«Қасіретті қаңтардан» кейін құқық қорғау органдарының, соның ішінде, полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар легі толастар емес. «Азаптады», «ұрды-соқты», «тірі кетіп, табытпен оралды», «өлгендердің өзін көрден қазып алып жатыр» деген жантүршігерлік оқиғаларды естіген сайын халықтың да ашу-ызасы үдей түсуде. Алып-қашпа әңгіме мен ақиқаттың аражігін ажырата алмай қалған жұрттың жауап таппай жүрген сұрағы көп. Жазықсыз жапа шегіп жатқандар кім? Кім террорист? Кім бұзақы? Кім бейбіт шеруші?...
Құқық қорғаушы ма, қорлаушы ма?
Қаңтар оқиғаларынан кейін адам құқығын аяққа таптап, әділдік пен адамгершілік дейтін қағидаттарды құнсыздандырып жіберген оқиғалар қоғамда тым көбейіп кеткені ақиқат. Осының барлығын көріп-біліп отырған қоғамда құқық қорғау органдарына деген наразылықтың күшейе түсетіні де түсінікті. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың барлығы бірдей кінәсіз деп те кесіп айту қиын. Себебі алаңға шыққандардың арасында бейбіт шерушілермен қатар митингті өздерінің арам мақсаттарына пайдаланып кеткен бұзақылар да бар. Бұл екі топтың мүшелері қамалғандар мен қайтыс болғандар арасында да бар екені анық. Осылардың аражігін ажырату, ақ-қарасын анықтау – бүгінгі күннің басты мәселесі болып тұр.
Мақаланы дайындау кезінде 44 жастағы ұлын бес күн бойы іздеп, ақыр соңы өлігін мәйітханадан тапқан анамен де сөйлескен едік. Талдықорғандық Әлия Әбдірахманова ұлы Алмастың бейбіт шеруге бірінші күні қатысқанын айтты. «Екінші күні оны қамауға алады, алайда ешқандай кінә таппағаннан кейін кешке босатып жібереді. Ал 6 қаңтар күні балам ерікті ретінде алаңға барып, жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға қатысты. 7 қаңтар күні үйде болды, ешқайда шыққан жоқ. 8 қаңтар күні таңертең келінім екеуі дүкендерін (марқұмның шағын көкөніс сататын дүкені болған – авт.) көріп келейік деп сол жаққа шығып кеткен. «Көктем грандтың» маңына келгенде көлігінің дөңгелегі жарылып, тұрып қалады. Сол тұста қай жақтан сау ете түскені белгісіз бірнеше автобус келіп, ішінен 20 шақты әскери киім киген, ішінде азаматтық киімдегі бір адамы бар барлығы ұлыма тарпа бас салған. Келінімнің телефонын жұлып алған. Бет-жүздерін де дұрыс көрсетпеген, аты-жөндерін де айтпаған. «Біз сондай адамдармыз!» деп ұлым мен келінімнің ауыздарын да аштырмаған. Ұлым ешқандай қарсылық көрсетпеген. Оны жерге етбетінен жатқызып қойып, алдымен көлігін тексерген. Алайда ешқандай күдік тудыратын зат таппаған соң келінімді сол жерде қалдырып, өздері ұлымды көлігімен бірге алып кеткен. Сол кеткеннен ұлымды 13 қаңтар күні мәйітханадан бір-ақ таптық. Ұлымды неше күннен бері іздедім... Ешкім ешнәрсе айтпайды, не өлі, не тірі екенін айтпай сандалтты... Қайда барсам да «жоқ-жоқпен» шығарып салады....», деген ана ұлының осы уақыт аралығында нақты қайда болғанын, кімдердің ұстап, сонша қорлық көрсеткенін білмейтінін де жасырмады. «Баламның денесінің сау тамтығы қалмаған. Өте қорқынышты! Ойларына келгенін істеген. Оның барлығын әкесі де, ағасы да, достары да көрді ғой... Уххх!».
