• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2014

Наурыз-наме

493 рет
көрсетілді

Төрттаған – рубайларымен әлемге әйгілі  атақты ақын Омар Һайямның (Ғийас әд-Дин Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-һайям) көрнекті математик, астроном, философ та болғандығы жақсы белгілі. Танымал аудармашы Клара СЕРІКБАЕВА «Егемен Қазақстанға» Наурыз  қарсаңында Омар Һайямның «Наурыз-наме» атты еңбегін ұсынды. Бұл материал Германия (Берлин) мемлекеттік кітапханасындағы қолжазбадан, кейбір бөлімдері Британия мұражайындағы (Лондон) қолжазбадан алынған. «Сөзді қадірлей білетін жақын бір досым менен Наурызды  тойлау дәстүрі қай уақытта  пайда болды, ол рәсім қай патшаның тұсында негіз тапты деген жайттарды ашып беруімді өтінді. Досымның тілегін қабыл көріп, Құдіреті күштінің қолдауымен Наурыздың шығу тарихынан қысқаша мағлұмат бердім», дейді еңбектің бастауында ұлы ақын. Біз сол еңбектің үзіндісін  жариялап отырмыз. Наурыз мерекесі қарсаңында оның шығу тарихы туралы мұндай мағлұмат ешкімге де артық етпейді деп ойлаймыз. Бұл еңбектің бір құндылығы күн мен түн теңесетін наурыздың астрономиялық тұрғыдан терең ғылыми негізі бар екенін математикалық дәлдікпен дәлелдейтіндігінде. Кітапта Иран патшаларының заманында Наурыз қай күндері тойланған, қай патшаның дәуірінде бұл дәстүр бастау тапқан, ол күн не себептен тойланатын болған деген сияқты Наурызға қатысты ақиқаттар ашылады. Және патшалардың басқа да салт-дәстүрлері, олардың күнделікті тіршілікте қолданылатын әртүрлі амал-әрекеттері сөз болады. Наурызды тойлау дәстүрінің пайда болуы жайына келер болсақ – Күннің екі түрлі айналымы бар екені баршаға мағлұм. Оның бірі – әрбір үш жүз алпыс бес күн және тәуліктің төрттен бір бөлігі толғанда Тоқты жұлдызының бірінші минутында еш өзгеріссіз оралып тұрады. Және бұл белгілі мерзім жыл сайын  қысқарады. Жәмшид  өзгермейтін заңдылықпен қайталанып отыратынына көз жеткізген соң осы күнді Наурыз деп атап, оны  тойлап отыруды дәстүрге айналдырған.  Жаңа бастаманы патша да, қалың жұрт та хош көріп қолдайды. Иран патшасы Кайумарс Бірінші патшалыққа келген соң бұқара халықтың білуі үшін жылдың айлары мен күндеріне атау беруді, жыл есебін жүргізуді бұйырады. Тоқты жұлдызының Күнмен қиылысқан алғашқы сәтін анықтаған соң мүбәдтарын (зорастрий дініндегі жоғарғы дәрежелі абыз. – Аудармашы)  шақырып бұдан былай жыл басы дәл осы уақыттан басталатын болсын деп өкім береді. Мүбәдтары да кеңесе келе ендігі уақытта жыл есебі айтылмыш сәттен басталсын деген шешім қабылдайды. Иран мүбәдтары, өз замандарының ғұлама ғалымдары болған, олардың айтуынша  Құдіретті де қасиетті жаратушы Йзад (Йзад және Йаздан – көне замандарда Иранда Құдайдың аталуы, «Наурыз-намеде» Құдайдың исламға дейінгі атаулары қолданылған. – Аудармашы)  он екі періште жаратып, олардың төртеуін көкке жібереді — көк дүниесін жын-сайтаннан қорып тұрулары үшін, төртеуін  дүниенің төрт тарапына жібереді — жын-сайтандар Қаф тауынан асып өтіп