Былтыр көктемде Семейде бірнеше үйді су басып, тұрғындарды эвакуациялауға тура келген. Биыл тілсіз жаудың алдын алуға бағытталған жұмыстар ерте басталды.
Білікті мамандар қала аумағында су тасқыны қаупі бар 15 учаскені анықтаған. Одан бөлек, қыста қар көп түсетін 60-қа жуық көше бар. Көше-көшені су басып кету себебі – арықтардың, суағарлардың болмауы. Болған күннің өзінде мұз қатып, қарғын су бетімен ағады. Сондай-ақ көктемгі бұлақтардың жолына салынған құрылыс та судың көтеріліп кетуіне себеп. Әсіресе Восход, Шығыс, Мирный, Затон шағын аудандарына, Түйемойнақ аралына көктемгі қар суының қаупі жоғары. Сондықтан да қаладағы коммуналдық қызметкерлердің күші осы бағыттарға ерекше жұмылдырылған. Жеке секторлардағы қарды таазалау, шығару жұмыстары бүгіннен басталып кеткен. Сонымен қатар қала басшылығы қала көшелеріндегі су жиналатын жерлердің тізімін дайындап, оны кестеге сәйкес тазартып отыруды тапсырды.
– Қаладағы арықтардың тізімін жасау бойынша қосымша тапсырмалар берілді. Семейдің 16 шағын ауданында 52 шақырым су бұрғыш жыралар мен арықтар бар. Оған қоқыс кептеліп, мұз қатып жатқан жоқ па, тексеру керек, – деді қала әкімі Бақытжан Баяхметов.
Шаһарды Ертіс өзені қақ жарып ағып жатқандықтан, өзеннен де қауіп жоқ емес. Бір жылдары арнасынан асып, тасығаны семейліктердің есінде. Биыл жағасынан су шығып кететіндей тұстары нығайтылып, қауіптің алдын алғандай болды.
Ендігі кезекте мамандар Шүлбі су электр стансасындағы судың деңгейі мен ағызылуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін айтады. Қазір Ертіс өзеніндегі су деңгейі 117 сантиметр болса, мұздың қалыңдығы – 33 сантиметр. Мұз 50 сантиметрден асқан жағдайда, наурыз айының басында жару жұмыстары жүргізіледі. Оған дейін техникалар мен құтқарушы мамандар дайын болуы керек. 2022 жылы су тасқыны кезеңінде көмектесетін құралдар мен күштерге тоқталар болсақ, жеке құрамда 417 адам, 269 бірлік техника бар. Оның ішінде 25 автобус, 40 бірлік мотопомпа, жүзу құралдары, 5 бірлік қайық қарастырылған. Сонымен қатар төтенше жағдайлар салдарын жою үшін әртүрлі инженерлік техникалар да дайын тұр.
Жалпы, су тасқынының алдын алуға бағытталған Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімдерінің қатысуымен жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Былтыр оқу-жаттығу жұмыстары кезінде Мұқыр кентінде биіктігі 1,5-2 метр және ені 3 метрге дейін 200 метрлік бөгет салынды. Шығыс және Водный кенттерінде су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілді. Атқарылған бұл шаралар қауіптің бетін қайтаруға едәуір септігін тигізгені анық. Сонымен қатар су жиналмауы үшін Амбулаторная, Терешкова, Сейфуллин, Фестивальная көшелеріне қосымша арық қажет. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін биылғы бюджеттен қаржыландыру жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, қайла-күректерді сақадай сай етіп, орталық алаңдарда техникаларды тізіп «көрме» өткізгенімен, топан су басқанда, қолдан келер қайран болмай қаларына Шығыс Қазақстан халқының көздері әбден жеткен. Сондықтан да төтенше жағдайдың алдын алу, құтқару жұмыстарына шынайы қамданған дұрыс.
СЕМЕЙ