• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Ақпан, 2022

Қор өнімі қалтаны қақпайды

285 рет
көрсетілді

Жолай дүкенге кірсем, «арзандаған түк те жоқ, керісінше қымбаттап барады» деген тұрғындардың наразылықтарын құлағым шалған. Ертесі «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі әрі облыстық мәслихаттың депутаты Маржан Бахытқызына хабарласып, бағаға бақылау жасалмай ма деп сұрағанбыз. Сөйтсек, олар Өскемен мен Семей қалаларындағы тұрақтандыру қоры өнімдерінің сапасын, бағасын үнемі қадағалап отырады екен. Бұл жолғы рейдке БАҚ өкілдерімен бірге шықты.

Өскемен мен Семейде маңызы бар азық-түлік, көкөністердің баға­сын бірқалыпты деңгейде ұстауға бағыт­талған шаралардың бірі – тұ­рақ­тандыру қоры өнімдерін сату. Бүгінде бұл қор картоп, сәбіз, пияз, қы­рыққабат сияқты көкөніс түрлері мен халық жиі тұтынатын қант, макарон, күріш, қарақұмық жармасы, күн­бағыс майы және жұмыртқа өнім­дерін белгілі бір шектік бағадан асыр­май сауда сөрелеріне қойған. Алайда тұтынушылар арзан өнімнің тез таусы­лып кететінін айтса, енді бірі мұншалықты арзан өнім барына сен­беді. Шындығында, килограмы 82 тең­гелік картоп қаланың басқа дүкен­де­рінен табылмайды. Ал тұрақтандыру қо­рының елуге жуық нүктесі бар. Бірақ тұрғындар айтқандай қор өнім­дері тез таусылады.

Рейд кезінде анықталғандай, көп­теген сауда нүктесінде қор өнім­дері толық көлемде болмаса, енді бірінде тауарлардың бағасы көзге елеусіз жерлерге орналас­тыр­ған. Оған қоса, барлығында дерлік та­уар­дың сапасы мен жеткізілуіне қа­тыс­ты ақпарат алуға мүмкіндік бе­ретін қордың бай­ланыс нөмірлері де ілінбеген.

– Тұрақтандыру қоры өнім­де­рі қолжетімді бағада саудалануы үшін облыстық бюджеттен белгілі мөлшерде айналым қаражаты са­лынған. Біз сатуда тұрған қор өнім­де­рін кез келген уақытта тексере аламыз. Қазіргі уақытта қор өнімдері Өскемен мен Семейде ғана емес, Курчатов қала­сын­дағы сауда нысандарында да сатыла бастады. Олар өз аумақтарында жол шығынан қосып, көкөністерді шамамен 85-90 теңге аралығында сатады. Көпшілік тарапынан картоптың, қырыққабаттың, пияздың сапасына шағымдар болды. Бірақ сатушылар оны жоққа шығарып отыр. Тұрақтандыру қорының павильондарында тауар бар. Бірақ макарон, жұмыртқа сияқты өнім­дер көзге көрінетін жерлерге орна­лас­тырылмаған, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Маржан Бахытқызы.

Жобалық кеңсе басшысының ай­туын­ша, тұрақтандыру қоры өнім­дерін саудалайтын дүң­гір­шектерді кәсіпкерлер жалға алып, өз тауарларын да саудаға қояды. Кәсіпкер үшін өте тиімді. Өкініштісі, сатушылар алдымен өз өнімдерін өткізуді мақсат еткен. Сенім телефон нөмірін де көрсетпеген.

– Тұтынушылар сенім телефонына қоңырау шалып, ой-пікірлерін айтуға болар еді. Кейбірі бірнеше күн қатарынан келсе де сатушылар тауардың бітіп қалғанын немесе келмей жатқанын айтатын сияқты. Тіпті қымбат бағаға сатып жіберулері де мүм­кін. Сол себепті, сенім нөмірі тұрақ­тандыру қорының әр сауда нүкте­сінде көрнекті жерде тұруы керек, – дейді Маржан Бахытқызы.

Айта кетерлігі, кәсіпкерлер тұ­рақ­тан­дыру қоры өнімдерін сатуда өзде­рі­не түсетін пайда­ның жоқ­тығын алға тартады. Мәселен, қордан алған өнім­дер­дің ішінен шыққан шірік көкөніс­терді қайта өткізе алмайды.

– Бізден көкөністердің шірі­ген қалдықтарын қайтарып алса пайдасы болар еді. Осы бағада сатып аламыз. Оның үстіне сау­да орнын жалға алып отырмыз. Оның жалдаған ақысы бар. Сауда өзін-өзі ақтауы керек, – деп бірқатар мәселені айтты Айнұр есімді сатушы.

Кейбір сауда нысандары қор өнімде­рі­нің тез таусылып қал­мауы үшін тауар­дың бір адамға сатылатын шекті мөлшерін де белгілеп қойған. Мысалы, «Сту­денттер қалашығы» ауда­нын­дағы қор нүктесінде бір адамға бір килодан деп белгіленсе, «Ва­лентина» сауда үйінің маңын­дағы сауда дүңгіршегінде бес килодан деп көрсетілген. Осы орайда «Ертіс» әлеу­мет­тік-кәсіпк­ерлік корпорация­сы Мем­ле­кеттік бағ­дар­ламалар де­пар­­та­мен­тінің директоры Артем Демидов корпорация өнімді әр адам­ға бес килодан артық сатпау туралы арнайы шешімі бар екенін атап өтті.

– Біз сауда орындарын жүйелі түрде тексеріп отырамыз. Иә, тауардың жеткізілмей қалатын кездері болады. Сауда павильондарын кәсіпкерлерге жалға беру схемасы әлі де болса жетіл­ме­ген. Кез келген кәсіпкер бірінші кезекте сауданың пайдасын көргісі келеді. Ал әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін үстемесіз сататындықтан, қор өнімдерін көп мөлшерде ал­ғылары кел­мейді. Кәсіпкерлер көкөніс өнім­дерінің қорын жинақтау үшін 150-200 мың теңгедей қосымша қаражат құю­лары қажет, – дейді Артем Демидов.

А.Демидовтың пікіріне қара­ғанда, кәсіпкерлердің тұрақ­тандыру қо­ры өнімдерін сатуда пайда бар. Өйт­ке­ні олар осындай әлеуметтік ма­ңызы бар өнім түрлерін сатып, сауда нысандарына деген халықтың қызы­ғушылығын арттырады. Демек өз сау­далары да қызып тұр. Ал қор өнім­дері биыл бі­рін­ші рет ғана үсте­ме­сіз сатылып жа­тыр.

Жалпы айтқанда, тұрақ­тандыру қоры­ның әлеуметтік маңызы бар өнім­дерін арзан бағада саудалау – ха­лыққа аз да болса көмек. Тұрақ­тан­дыру қоры өнімдерін әлеуметтік бағада саудалау үшін облыс бюд­жетінен 3 млрд теңге бөлінген.

 

ӨСКЕМЕН