• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Ақпан, 2022

Даудың басы Damumed-те ме, дәрігерлерде ме?

590 рет
көрсетілді

«Сау адамның басында алтын тәж бар, оны тек науқас адам көре алады» деген тәмсіл бар. Бұл баға жетпес байлығымыздың қадірін түсінуге қанаттандырары сөзсіз. Денсаулық сыр беріп, денеге дерттің суығы дендей кіргенде дәрігерден дәрмен күтіп, ақ халаттылардың алдына асығатынымыз анық.

Зерттеудің нәтижесі жақсы емес

Сүйегің сырқырап сүйретіліп жеткенде кіріңіз деп кезегін бере қоятын кең жүректілерді кейде шырақ іздеп тап­пайсың. Басқа амалың болмағасын бас­қалар сияқты кезекке тұрып, кү­туге тура келеді. Бірақ соңғы кезде елі­міз­дегі цифр­ландыру жұмыстарының нәти­жесінде бірқатар мекеме өздерінің қызметтерін анағұрлым жеңілдетіп һәм жеделдетіп атқаратындай күйге жетті. Оның бір ұшы денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылықтан арылуға алып келді.

Мемлекеттегі медициналық мекемелерге түрлі қосымша орнатылып, ел игілігіне берілгенде қуанғанымыз белгілі. Соның бірі – Damumed электронды медициналық сервистерінің мобильді қосымшасы. Қосымшаның көмегімен пайдаланушылар қабылдауға жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндігі бар.

Жазылған рецептілер мен зертха­на­лық зерттеулердің нәтижелерін көруге, ауруханалық парақтарды көшіріп алуға мүмкіндігі бар. «Дабыл түймесі» функциясы 5 жасқа дейінгі балалардың ата-ана­­ларына, жүкті әйелдерге және дис­пан­серлік бақылаудың жекелеген топ­­тары бойынша пациенттерге шұ­ғыл, бір рет басу арқылы дәрігерді үйге ша­қы­руға болады. Қазіргі уақытта қо­сымша мен­шік нысанына қарамастан мем­лекет­тік тапсырыс шеңберінде ха­лық­қа қыз­мет көрсететін барлық меди­циналық ұйымда қолданысқа енгізілген.

Зерттеудің нәтижесі жақсы емес

Damumed Apple және Android опе­рациялық жүйелерін пайдаланушылар үшін қолжетімді. Мобильді қосымшаны енгізу медициналық мекемелердегі ке­зекті айтарлықтай азайтуға, бола­шақта түпкілікті жоюға мүмкіндік бе­реді. Қазақстанның цифрландыру бағ­дарламасы аясында денсаулық сақтау саласы 2018 жылдың басынан бастап қағазсыз медицинаға көшу міндетін алға қойған. Бір сөзбен айтқанда, Damumed – кешенді медициналық ақпараттық жүйе­нің ресми қосымшасы.

Былтыр Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медициналық университетінің ұстаз­дары Алматы қаласындағы «№3 қала­лық емхана МКК» пациенттерінің Damumed медициналық мобильді қосым­шасына қанағаттану деңгейін анық­тау мәселесі бойынша пікірін зерттеу үшін сауалдама әзірлеп, жүргізген.