кетпеулерін бақылап тұрулары үшін, қалған төртеуіне көкте де жерде де еркін жүріп адам баласын жын-сайтанның терістігінен сақтап тұруын бұйырады. Мүбәдтар айтқан, бұл ғалам басқа бір ғаламның ішінде тұр — көне ғимараттың ішінен жаңа ғимарат салынғанындай және құдіретті Йзад  Күнді нұрдан жаратқан, сонан соң күннің көмегімен жер мен көктерді жаратқан деп. Барлық адам баласы Күнді құрмет тұтады, өйткені ол Йзад нұрынан жаралған нұр. Олар Күнді салтанатты түрде құрметтейді, өйткені Йзад басқа жаратылыстарынан гөрі күннің жаратылуына ерекше көңіл аударған, айталық: патша құлдарының  біріне ерекше мейірімін төгіп, барша қауым алдында оның артықшылығын ерекшелеп отыратын болса, патшаның сүйікті құлына құрметпен қарау – патшаның өзіне  құрмет көрсеткенмен бірдей  болғаны сияқты. Күн сәулесінен келер берекет барлық жерге бірдей түсуі үшін құдіретті де Қасиетті Йзад Күнге орнынан сәл қозғалуды бұйырады. Сонда тұрған орнынан сәл қозғалған Күн Тоқты жұлдызының тұсына көтеріледі. Сол мезетте жарық пен қараңғылық айырылады да тәулік күн мен түнге бөлінеді.   Дүние тарихы осылай басталған. Бұдан соң бір мың төрт жүз алпыс бір күн өткенде Күн  белгілі күні, белгілі сағатта, дәл сол жерге қайтып оралады (1461 = 4 х 365¼, яғни Күннің жылдық айналымы  365¼  тәулік десек, тура 1461 жылдан соң Күн аспанның дәл сол нүктесіне, дәл сол минутта қайтып оралады. – Аудармашы). Осы мерзімде Юпитер мен  Сатурн жетпіс үш рет түйіседі. Бұл сәтті «кіші түйісу» деп атайды. Ол жиырма жылда бір рет қайталанып тұратын заңдылық. Күн айналымын аяқтап сол нүктеге қайтып оралғанда  Сатурн мен Юпитердің түйісуі Сатурнның құлдырау мерзіміне сай келетін жұлдызбен ұшырасады. Ал ол жұлдыз – Сатурнның өрлеу сәтіне қарама-қарсы тұрған Таразы (Мизам) шоқжұлдызында. Бұл Күннің бір айналымы. Екінші айналымы — біз көрсеткен ретпен және біз көрсетіп кеткен жұлдыздардың жолымен өтеді (Қосылу (қиран) — қарама-қарсы тұрған, геоцентрлік ұзындығы түйісетін екі жұлдыз. Юпитер мен Сатурнның 19 жыл 314 күнде түйіседі, ал 1450 жылда бұлар  73 рет түйіседі. – Аудармашы). Күн Тоқты шоқжұлдызынан шыққан сәтте құдіретті Йзадтың әмірімен Сатурн, Юпитер басқа да жұлдыздар сол жерге шоғырланып, дүниенің реті өзгерді, дүниеге және оның тағдырына  байланысты басқа  құбылыстар  да орын алды. Күн айналымын әркім өздігінен бағдарлап тануы мүмкін болмағандықтан және Күнге деген ерекше құрметтерін білдіру мақсатында  Иран патшалары осы күнді (Наурыз) тойлау дәстүрін енгізіп, ол дәстүрдің өзгермей сақталып отыруын қадалаған. Кайумарс бұл күнді жаңа жыл есебінің басталуы деп жария еткенде Күннің әрбір үш жүз алпыс бес күндік айналымын он екіге бөліп, әр бөлігін отыз күннен тұратын қылып, оларды құдіретті Йзад ғаламға жіберген  он екі періштенің атымен атаған. Және ол үш жүз алпыс бес күн және тәуліктің төрттен бірінен тұратын үлкен айналымды анықтап, оны үлкен жыл деп атап, төртке бөлген.