Өзі қайғыдан қан жұтып отырған анадан әрі қарай бірнәрсе сұрау, анықтап жату да ауыр еді. Бар білгеніміз ұлының өліміне қатысты Алматы облыстық прокуратураға шағым түсіргенімен әзірге ешқандай нақты жауап келмеген. Алмастың соңында аңырап анасы, еңсесі езіліп әкесі мен үш баласын қанатының астына басып асыл жары қалды. Бәрінде бір ғана сұрақ. Неге? Не үшін? Жазықсыз жанды осыншалықты азаптап өлтіретіндей «жалдамалы жендеттердің» не бастарына күн туды?
«Мен қылмыскер емеспін!»
Полицияның айуандығына куә болғандардың тағы бірі – ақтөбелік Мәрлен Баймағамбетов. Митингке қатысқаны үшін 10 күн тергеу изоляторында отырып шыққан азаматтың басынан кешкенін бейжай тыңдау мүмкін емес. Ақтөбе облысы ПД-нің қызметкерлері оны 8 қаңтар күні ұстап әкеткен. «Мен қылмыскер емеспін! Бірақ маған көрсеткен қорлықтары – тап бір халықаралық террориске қолданатындай азап пен айуандық. Алғашында мені патрульдік көлікпен бір бөлімшеге апарып, сол жерде еденге 4 сағаттай етбетіммен жатқызып қойды. Кейіннен маған «сұйытылған газ бекетін өртеп жібергенсің» деп жала жауып, ұрып-соға бастады. Ұрып жүріп бір әкімшілік хаттамаға қол қойғызды. Шынымды айтсам, ол жерде не жазылғанын да білмеймін», деген ол тергеу кезінде басынан өткерген азаптарын тәптіштеп баяндап берді.
«Қолымыз кісендеулі 50-ге тарта адам екі күн бойы спортзалда түнедік. Қолдарымыз артқа қайырыла кісендеулі, суық еденде жаттық. Жарытып тамақ та ішкен жоқпыз. Осыншалықты қинайтындай біз не істедік? Сот өткеннен кейін де бізді осы жерге алып келіп қамап, ойларына келгенін істеді. Ұрып-соғып, электрошокермен қинады. 9 қаңтар күні түнгі 10-дар кезінде спортзалға бір топ полиция келіп қорлық көрсете бастады. Осының барлығын қалай түсіндіруге болады? Мен қылмыскер емеспін ғой. Керісінше біздер үш күн бойы митингтің бейбіт өтуін қадағалап, әкімшілік ғимаратты бүлікші, тонаушылардан қорғап жүрдік. Алайда бұл жасағандарымыздың бірде-бірі сот кезінде ескерілген жоқ», деген М.Баймағамбетов 8 күн бойы Ақтөбедегі бір түзеу мекемесінде ұсталғанын айтады. Бір адамдық аядай бөлмеде үш адам сығылысып жатқан. Бұл мекеменің қатаң режімдегі түзеу мекемесі екенін, мұнда тек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер ғана ұсталатынын ол кейіннен білген.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты негізі 9 қаңтар күні Мәрлен Баймағамбетовті ӘҚБтК-нің 488-бабының 7-бөлігіне сәйкес кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қамаққа алған. Алайда ол прокурор берген апелляциялық өтініш хаттың негізінде он бірінші күні бостандыққа шығады. «Конституциялық құқығым бұзылды! Ең сорақысы – денсаулығыма зақым келді!» деп әділдік іздеген ақтөбелік азамат қазіргі таңда құзырлы органдарға шағым түсіріп, «Осының барлығына кім жауап береді?» деген сұраққа жауап іздеп жүр. Ал Ақтөбе облыстық прокуратурасына митингтен кейін ұсталып, кейін босатылып шыққан екі адамнан арыз келіп түскен. Қазіргі таңда осы екі арыз бойынша қызметін асыра пайдалану дерегімен полиция қызметкерлерінің үстінен екі қылмыстық іс қозғалған.