«Бұл зерттеуде пациенттердің дәрі­герге хабарлама жазу және қосымшада денсаулығына қатысты дәрігер жазбаларын көре алу мүмкіндігі анықталды. Пациенттердің 100 %-ы дәрігерге қосым­ша арқылы хабарлама жаза алмайтынын көрсеткен. Себебі Damumed мобильді қосымшасында дәрігерге хабарлама жазу қызметі жүзеге асырылмаған. Со­ны­мен қатар 100 % респонденттер дәрі­гер қабылдауының медициналық жазбасын қосымшада көре алмайды. Яғни бұл функция да Damumed мобильді қо­сым­шасында жүзеге асырылмаған. Демек пациентке медициналық жазба қажет болған жағдайда емханаға қайта жүгіну керек болады. ШЖҚ «№3 қалалық емханаға» келушілердің 30,4%-ы ғана Damumed медициналық мобильді қосымшасын қолданады. Басым бөлігі, яғни қалған 69,6%-ы атал­ған қосымшаны қолданбайды. Бұл көр­сеткіш жоғарыда көрсетілген рес­пон­дент­тердің жас құрамына байланыс­ты болуы мүмкін. Емханада зейнеткер­лер жетекші орынды алғандықтан олар­ға Damumed мобильді қосымшасын қолда­ну қиынға соғуы ықтимал немесе қосым­ша керек емес. «№3 қалалық емхана» пациен­ттерінің Damumed ме­ди­­циналық мобильді қосымшасын қол­­данудан бас тартуының басты се­беп­­тері көрсетілген. Жалпы алынған мә­лі­меттер бойын­ша, пациенттердің 19,6%-ы қосымшаны өзі­не қажет емес деп санайды, 31,6%-ы­ қосымша жайлы біл­мейді, ал 10%-ы қыз­меттің сапасына қанағаттанбайды, басым бөлігінде (38,8%-ы) қосымшаны пайдалануға байланысты күрделіліктер туындайды. Деректерді талдай келе, қосымша ар­қылы медициналық қызмет әрдайым уақ­тылы жасалмайды деп айтуға болады, яғни 54,4% респондент қосымша арқылы медициналық қызмет әрдайым уақтылы жасалмайды деп көрсеткен. Осылайша, ер адамдардың 24,4%-ы мен әйел адамдардың 30%-ы жауап бер­ді, ал мұнымен ерлердің 14%-ы мен әйел­дердің 10,8%-ы келісті. Бұл көрсеткіш Damumed қосымшасында туындайтын кейбір қателіктермен және дәрігерлерде шұғыл басқа жұмыстардың шығып қалуымен байланыстырылды», дейді зерттеу жүргізген мамандар.

Көрсетілген медициналық қызмет түр­­леріне сәйкес ерлердің 24%-ы мен әйел­­дердің 15,2%-ы қанағаттан­ды­рыл­ды дегенмен ерлердің 14,8%-ы мен әйел­­дердің 26,8%-ы қанағаттанбайды деп айту­ға болады. 41,6% сауалдамаға қаты­су­шылардың қанағаттанбауының не­гізгі себептеріне – қызмет түрлерінің аз­дығы мен басқа да медициналық қыз­мет түр­лері енгізілмегенімен байланыс­тырды.

Сергелдеңге салатын қосымша

Халықтың уақытын үнемдеп, қол­ұшын береді деген қосымшаның өт­кен жылдан бері басынан дау арылмай тұр­­ғанын әлеуметтік желілердегі әр­түр­лі жазбалардан, тіпті қосымшаны жүк­­­теуге арналған сервистің бетіндегі пікір­­лерден аңғаруға болады. Кінә кімде, кінәрат неде?

Мәселен, әлеуметтік желіде Дина есім­ді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қо­сым­шадағы олқылықтардың кесірінен қан­шама уақытын жоғалтқанын жазды.

«Тамыз айында короновируспен ауыр­­ған баланы медициналық тексеру­ден өткізу керек болды. Ма­мандарға жа­­зылу үшін (офтальмолог, неврапото­лог, эндо­кринолог, гинеколог) алды­мен учас­­келік дәрігерге жазыласың. Тәр­тібі солай. Емхананың телефоны арқы­лы жазылу мүмкін болмады, кө­тер­мейді. Бір күнім соған кетті. Со­дан соң Damumed арқылы жазылдым. Тура 8 күннен кейін бос орын бар екен. Жазылдық. Белгіленген уақыт­қа дәрі­гер­дің кабинетіне келдік. Офталь­молог +5 күн, эндокринологке жазылу жабық, енді келесі айға жазылу үшін тағы 20 күннен кейін қайтадан бізге жа­зылып, содан кейін жолдама аласыз. Невропатолог балалардікі жоқ, офталь­мологке келгенде бір хабары болар, балалар гинекологі еңбек демалысына шы­ғып кеткен дейді. Сонша уақыт күткім келмейді деп едім, онда ақылы бөлімге жазылып, солардан ем алыңыз дейді. Ол жақтың ақшасы да аз емес», дейді Д.Тұрарқызы.

Сөзін жалғастырған кейіпкеріміз не­гі­­зі қосымшаның көмегі көп екенін де жа­­сыр­мады.