Үлкен жылдың төрт мерзімі өткенде үлкен Наурыз келеді де бар дүние түлеп-жаңарады. Патшалар орнатқан тағы бір дәстүр – жаңа жыл басында жарылқау алу ниетімен олар басқа да  мейрам күндері мен даталарды атау рәсімдерін өткізіп отыратын болған. Наурыз күнін тойлап көңілді өткізген адам жыл бойы көңілді де жайлы күй кешеді деп сенген. Бұл тәжірибені ғалымдар патшалары үшін арнайы белгілеп беретін болған. Фарвардин айы  – пехлеви тілінен келген сөз, өсімдіктердің  өсіп-өне бастаған уақытын білдіреді. Бұл ай Тоқты шоқжұлдызына жатады, айдың басынан аяғына дейін Күн осы жұлдыз шоғырынан табылады. Урдбихишт  – яғни, бұл айдың көтеріңкі көңілді жайы бейішке ұқсайды, пехлеви тілінен бихиш – бейіш, урд – сияқты (ұқсас) деп аударылады. Бұл айда Күн Торпақ шоқжұлдызынан табылады –  көктемнің бел ортасы. Хурдад айы – адам баласын астық өнімімен, көкөніс-жемістермен қамтамасыз ететін ай. Бұл айда Күн Егіздер шоқжұл­дызында. Тир айы –  бидай, тары сияқты астық түрлерінің алғашқы өнімдерін бөлісетін мерзім. Шаян шоқжұлдызында тұрған Күн төмендей бастайды — жаз маусымының алғашқы айы. Мурдад айы – жер беретін жеміс өнімдерін бұл уақытта толық беріп болады. Бұл айдың ауа райы жер топырағының табиғатына ұқсас келеді. Жаз маусымының тең ортасы. Бұл айда Күн Арыстан шоқжұлдызында. Шахривар айы – патшалардың қазынасын толтыратын молшылық айы. Шаруа адамының салық төлеуіне қолайлы  мезгіл. Бұл айда Күн Бикеш шоқжұлдызында. Михр айы – адам баласының арасында достық пен бірлік нығая түсетін мерзім, жер берген астық өнімі, миуа-жемістер – солардың ризығына, олар бас қосып бұйырған молшылыққа ортақтасып ішіп-жейді. Күн бұл айда Таразы шоқжұлдызына ауысады. Күз маусымының алғашқы айы. Абан айы – жаңбыр көп жауатын мерзім болғандықтан су мол болады, диқандар егіндіктерін суарумен айналысады. Бұл айда Күн Шаян шоқжұлдызына көшеді. Азар айы – пехлеви тілінде «азар» – «от» дегенді білдіреді. Ауа райы суыта бастағандықтан от жылуына мұқтаждық күшейе түседі, яғни бұл «от» айы. Күн бұл айда Мерген шоқжұлдызында. Дай айы – пехлеви тілінде «дай» – «сайтан» дегенді білдіреді. Бұл айдың райы қаһарлы, жер бетіндегі жайдары жайсаңдық өткен сәт  болғандықтан оны жайсыздығына орай  «дай» деп атаған. Күн Таутеке шоқжұлдызында. Қыс маусымының алғашқы айы. Бахман айы – ауа райы суыта түседі, құрғақшылық орнайды, бұл айдың мінез-құлқын «дай» айына ұқсатады. Бұл айда Күн Сатурнмен бірге Суқұйғыш жұлдыздар шоғырында, Таутеке шоқжұлдызына жақын тұрады. Исфандармуз айы – пехлеви тілінен «асфанд» – «жеміс» деп аударылады, яғни бұл айда өсімдіктер мен жеміс ағаштары тамыр жібере бастайды. Осы айда Күн жұлдыздар керуеніндегі соңғы – Балықтар шоқжұлдызына ойысады. Кайумарс бұл уақытты он екіге бөліп жыл есебінің бастамасын белгілейді. Бұдан соң ол қырық жыл өмір сүрген («Шах-наме» Кайумарстың неше жыл патшалық еткенін көрсетпейді. Абу Рейхан Бируни «Памятники минувших поколений» деген еңбегінде аңыздардың бірінде Кайумарс 213 жыл патшалық етті десе, екінші аңызда — 40 жыл, үшіншіде – 30 жыл деп