«Қазақстан темір жолы» АҚ пойыз машинистеріне арналған мобильді қосымшаны іске қоспақ. Оның негізгі міндеті – тиімділікті арттыру және локомотив бригадаларының жұмысын жеңілдету. Қосымшаның көрсетілімдік нұсқасы Шымкент, Ақтөбе бөлімшелерінде және елордалық депода өткен көшпелі кеңестер барысында депо қызметкерлерінің назарына ұсынылды.
Машинист-нұсқаушылар мен жылу техниктері жаңашылдықты жоғары бағалады. Бұл өндірістік қауіпсіздікті жақсартып, әртүрлі қызметтік ақпаратты алуға көмектеседі және нормативтік-техникалық құжаттаманы өзгерту бойынша өз бастамаларын ұсынады.
«Қосымша бойынша жұмыс өткен жылы жүргізілді. Жұмыс процестерінің барлық өзгешелігі ескерілген. Мобильдік қосымшаны енгізу «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған басқару жүйесінің функционалын кеңейту жобасы аясында цифрлы локомотив депосына жасалған алғашқы қадам болды», деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов.
Мобильді қосымша бірнеше бөлімнен тұрады. Қосымша арқылы сапарға тағайындалған келу күні мен уақыты туралы хабарламалар келіп түседі. Қосымша қызметтерінің бірінде машинистің рейтингі автоматты түрде жүргізіледі. Бағалаудың негізгі критерийлері: қауіпсіздік пен ескерту талондары бұзылуының болмауы, локомотивті басқару кезінде отын немесе электр шығыны туралы мәліметтер және тағы басқалар. Жүйе медициналық тексеруден өткені туралы ақпаратты қамтиды, машиниске психологиялық тексеруден немесе медициналық тексеруден өту қажеттілігі туралы ескертеді.
Қосымшада машинистің жұмысына қажетті бұйрықтармен, нормативтік құжаттармен танысуға болады. Рейс алдындағы нұсқаулықтар бөлімінде оқу үшін материалдар ұсынылса, бұл дайындық уақытын қысқартады. Мұнда онлайн-тестен өтуге болады, содан кейін нұсқаулықтан өткені немесе өтпегені жөнінде мәртебе беріледі.
Қосымша арқылы машинистер тартым құрамының жағдайына мониторинг жүргізеді, оны бес балдық жүйе бойынша бағалайды. Локомотивтің электронды борттық журналына фото және бейнефайлдармен бірге сын-ескертпелер енгізіледі. Содан кейін деректер локомотивтің электронды паспортына жіберіледі, онда сапарлар мен жөндеу тарихы, ТЭР шығыны туралы деректер жазылады. Қосымшада локомотив рейтингі, сенімділік, тозу есебі жүргізіледі, ақпараттық блок қарастырылған: арнайы таспада компания бойынша соңғы жаңалықтар орналастырылады. Кері байланыс жасалған, бұл үшін жұмысты жақсарту, нормативтік-техникалық құжаттаманың пайдалылығын бағалау бойынша талқылау және өз бастамаларын ұсыну форумы ашылған.