«Учас­келік дәрігерге еш кедергісіз жа­­зыла беретінбіз. Бірақ соңғы кезде учас­­кені автоматты түрде ауыстырып жібе­реді де, басқа дәрігерге жазады. Со­сын емханада кімге кіреріңді білмей жүре­сің. Аталған қосымшада бөлек ма­ман­дарға жазылу функциясы бар, бірақ оларға тек учаскелік дәрігер­дің қарауынан кейін жазылуға болады. Әрине, МӘМС талаптары солай шығар. Бірақ дәл қазір бөлек дәрігерлерге жазылу мүмкін болмай тұр. Анализдерді іздеп шаршамайсың, барлығы бір жерде, қажет болса жүктеп аласың. Сосын Damumed жеке компанияның қолында, мемлекеттің қатысы жоқ деген айтылып жүр. Сонда біздің мәліметтеріміз кімнің қолында? Осы мәселе де алаңдатады», дейді ол.

Әйгерім есімді әлеуметтік желі қол­дану­шысы да кейбір келіспеушіліктерін ортаға салды.

«Терапевт, арнаулы маман дегендерге жазылу мәселесі шикі. Көптеген адам дәл кезекке жазылған күні бара алмай қалады. Сөйтіп, келесі кезекке жазылсаң, тағы да 20-25 күн күтесің, дәл сол кезде дәрігерге уақытымен келсең кірдің, келмесең тағы қалдың. Ал ауырып жүрген адамды кезекке жаздырып, апталап күттіретіндері мүлде күлкілі. Сосын уақытында келмей қалған адамдар жазылудың күшін жоймайды. Егер күшін жойып отырса, басқа кезек күтіп отырған адамға жақсы болар еді. Кейде қосымшада мүлде бармаған дәрігерге бардың деп тізімге жазып қоятындары да бар. Қолдау 24/7 қосымшасы арқылы екі рет арыздандым. Бірақ қаншама адам бар, Damumed қосымшасын пайдаланбайтын. Негізі, қосымшаның пайдасы көп, әсіресе осындай алаяқтық жасайтын орталықтарды біліп отырасың», дейді ол.

Ал Зайра есімді азаматша мүлде бар­­маған, қаралмаған дәрігерде оның аты-жөні тұрғанын көрген.

«Damumed-те бірнеше рет анализ тапсырыппын, терапевт қабылдапты, бүйрегім ауырыпты, ОРВИ диагнозын да бірнеше рет қойыпты. Ең қызығы, еңбекке жарамсыздық парағын алыппын. Damumed-тен бармаған емхананың жазбаларын бірнеше ай «тамашалап» жүрмін. Барып ұрсысуға жүйкемді тоз­дырғым келмейді», дейді ол.

Жалған деректі жазған кім?

Қордаланған қоғамдық пікірлерді саралай келе қосымшаны жасаушыларға хабарласып, пікірін білдік.

«Damumed – қазақстандық жеке IT-компания. Бұл мемлекеттік инвес­ти­циялардың қатысуынсыз өз қара­жатына құрылған. Бүгінде Damumed – бұл па­циенттің айналасында құрылған және меди­циналық көмек көрсету процесінің барлық қатысушысына сервистер ұсы­натын денсаулық сақтаудағы тұтас экожүйе. Компания өнімдері – меди­циналық ақпараттық жүйе және пациентке арналған қосымшаны біз өз бетімізше, яғни компания қызметкерлері, отандық IT-мамандар күшімен тек компания қара­жаты есебінен әзірледік. Мобильді қосымша 2017 жылы құрылды және пациенттерге, сондай-ақ медициналық ұйымдарға тегін беріледі. Біздің өнім­дермен жұмыс істеу кезінде біз, әри­не, бар­лық заманауи трендтерді еске­реміз, халық­аралық тәжірибені зерт­тейміз және жобалау мен әзірлеу кезін­де бар­лық ең тиімді және қызықты әдіс­теме­лерді қол­дануға тырысамыз», дейді ком­пания өкілдері.

Сонымен қатар олар Damumed қо­сым­­шасында негізгі аккаунтқа өз туыс­қан­дарыңызды – қарт ата-анаңызды және 18 жасқа дейінгі балаларды қосу мүм­­кіндігі барын, яғни негізгі аккаунт иесінің жеке медициналық деректері және оның балалары мен ата-анасының деректері көрсетілетінін атап өтті.

