Тоқсаныншы жылдар кейде маған толқып жатқан теңіз секілді елестейді. Сол теңізге бір батып, бір шығып біздің балалық шағымыз өтті. Қайғысыз, қайықсыз, қадірсіз күндер екен ғой. Қайғысыз болушы ма еді, қайғы үлкендер ғана кешетін сезімдей екен. Бала ішегін сүйретіп жүріп ойнайды деуші еді. Біздің ішімізді ауыртқан сезімдерге ат ойлап тауып жүргеніміз бүгін ғой.
Менің бір адам жайлы айтқым келеді. Аманбол еді есімі. Азан шақырып қойған атын кім білсін, ел солай атайтын. Аманбол дейтін.
Тоқсаныншы жылдары оңтүстікте тұрған я жолы түскен кісінің көбіне бұл есім өте жақсы таныс. Аласа бойлы, арқасында ала дорбасы бар Аманболды көрген адамның ұмыта қоюы неғайбіл. Біз бала едік, бала жаны әсершіл ме екен, әйтеуір, алғаш көрген сәттен кейінге дейін айнымай танушы едік. Кейін дегенім әуелі Тараздан, содан кейін Алматыдан көрдім. Шымкентте де жүретін еді дейтін сөз бар. «Аман бол» дейтін, «аман бол, балаң әкім болсын». Дастаннан шыға келген дәруіштей дала кезіп жүретін. Базарларда, автобекеттерде қайыр сұрайтын. Сырғақтау кезеңде сансыраған жұрт сондай кісілерге садақа беруді де санасына алушы еді. Аманболға берілген бес теңге береке алып келеді деп білуші еді. Бархан кезген бәдәуидей бұ кісіңіз батасынан айнымаушы еді. «Аман бол, аман бол, балаң әкім болсын!».
Базарда бөз көп, бөзден де сөз көп. Біреулер Аманболдың бас бармағының сүйегі жоқ, қолын ұстай қалсаң, былқ ете қалады, дейтін. Ел сонда әрбір кісіден Қызыр іздейді екен-ау. Аманбол шексіз дәулеттің иесі, садақа сұрауды қызық үшін кәсіп қылған десетін тағы бір топ. Оның бірнеше қабатты зәулім сарайын көрген кісіңіз де табыла кететін. Ілімді кісі, ел аралап, адам табиғатын, қоғам болмысын зерттеп жүрген жан екен дегенді де естігенбіз.
Ал Аманболдың өзі болса, соның бірде-бірінен хабарсыз еді. Аманбол бір апта көрінбей кетсе, ел алаңдап қалушы еді. Аманболды көрген кісі бар ма деп сұрасып жататын. Аманбол әрбіріміздің ішімізде еді, әрбіріміз Аманбол едік.
Тоқсаныншы жылдар жайлы ойлансам, құлағыма сол бір ала дорба арқалаған батагөй қайыршының ащылау даусы келеді: «Аман бол, аман бол, балаң әкім болсын!»...