Заң бойынша рұқсат етілмейтінін біле тұра аң аулап нелері бар еді?! Ұлан ауданы, Каменка ауылының екі тұрғыны итпен сілеусінге шыққан. Бір емес, екі сілеусінді рұқсатсыз қанжығаға байлаған олар із суытпай табиғатты қорғау полициясының қолына түсіпті.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 19 қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының полицейлері күшейтілген режімде қызмет ете бастаған. Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы алты күнінде ғана 138 қылмыс тіркеліп, оның 93-і ашылды. Бұдан басқа, «Құқықтық тәртіп» шеңберінде 2533 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуы, тағысын тағы. Учаскелік полиция инспекторлардың қатысуымен 1160-қа жуық жалдамалы пәтер, 72 қараусыз қалған үй, 1747-ден астам саяжай тексерілді.
Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерін анықтап, әкімшілік жаза қолданысты. Осы уақыт ішінде облыс жолдарында 27 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндеп, ұсталған екен. Басқасын қойғанда, спирттік ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгініне отыру – өзіне ғана емес, өзгеге де қауіпті екенін жаза-жаза жауыр еткенбіз. Соның өзінде заңға бағынбай жүрген жүргізушілер баршылық. Мас күйде қолға түскен ол азаматтардың автокөліктері арнайы тұраққа қойылып, өздері заң аясында жауап береді.
Ал сілеусін аулаған аңшылар 21 қаңтар күні анықталған. Терісін кәдеге жаратамыз деді ме екен, кім білсін, Ұлан ауданы, Каменка ауылының маңындағы Хансар учаскесіне ит ертіп шыққан. Рұқсатсыз аң аулағандарына қарасақ, жедел алдын алу іс-шаралары жүріп жатқанын білмесе керек. Әйтпесе, әр қадамын аңдып басар ма еді?! Ұлан аудандық полиция бөліміне қарасты табиғатты қорғау полиция тобының аға инспекторы Әсет Сәбиев Хансар учаскесінде иттермен, екі сілеусінді заңсыз аулау фактісін анықтап үлгірген. Аталған факті бойынша тиісті рұқсатсыз аң аулаған Каменка ауылының 32 және 49 жастағы екі тұрғыны ӘҚБтК-нің 382-бабы, 1 бөлігі, яғни «Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әрқайсысына 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Статистикалық деректерге қарасақ, қылмыс азаяр емес. Айыппұл салынып, темір торға тоғытылғанымен, түгелі тәртіпке бағына бермейтіні өмір заңдылығы. Айналып келгенде, «тәрбие – тал бесіктен басталуы» керек шығар.
Шығыс Қазақстан облысы