«Аманат» кімнің аманатын арқалап жүр?
«Аманат» – «Қасіретті қаңтардан» кейін заңсыз қудалауға ұшырап, қамауға алынғандардың құқығын қорғау мақсатында құрылған қоғамдық комиссия. Комиссияның құрылуына мұрындық болған белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан өзіне хабарласатындардың саны тым көп екенін айтты. Барлығының сұрағаны біреу-ақ – жазықсыз жәбір көрген жақындарына араша түсу.
Бұдан бұрын құқық қорғаушы бейбіт митингке қатысушыларды қудаламау туралы петиция дайындап, кейіннен Қауіпсіздік Кеңесіне қоғамдық бақылау, қоғамдық комиссия құру туралы ұсыныс жолдаған болатын. Бұл бастамасын ол «Жергілікті жердегі кейбір шаш ал десе, бас алуға дайын полиция өкілдерінің әрекеті халықтың ашу-ызасына тиюде. Мұндай заңсыздыққа шектеу қою керек!» деп түсіндірген еді. Комиссия жұмысын 24 қаңтарда дереу бастап кеткен құқық қорғаушы: «Біздің басты мақсатымыз – қаңтар оқиғаларына байланысты ұсталғандар мен қамауға алғанғандарға адвокаттар қауымдастығы атынан кәсіби көмек ұсыну» дейді. «Әрине, адвокаттар былайғы күндері де азаматтардың заңды құқықтарын қорғайды. Бірақ дәл қазіргі уақытта қарапайым халық құқықтық көмекке қатты зәру. Алматыда жаппай тәртіпсіздіктің болғаны ол – факт, алаңға мыңдаған халықтың жиналғаны да баршаға белгілі. Ал қазір кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтау штаттағы тергеушілерге өте үлкен салмақ түсіруде. Осыған орай біздер кәсіби мамандар ретінде өзіміздің көмек қолымызды созып отырмыз. Бар мақсатымыз осы ғана!», деген А.Құспан комиссияның жұмыс құрамы енді ғана жасақталып жатқанын да айтты. Қазіргі таңда комиссия құрамында 8 адам бар. Оның ішінде 4 кәсіби адвокат, 1 Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір мүшесі, Бас прокуратура және ІІМ басшы құрамынан бір-бір адам бар.
«Біз жұмысымызды шұғыл түрде бастап кеттік. Конкурс ұйымдастырып отыруға уақыт тапшы», деген құқық қорғаушы алдағы уақытта комиссия құрамының әлі де толыға түсетінін мәлімдеді. «Біз мемлекеттік орган емеспіз. Бәріміз де жеке өз еркімізбен бас қосқан ынталы топпыз. Қазіргі таңда Алматы қалалық прокуратура, полиция департаменттерімен бірге тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу изоляторларына кіріп, қамауда отырған адамдармен кездесу, қылмыстық істермен танысу үшін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Мен осы тұста бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Ақорда, Бас прокуратура мен ІІМ, қоғам белсенділері, лауазым иелері жазықсыз жандардың қосақ арасында кетіп қалмауына мүдделі. Кінәсіздердің заңсыз қудаланбауы үшін олар бізге барлық жағдайды жасап отыр», деген құқық қорғаушы комиссия жұмысының таяу арада өз нәтижесін көрсететініне де сенім білдірді.
Комиссия мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараев те тергеуде жүрген азаматтардың ішінде бейбіт шеруге шыққанымен қосақтың арасында кетіп қалып, жазықсыз жапа шеккендердің болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. «Біздің басты мақсатымыз – алаңға шыққанымен арам ойы, қылмыстық пиғылы болмаған, қолына қару алып, өртеу, қирату секілді әрекеттерге бармаған азаматтарға араша түсу», деген адвокат қаңтар оқиғалары еліміз үшін үлкен қасірет екенін де ашық жеткізді.
