Бейжің қаласындағы Халық жиналысы үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқыға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасына ілтипат білдіріп, қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бейжіңдегі Олимпиада ойындары бүкіл адамзат үшін жауапты сәтте өтіп жатыр. Бұл спорт сайыстары жаңаруға үндеп, пандемияның сын-қатерлерін еңсеруге үлес қосады. Сондықтан Сіздің шақыруыңызды зор қуанышпен қабыл алдым», деді Мемлекет басшысы.
Президент Жаңа Қазақстан құру жолында қажетті көмек көрсетуге ниет білдірген Қытай Төрағасына ризашылығын білдірді.
Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің тиімді басшылығымен қол жеткізген Қытай экономикасының даму жетістіктеріне жоғары баға берді.
Президент дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі қазақ-қытай қатынастарының дамуы туралы сөз қозғап, қос елдің барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын нығайту мақсатында тығыз ынтымақтастыққа әзір екенін атап өтіп, Си Цзиньпинді қыркүйек айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін айтты. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу - бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі талқыланды.
ҚХР Төрағасы «біртұтас Қытай» қағидатына қолдау көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға дайын екеніне сенім білдірді.
Си Цзиньпин Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстардың алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне осы кездесу жол ашатынын атап өтті.
ҚХР Төрағасы «Бір белдеу - бір жол» бастамасы жүзеге асырылып жатқан 9 жыл ішіндегі оң ынтымақтастықты атап өтті. Сондай-ақ Си Цзиньпин ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, жасанды интеллект, қаржы және электронды сауда салаларындағы өзара ықпалдастықтың келешегіне де ерекше назар аударды.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын қабыл алып, алдағы күзде елімізге мемлекеттік сапармен келу жөніндегі жоспарымен бөлісті.