«Сондықтан бүгінгі таңда Damu­med қосымшасының цифрлы медицина­лық сер­вистерімен еліміздің 6,4 млн-нан аса азаматы қамтылған – 4 037 448 не­гізгі аккаунт, 2 045 601 баланың про­филі, 359 507 олардың ата-анасының профилі. Damumed медициналық ақпа­раттық жүйесінде 1 700-ден астам ме­ди­циналық ұйым жұмыс істейді, бұл – еліміздің барлық өңіріндегі жеке және мемлекеттік клиникалар. Ме­дицина қызметкерлері арасынан 120 мыңнан аса дәрігерлер пайдаланады», деді мекеме мамандары.

Қосымшада адамдар бармаған, қа­рал­­маған дәрігерлердің анализдері жа­­зыл­ған жағдайлар орын алған екен. Бұ­ған не дейсіздер? Бұл кімнің қателігі деген сұрағымыздың да жауабын алдық.

«Damumed платформасы, кез келген сан­дық құрал ретінде, денсаулық сақ­тау­дың ашықтығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Аталған қосымша арқылы пациент дәрігердің қабылдауына жазылуды немесе дәрігерді үйге шақыру, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көру, рецептілерді және тіркелген емха­наның медицина қызметкерлері енгіз­ген басқа да ақпаратты көреді. Демек Damumed қосымшасы пациент пен дәрігер арасындағы көпір деуге болады. Егер пациент қате ақпаратты тапса, оның қосымшада кері байланыс жасауға, оның ішінде медициналық кө­мек көрсету сапасы туралы пікір қал­дыруға мүмкіндігі бар. Емхана кері бай­ланыс жасауға тиіс, біздің экожүйе мұндай мүмкіндікті де қамтамасыз ете­ді. Егер қандай да бір қиындықтар немесе сұрақтар туындаса, әр адам біздің қолдау қызметімізге хабарласа алады, онда арнайы пациенттерге қолдау көр­сету қызметін ұйымдастырамыз. Кон­тактілерді компанияның ресми парақ­шаларында және пациенттің қосым­ша­сында табуға болады», дейді компания өкілдері.

Иә, аталған мекеме мамандары ­Damu­­med қосымшасы пациент пен дәрі­гер арасындағы көпір екенін айтады. Сон­да ел шулап жатқан шикіліктер қай­дан шықты? Адам бармаған, қа­­ралмаған дәрігеріне барды деп, ем қа­­былдады деп жалған мәлімет ен­гіз­­ген кім­дер? Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінен сұра­дық. Damumed қо­сым­­шасы арқы­лы медициналық көмек­ке қатысты мәлі­метті бұрмалаған емхана­лар­дың қай өңір­лерде тіркелгенін де білдік.

«Қосып жазуларды тіркеу медици­налық ұйымдардың кесіндісінде өткізі­леді. Ең көп тіркелімдер саны Нұр-Сұл­тан, Шымкент, Алматы қалаларының және Жамбыл облысының мемлекет­тік медициналық ұйымдарында тіркел­ген», деді аталған ведомство өкілдері. Сонымен қатар олар заң бұзушылыққа жол берген ұйымдарға қандай шара қолданылатынын да жеткізді.

Damu­med дертке демеу болса...