«Алматы секілді ару қаламызды қалай талқандағанын көзіміз көрді. Сол оқиғалар кезінде ғимараттардың тоналғаны, өртелгені, күнкөріс көзіне айналып отырған кәсіптерінен халықтың айырылғаны, жазықсыз боздақтардың қаза болғаны анық. Осының барлығын кімдер жасады? Террористер ме? Экстремистер ме? Бұзақылар ма? Өзінің бас пайдасын күйттеген пайдакүнемдер жасады ма? Әлде, аңғал халықтың алаңға шыққанын пайдаланып, өзінің саяси ұпайын түгендегісі келгендер ме? Алдағы уақытта осы жайттардың ақ-қарасы ажыратыла жатар. Ал біздің дәл қазіргі таңдағы басты әрі жедел мақсатымыз – арам пиғылды арандатушылардың арасынан бейбіт шеруге шыққан адал жігіттерді анықтап, оларға заңды құқықтық көмек көрсету. Олардың жазықсыз жапа шекпеуін, қосақ арасында кетіп қаламауын, бостандыққа шығып, отбасына оралуына жәрдемдесу», дейді ол.
Қамаудағының бәрін кінәсіз деу – дилетанттық
25 қаңтардан бастап қана жұмыстарына кірісіп кеткен комиссия денсаулықтарына байланысты 11 адамды босатуға қол жеткізген. Оның 7-уі тергеу изоляторынан, 4-уі ауруханадан босатылған. Бас шаралары өзгертіліп, бостандыққа шыққан 11 адамның барлығы да Қылмыстық кодекстің 272-бабы яғни, жаппай тәртiпсiздiк бойынша тергеуге алынған. Егер олардың осы бапта көрсетілген: «Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырғаны» дәлелденсе, төрт жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айырылар еді. Ал осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жаппай тәртiпсiздiкке қатысса 3-тен 8 жылға дейiнгi мерзiмге, «билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырса», 3 жылға дейiн сотталар еді.
Осы тұста «Қосақ арасында жазасыздар кетіп қалмасын деп жанталасып жүргенде осы сәтті пайдаланып нағыз қылмыскерлер құтылып кетпей ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Біз бұл сұрағымызды «Аманаттың» адвокаты Мәди Мырзағараевке де қойған едік. Қай ел, қандай заман болсын қоғамдық комиссия ешқашан да мемлекеттік, соның ішінде сот органдарының орнын алмастыра алмайтынын айтқан ол: «Әрине, тергеу-тексеру барысында қандай да бір қылмыстық топтардың, содырлардың болғаны анықталса және ол өз дәлелін тапса, олар өздерінің тиісті жазасын алуы керек. Халықтың осындай талап-тілек қойғанын пайдаланып, жеке басын күйттеп кеткендер болған сыңайлы. Біздің міндетіміз тек мемлекеттік, сот, құқық қорғау органдарымен, қоғам белсенділерімен, қоғамдық қозғалыстарымен бірлесе отырып, халықтың арасындағы тарап жатқан ақпараттарды саралап, адвокаттар қауымдастығының қолдауымен қиын жағдайға тап болған жазықсыз, кінәсіз адамдарға көмек беру», деді.
А.Құспан да «Қамауда жатқанның бәрін кінәсіз деп шығару – дилетанттық» екенін баса айтты. «Мен бұл сөзімнен бас тартпаймын. Өйткені арандатушылар қирап-бүлінген, адам шығыны болған Алматы тұрмақ, бір талдың шыбығы сынбаған Оралда да болды. Сондықтан ұсталғандар арасында қылмыс жасағандар болса, олар жазасын алу керек деген пікірімнен танбаймын. Ал біздің комиссияның мақсаты – жазықсыз жандардың қосақ арасында кетіп қалмауына барынша себепкер болу. Одан кейін, кінәсі болсын, болмасын, ауыр дене жарақатын алғандардың бас шарасы өзгертіліп, қамаудан шығарылуы керек», дейді құқық қорғаушы.
