• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Ақпан, 2022

Субсидияға қатаң бақылау қажет

232 рет
көрсетілді

Дана халқымыз әуелден «Ауыл – алтын бесігіміз» дегенді санамызға құйып өсірді. Сәбидің өсіп-өнуі үшін бесіктің мәні қандай жоғары болса, ауыл халқының әл-ауқатын қамтамасыз етуде де сондай маңызды.

Ауылды асыл қазына, бай­лы­ғы­мыз, ұлттық құндылық­тары­мыздың сақталатын қа­сиет­ті мекені ретінде ғана қа­был­даумен қатар оның тү­гел елдің дамуына елеулі әсер ететін драйвер ретінде де ор­­нын білуіміз керек. Ауыл ша­руа­шылығы саласына ерекше мəн беріп, оны жан-жақты да­мы­туға, сөйтіп ауылдарды сақ­­тап қалуға күш салатын кез әлдеқашан келді.

Халықтың, əсіресе ауыл жас­тарының ата кəсіпке бет бұрып, шын ықыласпен жұмыс істеп, өз кəсібін ашып, еңбегінің нəтижесін көруге ынта-жігерін арттыру үшін де мемлекет тарапынан қаржылық, моральдық, кəсіби тұрғыда қолдау жасау керек. Ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал, егін шаруашылығын іс жүзінде дамы­тамыз десек, мемлекет­тік қол­дау, дамыту бағытын­да нақты реформалар жасау маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруға қатысты Үндеуінде де, кешегі Үкімет отырысындағы баяндамасында да ауылдарды дамытудың елдегі мемлекеттік басқарудың жаңа жолдарын атап өтті. Оның айтуын­ша, соңғы 5 жылда ауыл шаруа­шылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Президент бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана айналысқанымен байланыстырып отыр. Елімізде бұл салада ешқандай талдау жасалмады, қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Сондықтан да субсидия түпкі иесіне жетпеген. Президент бұл мәселені Үкімет отырысында атап өтіп, шара қабылдайтын кез келгенін анық айтты. Өйткені ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр. Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы жылдары тергеуге алған 960 қылмыстық іс дәлел. Жоғарыда айтып өткенімдей, ауылға тек рухани құндылықтардың бесігі ретінде ғана қарамау керек. Бұл салаға тиісті көңіл бөлмесек, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден ары аса алмай қалады. Ал шикізат өндіру де шектеулі екенін білеміз. Сондықтан ауылдарға бағытталған субсидияны бақылайтын бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Ауыл шаруашылығына жастарды да жұмылдырып, бұл салада жетістікке жетуге болатынын көрсету маңызды.

Ауыл халқының тұрмыс жағ­дайын арттыру сол елді мекен әкімінің басты мақсаты болуға тиіс. Аймақтағы жұ­мыс орын­дарының ашылуы, кəсіп­пен ай­на­лысатын кəсіпкерлерді табу, ол кəсіптің аяққа тұруын тікелей бақы­лап, қолдау көрсету әкім­дік­тер­ге Үкімет тарапынан заң жүзін­де міндеттелгені жөн. Бұл заң жүзінде бекітілген механизмдермен қатар оларға жауаптылық жүктелгені дұрыс деп ойлаймын.

 

Нұрбатес ТОБАҒАБЫЛОВА,

қоғам белсендісі

 

Ақтөбе