• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Қаңтар, 2022

«Самұрық-Қазына» - құр әңгіме, бос жоспар: Сенаторлар біраз саланы сынға алды

2634 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалуына байланысты Сенаттың жаңа вице-спикерін сайлау туралы мәселені қарады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұрлан Мәжитұлы Сенат Төрағасының орынбасары ретінде Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге айтарлықтай еңбек сіңірді. Сенаттың көптеген бастамаларын және іс-шараларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосты. Депутаттардың заң шығару қызметін де тиімді үйлестіре білді», деген Мәулен Әшімбаев әріптесіне атқарған қызметі үшін алғыс білдірді.

Отырыс барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары болып Ольга Перепечина сайланды. Ол бұған дейін төрт жылдан астам уақыт Сенаттың Қаржы және бюджет комитетіне басшылық жасап келді. Мәулен Әшімбаев О.Перепечинаның Комитет төрайымы ретінде ел бюджетінің тиімді қалыптасуына үлкен үлес қосқанын айтты. Ал Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып сенатор Серікбай Трұмов сайланды.

Сонымен қатар отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Құжаттарға енгізілген нормаларға сәйкес Мәжілістің депутаттық мандаты үшін 30 пайыздық квота берілетін санаттар қатарына әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар адамдар да қосылады. Сондай-ақ аталған заң жобаларында «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген.

«Бұл құжаттар әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызына кепілдік береді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды депутаттық корпусқа қосу Парламенттің инклюзивтілігін арттыра түседі. Сондай-ақ осы санаттағы адамдарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді жұмылдыруға да ықпал етеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында өзге де бірқатар маңызды мәселелер сөз болды. Сенатор Сергей Ершов еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Президенттің әлеуетті саланы реформалау жөніндегі тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды атап өтті. Депутат Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін түбегейлі қайта құруға, Қарулы Күштердің, құқық қорғау құрылымдарының, ұлттық қауіпсіздік және сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құруға ерекше тоқталғанын тіліне тиек етті.

Ол сондай-ақ депутаттардың сауалдары мен сөздерінде, сондай-ақ республикалық бюджетті қарау кезінде әлеуетті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Сонымен қатар Парламенттің бастамасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленіп, қазір Үкімет қарауында жатқанын айтты.

«Заң жобасында жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жекешелендіру ерекшеліктерін заңнамалық реттеуге, діни экстремизмнің алдын алуға, мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетуді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға бағытталған түзетулер көзделген. Осылайша, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді заң жобасының мазмұнын кеңейту есебінен заңнамалық түрде шешуге болады», деді Сергей Ершов.

Жыл сайын елімізде 1 500-ге жуық адам өндірісте жарақат алады, бұл ретте 200-ден астам жұмысшы қаза табады, ал 600 адам дерт салдарынан мүгедектік алады. Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында осындай көңілсіз деректерді келтірді.

«2020 жылы тексерілген 1,6 млн. жұмысшының 22% зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істегені анықталған. Нәтижесінде жыл сайын 500-ге жуық жұмысшыдан кәсіптік аурудың алғашқы белгілері тіркелуде. Одан басқа 2020-2021 жылдары еңбек инспекторларымен анықталған 11 мыңнан аса бұзушылық болса, соның 34% еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тіркелген», деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда, оларда мемлекеттік бақылауды тек 237 еңбек инспекторы ғана жүргізеді. Инспекторлардың жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын ұйымдар мен кәсіпорындардың тек 3%-ын тексерумен қамту мүмкін болып отыр. Сенатор түсіндіріп өткендей, бұл құзыретті органдар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен күреспейді, тек өткен шақпен ғана жұмыс істейді.

«Баяндалған жайттарды ескере отырып, кәсіпкерлік кодексте көзделген еңбек инспекторларының қызметін шектеу туралы нормаларды Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес келтіру маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын арттыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар фактісі туралы уақтылы хабарламағаны үшін жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін күшейту мәселесін қарау қажет», деді сенатор.

Депутат сенаторлардың бастамасы бойынша қазір еліміздің «Еңбек кодексіне» тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеуге дайындалып жатқанын атап өтті.

Сенатор Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау не тіпті оны ел экономикасының дамуын тежеуші ретінде жою қажет деп санайды.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында 600-ге жуық ұйымды қамтитын квазимемлекеттік секторды, әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын түбегейлі реформалау жөніндегі Президент алға қойған міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.

«Соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» қорына қатысты шағымдар аз емес. Себептер де жеткілікті. Холдингтің құрамына көптеген қуатты институттар кіреді, олардан қайтарымын күткенімізге көп болды. Ол жоқ! Құр әңгіме, түсініксіз жоспарлар, бағдарламалар ғана бар. Қордың басты кемшілігі – оның көп миллиардтық мемлекеттік қаражатты бөлудегі және жұмсаудағы схемаларының көмескілігі мен шатасуы»,  деді сенатор.

Сенатор сондай-ақ Үкімет алдына қорды жаңғырту жөніндегі қабылданатын үлгінің тиімділігіне қатысты бірқатар мәселелер қойды.

«Бәсекелестік ортаға қандай активтер беріледі? Ұлттық экономикалық қауіпсіздік мүдделері қалай ескерілетін болады? Барлығын бәсекелестік ортаға беру керек пе? Қорды жаңғыртудың қабылданатын үлгісінің тиімділігі қандай, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту мөлшері қандай? Бұл ретте біз стратегиялық маңызды объектілер мемлекеттің бақылауында қалуы тиіс және жекешелендіруге жатпауы керек деп есептейміз», деді Еділ Мамытбеков.