Айта кетейік, өз мақсаттарын айқындап алған аманаттықтар осы санаулы күннің ішінде Алматыдағы бірнеше тергеу изоляторының камераларын аралап, 200-ге жуық қамауда отырған адаммен кездесіп, емдеуде жатқандардың жағдайын да біліп шыққан. Соның нәтижесінде жазықсыз қамауға алынған тағы төрт адамның бостандыққа шығуына ықпал еткен. Олардың екеуі – кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек.
Келіп түскен шағым саны – 109
Ал ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов тергеушілердің қылмыстық істерге қатысты барлық шешімі заң талаптарына сәйкес келетінін айтады. «Бұл шешімдердің барлығы қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде қабылданады», дейді ол. Оның айтуынша, күдіктіні ұстау, олардың іс-әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау секілді негізгі шешімдердің барлығы прокурормен келісіледі. Ал тінту, алу, сараптама үшін үлгілерді алу, бас шарасын санкциялау сияқты іс жүргізу әрекеттері тергеу соттарының қаулысымен жүргізіледі.
«Қылмысқа күдікті ретінде ұсталғандардың барлығы алдымен медициналық тексеруден өткізіледі. Осыдан кейін ғана дене жарақаттарын алуының мән-жайлары анықтала отырып, уақытша ұстау абақтысына қамалады. Себебі тәртіпсіздік орнынан бірден медициналық мекемелерге жеткізілген күдіктілер де бар», деген ІІМ өкілі ұсталғандардың барлығы адвокаттармен қамтамасыз етілгенін де жеткізді. «Қажет болса, мемлекет өз қаражаты есебінен тегін қорғаушы қызметін ұсынады», дейді полковник.
С.Әділов сондай-ақ полиция қызметіне қатысты халықтан келіп түскен әрбір шағымның жіті тексерілетініне назар аударды. Бұл жөнінде ол: «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және билікті асыра қолдануы туралы әрбір шағымға прокуратура органдарымен қатар ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік бөліністері тексеру жүргізеді. Ал мұндай деректер бірінші күннен бастап БАҚ-та жарияланып келеді», деді.
ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда арнайы мекемелердегі медицина қызметкерлерінің ұсынымдары бойынша денсаулық жағдайына байланысты бірнеше күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары өзгертіліп, олар күзеттен босатылған.
Ал Бас прокуратура қазіргі таңда жедел тергеу топтарының 2 мыңнан астам қылмыстық істі қарап жатқанын айтады. 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың хабарлауынша, бұл істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Оның ішінде сот санкциясымен 802-сі қамауға алынса, 50 адам үй қамаққа алынған, ал 21-не кепіл, 12-сіне ешқайда кетпеу қолхаты берілген.
Тергеу кезінде заңдылықтың сақталуына баса мән берілетінін айтқан Е.Қилымжанов прокуратура органдарына құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты 109 шағым келіп түскенін де мәлімдеді. Бұл арыз-шағымдардың дені тыйым салынған тергеу әдістері, азаматтардың құқықтарын бұзу деректеріне қатысты. Оның айтуынша, қазіргі таңда билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ал қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді.
ТҮЙІН. Қазақстан – Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға қол қойған мемлекеттің бірі. Ал халықаралық құжаттың 2-бабында «Қандай да бір соғыс жағдайы немесе соғыс қаупі, ішкі саяси тұрақсыздық немесе кез келген басқа да төтенше жағдай сияқты ерекше жағдайлар азаптаулардың ақтауы бола алмайды» деп жазылған. Яғни кез келген жағдайда, тіпті соғыс, террористік акт кезінде де азаптауға жол берілмеуге тиіс. Ал осы баптың 3-бөлігіне сәйкес «жоғары тұрған бастықтың немесе мемлекет билігінің бұйрығы азаптаулардың ақтауы бола алмайды». Осы құжатты негізге алар болсақ, қаңтардың қанды қасіреті қоюлана түсері анық. Өйткені алаңға ақиқат іздеп барамыз деп, ақыр соңы абақтыда азап көрген азаматтардың саны аз емес...