның Көк туын, жоғарыда айтып өткеніміздей, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ұстап шықты. Әжіғалиев Оңтүстік Кореядағы ойындарда 500 метр және командалық эстафета жарысында бақ сынады. 500 метрге жүгі­руде 9-орынға табан тіресе, эстафетада үздік алтаудың қатарынан көрінді.

Бұл жолы қалай болар екен?..