Әлем халықтары арасында эпос тудырған ұлт санаулы болса, сол сиректердің қатарына қазақ та кіреді. Бұл дана халқымыздың тумысынан сөз дарыған қасиетінен болса керек. Кейде қаламгерлердің өмірбаяны туралы жазғандарын оқығанда, олардың көбі әдебиетке келуіне бала кезден жаттап өскен батырлар жырының әсері ерекше болғандығын айтады. Бұл көркем сөз зергерлеріне ғана емес, басқа да өнер иелеріне тән құбылыс.
Жиырмасыншы ғасырдың басында туып, ұлтымыздың бар асыл қасиетін бойына сіңірген Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың бейнелеу өнеріне келуіне де эпостық жырлардың ықпалы болған. Қылқалам шеберінің ертедегі «Қазақстан суретшісі» журналына шыққан сұхбатында ол кішкентай күнінен қазақтың көне жырларына құмартып өскендігін айтады.
«Халқымыздың эпостық жырларына мен бала кезімнен қызықтым. Біздің ел Қарағанды облысындағы Нұра деген жерде көшіп-қонып өмір сүрді. Біз қыс мезгілін бір жерде, жазды басқа жерде өткізіп, бірақ қай жерге көшіп барсақ та ертегі мен әннен ажыраған жоқпыз. Менің есімде қалғаны ұзақ қыстың кешінде, далада қарлы боран соғып тұрған кезде анам Қобыланды мен Алпамыс батырдың ерліктерін, Қыз Жібек жайлы әсем әндерді шырқаушы еді. Қазыналы қарттардың батырлар туралы аңыз-әңгімелерін де ұйып тыңдадық. Біздің ауылға ақындардың жолы жиі түседі, олардың келуі − үлкен той. Жан-жақтан жұрт жиналып, әндер мен ертегі айтып, соңы ойын-сауыққа ұласады, ойнаймыз. Менің эпоспен таныстығым осылай басталды», дейді.
Ұлттық рухымыз батырлар жыры арқылы бойына дарыған талантты тұлғаның есімі эпостық жырлардың кейіпкерлерін бояу тілімен алғаш сөйлеткен қылқалам шебері ретінде тарихта қалды. Оның «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қамбар батырдың аңға шығуы», «Қамбар батыр аңшылықтан кейін ауылда», «Қамбар батырдың қалмақ ханымен жекпе-жегі», «Жоңғарлармен шайқас. Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар», «Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда», «Алпамыс батыр», «Қызыл салт атты», «Едіге батыр» және тағы басқа іргелі еңбектерін бейнелеу өнеріміздің қазынасын байытқан сүбелі туындылар дейміз. Бұл картиналарда суретші эпостағы батырлардың ерен тұлғасы мен ерлігін ғана емес, солар арқылы атадан балаға жалғасқан халқымыздың ғажайып болмысы мен салт-дәстүрін әсем бейнелеген. Осы жұмыстарды көріп отырып, эпос кейіпкерлері өмір сүрген көне дәуірге сапарлағандай әсерленесіз.
Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылық жолы қиын-қыстау жылдары басталып, 1928 жылы жас суретшінің бірінші жеке көрмесі өтеді. Отызыншы жылдардың соңынан бастап, қазақ эпосына зер салып, сол жайында материалдар жинауға ден қойды. Соның нәтижесінде 1940 жылы халқымыздың қаһармандық қасиетін жарқырата көрсеткен «Қамбар батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларына арналған иллюстрациялар топтамасын ұсынды. Бұл жұмыстар сол кезде көзіқарақты қауымның назарын бірден аударып, отандық бейнелеу өнерінің жаңа бір кезеңіне жол ашты.
Суретшінің «Қамбар батыр мен Назым қыз» атты туындысы туралы өнертанушы Самал Мамытова: «Мұнда ауылдан сапарға аттанған Қамбарды Назымның қимай шығарып салған кезі бейнеленген. Жеңіл бояулардың үйлесімділігімен құрылған композицияда негізгі басымдылық Қамбар бейнесіне берілген. Суретші бұл кейіпкерді ерекше қозғалыспен көрсетіп, батырлығына көңіл бөледі. Композицияның әр бөлігінің өзара қарым-қатынасы бір-біріне сәйкес емес. Сондықтан да туынды шынайылықтан гөрі аңыз-ертегіге жақын. Автор алты қанатты ақшаңқан үйлер мен алыстан көрінген көл және төбешіктерді ақшыл-көгілдір түстермен берген» деп ой қорытады.
Қылқалам шеберінің қазақ батырларының айбыны мен намысын көркем кестелеген туындыларының қатарына Қобыланды батырға арналған иллюстрацияны жатқызамыз. Мәселен, 1941 жылы салған «Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда» атты тік форматты композиция – соны жаңалығымен, тартымдылығымен, бояуының өзгеше түстерімен ерекшеленеді. Осындағы кейіпкерлердің шайқастағы сәтін тік форматта жеткізуінің астарында да үлкен сыр бар. Мұнда автор соғыстағы қимыл-қозғалысты сол күйінде көрсету үшін иіріле түскен сызықты композициялық шешімдерді сәтті қолданған. Өнертанушылар осы туындыда автордың шығыс үлгісіне тән декоративтік дүниелер мен батырдың сауыты, аттың жабуы, тіпті қол шоқпар, қалқан мен садақтың өрнегіне дейін ұлттық нақышпен көркемдегенін келтіреді. Әсіресе, картинадағы жылқылардың кісінегенін көркемдеген тұсын көргенде, бойыңызды үрей билейді. Сондай-ақ «Алпамыс батыр» атты жұмысындағы автордың батырдың жан серігі Байшұбарды ұстаған сәтін бейнелегені де ұтымды шыққан.
Саңлақ суреткер 1942-1943 жылдары атақты Едіге батырдың ерлігін сипаттаған «Едіге батыр» атты акварельдік туындысын өмірге әкелді. Акварель – кескіндеме жанрының түрлі-түсті бояуға толы әсем түрі. Осы жанрда жаңаша мектеп қалыптастырған суретшінің «Тоқтамыс елшілерінің Едіге батырға келуі», «Исатай мен Махамбет Нарынқұмда», «Сарбаздар басындағы Қарасай батыр», «Қазақ халқының қолбасшысы Кенесары Касымұлы», «Ақан Сері және Сырымбет» атты картиналары бейнелеу өнерінің үздік үлгілеріне айналды.
Белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай Әубәкір Ысмайыловты шешен, әңгімешіл болғандығын жазады. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат ретіндегі ол кісінің суретшіліктен басқа, актерлік, режиссерлік, бишілік өнері де жұртшылықтың жадында қалды. Қорыта айтқанда, көрнекті қылқалам шеберінің эпос батырларының қайталанбас образын жасап, кейінгі ұрпаққа тамаша дүние қалдырып кеткені, дарабоздарға ғана лайық еңбек екендігін түсінеміз.