• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Қаңтар, 2022

Гүл тағдырлы қыз-ғұмыр

1532 рет
көрсетілді

Қазақ бейнелеу өнері қалыпқа сыймайды. Даланың тілін меңгерген данагөй жұрттың рухани кеңістігіне дүрбі салсаңыз тағдыр түсінің сан тараулы екенін ұғасыз. Сол таңбалы түстер кенеп бетіне бірде шашырай, бірде қатарлай түскенде палитрадағы көріністер көркем ойдың көшін бастайды. Дәл анау картинадағы алуан-алуан арманынан гүлдесте тоқып алған арудай…

 

ХХ ғасырдың ортасындағы қазақ қызының мөп-мөлдір бейнесі. Көз­ге бірден оттай басылады, көңіл жібітеді. Әйнектен түскен күн­нің сәулесіне арқасын тосқан бой­жет­кеннің бітім-болмысына қарап, сол кезеңдегі қыз-келіншектердің образын көруге болатындай. Бұл қазақ бейнелеу өнеріне ерекше мәнер алып келген ғажайып суретші Сабыр Мәмбеевтің еңбегі.

1958 жылы жазылған картина автордың елеулі шығармаларының бірі ретінде жоғары бағаланады. Ол әрбір туындысына шынайы сезімін қосып, алдын ала болжауға болмайтын түстердің үндестігі мен мәнерлі үй­ле­сім­ділігін береді. Бұдан ком­по­зи­циясындағы қарапайым фор­маның анықтығын көреміз.

«Терезе алдында тұрған қыз» кар­­тинасы гүл мен қыздың ара­сын­дағы байланыстан бастау алып тұр. Гүлдің күлтесі мен арудың көй­легі бір түсті. Автор құдды гүл тағ­дырлы қыз ғұмырының шуақты сәті­­мен, балауса шақтарын кенеп беті­­не құя салғандай. Қолымен кеу­де­сін басқан арудың ұяңдығы мен та­з­алығы байқалады. Шығарма жанды секілді.

Шынында бұл суреткердің портрет жанрындағы ерекше тәсілі. Кейіпкерді форма ретінде беріп, оның әрекетін бояу күшімен шешіп отырады. Содан да болар, бұл туынды өзінше бір ерекше қайталанбас сезімге бөлейді.

Бақсаңыз, қылқалам шебері эмоция­лық һәм лирикалық сезімін, фило­со­фиялық мәселелерді алдың­ғы қатарға қояды. Көркемдік шешімі түс арқылы динамикалық қозғалыс жасап, түсінуге жеңіл жол ашады.

Сабыр Мәмбеев қазақ бейнелеу өнерін­де болып жатқан өзгеріс­тер­ге, алдыңғы буын тарапынан эсте­ти­калық тәрбие мен рухани сезім қосқаны анық.