көрсетілген дейді. – Аудармашы). Ол дүниеден қайтқан соң таққа келген Кайумарстың мұрагері Хушанг тоғыз жүз жетпіс жыл патшалық еткен (Хушанг – «Шах-наме» бойынша Кайумарстың немересі – жын-сайтандардың әрекетінен өлген ұлы Сиймақтың баласы. Хушанг жындарды өлтіріп, адамдарға егін егуді, қолөнерімен шұғылдануды үйреткен, от табуды ойлап тапқан. Патшалық мерзімі жайында деректер әрқилы. – Аудармашы). Хушанг жын-сайтандарды жеңіп темір ұсталығы, ағаш ұсталығы, тоқыма тоқу сияқты қолөнерлерін және ара балын алу, жібек құртынан жібек мата өндіруді ойлап тауып, бүкіл ғұмырын шат-шадыман  жайсаң күйде өткізген. Оның есімі ел аузында тек жақсылықпен аталатын болған. Онан соң таққа Тахмурас отырып, отыз жыл патшалық еткен (Тахмурас – «Шах-намеге»  қарағанда Хушангтың ұлы. Әл-Бируни келтірген аңыздар бойынша 30 жыл патшалық еткен (Бируни, 113-116-б). – Аудармашы). Ол да жын-сайтандармен күресіп, көше, базар салғызған, жүн мен жібек жіптен тоқыма тоқуды дамытқан.  Сабилер дінін дәріптейтін тақуа Бозасп (Бузасп – жұлдыздарға табынушылар – саби дінінің негізін салушы. Әл-Бируни: «Жалған пайғамбарлардың алғашқысы. Тахмурас өлген соң Үнді жеріне парсы жазбасын әкелген, сабилер дінін дәріптеген. Оған ерушілер көп болған» (Бируни, 201-б). – Аудармашы) деген адам бұған қарсы шыққан. Тахмурас сабилер дінін қабыл көріп зуннармен (белбеу. – Аудармашы)  белін буған. Күнге табынып, адамдарға жазу жазуды үйреткен. Тахмурас – яғни, жын-сайтандары жеңуші деп аталған. Өзінен соң патшалыққа інісі – Жәмшид  келген. Жыл есебі басталған уақыттан бері  бір мың қырық жыл өтті, фарвардина айының алғашқы тәулігінде Күн тоғызыншы (Мерген) шоқжұлдызына енген. Жәмшидтің патшалығынан соң төрт жүз жиырма бір жыл өткенде Күннің бұл айналымы аяқталып, фарвардин айында Күн  Тоқты шоқжұлдызының  басына ауысады да дүние теңдігі орнайды. Жәмшид жын-сайтандарды жеңеді, монша салуды, зерлі мата (парча) тоқуды бұйырады.  Оған дейін зерлі мата «сайтанның  тоқымасы» (парсы тілінде парча – зерлі тоқыма – «даба» деп аталады, «диб-бафт» – «сайтанның тоқымасы» деген сөзден шыққан. – Аудармашы)  деп есептелген. Бірақ, ақыл мен тәжірибенің арқасында адам баласының түсінігі өзгеріп, қазіргі қалыпқа жетіп дамығанын көреміз. Онан соң Жәмшид есек пен жылқыны будандастырып, қашыр тұқымын шығарады. Жер асты қазбаларынан асыл тастар тауып, қару-жарақ, зергерлік бұйымдарын жасауды жолға қояды. Тау-кен қойнауларынан алтын, күміс, жез, қола, қорғасын сияқты пайдалы заттарды өндіріп олардан тәж, тақ, білезік, алқа, сақина сияқты құнды заттарды жасауды іске асырады. Мускус, амбра, камфара, шафран, алоэ сияқты жұпар иісті заттарды табады. Сөз болып отырған күн жыл сайын тойланатын болып, оның атын Наурыз деп атайды. Фарвардин айының бірінші күнін жаңа жылдың басы деп, оны Күннің үлкен айналымы басталғанға дейін мейрам күні есебінде тойлап отыру дәстүрінің сақталуын бұйырған. Наурыздың басталу тарихы осындай. Қазақ тіліне аударған Клара СЕРІКБАЕВА.