«Тегін медициналық көмектің ке­піл­дік берілген көлемі шеңберінде және мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінде көрсетілетін қыз­меттерді сатып алуға қосылу шарты­ның 20-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші бұйрығымен бекітілген «Тегін медициналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі шеңберінде және (немесе) мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінде денсаулық сақ­тау субъектілерінен медициналық көрсе­тілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларына» сәйкес айыппұл санкцияларын қолданады. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-321/2020 және 2020 жылғы 20 жел­тоқсандағы № ҚР ДСМ-291/2020 бұй­рығымен бекітілген «Тегін меди­ци­на­лық көмектің кепілдік берілген кө­лемі шеңберінде және (немесе) мін­­­детті әлеуметтік медициналық сақ­­тан­­­дыру жүйесінде денсаулық сақ­­­тау су­бъектілерінің қызметтеріне ақы тө­леу қағи­даларымен» – медициналық қыз­­мет­­тердің сапасы мен көлемі мони­то­рин­гінің нәтижелері бойынша қыз­мет­­терді сатып алу шартының қол­да­нылу кезеңінде ұсталған айыппұл санк­­цияларының сомаларын Тапсы­рыс беруші ағымдағы қаржы жылын­да қызметтерді медициналық көмек көр­сетуге орналастыру үшін пайдалануға тиіс. 2021 жылдың 12 айында меди­ци­на­лық көмек көрсету сапасын мони­то­­рингтеу нәтижелері бойынша ми­нистр­­ліктің ақпараттық жүйесінде ме­­ди­­­циналық қызмет көрсетудің 32 445 рас­­талмаған жағдайы анықталып, 228,7 млн теңге сомасына айыппұл са­лын­ды. Бұл ретте анықталған «қосып жа­зу» жағ­дайларының 99,8% немесе 32 376 рас­талмаған жағдайлар 192,7 млн тең­ге сомасына айыппұл салу Те­гін меди­цина­лық-санитарлық алғаш­қы көмек және консультативтік-диаг­нос­тикалық қызмет көрсетушілерге тие­сілі», деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ алдағы уақытта аталған жағдай қайталанбас үшін министрлік тарапынан қандай бақылау болатынын да сұрадық.

«Қазақстан Республикасының па­циент­терін – азаматтарын ақпарат­тан­­дыру үшін цифрлы технологиялар ар­қылы мынадай құралдар іске асырылды. Олардың қатарында «Стационар­лық науқастардың электронды тірке­лімі» ақпараттық жүйесінен стационардан шығару туралы SMS-тарату (ме­ди­ци­налық ұйымдардың атаулары мен мекенжайлары, сондай-ақ емделген жағдайдың диагнозы және емдеу нәтижесі), «Дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету» ақпараттық жүйесінен жазып ­бе­рілген рецептінің нөмірі туралы SMS-та­рату, «Емдеуге жатқызу бюросы» ақпа­­­раттық жүйесінен жоспарлы емдеуге жат­қызу күні туралы SMS-хабарлама, сұрақтар туындаған жағдайда пациент Бірыңғай байланыс орталығына 1406 тегін нөмірі бойынша қоңырау шала алады, Қор мен медициналық қыз­мет­терді тұтынушылар арасындағы кері байланыс үшін қор Qoldau 24/7 мо­бильді қосымшасын іске асырды, пациент­тердің медициналық көмек көрсету са­пасы мен қолжетімділігін бағалауға ар­налған «Даму» ақпараттық технология­лар орта­лығының Damumed мобильді қосымшасы бар», деді.

«Damumed – қазақстандық жеке IT-ком­пания. Ол жерде қаншама адам­дардың жеке мәліметтері сақталған. Азаматтар тарапынан осыған алаңдау­шылық білдіріп отырған жандар барын жоғарыда айттық. Осы бойынша да ми­нистрлік өкілдерінің пікірін білген едік.

«Деректерді иеленуге қатысты, «Ха­лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің ережелеріне сәйкес, Damumed дербес медициналық деректердің агрегаторы ретінде олардың иелері болып табылмайды. Damumed де­ректерді жинап өңдейді, сондай-ақ атал­ған кодекстің талаптарына сәй­кес медициналық ұйымдар мен денсау­лық сақтау органдарының қызмет­кер­леріне ұсынады. Damumed МАЖ-сі Қазақстан Республикасының заңнама та­лаптарына сәйкес ақпараттық қауіп­сіздік тексеруден өтті», деді министрлік өкілдері.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін ел игілігі үшін жасалған осындай қосымшалар халықтың уақытын үнем­деуге, медициналық мекемелерді қағаз­бастылықтан арылтуға мүмкіндік тудыратыны анық. Бірақ орын алып жатқан кемшіліктер баянды бағдарламалар­дың тамырына балта шабумен бірдей екені түсінікті. Қарқынды дамыған Қазақ­станды қалыптастыру үшін әр салада олқылықтардың орын алмауына зер салған дұрыс. Көпшілік көкейіндегі ой осы болса керек.